• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Тамыз, 2019

Атом тозағында шыңдалғандар (реквием)

302 рет
көрсетілді

Көрнекті ғалым, саясаттанушы, қоғам қайраткері, көсемсөз шебері Нәубат Қалиевтың опат болғанына айға толмас аз күндерден соң жыл толады. Төрт жасынан бастап атом аждаһасының аранында тажалдың құрығына ілікпей өмір үшін күрескен жанкешті азамат, бәрібір, обырдан құтыла алмады. Аңдыған жау Есілдің бойынан да іздеп тапты...

 

Тұңғыш рет көргенімде ол балғын жас еді. Отызға жете қоймаған, көмірдей қара шашы күн шалып тотыққан қоңырқай өңіне ерекше жарасқан, ине-жіптен жаңа шыққандай ақ көйлек, қара кос­тюм-шалбары тып-тығыз бәкене бойын сұңғақ көрсететін, ширақ қимылы, кісіге тіке қарайтын жанарынан өткірлік пен ақылдың нұры ұшқындаған жігіт екен. Біздің үйге ежелгі танысындай екпінін тежемей, өктем басып кірді. Оның осы қылығын аңдап қалған досым Рымғали Нұрғалиев:

– Өзіңнің інің ғой, – деді тосырқай қараған маған. – Абай ауданынан келді.

Жастардың көсемі, аудандық ком­сомолдың бірінші хатшысы. ҚазПИ-дің аспирантурасына түсіп, философ болады. Аты-жөні – Нәубат Қалиев.

Рымғали әдетінше көзін сығырайтып, сәл жымиып алды да: – Сенің інілеріңді, құр­метті Орзалиновский мырза, үнемі мен түгендеп жүремін, – деді.

– Бұл жігіттен түбінде көрнекті адам шығады. Өйткені мен сияқты атом бом­­басының сәулесіне құлын күні­нен қақталып, Дегелеңнің іргесіндегі Сар­жалда өскен. Нашар болуға қақысы жоқ.

– Әрине, – дедім Рымғалидың сөз әуеніне ыңғай білдіріп, – Абыралылықтар мен шыңғыстаулықтар төбелерін бомба тесіп жатса да жеріне тартқан көнбіс, шыдамды халық қой. Ондаған жыл ойран салған аждаһадан олардың тек мықтылары ғана іріктеліп, селекциядан өткен, қалғандары Кеңес Одағының бақыты үшін құрбандыққа шалынып, ал тағы бір тобы, Рымғали, сен екеуміз сияқтылар, әр жерде шілдей бұғып, басқа жұрттың көлеңкесінде ауылымыздың «меншікті ауруынан» аман жүрміз.

Менің бұлай күйінетін себебім: дәл сол жетпісінші жылдары, күн сайын күркіреп жатқан атом бомбасымен бірге әр үйге жылыстап кірген обыр, жүрек талмасы, ақ қан ауруынан айналасы үш-төрт жылда біздің әулет пен аталас туыс­тардан кәрі-жасы бар он жеті адам көз жұмып, көкірегім қарс айрылып жүрген. Бұл сойқанның неден болып жатқанын ішіміз сезсе де ашық айтуға ауызымыз құлыптаулы кезең еді.

Үшеуіміздің арамызда орнаған мұңды тыныштықты жас қонағымыз бұзды.

– Соңғы ақпараттар бойынша, атом сынағы жер астында жүретін көрінеді. Ал полигонға берілген Абыралы мен Шыңғыстау жері тұтастай гранит тастарынан құрылыпты. Оны қанша бомба жарса да тесіп шыға алмай, жер түбінде тұншығады екен. Халқымызды сақтаса сол сақтар. Жаңа, Сұлтан аға, өзіңіз айттыңыз ғой, «халқы жеріне тартқан» деп. Ол рас. Біздің абайлықтар гранит тасындай берік, бомбаға мойып, елін, жерін тастап кетпейді.

