• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2013

Демократияны дамыту діңгегі

1109 рет
көрсетілді

Демократияны дамыту діңгегі

Бейсенбі, 31 қаңтар 2013 8:00

Финляндияда жергілікті өзін өзі басқаруды ел президенті тағайындайтын губернатор жүргізеді екен. Осы жай ойға қалдырады. Бұл мәселеге неге мұншалықты мән беріледі? Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, демократияны дамыту Президент Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының  аса маңызды әрі іргелі бағыттарының бірі ретінде белгіленуінің себебі неде?

Бейсенбі, 31 қаңтар 2013 8:00

Финляндияда жергілікті өзін өзі басқаруды ел президенті тағайындайтын губернатор жүргізеді екен. Осы жай ойға қалдырады. Бұл мәселеге неге мұншалықты мән беріледі? Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, демократияны дамыту Президент Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының  аса маңызды әрі іргелі бағыттарының бірі ретінде белгіленуінің себебі неде? Республиканың 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге қол жеткізу мақсаты билікті орталықсыздандыру, Парламенттің рөлін күшейту, жергілікті өкілді және атқарушы органдарды нығайту саласындағы міндеттермен неге ұштастырылады?

Жергілікті өзін өзі басқару те­тігін же­тіл­діру мәселелері өңірлік даму үдерістерін тиімді басқаруды қамтамасыз ету жө­нін­дегі мемлекеттік стратегиямен бір арнада қаралады. Қоғам мен азаматтардың мемлекеттік шешімдерді қабылдау мен іске асыруға қатысуы осының маңызды шартына айналуға тиіс. Бұл үшін «жергілікті өзін өзі басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек».

Мемлекеттік құрылыс үшін осындай аса өзекті мәселелер Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің Парламент де­пу­тат­тарының қатысуымен болған үс­ті­міз­дегі жылғы қаңтардағы Алматы қа­ла­­сы­­ның өкілді және атқарушы билік акти­вімен кездесуінің басты тақырыбына айналды. Президент өз Жолдауында алға қойған осынау маңызды міндетті талқылау жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың отандық және халықаралық практикасына негізделді. Республиканың ірі қаржы, мәдени, туристік, білім беру орталығы болып табылатын Алматыда жергілікті өзін өзі басқару элементтері, арнайы заңның жоқтығына қарамастан 90-шы жылдардың өзінде енгізіле бастаған. Қоғамдық өзін өзі басқару комитеттерімен (ҚӨК) өзара іс-қимыл жасау үшін 1993 жылға қарай олардың саны 60-тан асты, қалалық және барлық аудандық әкімдіктерде бөлімшелер құрылды. Басқару проблемалары және аумақтарды кешенді дамыту жөніндегі «Орта» үйлестіру-әдістемелік орталығы жергілікті өзін өзі басқару жөніндегі нормативтік құжаттарға салмақты ғылыми зерделеу жүргізді. ҚӨК тәжірибесін ескере отырып, олардың на­рыққа көшу жағдайындағы шаруашылық-әлеуметтік қызметін айқындайтын құжат­тар дайындалған болатын. Сол кезде рес­публикада тұңғыш муниципалдық бас­қару және менеджмент институты да құ­рылды. Осы құралымдардың қатысуымен «Алматы қаласында аумақтық қоғамдық өзін өзі басқаруды дамыту туралы» құжат қабылданған еді. Оларға қала тіршілігін қам­тамасыз ету жөніндегі өкілеттіктер де жүктелді.

Конституция мен жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы заң қабыл­данғаннан кейін Қоғамдық өзін өзі басқару комитеттері Аумақтық халықтың өзін өзі басқаруы комитеті (АХӨБК) болып қайта құрылды. Олар үйлердің, олардың әрбір бөліктерінің және көше комитеттерінің аға өкілдері арқылы қала тұрғындарымен байланысты сақтап отырды. Халықты әлеуметтік қорғауға, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мүгедектеріне, аз қамтылған азаматтарға, зейнеткерлерге жәрдем беруге ерекше назар аударылатын. Тұрғын үй-тұрмыстық мәселелерді шешу, қоғамдық тәртіпті сақтау, мәдени демалыс жөніндегі істер олардың жұмысының маңызды бөлігі болды.

