• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Қыркүйек, 2019

Мен таныған Расул (эссе)

1398 рет
көрсетілді

«Кейде маған – қайтпай қалған майданнан

Қайран ерлер – ерте үзілген гүлдердей.

Қабырда емес, сонау биік заңғарда

Аппақ-аппақ құс боп ұшып жүргендей».

Расул Ғамзатов

Алматы. Алатау

1966 жылдың күзі болатын. Жаз бойы елдерінде демалған студенттер Алматыдағы Орталық стадионға енді ғана жиналып жатқан. Институтта ал­ғашқы лекциялар да басталып кетіп еді.

«Жалпы геологиядан» сабақ беретін ұлы геолог, ұлы ұстаз Георгий Медоев алғашқы лекцияға қалып жеткен біздерге, кең құшағын ашып: «Жас дарындар, жас геологтар, төрлетіңдер, оқуға ешқашан кеш емес!»  деп бізді көтере сөйлеп қарсы алатын. Георгий ағайдың лекцияла­ры­­на кешігу күнә еді. Біз жорғалап ба­рып­ орнымызға жайғаса бастайтынбыз. Ол кісі келістіріп лекция оқитын. Мен өмірімде көп лекция тыңдадым. Дәл Георгий ағайдай лекция оқитындар Ке­ңес Одағында аз еді. Телегей теңіз білім, қуақы тіл, ашық, адал ой, біздей жас­­тарды баурап алып кетуші еді-ау. Өмірімде ғұлама ғалымдардан алған тәр­бие мен білім, маған Алланың сыйы болып көрінеді.

Лекциядан соң, дене шынықтыру кафедрасының бастығына жолықтым.

– Дағыстанда еркін күрестен студенттер арасында Кеңестер Одағының біріншілігі өтеді. Сен барамысың?

– Білмеймін. Әбілсейіт аға Айханов рұқсат берсе, баруға болады.

– Онда Әбекеңмен сөйлес.

– Көрейін, – дедім. – Ол кісінің мінезі ауыр ғой. Амангелді Ғабсаттаров болса еркін айтуға болар еді.

– Амангелді ағай әлі бір жыл спорт ротада болады.

– Білемін, – дедім. – Бүгін жаттығуға келмек.

– Екеуімен де сөйлес. Сенің бар­­­ғаның дұрыс болады, – деді кафедра мең­герушісі.

Кешкі жаттығуға Орталық стадион­дағы залға бардым. Жастар арасындағы құрама команда үлкендермен бір залда жаттыға беретін кез.

Менің жас көңілім залда емес, Дағыс­танды шарлап кеткен. Дағыстанда ұлы ақын Расул Ғамзатов пен бес дүркін әлем чемпионы Әли Әлиевпен кездесуді ар­мандағалы қашан!

О, Дағыстан! О, Кавказ таулары! О, Каспий теңізі! – деп дауыстап-дауыстап аламын. Көшедегі жұрт маған аңтарыла қарап қояды. Есінен адасқаннан аман ба мына бала?.. – деп шошына ойлайтын болса керек.

Ал мен Расулдың өлеңдерін дауыс­тап Алматының көшесінде оқып келе жатырмын.

...Өзге бір тіл емдер басқаларыңды,

Мен онымен айта алмаймын әнімді.

Егер тілім ертең болса құрымақ,

Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ.

 

Мен жаныммен сүйем осы тілімді,

Кедей деп-ақ айта берсін білімді.

Ассамблеяда естілмесін сөзі де,

Ана тілім – ұлы менің өзіме.

 

Махмұд жырын оқу үшін жас қауым

Күте ме әлде аударуын басқаның?

Мен болдым ба ең соңғы ақын бүгінде,

Өлеңдерін жазар авар тілінде.

Қазақ тілі де орыстың айдауында қуғын­ға түсіп жатқан. Орыс империясы өзі­нің қанқұйлы саясатынан тайған емес. Кеңес Одағы деген мемлекет бар, ал оның басты мақсаты – орыстандыру саяса­ты, өзге ұлттарды тізерлету саясаты. Орыс­тарда одан өзге саясат та жоқ, тәрбие де жоқ. Біздің бабаларымыз, «орыспен дос болсаң, айбалтаң қасыңда болсын» деген. Бұл ойды қазақ қана емес, орыстың боданында күн кешкен бар халықтар айтады. Дауыс көтеруге шама жоқ. Қарсы шығуға қай­рат жоқ. Қару орыстарда. Билік те орыстарда.