Нәубат ұзақ жылдар туған жерінен кіндігін үзген жоқ. Ол орта мектептің мұ­ғалімдігінен бастап, Семей педогогика институтының кафедра меңгерушісі, Семей облыстық партия комитеті лекторлар тобының меңгерушісі, М. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директорлығы қызметтерін абыройлы атқарды. Ғылыммен бел шешіп айналысты. Туған жерінің тарихын зерттеп, өзі пір тұтқан коммунистік қо­ғамның ішкі қайшылықтарын терең ұғынған сайын оның қанды іздерінің сырын тани бастады. Ойшыл жас Семей мұрағаттарындағы құжаттарды ақтарып, ел ішін аралап, көзі тірі куәгерлерден осы өңірдің соңғы бір ғасырда көрген азабы мен мехнатын, шейіт болған ел арыстарының тағдырын, ақтар мен қызылдардың қанды іздері, ашаршылық, қуғын-сүргін, атом сынағынан азып-тозған жері мен елінің шарасыз күйіне қанықты. Осы жылдарда іштей түлеп, өзі насихаттап жүрген коммунистік идеалдардың баянсыздығын, қызыл империяның қазақ халқына жасаған қиянатын ғалым ретінде де терең зерттеп, білді.

Бұл сексенінші жылдар мен тоқ­са­ныншы жылдардың басы еді. Өзегіне құрт түсіп, іргесі іри бастаған Кеңес өкі­­меті өз күшігін талаған түз та­ғы­сын­дай, қарамағындағы басқа ұлттар мен ұлыстарға жаудан бетер шүй­ліккен әре­кеті оның империялық бетпердесін сыпырып, шынайы бейнесін жалаңаштап көрсетті. Семей жастары толқулы еді. Көздерін ашқаннан санасына сіңген идеалдарының быт-шыты шықты. Сон­дықтан шындықты халқының өткен жолынан іздеді. Олардың пір тұтар қас­терлісі – жалғыз Абай, айнымас, адас­тырмас темірқазығы да Абай рухы бо­латын. Шәкәрім жырлары бұғауда, Алаш арыстарының асыл армандары көмулі жатты. Сонда да Нәубат пен оның пікірлес достары, «алмас қанжар қап түбінде жатпайды» дегендей, көп шындықты ел аузынан танып білді. Басқаны айтпағанда, өздері туып-өскен Саржал өңірінің тарихы да қатпарлы қалың тарих екен.

Саржал. Бастауын Шыңғыстың биік жоталарынан алатын мөлдір сулы Ша­ған өзенінің кең жазықта жайылып, бүкіл алқапты көгілдір желекке бөлей­тін тұсы, Қарқаралы мен Семейдің ара­сындағы ұзақ жолда қазақтың талай мар­қасқалары дамылдаған өлке, «Ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұламадан» кейін тобықтылардың туған жеріне оралғанда пана болған, Шыңғыстауға ашылған алғашқы қақпасы іспеттес. Нәубаттың бала кезінен құлағына сіңген осы елдің ардақтысы, халқының тәуелсіздігі үшін аянбай күресіп, қызыл империяның қо­лынан қаза тапқан атақты бай, меценат Қаражан Үкібайұлы мен Ике батыр, Алаш­тың көрнекті қайраткері Халел Ғаббасов туралы шындық пен аңыздар еді. Бай мен батыр, халық сүйген азамат көрсе жау санаған Кеңес өкіметі оларды халқының жадынан өшіре алмады. Қаражан Үкібайұлы мен Ике батырдың Алаш көсемі Әлихан Бөкейханды Шаған өзенінің бойында қарсы алып, Семей, Өскемен, Зайсан, Кереку, Қызыл­жар, Қараөткел, Қарқаралы, Сергөпіл қала­ларынан өкілдер шақырып, қазақтың ел болып, Алаш автономиясын құрғанын салтанатпен атаған ұлан асыр тойын өз көздерімен көрген талай қариялар елуін­ші-алпысыншы жылдары тірі болатын. Олар Қаражанның Алаштың атты әскерін қаржыландырып, Семей қаласындағы үйлерін жас өкіметке тегін босатып бер­генін, халқының тәуелсіздігі жолында малы мен жанын аямағанын айтады. Намыскер Қаражан Қоянды жәрмеңкесіне қазақ даласынан жиналған миллион бас малды Сібірден келген орыстың озбыр байларына бермей, Семейдің қалталы қазақтарын ұйымдастырып, түп көтеріп сатып алып, ел игілігіне жұмсапты. М.Әуезов, Ә.Қашаубаев, С.Торайғыров, т.б. қазақтың дарынды жастарына қам­қор болып, Абай шәкірттері Шәкәрім, Тұрағұл, Көкбаймен бір мақсат жолында тілектес, ниеттес жүреді. Нәубат осы даңқты ағаларының өкшесін басып, қазақ елінің игілігі үшін еңбек еткен талай жерлестерінің өмір жолын білді.

