Жақында әлеуметтік желіде жарқ ете қалған Фариза Оңғарсынова туралы қойылғалы жатқан «Фариза» спектаклінің афишасын көре салғаннан-ақ көңілді ерекше бір қуаныш кернеді. Бұл сезім тек біздің ғана емес, ақын өлеңін жастана оқыған әрбір оқырманға ортақ толғаныс екені анық. Өйткені өлеңін өміріне балап, ғұмыр бойы аялап өткен ақын жанының бар сыры мен болмысы қай кезде де оқырманын бейжай қалдырып көрген емес. Ал сол «Фариза» сахна арқылы тіл қатса, тіпті ғажап! Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында 5-6 қыркүйекте өтетін спектакль премьерасына дейін санаулы-ақ күн қалды. Осы орайда «Фариза» драмасының авторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы-драматург Роза Мұқановадан өзі танып, туындысына өзек еткен ақын әлемі туралы сыр бөлісуін сұраған едік.
– Мағжан Жұмабаевтың Ақан сері турасында: «Ақан өнерімен сұлу емес, Ақан тағдырымен сұлу» дейтіні бар ғой. Осы сөзді ақын Фаризаға да қатысты айтуға болатын секілді... Келісесіз бе?
– Әлбетте. Тағдыры сұлу адамдар болады. Өлеңімен ғана емес, болмысымен, тағдырымен сұлу. Мен үшін Фариза сондай жан.
– Ақын Фариза драмалық кейіпкерге қалай айналды? Жалпы, «Фаризаға» қалай келдіңіз?
– Фариза Оңғарсынова ішкі сырын құпиясын ешкімге ашпаған, ЖҰМБАҚ... Ет пен сүйектен жаралған ол да пенде. Қуанды да, жұбанды да. Бірақ мен өз ұғым-түйсігімдегі дара ақынды, ұлы Фаризаны көрдім. Фариза апаға осы деңгейде үңілдім. Осындай болмыстағы Фаризаны түсінгім келді, аялағым келді. Фариза маған жұмбағымен қызықты болды.
– Әркімнің жүрегінде өзі танып, ғашық болған «меншікті Фаризасы» бар. Сіздің Фариза несімен ерекше деп ойлайсыз?
– Мен өмір сүрген дәуір – алыптар дәуірі. Барды уақытында бағалай бермейміз, құнын да білмейміз. Абайдың: «Өлінің жаманы жоқ, тірінің жамандықтан аманы жоқ» деуі біздің халықтың мінез пиғылын аңғартса керек. Фаризаны көзінің тірі кезінде-ақ: «Қазақта ақын қыз көп, Фариза жалғыз» дегенім бар. Құдайға шүкір, әдебиетіміз алыптардан кенде емес. Солардың бірі һәм бірегейі – Фариза! Ол кісімен тонның ішкі бауындай жақын болдым десем, өтірік болады. Фариза апай мені іздеп отыратын, шақырып алатын, тіл шалатын. Шын жақсы көріп, бар мейірімімен еркелетті. Тіршілікте көп қолдау білдірді. Демек, шығармашылығыма көңілі толған шығар. Әйтпесе, мен де қазақтың қалам ұстаған көп қызының бірімін ғой. Апаға мен де тартылдым. Рух жақындығы, жан қалауымыз болар. Әйтеуір өзім бұл ақынды ерекше пір тұтқаным рас. Бірақ пьесамда идеалды образ жасауға әуестенбедім. Фаризаның жанына үңілдім, ішкі құпиясын ашқым келді. Өзі көріп отырса міндетті түрде: «Не бүлдіргенсің?» дер ме еді, кім білсін...
– Фариза Оңғарсынованың ақындығы ғана емес, өмірі де көзінің тірісінде-ақ аңызға айналып кеткен адам ғой. Ізінен аңыз ерген тұлғаның сіз жазған пьесада несіне басымдық берілді? Өміріне ме, әлде өлеңіне ме?
– Өмірін де, өлеңін де бірге өрдім. Фаризаның образын жасау үшін қақтығыстар да, шиеленістер де қажет. Драматургияның табиғаты талап ететін дүниелер қосылды. Фаризаның әр өлеңінің іші ақтарылды. Ол кісінің эмоциясынан драма, трагедиясынан философия іздедім. Жанына үңгу арқылы ішкі интонациясына штрихтар қостым. Фариза – адам, ақын. Ол өмірде ашулана да алды, жылай да алды, жалғызсырады да. Адамға тән қасиеттің бәрі оның да бойында болды. Мүмкін кемшілігі де болған шығар. Бірақ мен оны жақсы көріп жаздым, оның табиғатына қиянат жасамадым. Өйткені ол – халықтың сүйікті ақыны. Өз қолтаңбасымен маған сыйлаған он томдығы бар еді. Фариза апаны солардың арасынан іздедім. Үнін естідім, жанын ұқтым, сөйлестім, тірестім, өмірдегідей болды. Егер ол кісі өмірде болса, бұл пьеса жазылмаған болар еді. Мен оны іздеген шығармын...