Қазақстан елінің еркін күрестен құрама командасы залға енді ғана жиналып­ жатыр екен. Мен бірден Әбілсейіт ағама жақын барып, Махачкалада өтетін жарыс туралы айттым.

– Білем, – деді асып-саспайтын Әбіл ағам. – Сен ол жарыста не істемексің?..

– Күресем.

– Екі ай бойы кілем көрмей, Семейді таптаурын қылған бозбала, сен қалай күреспексің?..

– Жарысқа әлі жиырма күн бар ғой, Әбіл аға. Дайындалам.

– Сенің тынысың-дыхалкаң бір белдесуге де жетпейді.

– Бестікке кіре алам деп ойлаймын.

– Бүкіл Кеңес Одағының жарысында үш­тікке кіру керек. Ол үшін арнайы, тиянақты жаттығу керек. Бар, шешін, – деді Әбіл аға.

Менің жаттығудағы қимыл-қозғалы­сым­ды Әбіл ағаның ерекше байқап отырғанын сездім. Әрине тыныс жоқ еді. Бұлшық еттердің қатайып қалғанын өзім де сезгем. Бұлшық еттер ойнамаса, жас шіліктің талындай иілмесе, бойда кең тыныс болмаса, күресіп қарық қыла алмайсың деген ой мені де іштей қинап жатқан. Бірақ жүректі тулатқан ұлы Дағыстан көз алдымнан кетпей тұ­рып алған. Авардың ұлы ақыны Расул Ғам­затовтың өлеңдері де көңіл есігін тоқпақтап жатқан болатын.

Жаттығудың соңында Әбіл ағама теңдессіз палуан, менің досым Аманжол Бұғыбаев тақап барды.

– Әбіл аға, мен білсем, Ролланды Махачкалаға жіберген дұрыс болады. Расул Ғамзатовтың бар өлеңін жатқа біледі. Оны өзіңіз де білесіз, – деп майдалап сөйлеп берген. – Кавказда ақын ағасымен кездессін...

Әбіл аға үндеген жоқ. Тек Аманжолға қабағын түйіп жалт қарады. Аманжол артқа сальто жасап, кілемнің сыртына қарай ойыса берді. Батыр ағам енді менің көзіме туралай қарап бөгелді.

Расулдың бір өлеңін оқы! – деді бұйыра сөйлеп.

Қаптаған сөздің ішінен

Аламын сөзді бір өрттей –

Арнап бір келген кісіге

Таңдап бір салған сүр еттей.

 

Мықтырақ шығар өзгелер,

Барым да осы бір менің.

Жеттің бе жерге көздеген,

Жетпедім бе, оны білмедім.

Өлеңнің Әбіл ағаға ұнағанын сездім. Енді мен де батыр ағамның көзіне тіктей қарап қалдым.

– Осы сен әдебиетті ұнатасың. Түрі жазушы болмақсың ғой, а?..

– Әбіл аға, ондай ойым бары рас. Бірақ оны Алла ғана біледі ғой, – дедім.

– Дағыстанға барғың келсе бар. Қар­сы емеспін. Үштікке кіре алмассың. Бес­тікке кіруге тырыс. Сен өзі қалай-қалай сөйлейсің?!. Аллаға табынғансың-ау осы.

– Табынғам, аға!..

Әбіл аға түк айта алмай тұрып қалды. Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы Федор Матушак:

 – Бала саған не айтты? Үндей алмай қалдың ғой, – деді.

 – Ол баланың не айтқанын менің өзім де ұқпай тұрмын, – деді Айханов.

Мен залдан далаға шыққанда, қарсы алдымда көкпеңбек ұлы Алатау тұр еді...

 

Дағыстан. Теңіз

Түнде Маңғыстаудан Махачкалаға дейін Каспий теңізінің үстімен ұштық. Мен иллюминатордан көз алмаймын. Бірақ көретінім Каспий теңізі ғана. Қап-қараңғы түнек. Сол кезде есіме «Ахвахта» деген Расул ағамның өлеңі түсті.