Жергілікті билік инфрақұ­ры­лымының бір буыны ретінде халықтың өзін өзі ұйым­дастыруының бұл құрылымдары «азамат­тардың бірлесіп жұмыс істеу мектебін» дамытудың, әлеуметтік белсенділікті арттырудың, азаматтарды жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатыстырудың тетігіне айналды. Айта кететін бір жайт, бұл құрылымдардың тәжірибесі қалалық мәслихатқа «Алматы қаласындағы жергілікті өзін өзі басқару туралы уақытша ережені» бекіту үшін негіз болды. Құжат жергілікті өзін өзі басқару органдарын ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі қағидалары мен тәртібін реттейтін республикадағы алғашқы нормативтік актілердің біріне айналды. Жергілікті өзін өзі басқару құрылымдарының тәжірибесі, олардың жұмыс істеу қалыптары мен әдістері еліміздің заңнамасында еске­рілуге тиіс деп есептеймін.

Баршамызға мәлім, жергілікті өзін өзі бас­қаруды қалыптастырудың негізгі тұс­тары Конституция мен Қазақстан Республи­касындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы 2001 жылғы заңда бекітілген. Осыларға сәйкес, халықтың жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетінше шешуіне құқық беріледі және жергілікті өзін өзі басқару органдарының дербестігіне кепілдік сақталады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасы бойынша еліміздің Консти­туциясына 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жергілікті өзін өзі басқаруды құру мен ұйымдастыруға байланысты мәселелерді тұжырымдамалық тұрғыдан шешу саласындағы маңызды қадам болып табылады. 2009 жылғы ақпан айында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы заңға Парламент енгізген заңнамалық түзетулер де жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытуға пәрменді серпін берді. Нормативтік-құқықтық актілердегі осы өзгерістер жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі жергілікті өзін өзі басқарудың негізгі өкілді органдары ретіндегі мәслихаттардың рөлін айтарлықтай дәрежеде күшейте түсті, олардың құқықтары мен құзырының аясын кеңейтті, сонымен бір мезгілде, жергілікті атқарушы билік органдарымен өзара қарым-қатынас теңгерімі және функциялардың аражігін ажырату туралы мәселе реттелді.

Түзетулерге сәйкес, қоғамдық және мемлекеттік институттардың бірігуіне жол бермейтін норма алып тасталғанын атап кету керек. Сонымен қатар, жергілікті өзін өзі басқаруды халық тікелей, сондай-ақ, мәслихаттар мен халықтың ықшам топтары тұратын аумақтарды қамтитын жергілікті қоғамдастықтардағы басқа да жергілікті өзін өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырады деп айқындалды. Бұдан басқа, заңға сәйкес жергілікті өзін өзі басқару органдарына мемлекеттік функция­ларды жүзеге асыру тапсырылуы ықтимал, мұның өзі маңызды мәселені – жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын ұйымдастыру мәселесін шешу үшін ауқымды мүмкіндіктер туғызады.

Мемлекеттік басқару және жергілікті өзін өзі басқару функцияларын орындау жөнін­дегі құқықтар мен міндеттер берілген әкімдер жергілікті өкілдік және атқарушы биліктің арасын байланыстыратын буын болып отыр. Бұл жергілікті билік органдары қызметін сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге – азаматтарымыздың проблемаларын барынша тиімді шешуге мүмкіндік беретін «бірлесіп басқару» деңгейіне шығаруға септігін тигізеді.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, қазақстандық модель халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді, өйткені, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқаруды біріктіретін аралас жүйенің болуы көптеген мемлекеттер үшін сипатты жайт. Мәселен, Түркияның негізгі әкімшілік-аумақтық бірліктеріндегі (ел) жергілікті өзін өзі басқаруды орталық билік өкілдері (уәли) жүзеге асырады, бірақ сайламалы бас кеңестер мен атқарушы органдар – енжүмендер де бар. Қалалар мен округтік елді мекендерде муниципалдық кеңестер, ал ауылдарда – ақсақалдар кеңесі мен бір мезгілде ел өкілі болып табылатын староста сайланады.

Бүгінгі заман талаптарына сай келетін жергілікті өзін өзі басқару жүйесін құру үдерісі қазір де жалғасуда. Президенттің Жарлы­ғымен 2012 жылғы қарашада Жергі­лікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, осы арқылы жергілікті өзін өзі басқару институтын дамытудың ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегиясы қабылданды, онда мәселелер кешенін, оның ішінде құқықтық сипаттағы, атап айтқанда, жергілікті өзін өзі басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелерін шешу көзделген.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар жайында «Қазақстан-2050» Стратегиясында да айтылады. Президенттің мәслихаттар арқылы ауыл әкімдерін сайлау институтын 2013 жылдан бастап енгізу туралы шешімі белгіленген міндеттерден туындайтын аса маңызды үлкен бетбұрыс деп айтуға болады. Барлығы 2533 әкім, оның ішінде ауылдық округтердің, кенттердің, сондай-ақ, аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімі сайланатын болады. Бұл – барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 91,7%-ы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қолданыстағы заң­на­ма жергілікті өзін өзі басқарудың жұмыс істеуінің барлық түйткілдерін жеткілікті дәрежеде шешіп бере алмайды. Алға қойып отырған реформаның маңызы – орталық пен өңірлер арасындағы жауап­кершіліктер мен өкілеттіктердің аражігін ажырату, биліктің жергілікті органдары­ның рөлін күшейту. Бұл жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, бюджетаралық қаты­настар, елдің орталығы мен өңірлері арасындағы, жергілікті жерлердегі биліктің түрлі деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру мен ара жігін ажырату, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қажетті өкілеттіктер ауқымымен, кадрлармен, қаржылық материалдық құралдармен және ресурстармен қамтамасыз ету саласын­дағы бүгінгі күні орын алып отырған проб­лемалардың барлығын біртіндеп шешу­ге жағдай туғызады.

Осыған байланысты мемлекет жергілікті өзін өзі басқару саласында қазақстандық заңнамалардың құқықтық базасын одан әрі жетілдіру жөнінде ауқымды жұмыстар жоспарлауда. Оның тиімділігі көбіне биліктің барлық тармақтары мен деңгейлерінің, азаматтық қоғам институттары мен халықтың үйлесімді, сындарлы және кәсіби өзара байланыс жасауына байланысты болады. Аталған мәселе бойынша қазірдің өзін­де атқарылған жұмыстар баршылық. Атап айтқанда, Парламент Сенаты жанын­да құрылған Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі қоғамдық кеңес өнімді биліктің барлық деңгейлерінің қызметтерін үйлестірудің және сайлаушылар корпусымен байланысты жүзеге асырудың тиімді құралына айналды.

Оның қызметі заңнаманы, оның ішінде жергілікті мемлекеттік басқару саласындағы заңнаманы жетілдіруге, жергілікті өзін өзі бас­қару институттарын және өңірлер дамуы­ның құқықтық негізін қалыптастыруға бағыт­талған.

Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің көшпелі отырыстары Сенаттың жергілікті билік органдарымен және халықпен кері байланысын орнатудың пәрменді құралы болып табылады. Облыстық және аудандық мәслихаттардың өкілдерімен Сенатта жүйелі өткізілетін кездесулер тиімді практикаға айналды. Осы кездесулер барысында жалпы мемлекеттік және жергілікті маңызы бар, қолданыстағы заңнамаға қатыс­ты өзекті мәселелер сындарлы түрде тал­қыланып, алда тұрған міндеттерді шешудің жолдары мен әдістері туралы жергілікті жерлердің ұсыныстары айтылады.

