Қостанай қаласының 140 жылдық мерекесі қарсаңында қаланың орталығында «Тобыл ойшылы» аталып кеткен Қола дәуірі жәдігерінің үлкейтілген көшірме мүсіні пайда болды. Мұны қостанайлық мүсіншілер Егор Кислицин мен Владислав Галбин осыдан екі жыл бұрын жасаған болатын.
Жігіттер кісі бойынан үлкен мүсінді өзінің түпнұсқасынан аудармай 3 айда жасап шығарды. Бірақ осыған дейін ол мүсіншілер шеберханасында тұратын.
«Тобыл ойшылының» түпнұсқасы облыстық тарихи-өлкетану музейінде көп жылдар тұрды. Осындай аса сирек кездесетін жәдігер алғашқы кезде шыныға да салынған жоқ. Археологиядан, мүсін өнерінен алыс адамдардың өзі оның қасында көп айналсоқтап, қатты қызықтайтын, тіпті қолға ұстап көретін.
– Осыдан 2-3 мың жыл бұрынғы ежелгі аталарымыздың ойланып отырған адамның мүсінін тастан ойған шеберлігі таңдай қақтырады. Адамның бет әлпетін келтіруден бұрын орындалу техникасының өзі таңдандырмай қоймайды. Мүсіннің мінсіз тегістігі толып жатқан технологиямен, техникамен жұмыс істейтін ХХІ ғасыр мүсіншілерінің кез келгенін ойландырады. Біз «Тобыл ойшылы» кең танылуы, тарихымызды бүгінгі ұрпақ біле түсуі үшін оның мүсінін оюды қолға алған едік – дейді мүсінші Егор Кислицин.
Мүсіншілер «Тобыл ойшылының» жалпы түрін аудырмай келтіргенімен, оны дәл өзіндей жылтыратып қырнамай, шығармашылық қиялға ерік беріпті. Жүрелеп отырған адам мүсініне қазақ даласындағы таңбалы тастардағы ежелгі суреттерді бейнеледі.
«Тобыл ойшылы» аталып кеткен салмағы 4 килограмм, тұрқы 25 сантиметрдей болатын тас мүсін 1976 жылы Қостанай қаласының іргесіндегі «Мичурин» кеңшарының егіс даласынан табылған болатын. Ол осы кезге дейін сырын ішіне бүгіп, тек таңғалдырумен ғана келеді. Оның түпнұсқасы бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы еліміздің Ұлттық музейінде тұр.
ҚОСТАНАЙ