...Жанымды бұл ән жайлы етті,

Білмедім бірақ, нені ұқты,

Жігіттер көздеп әйнекті,

Жіберді қызға бөрікті.

 

Қыз бірақ мені жұбатып:

– Тоқтай тұр, – деді алайда –

Ертерек кепсің ұнатып

Кейін кел, қалқам, жарай ма?

 

Бөріктер іске кірісті,

Мен де оған үміт артамын.

Әйнекке қарай тік ұшты

Менің де сәнді қалпағым.

 

Бір кезде өзім байқадым –

Бәрінен асып әр қарай,

Жалп ете қалды қалпағым

Жаралы болған қарғадай.

 

Көңілге медеу бергелі,

Көзіме қарап ол менің:

– Кешігіп қалдың сен, – деді –

Ертерек неге келмедің?

 

Осылай ылғи өмірде

Арманды қуам көсіліп.

Ертерек келіп мен бірде,

Қаламын бірде кешігіп.

Махачкаланың оттары көрінді-ау ақыры!.. О, Дағыстан! О, Расул аға! Таң енді ғана ата бастаған. Самолет қонды. Ел орындарынан тұра бастады. Мен ғана тұрғам жоқ. Елдің соңынан бір-ақ шығайын деп ойладым. Мен самолеттен шыққан кезде, көз алдымда Дағыстанның көкшіл Тарки тауы көлбеңдеп тұр еді.

О, сұлулық деп осыны айт!..

 

Махачкала. Дағыстан шалдары

Қонақүйде жатып демалдым да, Махачкаланың базары қайда екенін портьеден сұрадым. Батыр тұлғалы жігіт:

 – Такси шақыртайын, – деді.

 – Жоқ, жаяу жетемін, – дедім.

 – Онда біз саған жас жігітті қосайық, апарып салады. Сіз палуандардың ортасынансыз ғой.

– Иә, – дедім. – Бүгін Дағыстанның Жазушылар үйін, сонан соң Әли Әлиевтің күрес мектебін, сонан соң Махачкаланың базарын көргім келген.

Батыр тұлғалы жігіт күркіреген дауысымен:

– Магомед, – деп дауыстады.

Жап-жас жігіт бөлмеден атып шықты.

– Мына жігіт Қазақстаннан келген палуан екен, көретін жері бар, соның бәрін көрсет, – деді. Бұйырып айтты. Маған күлімсіреді. – Сізге демалу керек еді.

– Расул ағамды, Әли Әлиевті, Дағыс­танның шалдарын көрсем, мен бақытты боламын, – дедім. – Атың кім, батыр аға?

– Магомед!..

– Бүкіл Дағыстан Магомед екен ғой, – деп күлімсіредім.

– Махмуд бар, Расул бар, Шамиль бар, біздер Магомедтер де бармыз, – деп ол күлімсірей қолын созды, – Мына Магомед Сізге бәрін көрсетіп, қонақүйге алып келеді.

Расул аға Мәскеуде екен, Әли Әлиев те Мәскеуде екен, біз базарды бетке ұстадық.

Магомед үнсіз, мен де үнсізбін. Күн ыстық еді. Базарға келгенімізде Дағыс­танның ақсақалдары қаз-қатар отыр екен.

– Ассалаумағалейкум! – деп сәлем бердім.

– Уағалейкумассалам, – деп олар менің сәлемімді қабыл алды.

Мен қастарына жайғастым.

– Базарға кір, – деді олар.

– Мен Сіздердің қастарыңызда отыра тұрғым келеді.

– Қайдансың?

– Қазақстаннанмын.

– Дешті-Қыпшақтан ғой, баламыз, – деді біреуі.

– Қашан келдің?

– Таңертең.

– Самолетпен келдің бе?

– Иә, самолетпен.

– Каспийді Маңғыстаудан ассаң, бізге тура жетесің.

– Не қылып жүрсің?

– Кеңес Одағының студенттерінің чемпионатына келіп едім. Әуелі сіздерге сәлем берейін, – дедім.

– Аллаху Акбар!.. Келуің жарассын!

