Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, үш мәрте Социалистік Еңбек ері, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың өмірден өткеніне биыл 26 жыл толып отыр. Осы жылдарда қазақтың біртуар азаматының ерен еңбегін, елге еткен қызметін дәріптеп, болашаққа жеткізуде Қонаев атындағы Халықаралық қор жұмыс істеп келеді. Қырық жылдан астам өмірін басшылық қызметке арнаған тұлғаның жүріп өткен жолы бүгінде жас ұрпаққа өнеге. Осылайша тұлға есімін дәріптеуді мақсат ете отырып жақындары Қазақстан баспасөз клубында www.kunayev.kz сайтының таныстырылымын өткізді.
Сайт қорына қайраткер өмірінің барлық жылдарын қамтитын бейне материалдар, өмірнамалық деректер, ерекше суреттері мен замандастарының естеліктері, сол жылдардағы елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, сөйлеген сөздері мен жариялаған мақалалары енгізілген. Осы туралы және жоба туралы өзге де ақпаратпен Қазақстан журналистика академиясының академигі Валерий Жандәулетов бөлісті.
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекшісі, Д.Қонаевтың жиені Диар Қонаев «Дінмұхамед Ахметұлының есімі ұлықталып, атына көшелер, жоғары оқу орындары, музейлер берілгенімен де осы сайтты жасау барысында тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтердің аз екендігіне көз жеткізгендей болдық. Сондықтан да нақты деректер, ақпараттармен қамтамасыз ету мақсатында жақындары болып, қордың қолдауымен сайтты көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Қонаевтың бар өмірі мемлекет өмірімен тығыз байланыста өтті. Сайт қорына Орталық мемлекеттік архиві, сондай-ақ ҚР Президентінің архивінен көптеген деректер іздестіріліп, екі жыл көлемінде бірнеше мыңдаған мәлімет жиналды» деп атап өтті.
Диар Қонаевтың айтуынша, бұл құжаттардың ішінде әсіресе, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет еткен жылдар ерешеленеді. Қызмет барысында Дінмұхаммед Ахметұлы қорғаныс өнеркәсібіне жетекшілік етті. Жасы отыздың үстіндегі жас басшы үшін жауапты жұмыстарды атқару әрине оңайға соқпағаны анық.
«Соғыс жылдарында Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібінің әлеуеті сенімді тыл ретінде қызмет ете отырып, майданға жіберілген он оқтың тоғызы Қазақстан жерінде өндірілді. Қонаев ел экономикасының ең күрделі салаларын басқарды. Тұлға қызметінің әр кезеңіне тән өзіндік сипаты бар. Ал Қазақстан Ғылым академиясының Президенті болған жылдарда да иығына ауыр жүк түсті. Тау-кен саласының ең ірі әрі көрнекті өкілі ретінде өзіне артылған жүкті мінсіз атқарып шықты. Орталық комитетке келгенде де Алматыны селден сақтап қалуда іргелі жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде су бөгеті салынды. Ол елдің басшысы ғана емес, ғалым болғандықтан да қаланы селден қорғап қалды. Алайда осындай ауыртпалықтардың салдарынан жүрек талмасына ұшырады» деген ойымен бөліскен Диар Қонаев сайт материалдарының әлі де толыға түсетіндігін жеткізді.
«Д.А.Қонаев атындағы Халықаралық қор құрылғалы бергі аралықта туған әрі өмірден қайтқан күні міндетті түрде еске алып, тұлғаның артында қалдырған мол мұрасын жастар арасында насихаттауға байланысты жұмыстарды жалғастырып келеміз. Бүгінде қалың көпшілік Дінмұхаммед Қонаев туралы тек ғаламтор желісінен алатындықтан, материалдардың нақтылығына, дәлдігіне күмән туындайды. Сондықтан да арнайы сайттың ашылуы тұлға өмірінің барлық кезеңдерінен нақты мәліметтер береді әрі осы бағытта біздер жұмыс істейтін боламыз» деп атап өтті Халықаралық қордың Бас директорының орынбасары Тимур Жұманов.
Ал тұлғаның жиен немересі Мұхтар Қонаев қайраткер мұрасын жастар арасында насихаттауда әлеуметтік желілер бойынша да жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Бүгінде жастар тарапынан мемлекеттігіміздің қалыптасуы мен дамуы жолында еңбек еткен тұлғалар өміріне деген қызығушылық байқалады. Сондықтан да заманауи ақпарат көздерін Қазақстанның қалыптасу тарихын насихаттау үшін пайдалану қажеттігін атап өтті.
Шара барысында Қазақстан журналистика академиясының президенті, академик Сағымбай Қозыбаев, Қазақстан дипломаттары бірлестігі жетекшісінің орынбасары Мақсат Нұрмағамбетов, ҚР СІМ Алматы қаласы өкілдігінің Басқарма жетекшісі Алмаша Аренова сөз сөйлеп, Қонаевтар әулетіне қатысты естеліктерімен бөлісті.
Жоба жетекшілері алдағы уақытта Д.А.Қонаевтың қызметі мен өмірін зерттеу, насихаттау мақсатында әріптестікке дайын екендіктерін білдірді.
АЛМАТЫ