– Іздегеніңізді таба алдыңыз ба?
– Оны тап басып айту қиын... Көрермен – төреші. Бірақ талпынып көрдім. Рас, «Фаризаны» жазу оңай болған жоқ. Ол кісі өмірден кеше ғана өтті. Бүгінгі көрермен Фаризаны жақсы біледі. Сондықтан ақын образын қиялға құрып, өтірік жасай алмайсың. Осыдан он жыл бұрын ақын Оңайгүл Тұржан апаның 70 жылдығы қарсаңында «Шашы ағарған қыз» деген кітабын әкеп беріп тұрып: «Осы сен түбі Фариза апай туралы жазатын сияқтысың» деген. Оңайгүлдің сол айтқаны келіп, сәті енді туған шығар.
– Драмада тарихи шындық пен көркем шындықтың ара салмағы қай деңгейде сақталды?
– Автобиографиялық шығарма болғандықтан тарихи дерекке де сүйендім. Өлең оқумен шектелу көрерменді жалықтырады. Ондай қойылымдар көп қой. «Фариза» драматургия жанры болғандықтан оқыс детальдар мен эпизодтармен ширықтырып отыруға баса көңіл бөлдім.
– Мәселен?
– Осы пьесаны жазып отырғанда Фариза апайдың кітаптарын көп ақтардым. Қайта-қайта оқыдым. Көп ойландым. Өлеңдерінен апайдың өзін іздедім. Сырласқым келді. Сонда ол кісі өзінің үлкен өкінішін айтыпты. Мұқағали ауырып жатқанда апайды көп іздепті. Ақыры келмеген соң атақты «Фариза» деген өлеңін жазып, беріп жіберіпті. Апай өлеңді де оқыған. Бірақ бара алмаған. «Бакуге ұшатын күнім жақын еді» деп жазыпты кітабында. Бұл да бір жұмбағы бар ақын жанының құпиясы шығар деп ойлаймын. Сірә да адамның аяғы тұсалатын, табаны тартпай, бұғауын үзе алмайтын түсініксіз сәттерінің жауабын ешкім білмес, таба да алмас. Бірақ мен ол күйді жақсы түсіндім. Сондықтан осы бір детальды пьесаға енгіздім. Өйткені Фариза апам да өмірінің соңғы сәтінде мені іздепті. Талай адамнан сәлем де айтып жіберіпті. Алайда... мен де бара алмадым. Өзім түсінбейтін бір күш ол жаққа жеткізбеді. Бәлкім, апайдың шаршаған, қажыған, дерт меңдеген сәтін көргім келмеген шығар. Қажырлы, қайратты, қайсар қалпын есімде мәңгілік сақтап қалуды қалаған болармын. Апай дүниеден өткен соң, шаңырағына бару тіпті қиын болды. Дегенмен... бардым. Еңсем көтертпей, үйге әрең кірдім. Сіңлісі Алмагүл өкпесін айтты. «Соңғы сәтке дейін «Роза, Роза» деп іздеді ғой. Қаншама адамнан сәлем айтты. Сонша жақсы көргенде бір рет келмедіңіз» деді. Өкпесі орынды еді. Үнсіз кеттім. Өзімді кінәладым. Бірақ амал қанша... Кейін арада біраз уақыт өткен соң, апам түсіме кірді. «Розажан, тоңып жүрмін» дейді. Сұқ саусағымен бір саңлауды көрсетіп: «Осы жақтан бір суық жел үрлейді де тұрады» дейді жарықтық... Сол түні ұйықтай алмадым. Таң қылаң бере көзі тірісінде жанына жақын тартатын сіңлілерінің бірі, қазақтың талантты ақын қызы Оңайгүл Тұржанға хабарластым. Апамның басына барып құран оқыттық. Құлпытасының қасында ұзақ отырдық. Рухымен сырластық. Сол сәтте «Апам жайлы жазуым керек» деген ой келді. Іштей нық бекідім. Алла тілегімді қабыл етіп, орайын келтірген шығар, арада көп уақыт өтпей Айнұр Көпбасарова деген продюсер сіңлім хабарласып, Фариза туралы спектакль қою жоспары барын жеткізді. «Телеарналардағы сұхбаттарыңызды тыңдап, сондағы ақын жайлы айтқан ойларыңыз, ол кісіге деген құрметіңіз ерекше толқытты. Ұзақ жыл қасында жүріпсіз. Фариза апай туралы пьеса жазып берсеңіз» деп қолқа салды. Жазуды бастамадым дегенмен, апам жайлы толғаныстарым ішімде пісіп жүрген болатын, бірден келістім. Бас-аяғы бір ай уақыттың ішінде пьесаны аяқтадым.
