• RUB:
    4.97
  • USD:
    497.26
  • EUR:
    525.21
Басты сайтқа өту
Әлем 20 Тамыз, 2019

Солтүстік Корея тағы да зымыран ұшырды

231 рет
көрсетілді

Солтүстік Корея мен АҚШ арасындағы толық денуклеаризация бойынша келіссөздерді жалғастыру мерзімі тағы ұзаққа созылып, тараптардың қайта бас қосуы күрделеніп кететін сияқты. Жағдайдың былайша ушығуына өткен аптаның сенбі күні Солтүстік Кореяың Канвондо қаласы маңынан тағы белгісіз екі зымыранның атылуы ықпал етіп, әскери сарапшыларды алаңдатып қойды.

Алаңдатқаны былай тұрсын, түнгі жарықты тіліп өткен қос зымыран мемлекеттерді соғыс жағдайына дейінгі деңгейге жеткізді. Осылайша бір аптаның ішіндегі бұл үшінші жарылыс Сеул тарапынан Солтүстік Ко­рея­ның әрекеті «жұдырық жұм­­сауға» дайынмын дегенді біл­­діріп, АҚШ пен Оңтүстік Ко­рея­ның бірлескен әскери оқу-жат­тығу­ларына қыр көрсетудей әсер қалдырып тұр.

Корея орталық телеграф агент­­­тігі таратқан хабарла­ма­лар­ға қа­рағанда, «жаңа қаруды» сы­нақ­тан өткізу сәтін КХДР бас­шы­сы Ким Чен Ын жанына бір­не­ше адам алып, жеке бақылап тұрған.

«Ғалымдар тестілік байқау кезінде жоғары нәтиже көрсетті және қаруланудың түрлері де көңілімізден шығып отыр» делінген КХДР хабарламасында. Алайда қарудың түрі туралы басқа мәліметтер белгісіз.

«Зымырандар Солтүстік Кореяның шығыс бөлігінен жі­бе­ріліп, Жапония мен Корей түбегі арасындағы теңізге құлады. Зымыран 30 шақырымдық биік­тікте  230 шақырым ұшты», де­лінген ресми хабарламада. 

Пхеньянның бұл зымырындары Оңтүстік Корея тарапының да мазасын қашырып, «кез келген жағдайға дайын болу» позиция­сын ұстануға мәжбүр етті. Ал Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин Пхеньянды аймақтағы жағдайдың алдын алу шараларын назарға алуды сұрады.

Reuter-дің хабарлауынша, бұл – АҚШ әскерилерін де дүр сілкіндіріп, алаңдатқан. Оң­түстік Корея әскерилерінің де­рек­теріне қарағанда, бұл – АҚШ пен Сол­түстік Корея басшы­лары арасын­дағы келіссөздер­дің соңғы кезеңінен бергі алтыншы оқиға. 

Осы орайда АҚШ Бас депар­таменті АҚШ-тың Солтүстік Корея бойынша арнайы уәкілі Стиван Биганның осы аптада Жапония мен Оңтүстік Кореяға дереу аттандырылып, КХДР денуклеаризациясы бойынша іс-жұмыстарды басшылыққа алатынын хабарлады. 

Әңгімені арыға созбай-ақ, пре­зидент Дональд Трамп өткен апта­да ғана Ким Чен Ын­ның бар­лық келісімдер кү­шін­де екенін, одан «өте әдемі қызыл хат» ал­ғанын және тағы бір мәрте кездесуден қашпай­ты­нын мәлімдеді. Бірақ бұл ха­барламалардың бар­лығы да әлі жіті талдауды қажет етеді.

Осы орайда Ұлыбритания СІМ басшысының орынбаса­ры Хезер Уилер үн қатып, Лон­дон­ның Солтүстік Корея тарапынан атылған зымырандарға қатысты түсініспеушілік туып отырғанын жеткізді.

«Біз Солтүстік Корея тарапынан 16 тамыз күні атылған баллистикалық зымырандарға алаңдаулымыз. Бұл – БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің қарарына жат қылық», – дей келе министрдің орынбасары Британияның бар­лық бейбіт мақсаттарын көз­дейтін үлкен келіссөздерге ашық екенін мәлімдеді.

Бұған дейін, атап айтқанда, 2018 жылғы 18 сәуірден бас­тап КХДР басшылығы барлық ядро­лық сынақтарды тоқтату тура­лы шешім қабылдағанын жазып келеміз. АҚШ президенті До­нальд Трамп пен Солүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның 2018 жылғы маусым айындағы бірін­ші саммитінде бірлескен құжат қабылдады. Аталған құжат Сол­түстік Кореяның толық денук­­леари­зацияға дайын екенін мәлім­­де­генімен, қандай іс-шара­ларды нақтылауы тиістігі туралы мақ­саттар ескерусіз қалып келді.

Ал былтыр қыркүйек айында Пхеньянда өткен саммит аясында Оңтүстік және Солтүстік Корея мемлекеттерінің басшылары «Сохэ» зымырандық сынақ полигонын түпкілікті жабуға уағ­да­­ласып, ондағы сынақ құрал­да­ры­ның көзін құртуға келіскен еді. 

Бірқатар саяси сарапшы осы келіссөздер басталған тұстың өзін­де Солтүстік Кореяның ше­шім­дері сенімсіздік туғыза баста­ғанын жазды. Ұзақ жылдар бойғы булыққан саяси өш­пен­ділік зарының оңайлықпен өше қоймасы да белгілі еді. Не­гізі АҚШ пен Солтүстік Корея ара­сындағы бұл жылымыққа әлі де үлкен үміт артатындар бар.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің қарары бойынша, Солтүс­тік Кореяға кез келген баллис­ти­калық зымыран сынағын өткізуге қатаң тыйым салынған.