• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Тамыз, 2019

«Ел үміті» және «Қамқорлық» жобалары дарынды жастарды қолдауға бағытталады

2861 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жас таланттар мен көшбасшыларды қолдау мақсатындағы «Ел үміті» атты жаңа бастамасын бастады. Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент қорының атқарушы директоры Әсет Исекешевпен кездесу барысында «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамалары бойынша арнайы тапсырмалар берген болатын. – Қор бірқатар іс-шараны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыс жүргізіп келеді. Біз талантты жастарды және дамуында ерекшелігі бар балаларды қолдауға бағытталған «Ел үміті» және «Қамқорлық» атты жаңа екі жобаны іске асыруды бастаймыз. Талантты жастарымыз ел ішінде және шетелде білім алуы үшін оларға көмектесуіміз керек. Бұл – өте пайдалы әрі қажетті жұмыс. Жалпы Қордың осы бағыттағы жұмысын жандандыру керек, – деген-ді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы академиясы құрылады

Осы орайда аталған қордың атқарушы директоры Әсет Исекешев «Ел үміті» бастамасының миссиясы – еліміздің дарынды балалары мен жастарын, соның ішінде шетелде тұратын жастарды іздеп-тауып, қолдауға септесу екенін айтады. «Біз бұл бастаманың аясында еліміздің жастарын барынша қамтуға тырысамыз, олардың ерекшелігін, дарынын, ғылыми және көшбасшылық әлеуетін ескере отырып, әр балаға өзін өзі дамытуына тең мүмкіндік береміз», деді Ә.Исекешев.

Қордың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, «Ел үміті» бастамасы аясында Тұңғыш Президент қоры Үкі­мет­пен, облыс әкімдіктерімен, қоғамдық бірлестіктерімен, білім беру жеке ұйым­да­рымен, бизнес қауымдастығымен және қызы­ғушылық білдірген тараптармен бірл­есіп жұмыс істемек. Серіктестермен бірге жүзеге асырылатын жобалар қата­рында дарындарды анықтау және қол­дау орталықтарын құру, жастар үшін көшбасшылық және тұлғалық өсу бағдарламасын жасау және жүзеге асыру, Олимпиада жеңімпаздары мен олардың педагогтарын қолдау бағдарламасы, таланттар мен көшбасшыларды қосатын біріккен қауымдастық құру, «IQanat» қо­ры­мен бірге ауыл балаларына арналған «Мың бала» зияткерлік даму бағ­дар­ла­ма­сын жүзеге асыруға көмек көр­сету көзделіп отыр.

Жас таланттар мен әр саладағы көш­бас­­шылардың (патриотизм, спорттық жетіс­тіктер, еріктілік, академиялық же­тістіктер) жан-жақты дамуы үшін жұ­мыс­ты күшейту мақсатында жеке өсу бағдарламасына белсенді қатысқандар үшін марапаттау бағдарламасы жасалады. Осы міндеттердің іске асырылуын үйлестіру үшін қордың жанында «Елбасы академиясы» құрылады. Бұл «Ел үміті» бастамасын іске асыруды басқару жөніндегі оператор ретінде әрекет етеді. «Ел үміті» бастамасының аясында әдістемелер, тағылымдамалар бағдарламалары мен гранттар әзірленеді. Бұл әр өңірде жыл сайын ауылдар мен шағын қалалардан кемінде 3 мың дарынды баланы анықтап, кейінгі білім беруде қолдау көрсететін таланттарды анықтау және қолдау орталықтарын (17 орталық) құруға мүмкіндік береді.

Бірінші кезеңде, екі жыл аралығында ғылым, экономика, мәдениет, спорт және қоғамның басқа да бағыттарының мем­ле­кет­тік басқару салаларында 500-ден кем емес көшбасшы пулын қалыптастыру жос­парда бар. Дарынды жастар, көшбасшылар мен оқытушыларының Бірыңғай қоғамдастығы құрылады. Бастаманы уақтылы және сапалы іске асыру үшін Тұңғыш Президент қоры мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Жол картасының» жобасын дайындады. Сонымен қатар Тұңғыш Президент қоры білім беру және жеке тұлғаны дамыту бойынша жеке қорлардың бастамаларына қолдау көрсетеді.

 

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетпек

Сондай-ақ Елбасының қоры ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған «Қамқорлық» жаңа бастамасын іске асыру бойынша да жұмысын бастады. Бүгінде Қазақстанда шама­мен 86 мың мүмкіндігі шектеулі бала және ерекше қажеттіліктері бар 156 мың бала бар. Жүргізілген талдаулар бойынша, балалардың көбі оңалтуды үнемі қажет етеді. Бұл – жүйке жүйесі, тірек-қимыл жүйесі және басқа да ауыр дерттері бар балалар. Осы мақсатта Тұңғыш Президент қоры мемлекеттік, ком­мерциялық және қоғамдық инсти­тут­тардың күш-жігерін біріктіре келе, дамуында ауытқуы бар бала­лар­дың өмір сүру жағдайын жақсарту мақ­сатында, нақты айтқанда, аталған санаттағы балаларды қолдау жүйесін жаңғырту бо­йынша жұмыс жүргізуде.

Тұңғыш Президент қорының атқа­ру­шы директоры Ә.Исекешев бұл бас­таманы іске асырудың негізгі тетік­те­рі туралы былай дейді: «Тұңғыш Президент қоры осы бастама аясында мүге­дектікті азайту, әлеуметтендіру, алдын алу және ерекше қажеттіліктері бар бала­ларға жағдай жасау үшін бірінші кезекте қолданыстағы инфрақұрылым негізінде сегіз оңалту орталығын ашуға көмектеседі. Сонымен қатар біз білім беру ұйымдарында сегіз инклюзияны қолдау ресурстық кабинеттерін ашуға көмектесуді жоспарлап отырмыз. Мұндай орталықтар әсіресе Нұр-Сұлтан, Тараз, Түркістан, Семей, Қостанай, Орал, Атырау және Талдықорған қалаларына қажет. Елбасының тапсырмасына сәйкес, орталықтарды қажетті жабдықтармен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қамтамасыз етеді».

Тұңғыш Президент қоры мамандар даярлау және шоғырландырылған электрон­ды платформа құруға жәр­дем­деспек. Жоғарыда аталған іс-шара­лар – «Қамқорлық» бастамасының бірінші кезеңі. Бұл жыл сайын ерекше қажет­ті­лік­тері бар 5 мыңға жуық балаға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте алдағы уақытта ықпалдастырылған көмек жүйесі құрылатын болады.