Көңілі құлазыған кезде Нәубат бал­ғын, жастық шағын жиі еске алатын. Қасіретті Дегелең тауы Саржалдан не­бәрі жиырма-отыз шақырым жерде тұр. Көзін тырнап ашқаннан көргені сол тау­дың үстінде отты шардың жарылып, алып саңырауқұлаққа айналғаны, бүкіл дала­ның топырағын үйіріп Саржалды басып өтетін қара дауыл, жер дірілдеп, қарс айы­рылардай, әлдебір қорқынышты дыбыс шығарып, «аһ» ұрғаны, ең соңында жұрт­тың зәресін ұшыратын дүмпу ғана. Ауылдың қара домалақ балалары оны қызық көріп шаңды дауылдың арасында асыр салып ойнайтын, әрі атом бом­басының сынағы өз ауылдарының іргесінде жасалып жатқанын мақтаныш көруші еді. Үйде де, мектепте де, ауыл­дың ортасында самбырлап сөйлеп тұра­тын дөңгелек қара жарғақ-радиода соны санасына сіңіріп бақты. Сәби көңіл қалайша мақтанбасын! Нәубат кейіннен санап көрсе, 1949 жылдан Семей полигоны жабылған 1991 жылға дейінгі қырық екі жылда жарылған төрт жүз сексен сегіз атом, сутегі бомбаларының астында жү­ріпті, бәрін көзбен көріпті.

Ол қарт Шыңғыстың бауырынан ға­сыр­лар бойы мөлдіреп ағып жататын жүздеген бұлақтардың көзі бітеліп, он­даған өзендердің суы тартылғанын, жері тозып, даласы шөлге айналғанын, малы, аң-құсы күрт азайып, ұлылар мен да­налар туған қасиетті елдің тегі (генофонд) азып, адам баласы естіп, білмеген құбыжық шарана, мүгедек сәбилердің дүниеге келгенін көрді. Тек 1978 жылдың ішінде алақандай ауданда босанған 70 ананың 11-і мүгедек нәресте туды, 5500 жас әйелдің 4400-і бедеу болып шықты. Осы жылы «Ақбұлақ» кеңшарындағы алты отар қойдың жүні жиді, денелерін жазылмайтын қотыр басты, көп ұзамай бәрі қырылып қалды. Мұндай сұмдық жиі қайталанатын. Сол кездегі Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, өзі де Саржалдың тумасы, Хафиз Матаевтың дерегі бойынша, 1980-1990 жыл­дар аралығында ауданда 104 адам асылып өліпті. Оның 22-сі Саржалдың өрімдей жастары. Ал іргелес Қайнарда 32 адам есінен ауысқан. Дегелеңнің бей­мәлім дерті, міне, осылайша жалмап жатты. Бір кездегі жайнаған өлке жел тұр­са шаң борайтын қу тақырға айналды.

