«Байсерке-Агро» агрохолдингінің басшысы Темірхан Досмұхамбетов айтқандай, «Білім, ғылым және өндіріс бірлігі – ауыл шаруашылығы өндірісін көтерудің негізі және кәсіпорын жетістігінің формуласы».
2002 жылы құрылған «Байсерке-Агро» агрохолдингі бүгінге дейін жергілікті климатқа бейімделген мал шаруашылығын жедел дамыту ісі бойынша ең алдыңғы қатарлы инвестициялық технологияларды шаруашылыққа енгізді. Сондай-ақ білім алу, ғылыми жұмыстар жүргізу және экологиялық мал шаруашылық өнімдерін сапалы түрде өндіру жолға қойылды. Шаруашылықта малдың 16 тұқымы өсіріледі. Атап айтқанда, ірі қараның бес тұқымы, оның ішінде бір тұқым – сүт бағытында (голштин қара-ала сиыры – 1500 бас) және төрт тұқым – ет бағытында (қазақтың ақ бас сиыры, әулиекөл, абердин-ангус және герефорд тұқымдары – 2500 бас). Сонымен қатар екі қой тұқымы (қылшық жүнді, құйрықты еділбай қойы – 5100 бас, қазақтың биязы жүнді қойы – 950 бас), жеті жылқы тұқымы, оның ішінде бес таза қанды мініс жылқылары (ағылшын, араб, қостанай, орлов, ақалтеке – 200 бас) және екі өнімді бағыттағы (жабы және көшім – 180 бас) жылқылар, сондай-ақ екі түйе тұқымы (дромедар және бақтриандар – 210 бас) бағылады. Бүгінде «Байсерке-Агро» ЖШС Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорындары арасында АӨК инновациясын енгізу және тарату бойынша көшбасшы саналады. Мал шаруашылығы саласын табысты дамытудың негізгі бағыттарына сай бағып, селекция, дұрыс теңдестірілген азықтандыру, күту және ұстау, пайдалану технологиясы жүргізілуде. Мал шаруашылығының табысты дамуы, азық-түлікке қатысты сапалы және қауіпсіз өнім алу ветеринариялық игіліксіз мүмкін емес екенін ерекше атап өткен жөн.
Ветеринарияның негізгі қызметі – биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету. Себебі жануарлардан шыққан патогендер адамға жұғуы әбден мүмкін. Жалпы, республика бойынша сырттан әкелген сүт бағытындағы ірі қара малдың (голштин) ішінде кетозбен ауруы орын алса, ет бағытындағы мал (абердин-ангустар) ішінде көздің моракселлездік этиологияның жұқпалы кератоконъюнктивитімен зақымдануы жиі байқалғанын айту жеткілікті. Шаруашылықта эпизоотиялық саламаттылықты сақтап, жануарлардың ауруларына қарсы күрес шаралары мен жұқпалы ауруларға қарсы қолайлы жағдай жасау қамтамасыз етілгендіктен мал ауруы тіркелген жоқ.
«Байсерке-Агро» агрохолдингі Қазақстанда алғашқылардың бірі болып жоғары санитариялы сапалы сүт алу кезінде барлық технологиялық тәсілдерді автоматты түрде орындауды қамтамасыз ететін DeLaval сауу аппаратының көмегімен ерікті сауу жүйесін енгізді. Сүт өнімдерін алу, жем-шөп тұтыну, сауу және т.б. еселігі туралы барлық дерек компьютерде тіркеліп, мониторға шығарылады. Екінші автоматтандырылған сауу қондырғысы – италиялық Nutriservice өндірушісінен алынған «шырша» түрі бойынша сауу жүйесі. Бұл жүйе соматикалық жасушалардың санын бақылау арқылы маститтің субклиникалық нысандарын дер кезінде диагностикалауға және жоюға мүмкіндік береді.
Агрохолдингтің әр сиырынан алынатын сүттің тәуліктік өнімділігі орташа есеппен 40 килодан асады, ал жекелеген сиырларда тәулігіне 80 килоға дейін жетеді. Бұл – отандық сүтті мал шаруашылығы тарихындағы рекордты көрсеткіш. Табынның өсімін молайту көрсеткіші 100 сиырға 90-95 бұзау мөлшерінде айналса, ал төлдің шығымы 90 пайыздан кем емес. Осы қысқа мәліметтердің өзі «Байсерке-Агро» ЖШС табынының әлеуетті мүмкіндіктерін көрсетіп тұр. Бұл сүтті мал шаруашылығымен айналысатын басқа шаруашылық субъектілері үшін үлгі боларлық нәтиже.