– Әдетте, тұлға жайында жазылар драматургиялық шығармалардың көпшілігінде дата мен тарихи хронологияға басымдық беріледі де, сюжет желісі көркем оқиға, адам жанының терең толғанысы емес, құрғақ есеп беруге ұласып кеткеніне талай мәрте куә болып жүрміз. Өз «Фаризаңызды» бүгінгі драматургияға тән осы бір «дерттен» сақтай алдыңыз ба?
– Иә, автобиографиялық шығарманың хронологияға айналуы көркемдік кеңістігін өлтірумен бірдей. Онда драматургия емес, библиография болып шығады да. Автобиографиядан көркем шығарма тудырудың да өз күрделілігі бар. Осы жағын барынша ескеруге тырыстым.
– Бұл «Фаризаны» кезіндегі өзіңіз жазған «Мұқағали» шығармасының, Әкім Тарази ағамыз драмаға айналдырған «Ақын... Періште... Махаббат...» пьесасының идеялық жалғасы деуге бола ма?
– Әкім ағаңның аталған спектаклі М.Әуезов театрында жүріп жатыр. Менің «Мұқағалиымды» режиссер Бәйтен аға Омаров сахнаға қоямын деп, репетициясына шақырған еді. Премьерасын жасай алмай өмірден өтіп кетті. Кейіннен шәкірттері сахнаға қойды деп естідім. Мен Мұқағалиды көрген адам емеспін. Ал Фаризаны өмірде көрдік, емен-жарқын араластық. Фариза апа өмірде басқа, шығармашылығында басқа адам. Фариза қоғамға, ортаға ыңғайланды, бейімделді. Демек, өзгерген Фариза. Суреткердің шындығы – шығармасында ғана. Суреткер болып өмір сүру күрделі, сондықтан өмірден ерте озатындар да болады. Л.Н.Толстойдың «Пушкин талантты болмаса жүз жасайтын еді, бірақ одан не пайда?..» дегеніндей немесе өзі туралы «Я в быту – мелочник» дейтіні бар. Суреткер басқалармен салыстырғанда өз-өзімен күресіп жүреді. Шындығы – шығармасында дегенім осы. Жазу – қиын... Құдайдың алдында есеп беріп отырғандай боласың. Себебі жазу – ақиқатты айтады. Сондықтан өмірде өзім көрген Фаризадан гөрі, өлеңдегі ақын Фаризаны іздедім.
– Пьесаларыңызға режиссерді өзіңіз таңдайсыз ба, әлде сізді режиссерлердің өзі іздей ме?
– Осы жолғы режиссерді мен таңдадым. Продюсер Айнұр Көпбасарова қолдау көрсетті. Продюсер әуелгіде режиссерді шетелден алдыртпақ болды. Осы дәстүрді аса құптамаймын. Шетелдік режиссер біріншіден, тілімізді білмейді, ұлт менталитетінен де хабарсыз. Демек, автордың интонациясы жоғалады. Режиссер өзінше сүрлеу іздейді, ол «жаңалығын» қазақ көрермені түсінбей де жатады. Сол себептен алысқа бармадық, талантты жас режиссер Фархат Молдағалиевке таңдау жасадық. Фархат шетелге көп барады, шеберлік сыныптарына жиі қатысып тұрады. Үнемі іздену үстінде.
– Спектакльге актерлік құрам қалай таңдалды?
– Коммерциялық туынды болғандықтан, бұл жағы енді тікелей продюсердің талғамына тәуелді болды. Мен араласпадым. Режиссер екеуінің үндестігі мен ортақ келісімінің нәтижесінде шешілген болар. Айнұр Көпбасарова өнердің ішінде жүргендіктен, өзіндік талғамы мен таңдауы бар адам. Келісе отырып таңдалды деуге болады.
– Құпия болмаса, басты рөлдерде кімдер ойнайды?