1996 жылы семейліктердің зор қол­дауына ие болып, Нәубат Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланды. Біз сол жылдары Алматыда табыстық. Ол елдік ойлары есейген, күрескер рухы биік, аңқылдаған ақкөңіл азаматқа айналыпты. Тәуелсіз жас мемлекетіміздің ашық-шашық тұстары көп болатын. Нәубат Мәжілісте талай келелі мәсе­лелерді көтеріп, ел іргесін бекітуге жан ая­ған жоқ. Көп ұзамай белсенді, күрескер депутат ретінде көзге түсті. Оған өзінің білімдарлығы, ойын тайсалмай айтатын өткірлігі, елжандылығы себеп болды.

Осы жылдары Мәжілісте «Тіл за­ңы» қаралып жатқан. Мен ұлт саясаты жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары бол­­ғандықтан «Тіл заңын» әзірлеген жұ­мыс­шы тобын басқардым, кейіннен Пар­ламентте Үкімет атынан осы заңды өткізу жауапкершілігі маған жүктелді. Заң көптеген қиындықтар мен тосқауылға ұшырады. Ең алдымен елдің сол кездегі саяси ахуалы өте күрделі болатын. Заң­ды ұсынып отырған Ә.Қажыгелдин үкі­­метінің өзі оған ықылас танытпады, тіпті әртүрлі жолдармен бөгет жасады. Парламентте Чернышев сияқты ашық шовинистік пиғылдағы және жолбике депутаттар аз емес еді. Олар кей жағдайларда бірігіп кететін. Бірақ ұлт тағдырын ой­­лайтын, ел ортасында зор беделі бар Ф.Оңғарсынова, Ө.Жолдасбеков, Ж.Қа­лиев, А.Бекбосынов, З.Нұрқаділов, т.б. де­путаттар асқан табандылық таныт­ты. Осы қатарға Нәубат Қалиев те қо­сыл­ды. Мәжіліс Төрағасы М.Оспанов кейде теке-тірес асқынып бара жатса мә­­мілегерлікпен тұтанған отқа су себе қоятын. Бірақ барша ниетімен дұрыс заңның қабылдануына тілектес болды. Оның қолдауымен «Тіл заңының» даулы жерлерін үкіметпен бірлесе отырып қарайтын Мәжіліс комиссиясы құрылды. Комиссияның төрағалығына академик Ө.Жолдасбеков, хатшылығына Н.Қалиев сайланды. Осыдан кейін көшіміз түзеле бастады. Жеті-сегіз айға созылған тартыста заңның әрбір үтір, нүктесіне дейін талқыға түсті. Үкімет ұсынған нұсқа қа­зақ тілінің пайдасына бүтіндей өзгеріп, талқылау үстінде күштік органдарда, жекеменшік ұйымдарда, Қазақстанның дипломатиялық мекемелеріндегі қазақ тілінің қолданылу аясы айқындалды. Нәу­бат өзінің білімдарлығын, еңбек­шіл­дігін, ұйымдастыру қабілетін айрықша көр­сетті.

Нәубат ұлт намысын қорғайтын көр­некті қайраткер болып тез қалыптас­ты. Көп­теген мақалалар жазды, кітаптар шы­ғарды, саяси ғылымдар докторы ата­ғын қорғады. Білім және ғылым ми­нистр­лігінде жауапты қызмет атқарды. Кейін­­нен, өмірінің соңына дейін, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­­верситетінің профессоры болып, тәуел­сіз Қазақстанның жас ұрпағын отан­­шылдық рухта тәрбиелеуге зор үлес қосты.

Оның айтары көп еді. Көргені де, көңіліне түйгені де ұшан-теңіз болатын...

Дәл осылай, Саржалдың радиация сіңген шаңының астында өмірге келіп, бар ғұмырын Семейде өткізген, мынау қатыгез ортада тағдырының қалай аяқталарын жүрегімен сезсе де, бойын тік ұстап, жарық дүниенің сұлулығын, адам өміріндегі сәулелі сәтті, адамдықты шығармаларына арқау еткен талантты жазушы Талғат Кеңесбай Нәубат ағасынан соң, арада екі-үш ай өткенде жүрек талмасынан көз жұмды. Иә, көкірегі күйге толып, жазып жүрген шығармасының оқиғасын көңілмен шолып, сиқырлы, сұңғыла сөздер теріп, өзі басқаратын әдеби журналының соңғы санын қолтығына қысқан күйі, астананың шет көшелерінің бірінде мұрттай ұшты. Атом тажалы оны да жалмап тынды.