Етті бағытқа тоқталсақ, етке өсірілетін мал тәулігіне 1,5 кило қосып, 15-16 ай болған қашарлардың салмағы 380-400 килоға жетеді. Жыл сайын «Байсерке-Агро» агрохолдингінде 500 тонна ет өндіріліп, сонымен қатар 600 бас асыл тұқымды ірі қара мал төлі, 3 мың бас қой және басқа да түлік түрлері Қазақстанның шаруашылықтарына мал асылдандыру үшін сатылады. Серіктестікте еділбай тұқымды қой төлінің тез өсуін арттыруға бағытталған селекция әдістері әзірленіп енгізілді. Бұл бойынша енелерінен 4 айлық жас шамасындағы қозыларды айырғанда, оның тірі салмағын 8-10%-ға немесе 42-48 килоға, ал жеке дарақтарын 54 килоға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Аталған нәтижелер әлемдік қой шаруашылығының ең үздік көрсеткіштерінің бірі болып отыр.
Мұнда сондай-ақ алғаш рет түйе келесінің оңтайлы құрылымы ұсынылды және жылқыларды асыраудың, азықтандырудың, өсірудің технологиялық тәсілдері оңтайландырылды. Бұл аталған түлік түрлерінен тиісінше 45%-ға және 80%-ға дейін төл алуға мүмкіндік берді. Бүгінде агрохолдинг «Қазақстанда жасалған» брендін дамыта отырып, өз өндірісінің табиғи өнімдерін белсенді ілгерілете бастаған кәсіпорындардың бірі. «Байсерке-Агро» сүт зауыты мен ет комбинатының Алматы нарығында «Разия» сауда маркасымен ұсынылған және табиғи азық-түлік өнімдерінің сапалық көрсеткіштері бойынша бәсекелестері жоқ.
Агрохолдинг әлемнен серіктестер тарта отырып, инвестициялық қызметті белсенді жүргізуде. Оңтүстік Корея, Италия және АҚШ инвесторларын бірдей жауапкершілік дәрежесі және шығындар мен пайданы тең бөлу іспетті тең құқықты қатынастары қызықтырады. «Байсерке-Агро» ЖШС америкалық Trans Ova және Interxon компанияларымен бірлескен кәсіпорын құру және селекциялық-генетикалық орталық салу туралы келісімге қол қойды. Бұл орталық эмбриондардың және суррогат ана технологиясының көмегімен ет және сүт бағытындағы жоғары генетикалық тұқымды алуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, агрохолдинг негізінде оқу ғылыми-өндірістік орталығы («Байсерке-Агро» ОҒӨО) ұйымдастырылды. Бұл ғалымдарға ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру, малдардың өнімділігі мен асыл тұқымды сапасын арттыру, ветеринарлық саламаттылықты қамтамасыз етудің кешенді жүйесін әзірлеу, сондай-ақ «Байсерке-Агро» ЖШС үлгісінде мамандардың біліктілігін арттыру және өндіріске ғылым жетістіктері мен озық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді. Дәл осы ғылым мен өндірістің тығыз байланысы кәсіпорын алаңдарындағы нақты өндіріс жағдайында технологиялар мен техниканың дұрыс трансфертін әзірлеуге және жүргізуге жол ашып, іс жүзінде Қазақстанның қазіргі ауыл шаруашылығы өндірісінің жоғары нәтижелерін алу мүмкіндігін дәлелдеп, көрсете алды. Мұндай білім, ғылым және практиканың байланысы сапалы жас мамандарды дайындауға ғана емес, сонымен қатар жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Ветеринария саласындағы ғылыми қызметі «Байсерке-Агро» ЖШС үлгісінде Халықаралық эпизоотиялық бюроның білім, ғылым және өндіріс байланысы номинациясы бойынша марапатымен атап өтілді. Сонымен бірге мұнда өз қызметін жүзеге асыратын ғалымдар республиканың ауылшаруашылық бейіндегі тәжірибелі мамандарының біліктілігін арттыру бойынша қосымша сабақтар өткізеді.
Қорытындалай келгенде, Темірхан Мыңайдарұлының шаруашылығы ауылшаруашылық саласында, әлемдегі ғылыми жаңа технологиялық жетістіктерді шаруашылыққа енгізуде, білім және ғылыми зерттеу жұмыстарына көп мән беруінде жоғары сатыға жеткені дәлелденіп тұр. Осы еңбегі бағалауға және еліміздегі мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға лайық деп білеміз.
Ербосын ЧИНДАЛИЕВ,
Қазақ мал шаруашылық және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері