• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Тамыз, 2019

Жүргенов мамандары жәдігерлерді жаңғырту ісіне қатысты

388 рет
көрсетілді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы басшылары мен «Қазреставрация» кәсіпорны мәдени мұраны сақтау, зерделеу және көпшілікке насихаттау, ғылыми және мәдени байланыстарды тереңдетуді мақсат ете отырып, өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған-ды. Осы келісім аясында Түркістан қаласындағы Күлтөбені, Бөкей Ордасы мұраларын қайта қалпына келтіру, еліміздегі басқа да тарихи орындарды жаңартып-жаңғырту мәселесі қолға алынып, осы іске академиядағы металл, қыш және ағаш өңдеу, керамика бойынша мамандар тартылған болатын.

Осы ынтымақтастыққа орай Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясының Сәндік Қолданбалы өнер кафедрасының доценті Естай Даубаевтың жетекшілігімен тарихи-мәдени маңызы бар орталықтарды бірқатар жұмысының жүзеге асқандығын  айта кету ләзім. Осындай игі шаруаның барысында ішкі (Бөкей) Орда тарихындағы Хан мөрлері бұл күнде тарих сахнасына қайта оралды.  Естай Даубаев  ағымдағы жылы маусым айында Бөкей хан мөрінің, Шығай сұлтан мөрінің, 13 тамызында Бөкей ханның сұлтан кезінде қолданған мөрі мен Жәңгір хан мөрінің қайта қалпына келтірген нұсқаларын Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы қорына  табыс етті.

Естай Даубаевтың «Хан Ордасы» музей қорығы құрылған кезеңде Жәңгір ханның «Қару жарақ палатасы» экспозициясына қойылған қару жарақтарды қайта қалпына келтірген болатын. Сондай-ақ «Хан Ордасының зергерлік бұйымдары» экспозициясын да жасақтаған-ды.

Хан мөрлері басқа билік атрибуттары Хан көтерген ақ киіз, Хан тағы, Ханның асатаяғы, Хан байрағы сияқты түпнұсқасы сақталмаған мұралар қатарына жатады. Мемлекеттіліктің тарихын айғақтайтын, хандардың жарлығын, қатынас хаттарын айғақтайтын маңызды дәлел мөр болып табылады. Мөр соғу ісі аса жауапкершілікті, алдын ала ғылыми-шығармашылық әзірлікті талап ететін іс. Хан мөрлерін қайта қалпына келтіру жұмысына автор алдын ала ғылыми зерттеулер жүргізу нәтижесінде келген. Археологиялық қазбалардан табылған мөрлер мен бұған дейінгі қайта соғылған Абылай хан мөрі қайта зерделенген. Тарих, этнология, мұрағаттану, музейтану, өнертану, этнофольклор ғылымдарының пәнаралық байланысы негізінде жүзеге асты десе болады. Пәнаралық байланыс қазіргі таңдағы ғылымның өскелең талабы. Этнограф ғалым Тәттігүл Қартаевамен бірлескен пәнаралық зерттеу жүргізу нәтижесінде мөр тарихы мен оның қолданыс аясына ғылыми сараптау жасалды, архив құжаттары, жазба деректер (Абу-л-Фазл Байхаки, И.Казанцев, т.б.), гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер (И.В.Ерофеева, Н.Әлімбай, Е.Ш.Шаймерденов, Қ.Омарханов, В.Л. Янин, т.б.), фольклорлық деректер, Шыңғыс хан, Сүлеймен пайғамбардың (кейін Су патшасы Сүлеймен атанған) мөрлері туралы аңыздар сарапталды.

Мөрлік таңба бар маңызды құжаттар ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты мен ҚР Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатынан қаралып, пәнаралық байланыстың нәтижесінде Хан мөрлеріне қатысты маңызды ғылыми мәліметтер айғақталды. Нәтижесінде «Мөр және мөрлі жүзіктің тарихи реконструкциясы» атты әдістемелік экскурс ғылыми айналымға еніп, ғылыми туынды авторлық құқықпен патенттелді.

АЛМАТЫ