– Сіздердің отырыстарыңыз да жарассын!

– Расул Ғамзатовқа сәлем берейін деп едім, таппадым. Ол кісі Мәскеуде екен.

– Расул ылғи Мәскеуде.

– Оның жұмысы көп.

– Ол Дағыстанның елшісі ғой.

– Ұлы елшісі, – деп мен сөзге аралас­тым.

– Оны өзі біледі. Біз білмейміз, – деді бір папахалы-бөрік киген ақсақал. Ақсақалдардың бәрінің басында елтірі бөрік бар еді. Ақ, көк, сарғыш, қоңыр – бәрі де сұлу түсті болатын.

– Әли Әлиевтің күрес мектебіне де бардым. Әли ағам да Мәскеуде екен.

– Ұлы Дағыстандардың бәрі де Мәс­кеуде, – деді бір ақсақал.

– Ал Дағыстанда кім бар? – дедім күліп.

– Дағыстанда ар-ұят бар, намыс бар, сауап­ бар, борыш бар, Шәмілдің рухы бар.

 – Қажымұраттың рухы ше?

 – Ол да бар. Мынау сөйлегіш жігіт екен. Шарап ұсынайық.

 – Дұрыс айтасың, – деді тағы бірі.

Шалдар мүйіз құтыға таласып шарап құйды.

Мен Расулдың бір өлеңін оқиын дедім.

– Сен аварша білемісің?

– Орысша оқимын.

– Оқы! – деді көк бөрікті шал. – Оқы.

Мен Расулдың бірнеше өлеңін оқыдым. Шалдар үнсіз тыңдады.

– Қалай екен? – деді Магомед.

– Аваршасы керемет қой. Орысшасына біздің өреміз жетпейді, – деді көк бөрікті ақсақал.

– Дағыстанда он төрт тіл бар. Сол он төрт тілде Дағыстанның ақындары өлең жазады. Орыстың тілі болмаса, біздер бір-бірімізді түсіне алмаймыз, – деді сары бөрікті қағілез шал.

– Оу, ақсақалдар, қазақ палуаны Расул ағамыздың өлеңдерін орыс тілінде керемет оқыды ғой, – деді Магомед.

– Келісті оқыды.

– Сөз жоқ.

– Орысша ырғағын келтірді.

– Қол соқпайсыздар ма? – деді Магомед. – Қол соғу керек.

– Қол соғатын бұл саған театр емес, – деді көк папахалы шал. – Қазақ палуаны Расулдың өлеңдерін жақсы көреді екен. Жарап тұр!..

– Жарасып тұр! – деп қостады шалдар.

– Өлең үшін шарап көтерейік! – деді Магомед.

Бәрі бірдей мүйіз құтыларын тік көтер­ді. Әркім өз тілдерінде бір-бір ауыз сөз­ айт­­ты. Мен олардың не айтқанын тү­сін­гем жоқ. Тү­сініп керегі де жоқ еді. Бә­рін жай­дары жүздері анық аңғартып тұрған.

Бір мезгілде шалдар бірін-бірі бұза жа­рып сөз жарыстырып кетті. Маған кү­лім­сірей қараған Магомед екі иығын көтерді.

– Мен аварша ғана білемін, – деді.

– Оқа емес, сөйлей берсін.

– Жүр, базарды бір айналып келейік. Шалдар поэзия туралы дауласа берсін, – деп күлді Магомед.

Біз бір сағаттан кейін шалдарға қай­тып оралсақ, олар бірталай қызып қал­ған­ға ұқсады. Бәрінің де жүзі жайдары еді.

Кең кеуделі, ірі тұлғалы, жасыл бө­рікті шал маған бұрыла қарап сөйлеп кет­ті. Мен аузымды ашып сілейіп тұрып қа­лып­пын. Кең кеуделі, ірі тұлғалы шал таза қазақша сөйлеп тұр еді.

