Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан аса делегат жиналды. Тамыз кеңесіне қатысушылардың лебізін назарларыңызға ұсынамыз.
Абзал САПАРОВ,
Аудандық білім бөлімінің басшысы:
– Биылғы Тамыз кеңесі бізге біраз жылдық жоспар құруға негіз болды. Білім беру саласындағы қордаланған мәселелерді жүйелі шешудің жолдары көрсетіліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған түйткілдердің түйінін тарқататын тапсырмалар берді. Соның ішінде педагог кадрларының құрамы мен кәсібилігі, білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар ретінде мұғалімдердің біліктілігіне қатысты айтылған Президенттің тапсырмасы өте орынды болды. Ал «Педагог мәртебесі» туралы заңның қолданысқа енгізілу мерзімі бекітілді. Бұл – біз асыға күткен құжат.
Бұдан бөлек, білім беру жүйесін цифрландыру, заманауи ғылым және оны дамыту жолдары төңірегінде министрлік бірқатар міндетті айқындады. Аталған мәселелер – кезек күттірмес шешімді қажет ететін өзекті тақырыптар. Ал мен үшін ең елеулісі – қосымша білім беру туралы жоспарланған іс-шаралар. Бала өмірі үшін оның маңызы өте жоғары.
Батыс Қазақстан облысы,
Шыңғырлау ауданы
Кенже СЕРІКБАЙ,
Тұрар Жалғасбайұлы атындағы «Шайыр» орта мектебінің директоры:
– ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманы ғана емес, өзгерістер кезеңі болып тұр. Соған сай балаларды қалыптастыру жолында білім беру саласының ұдайы өзгеріп отыруы – заңдылық. Биылғы Тамыз конференциясынан балаларды тәрбиелеу, білім беру, оқыту жүйесінде бірқатар елеулі өзгеріс күтіп тұрғанын түсіндім.
Биылғы Тамыз кеңесі Мемлекет басшысының арнайы келіп қатысуымен ерекшеленді. Бұл – салмағы ауыр саланың жүгін көтеру мемлекеттің маңызды мүддесі, ең негізгі саясаттың басым бағытына айналғанының айғағы. Ал көңілге жылылық ұялатқаны – Қасым-Жомарт Кемелұлы әуелі білім мен ғылымдағы майталман мамандардың, сондай-ақ осы салаға қатысты қоғамдық қызметкер мен ата-аналар атынан келген өкілдің ой-пікірін тыңдап, соған сай Үкімет пен облыс басшыларына шара қабылдауды шегелеп тапсыруы.
Конференцияда айтылған мұғалімдерді 5 күндік жұмыс жүйесіне көшіру туралы ұсынысты қолдаймын.
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы
Жанаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ,
Екпінді ауылындағы М.Әубәкіров атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі:
– Алқалы жиында еліміздегі білім беру мәселесіне қатысты ауқымды мәселелер қаралды. Оның ішінде мектеп мұғалімдерінің көкейінде жүрген, әлі де болса шешімі табылмаған жайттар сөз болып, алдағы уақытта көптеген олқылықтардың орны толатынына сенім ұялады. Әсіресе Президенттің ел Үкіметіне төрт жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есеге өсіруді тапсырғаны ұстаздар қауымының еңбегін елеп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін салаға жас мамандарды ынталандырды десем артық емес.
Сонымен қатар сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақыны екі есеге өсіру, еңбек демалысының мерзімін 56 күнге дейін ұзарту, магистр дәрежесі үшін үстемеақы төлеу және тағы басқа шаралар көзделіп отыр.
Ұстаз еңбегі қызықты да, қуанышты болғанымен, өз ауыртпалықтары бар. Сондықтан мұғалімнің зейнетке шығу жасын қайта қарап, бір жүйеге келтіру орынды деп ойлаймын.