– Бұл спектакльде бүгінгі қазақ сахнасының «мен» деген талантты актерлерінің басы қосылды деп ойлаймын. Премьера күні көрермен қауым Лейло-Ханинга Бекназар, Қуандық Қыстықбаев, Назгүл Қарабалина, Ерлан Кәрібаев сынды дүлдүл әртістердің ойынына, ізденісіне куә болады. Спектакльге музыканы белгілі композитор Ринат Гайсин жазды. Кейбір мамандар шетелден шақырылды. Көрермен көңілінен шығатын сапалы, сәтті, көркемдік деңгейі жоғары қойылым болады деп күтеміз.
– Мемлекеттік тапсырыс емес, коммерциялық туынды болғандықтан, «Фаризаның» алдағы «тағдыры» қалай болмақ? Спектакльді іздеген көрермен қай жерден көре алады?
– Ол жағы Айнұр Көпбасарова бастаған продюсерлік орталықтың құзырындағы шаруа. Бір білерім – 5-6 қыркүйекте Алматыдағы М.Әуезов атындағы театрда өтетін премьерадан кейін «Фариза» Мәскеуге жол тартады. Қазақтың қайраткер ұлы, Ресейдегі елшіміз Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен әйгілі «Современник» театрында қойылады. Одан әрі спектакльді Фариза апамыздың туған жеріне апарып, жерлестеріне көрсету жоспары бар. Елордамыз бен республиканың басқа да қалаларындағы премьераны асыға тосқан көрермендерді де бұл қуаныш көп күттірмейді деп ойлаймын.
– Өзіңізбен әңгімелесе қалғанда да, жазған естеліктеріңіз, сұхбаттарыңыз бен әлеуметтік желідегі жазбаларыңызды оқып отырып та Фариза Оңғарсыноваға деген айрықша құрметіңізді сезініп, қалам ұстаған қыздар арасындағы апалы-сіңлілік тамаша бір сыйластық пен құрметке қызығамыз, бас иеміз... Ақын Фариза емес, сіз таныған адам Фариза қандай еді?
– Мен өмірде де пенде Фаризадан алыс, ақын Фаризамен жақын болдым. Бірде Әбіш Кекілбаев пен жұбайы Клара апай, Оңайгүл Тұржан, Айбар (ұлы), Алмагүл (сіңлісі) ғана болып Маңғыстауға бардық. Апай маған бір ай бұрын қолқа салды. «Ең жақындарымды ғана жаныма ертіп елге алып бара жатырмын, өзіңнің бірге барғаныңды қалаймын», – деді. Мен балалардың әлі кішкентай екенін, бір апта тым ұзақ болатынын, Әкімнің қиналып қалатынын айтып бақтым. Сөйтсем, мен жоқта Фариза апай Әкім ағасына тіл шалып, мені сұрапты. Әкім ағаң: – Фако, тіл шалды. Сен балаларға алаң болма! Маңғыстауға барып кел! – деді. Содан кешке қарай Фариза апам хабарласты. Әндетіп тұр. «Мен саған басыбайлы бол демеймін, жүрсейші азын-аулақ жаныма еріп» деп Ақан серінің әнін қоңыр даусымен ырғаққа салып қояды. Сөйтіп Таразидан аттай қалап сұрап алып, Маңғыстауда бір жұма сауық құрдық. Ән де айтылды, домбыра да шертілді, сыр да ақтарылды. Ол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев еді. Мен ол кісінің шешендігін сол кезде көрдім. Ғажап қарсы алды, апайдың табанын жерге тигізбеді. Арнайы тікұшақпен Бекет атаның басына апарды, зор құрмет көрсетті. Бір жағымда – Әбіш ағам, бір жағымда – Фариза апам. Қарт Маңғыстаудың тарихын Әбіш аға өзі ертіп жүріп таныстырды. Қандай ғажап десейші сол күн... Сол жолы апай еліне риза болып аттанды. Өзіне сыйға тартқан кәде-сыйдың барлығын, тіпті иығына жапқан шапанын да сахнаға шақырып, менің иығыма жапты. Өзі де, жаны да жомарт, мәрт еді ғой апамның!
– Фариза Оңғарсыновамен таныстық, шығармашылық-рухани туыстықтың жазушы Роза Мұқанованың қалам қарымына, суреткерлік сүрлеуіне қандай әсер-ықпалы болды деп ойлайсыз ба?
– Мен ұлы адамдардың жанында жүрдім, қазақтың ең таңдаулы тұлғаларының дидарын жақыннан көрдім. Олармен араластым, жақсы көретінімді білдіріп, олар туралы жазып та жүрдім. Мені үлкен орта тез есейтті, кемелдендірді. Олардың ғажайып ортасын, мектебін көрдім. Жұмыр басты пенденің барлығына жазыла бермейтін ғажайып сәттерді бастан кештім деуіме әбден болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