Талғат өзі арман еткен қалада аз-ақ жыл өмір сүрді. Ғұмырының қысқалығын сезді ме, жан таласа еңбек етіп, соңғы жылдары өндірте жазды. «Ол екеу еді», «Ойшоғыр» кітаптары және бірнеше хикаят, әңгімелері жарық көрді. Жас әдебиетшілерді қолдайтын журнал ашып, өз қаражатына шығарды. Асып жатқан дәулеті болмаса да құшағы кең, жүрегі жомарт, мейірімді, талант қадірін білетін оның бойына Қаражан атасының қасиеті дарыған еді.

Талғатты астанаға шақырған мен едім. «Француз әтірінің исі» атты алғашқы хикаясымен-ақ әдебиет әлеміне екпіндей кірген ол тез арада бүкіл елге танылды. Бірақ кейіннен әр істің басын шалып, Семейде ұзақ жүріп қалды. Шығармалары да сирек жарияланатын болды. Мен алғаш жолыққанда ол оттай жанып тұрған, арман, мақсаттары ірі, айтар ойы салмақты, жазары көп жігіттей көрінген. Кейінгі жылдары қоңырқай өңі жадырап тұрса да, көздерінен бір мұң сезілетін. Оның сырын соңғы кездері жазған шы­ғармаларын оқығанда түсіндім. Тал­ғат өзі туған соры қалың, қасіретті өл­кесінің мұңын жан-жүрегімен сезініп өт­ті, бірақ өмірді сүйгендіктен үнемі мейі­рімділікті, әдемілікті, адамдардың өр мінезін жазды. Өзі бастан кешкен өтпелі кезеңдегі құбылмалы тірліктің суреттерін әңгімелерінде шеберлікпен бейнеледі. Туындыларында көпірме сөз, артық оқиға болмайтын, шебердің бізі, ұстаның үскірігі өрнек салғандай, әр сөзі орынды, бейнелі, көркем қалпында қағазға түсіпті. Талғат тағдыры күрделі, өмірі оқиғаға бай, жақсы-жаман атағы бірдей жайылған Ике батыр туралы роман жазып жүрген. Үл­гере алмады. Нәубат ағасы сияқты оның да көп арманы көкірегінде кетті...

Талғаттың денесі өзінің сүйікті Сар­жалында жерленді. Тозақ отының астында жатса да туған жерден артық не бар дейсің?!

...Семей аймағында миллионнан ас­там адам жапа шегіпті. Өлгендердің са­ны қазір көбеймесе азаяр емес. Ресми мәлі­метте 2017 жылы Қазақстанда обыр ауруынан 14170 адам мерт болған, оның 4235-і Шығыс Қазақстанның тұрғындары екен. Бұл жыл сайын қайталанатын қасірет. Оған Дегелеңнің қатысы жоқ деп кім айтады?! Көлемі 18 мың 500 шаршы шақырым сынақ алаңында Хиросимаға түскен бомбадан 2500 есе қуатты 488 атом, сутегі бомбалары жарылып, ойран салды. Одан тараған улы радиация қазір әр бұтаның, әр түп көденің түбінде әзі­рейілдей бұғып жатыр. Жемтігі аң ба, адам ба, оған бәрібір. Егер оны залал­сыздандырып (дезактивация), көзін жой­­масақ әлі де жүз жыл бойы зардап шегеміз.

Абай, Шәкәрім, Мұхтарды туған қасиетті топырақтың болашақ ұрпағы қандай болмақ?! Сұрақ көп...

Сұлтан ОРАЗАЛЫ,

жазушы, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері, профессор