Бұдан басқа, өңірлерді, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту және ұлттық заңнаманы жетілдіру саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіруді және насихаттауды жүргізіп отырған Сенат депутаттарының «Өңір» тобы да жергілікті билік органдарымен тығыз байланыста.

Атқарушы билік органдарының да қоғаммен кері байланыс жасайтын өз арналары бар. Олар – әкімдердің халық алдындағы жыл сайынғы есептері, қабылдау күндері, әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестер, бизнес, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми орта өкілдерінің қатысуымен өткізілетін «дөңгелек үстелдер» және т.б. «Электрондық үкімет», әкімдіктердің веб-сайттары және әлеу­меттік желілердегі блогтар сияқты ком­му­никацияның жаңа технологиялық тәсіл­дерін қолдану аясы кеңейіп келеді.

Басқаша айтқанда, біз орын алған проблемаларды анықтаудың және оларды тиімді шешуге ықпал етудің, тәжірибе алмасудың, ортақ стратегия қалыптастырудың, өзара қолдау көрсету мен бақылаудың нақты тетігін иеленіп отырмыз. Бізге тек осы тетікті мемлекет пен қоғамның даму мүдделеріне сай пайдалануды үйренуіміз қажет. Бұл, әсіресе, мемлекеттік басқарудың қолданыстағы практикасына жергілікті өзін өзі басқарудың орныға түскен қалыптарымен қоса, жаңа нысандарын енгізу сияқты жауапты істе өте маңызды болмақ.

Жергілікті өзін өзі басқару барлық демократиялық жағынан дамыған елдердің мемлекеттік құрылым жүйесінде елеулі рөл атқарады. Бұл, жергілікті өзін өзі басқару, азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі және халықтың еркін тікелей білдіретін әрі демократиялық мемлекеттің конституциялық құрылысы негіздерінің бірін құрайтын халық билігінің аса маңызды нысаны болып табылатынымен айқындалады. Көпшілік билігінің ең бұқаралық және халыққа етене жақын органы бола отырып, жергілікті өзін өзі басқару жүйесі азаматтардың жергілікті маңызы бар көкейкесті мәселелерді шешуге өз жауапкершілігімен және өзінің меншікті қаражатымен төтелей әрі тікелей қатысуына мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, жергілікті проблемаларды егжей-тегжейлі білуі, оларды шешудегі дербестігі, жергілікті өзін өзі басқару органдары қызметінің ашықтығы, азаматтардың іске мүдделі қатысуы сияқты ерекшелігінің арқасында жергілікті өзін өзі басқару қоғамдық басқару функцияларын төменгі деңгейде іске асырудың неғұрлым тиімді әдісі болып танылып отыр.

Жергілікті өзін өзі басқарудың тиім­ділігі көбіне тек реттеудің заңнамалық негізіне және қаржылық-экономикалық жағынан қамтамасыз етілуіне ғана емес, сондай-ақ, халықтың жергілікті өзін өзі басқару жүйесіндегі өз құқықтарын және мүмкіндіктерін түсінуіне, жергілікті өзін өзі басқаруды жүзеге асыруға шын мә­нін­де қабілеттілігіне де байланысты еке­нін айта кетейік. Бұл өзін өзі басқару орган­дарының арасында да, сондай-ақ, жергілікті қоғамдастық мүшелерінің арасында да кеңінен түсіндіру жұмысын жүргізуді қажет етеді. Әр түрлі жергілікті мәселелерді қазіргіден де белсенді, үнемді және сапалы шешу үшін жергілікті үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтарды қатыстыру маңызды.

«Қазақстан-2050» Стратегия­сын­да алға қойылған жергілікті билік органдарының мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі мен маңызын көтеру жөніндегі тапсырмаларды іске асыру жергілікті өзін өзі басқарудың толымды жүйесінің қалыптасуы және тікелей мемлекеттік басқару үдерісіне халықты тарту үшін нақты алғышарттар жасайды. Ал бұл – мемлекеттік басқаруды әрі қарай жетілдіру мен демократияны дамытудың мықты діңгегі.

Ақан БИЖАНОВ,

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени

даму комитетінің төрағасы.