• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Әлем 16 Тамыз, 2019

Қазақстан Елшісі Германияның Федералды президентіне сенім грамоталарын табыстады

401 рет
көрсетілді

Астаналық «Бельвю» сарайында Қазақстанның Елшісі Дәурен Кәріпов Германия Федеративтік Республикасының Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге салтанатты түрде сенім грамоталарын табыстады. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты рәсімнен кейін болған сұхбат барысында Елші Д.Кәріпов Ф.-В.Штайнмайерге Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жолдады, сондай-ақ Қазақстан-Германия саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасы стратегиялық серіктестігінің жоғары деңгейін атап айтты.

Қазақстандық дипломат Германия Президентіне Қазақстандағы экономиканы жаңғырту , әлеуметтік саланы дамыту және демократияландыру жөніндегі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және мемлекет Басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Д.Кәріпов екіжақты байланыстардың барлық кешені бойынша мемлекетаралық қарым-қатынасты нығайту және өзара мүдделерге жауапты міндеттерді жүзеге асыруға қатысты күш-жігерді арттыру жөніндегі екі ел арасындағы ынтымақтастық  тетіктерін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Неміс Президенті Қазақстанның тұрақты дамуына жоғары баға беріп, Президент Қ.Тоқаевтың елдегі жаңа саяси бастамаларына табыс тіледі.

Бұл тұрғыда Германияның Федералды Президенті 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласына жасаған сапары аясында өткен Қазақстан-Герман іскерлік кеңесі барысында екі елдің бизнес құрылымдары арасында 20-ға жуық келісімге қол қойылғанын еске алды. Ол ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Германияға жасайтын алғашқы еуропалық сапарын биыл өткізу перспективасын қолдай отырып, екі ел үшін мемлекеттік басым салаларда Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға деген неміс тарапының шынайы пейілін білдірді.

Кездесу соңында Ф.-В.Штайнмайер Қазақстан басшылығына достық сәлем жолдап, Елші Д.Кәріповке дипломатиялық миссиясын орындауда табыс тіледі.