– Балам, таңданба, мен құмық тілінде сөйлеп тұрмын. Біздің тіліміз қазаққа, қазақ тілі құмық тіліне жақын. Өте бауырлас тілдер. Құмықтан оқымыстылар көп шыққан. Олар қазақты өздеріне жақын көреді. Туыс, тектес, тілеулес халық­тармыз. Мына шалдардың бәрі өз ха­лықтарының текті адамдары. Осыларды үйіме шақыра алмай жүр едім, сен жақсы келдің. Сені Құдай Тағала маған арнайы жіберсе керек, – деп барып, досжар шалдарға тіл қатты. – Шалдар, жүріңдер, мына палуан баланы ортамызға алып біздің үйге барайық. Қазақ жұртына арнап қой соямын. Менің жақсы шарабымнан дәм татасыңдар.

Шалдар орындарынан асықпай тұрды. Жеңіл шапандарын қақты.

– Ақсақалдардың артынан ілесейік, – деді Магомед.

Біз Дағыстанның қайсар, ақылды, кемеңгер ақсақалдарының соңынан ердік.

Құмық ақсақалдың ауласы ақсақал­дар­ға толды. Қара қойды құрбандыққа шалдық. Бәрі мәре-сәре болды. Бәрі кө­ңілді. Бәрінен көңілді құмық шал болатын.

 – Мен бақыттымын, – деді ақсақал – Алыстан қазақ бауырым келді. Дағыс­танның Асыл көшбасшылары да осында. Аман болайық!..

Бұл керемет тілек еді. Достық, бауыр­малдық, туыстық тілек болатын.

Астан соң мен Әли Әлиевтің кү­рес мектебіне баратынымды айттым. Ақсақалдар гуілдесіп баталарын беріп жатты. Таудың тасындай гүрілдеген Да­ғыс­тан ақсақалдарының дауысы ерекше еді-ау! Кей-кейде сол аяулы ақсақалдар түсіме енеді. Өздерін көріп, гүрілдеген дауыстарын естіп қалатыным бар.

 – Қазақ туған, біз сенің күресіңе барамыз. Сен үшін ауыратын боламыз. Қорықпа! – десті олар. – Шабуылың же­місті болсын. – Олар Магомед екеумізді қақ­паның алдына дейін шығарып салды. Шеп құрып тұрып алып қолдарын соза көтерген Дағыстан ақсақалдарының мейір­­бан жүздері мен тіріде ұмытылмас.

Ал еңгезердей құмық ақсақалы қақпа­сының есігін кең алақанымен басып тұрып, Расул Ғамзатовтың бірауыз өле­ңін құмық тілінде оқыды. Маған тесіле қа­рап айтқан өлең сөздері жойқын ойға толы еді.

Ей, жолаушы, біздің үйге соқпасаң,

Сені қара басқаны!

Ей, жолаушы, сені сыйлап бақпасам,

Мені қара басқаны!

О, ұлы Расул ағам, о, Дағыстанның жүректерін жыр күмбірлеткен шалдары, сендерді қалай ұмытарсың?! Сендер тірі болыңдар, әйтпесе, пендешілікке бой алдырған біздер бұ дүниеден адасып та, алжасып та жоғалып тынармыз.

 

Әли Әлиевтің күрес залы

Бес рет әлем чемпионы болған ұлы палуан Әли Әлиев ерекше адам болатын. Мен көп жылдар өткен соң Мәскеуде Әли Әлиевпен талай рет кездестім. Ол дәрігер, ғалым, асыл азамат еді. Өмірден ерте озды. Өкінішті.

 – Мен бес рет әлем чемпионы болдым, бірақ бірде-бір рет Олимпиада чем­пионы бола алмадым. Өкінбейтін адам болмайды. Мен де өкінемін. Мен ой­лаймын, кімнің қашан, қайда чемпион болатыны да Аспанда жазылып қояды деп. Бәрі Алланың қолында!

Ағынан жарылып айтқан Әли ағамның толқын атқан сөздері естен кетпейді.

Әли Әлиевтің залы жақсы жаб­дық­талған күрес мектебі екен. Палуан болуға тырысқан жастар өте көп. Дағыстанда екі ұлы адам бар. Біреуі, әрине ұлы ақын Расул Ғамзатов. Екіншісі ұлы палуан Әли Әлиев. Дағыстанның жартысы ақындар, жартысы палуандар-ау, – деп ойладым.

