Әлемде түрме атаулының адамды түзеп шығарына ешқандай кепілдік жоқ. Азаптаулар жиі тіркелетін жерде адамның кейін қайта жұрт қатарына қосылуы да қиын. Сол үшін кезінде шалт басқандарды «бостандығынан айыратын жерге» қатысты көзқарасты өзгертетін кез келген жоқ па?
Елімізде сотталғандардың адам ретіндегі құқықтарын қорғау, денсаулықтарын сақтау, тіпті қамап ұстауға байланысты халықаралық талаптардан кейін бір жылдары қылмыстық-атқару жүйесі Әділет министрлігінің құзырына берілген уақыт та болды. Бірақ бұл талпыныс нәтиже бермей, аталған жүйе көп ұзамай Ішкі істер министрлігіне қайтарылды.
Ал 2010 жылдың басында елімізде шетелдік тәжірибелер негізінде жекеменшік түрме салу туралы әңгіме қозғалды. Кейін мұндай мекемелерді мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде салу туралы ұсыныстар айтылды. 2017 жылы сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мұндай жобаның тым қымбатқа түсетініне көз жеткізіп, жоғарыда аталған ұсыныс қабылданбай қалды. Сөйтіп әуелі Шымкент, содан соң Нұр-Сұлтан, Петропавл, Қызылорда, Орал және Қарағанды қалаларында МЖӘ арқылы салынуы тиіс болған мекемелер туралы әңгіме одан әрі өрби қойған жоқ. Еліміздегі есептеулер бойынша бір түрме салуға шамамен 20 млрд теңге қажет болады деп есептелінген-ді.
Сонымен жекеменшік түрменің артықшылығы неде еді? Ең бастысы – үнемділік. Шетелдік тәжірибе бойынша жекеменшік түрме иелері барлық шығыстарды, оның ішінде сотталғандарды ас-сумен қамтамасыз етуден басталатын барлық шығынды өз мойнына алады. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғайтын ұйымдар да сотталғандардың құқықтарына байланысты белгілеген талаптардың орындалуын бақылауды оңай жүзеге асырады.
Оған қоса, түрмелерді ұдайы жаңғыртып отыру, сотталғандарды ұстау мен күзету және басқа да шығындары мемлекетке оңай жүк болмайтыны рас. Сотталғандарды халықаралық талаптарға сай күнделікті тамақтандырудың өзі қатардағы отбасылардың өзінің шығынынан жоғары болып жатады. Мәселен, сотталушының кешкі асында бір түйір ет болмаса немесе оған түскі асында жеміс-жидек берілмесе – халықаралық өлшемдерде оның адам ретіндегі құқығының бұзылғандығы.
Сотталғандардың әл-ауқатын жақсартуға жуырда Заречный ауылындағы колонияда болған азаптау оқиғалары қоғам назарын аударғаны рас. Орталық Азиядағы халықаралық түрме реформасы өкілдігі директорының орынбасары Жанна Назарованың айтуына қарағанда, соңғы үш жылда ІІМ қарасты мекемелерде азаптауға байланысты 53 дерек анықталған. 13 жағдайда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, 33 рет ішкі істер органдарында осындай қылмыс тіркелген. Сонымен қатар сотталғандарды бір-біріне қарсы пайдаланып, ұрғызу, азаптау деректері де кездесіп тұрған.
Жалпы, халықаралық тәжірибеде мұндай заңсыздықтарға жол бермеудің бірден-бір жолы ретінде жекеменшік түрмелердің бәсі жоғары. Бұл саладағы ең маңызды мәселелердің бірі – сотталғандардың еңбек күшін пайдалану. Яғни мекеме аумағынан жұмыс орындарын ашып, бәсекеге қабілетті өнім өндірілсе, бұдан барлығы да ұтар еді. Жазасын өтеуші уақытын «өлтіріп» қана қоймай, табыс табады, кәсіпке бейімделеді. Бұл дағды оған өмірлік азыққа айналуы да мүмкін. Ал кәсіпкерге керегі – тәртіпке мойынсұнған жұмысшы. Бұл әріптестіктің пайдасы жоғары болғанымен, әлі күнге реттелмей келеді.
Осы орайда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуына қарағанда, қылмыстық-атқару жүйесі саласында бірқатар жаңа бастама жүзеге асып жатыр. Атап айтар болсақ, Қазақстандағы сотталғандарға туған-туыстарымен қашықтықтан бейнебайланыс жасау қолжетімді болмақ. Қазіргі уақытта қанатқақты жоба Ақмола облысында іске қосылған.
Сонымен бірге ІІМ сотталғандарға қажетті тауарлардың электронды дүкенін іске қосу бағытында жұмыстар жүргізуде. Сол үшін Sizoshop.kz және Vnimaniye.kz интернет-дүкендері құрылды. Соның арқасында сотталғандар күнделікті тұтынуға қажетті рұқсат етілген тауарлар тізімінен қажетті тауарды, туысқандары мен жақын-жуықтарын шақырмай-ақ сатып ала алады.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты мекемелердің бәрінде сотталғандарды еңбекпен қамту – ең басты назар аударылатын істердің бірі. Соның арқасында қазір барлық сотталғандардың 75%-ы, яғни жазасын өтеп жатқан 14,6 мың адамның 11 мыңға жуығы еңбекпен қамтылып отыр. Осы мақсатта ҚАЖ мекемелерінің өндірістік базасын дамыту және жаңарту шаралары қабылданып жатыр. Қазіргі күні сотталғандар металл бұйымдарын жасау, жиһаз жасау, құрылыс материалдарын өндіру, тігіншілік секілді цехтарда еңбек етуде. Тіпті, түзеу мекемелеріне шағын және орта бизнес өкілдері белсенді түрде тартылуда. Олар түрмелерде өз өндіріс орындарын ашып, 3 мың сотталғанды еңбекпен қамтып отыр. Бұдан бөлек бүгінде 63 сотталған өз бизнесін ашып, атап айтқанда нан, макарон, консерві өнімдерін шығаруда. Міне, соңғы аталған жаңашылдықтардың барлығын әлем елдерінде жекеменшік түрме иелері ың-шыңсыз жүзеге асыруда.
Е.Тұрғымбаевтың айтуына қарағанда, жылдан-жылға елімізде түзеу мекемелерінің саны қысқарып келеді. Салада жүргізілген ізгілендіру жұмыстарының нәтижесінде «түрме тұрғындары», яғни сотталғандар қатары 2009 жылдан бері екі есеге қысқарған. Жалпы, қазір еліміз бойынша пентитенциарлық салада 86 мекеме жұмыс істейді. Сотталғандар санының азаюына байланысты соңғы 5 жылда 12 мекеме, соның ішінде биылдың өзінде 4 мекеме жабылған.
Жекеменшік түрме жүйесін дамыту АҚШ-та басталып, Еуропа мен Азияның көптеген дамыған мемлекетінде біріздендірілген. Ал біздің елде осы тектес бастаманың өзінің ғұмыры қысқа болды.