Алматы облысы,
Алакөл ауданы
Ұлбике Өмірбекқызы,
«Сыр жұлдызы» балабақшасының тәрбиешісі:
– Биылғы Тамыз кеңесінде ғылымды айрықша атап өту – тың өзгерістерге бағыт алғанның белгісі. Яғни, баланы оқытып, білім беріп қана қоймай, оларды ғылымға тәрбиелеуді, қызығушылығын арттыруды балабақшадан бастау деп түсіндім. Ғылым адам өмірінде, көбіміз ойлайтындай, докторантураға түскенде емес, бала күннен басталады. Айнала қоршаған ортаның, күнделікті тіршілік пен қарапайым судың күйін өзгертуі – бала үшін кәдімгі ғылым. Мектеп, университетте белгілі бір деңгейде күрделене түсетіні болмаса, әлемді түсіну, оның құпиясын ашу, ғылымға қадам басу балабақшадан, демек бізден басталады. Осы орайда, алдағы оқу жылында балаларды қызықтыратын тәжірибелер жасауды жаңаша түрде жалғастырмақпын.
Мектепке дейінгі білім саласында 7 жылдан аса жұмыс істеп келемін. Тәрбиеші мамандығының беделі елімізде ең төменгі сатыда екеніне көзім жетті. Неліктен деген сұрақ көп толғандырды. Алдағы қаңтардан бастап күшіне енетін «Педагог мәртебесі туралы» заң осы бір алаңдаушылық ойыма нүкте қояды деп сенемін.
Қызылорда
Мейіржан ТЕМІРБЕК,
Ақмектеп орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі:
– Мемлекет басшысының өзі педагогтарды кәсіби қызметіне жатпайтын, жөнсіз жұмыстарға жегуді жоятын, нүкте қоятын тапсырманы облыс әкімдеріне берді. Оның оң нәтижесін алдағы уақытта күтеміз.
Ал үштілділікке қатысты ойға келсем, Қасым-Жомарт Кемелұлы өте орынды айтты. Кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшіруде мектептің, мұғалімнің дайындығы, оқушылардың қалауы ескерілуі тиіс. Себебі барлық білім ошақтары мен педагогтар оған дайын емес. Пән мұғалімдері түгілі, ағылшын тілін 4 жыл оқып келген мамандардың өзіне биология мен химияның терминдері оңай тимейді, сондықтан оған біртіндеп көшкен жөн. Елбасы айтқандай, қазақ тілі бірінші болуы керек. Мемлекеттік тіл ғылым тіліне айналуы қажет.
Облыстағы талқылауларда әріптестер болып жеткізген ұсынысымыздың ішіндегі 5 күндік жұмыс жүйесіне көшу енгізілетін болды. Соған қуаныштымыз. Алайда бір ұсынысымыз қолдау таппай қалды. Бұл – мұғалімдердің зейнет жасын шегеру мәселесі.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы
Айсұлу САПАРҚЫЗЫ,
оқушының ата-анасы:
– Дәстүрлі Тамыз кеңесінің биылғы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында барша ата-аналар атынан айтылған 7 балалы ананың ұсынысын қолдаймын. Сөзсіз, бізге ата-ана қауымдастығын құрған дұрыс, десе де оның функциясы қазіргі комитеттердей тек қаржылық проблеманы шешетін ұйым болып қалмауы қажет. Адамдардың ниеті әртүрлі, тәрбие мен білімді ақшамен бағалауға болмайды. Қауымдастықты басқаратын адам әбден екшелген жоспармен жұмысқа кірісуі керек. Соның ішінде, балаларымыздың текті, сауатты болып өсуі үшін арнайы үйірмелер ұйымдастыруда қауымдастықтың ықпалды болғанын қалаймын. Мәселен, латын графикасына көшкелі жатырмыз. Оған да қосымша сабақ жүргені жөн.
Ал ағылшын тілін ата-аналардың қалауына қалдыру оң шешім болды. Ата-аналардың чатындағы талқылаудан-ақ көзім жетіп отыр, олардың көбісі мен секілді шет тілін 5 сыныптан бастауды қолай көреді. Себебі өзі ана тілін толық меңгеріп, сөйлеп, жазып, есеп шығарып үйренбеген бала өзге тілді қойыртпаққа айналдыратыны анық.
Ақмола облысы,
Қоянды ауылы