Күрес залында мен қысқа жаттығу өткіздім. Кеңестер Одағының чемпионы Аслан Зәуірбеков мені танып, құшағын ашып сәлем берді. Новосибирскіде болған үлкен жарыста танысқанбыз. Ол маған Ресей палуандарына қарсы қоятын екі мықты әдісті көрсетті. Бауырмалдық та­нытты. Жарыс басталуға үш күн бар еді.

 – Күнде кешке келіп, бізбен бірге жаттығу жасауыңа болады, – деді Аслан. – Жігіттерге өзім тапсырамын. Қонақүйің қолайлы ма? Қаласаң, менің үйімде бол.

– Рахмет. Қонақүй ыңғайлы екен.

Спорттық достық өзгеше әлем. Өз­геше тамырлық. Өзгеше таным. Өзгеше түсінік.

        

Каспий теңізі. «Волна» мейрамханасы

Таңғы алтыда тұрып алып, Каспий теңізінің құмдауыт жағалауын қуалап жарты сағат жүгірдім. Онан көпке шама жоқ болатын. Әбілсейіт ағамның айтқан тыныс-дыхалка проблемасы алдымнан көлденең шыға берген. Көкпеңбек теңіз суына сүңгіп кетіп ақырын жүздім.

Сонан кейін құмдауыт жағалауға шал­қамнан жатып алып көк аспанға тел­мірдім. Құм салқын, ал көкте бір шөкім бұлт жоқ еді. Күн енді ғана көкжиектен көте­ріле берген. Осыдан екі күн бұрын ғана Алатаудың бауырында жүр едім, кеше­ден бері Дағыстанның көгілдір аспа­нының астында, құдіретті Каспий теңізінің жағасында отырмын. Мен жарыс­­ты ойлағам жоқ, Дағыстанды ойлап кетіп едім. Дағыстанның шалдары да жүрегімді баурап алған. Дағыстанның шалдары бір бөлек еді. Бірақ бұлардың қайсысы болса да мейірімге кең, достыққа берік жандар болатын. Ғайыптан ойыма Расулдың тағы бір өлеңі түсіп, тілімді қышытты.

Елім жайлы мынау жалпақ әлемге

Бір дұрыстап айта алмадым, –

Не керек...

 

Өз тілімде әнімді бар әлемге

Шырқап, мауқым баса алмадым, –

Не керек...

 

Бар еді бір сыр сандығым әуелде,

Сыр-сандығымды аша алмадым, –

Не керек...

Отаны бар, сол Отанның жан-жүрек соғысын әлемге паш ете алмай қиналысқа түскен ақын жаны жылап тұр еді. Қайран ақындар-ай, сендер болмасаңдар, елімізді жанымыздан артық қадірлеуге бізді кім баулыр еді?! Бұл тірлікте ақындардан басқа ешкім де үйрете алмас. Ал ол дү­ниеде біздің кім болатынымыз белгісіз. Тән өліп қара жерге кіреді, ал жан шетсіз де шексіз кеңістікте ағып жүре береді.

Ғұмыр қысқа, ой шексіз, жан мәңгі.

Каспийдің жағасында бой көтерген «Волна» мейрамханасы көз тартады. Сол мейрамханадан таңғы асымды іш­тім. Екінші қабаттан шексіз Каспий теңі­зі күн астында манаурап жатыр еді. Таңғы толқындары баяу тыныстап, жаға­лауды аялай соғады. Теңізде де жан жоқ. «Волна» мейрамханасында да менен басқа жан жоқ болатын.

Ал Дағыстан таңғы ауада емін-еркін талықсып жатыр еді.

Менің махаббатым да – қос

бұтақты шынардай,

Бірі жаңа көктеген,

бірі шіріп сынардай.

Менің махаббатым да –

қос қанатты қырандай,

Бірі көкке құмартып,

бірі жатыр тұра алмай.

 

Кетпей жүрген қашаннан қос

жара бар жанымда,

Бірі бітіп келеді, біреуі жүр қанымда.

Дәл осылай әрдайым:

бір-біріне жалғасып,

Қуаныш пен қайғы да тұрады

ылғи алмасып.

 

Роллан Сейсенбаев

Дешті-Қыпшақ даласы,

Жидебай

 

(Жалғасы бар)