Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:16
Алматы қаласында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институттары мен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының әйгілі қаһарманы – жырау, күйші, батыр һәм қолбасшы Қожаберген Толыбайұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Қожаберген жырау – ұлы дала дауысы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:16
Алматы қаласында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институттары мен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының әйгілі қаһарманы – жырау, күйші, батыр һәм қолбасшы Қожаберген Толыбайұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Қожаберген жырау – ұлы дала дауысы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Осы орайда, Үкімет қаулысымен ұлттық мәдениет пен ғылымның аса көрнекті өкілдерінің бірі ретінде 2012-2014 жылдардағы республикалық деңгейде аталып өтілетін мерейтойлар мен тарихи даталар тізіміне есімі енгізілген Қожаберген Толыбайұлы кім деген сауалды тағы бір саралап көрсек деймін.Қазақ хандығының құрылуы мен оның дербес мемлекет ретінде алысқа айбар, жақынға сұс болып қалыптасуына өлшеусіз зор үлес қосқан данагөй билеушілер мен баһадүр оғыландар, абыз би-шешендер мен көреген көсемдердің қатарында Қожаберген Толыбайұлы да бар. Ол қазақ елінің алғашқы заңдық құжаттарының бірі «Жеті жарғыны» жүйелеген Әз Тәукенің үзеңгілес жолдасы, көк сүңгіні көлденең ұстап елге пана болған Бөгенбай батырдың ұстазы, Алаштың ақылманы, қазақтың қара қылды қақ жарған әділ билеушісі Хан Абылайдың замандасы және кеңесшісі болған тарихи тұлға.Бір бойына сан түрлі қасиет тұнған Қожаберген Толыбайұлы – ақын, батыр, жырау, қолбасшы және мемлекет қайраткері. Соңында өшпес өнеге, мол мұра қалдырып, елдікті жырлаған ол Еділ өңірі түркілерінің, Батыс және Шығыс Сібір жұртының, әрісі Еуразия, берісі Орта Азия халықтарының мәдени және рухани бірлігі жолында аталы істің басында жүрген дала перзенті, адамзатты бейбіт те берекелі өмірге шақырушы һәм ізгілікті үндеуші халық үні.Қожаберген Толыбайұлының шығармашылығы кезінде аз зерттеліп, терең зерделенбегені жасырын емес. Егер ел болып есімізді жимасақ, текті бабалар жан дүниесімен аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізбесек, бәлкім, бұл бабамыз да санадан өшіп, көңілден көшер ме еді?! Тәубе! Ұланғайыр жерді аманаттап, ұлы істерді атқарып кеткен батыр, би, шешен, қайраткер бабаларымыздың өнегесі мен өрелі ісі, қилы заманда қиянат көрген әрбір тыныс-тіршілігі тиянақты зерттеліп келеді.Қазақтың абыз ақыны, ойшыл ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпеев кезінде өзінің «Данышпан» деп аталатын дастанында Қожаберген Толыбайұлының атын алғаш рет Алаш баласына таныс қылып, ұлы жырау туралы құнды деректі үзілген жіпті жалғағандай етіп кейінгі ойлы ұрпаққа табыстап кетті. Одан кейін халық ағартушысы, қазақтың тағы бір дана ұлы Ыбырай Алтынсарин Қожаберген Толыбайұлының кейбір өлең толғаулары мен әйгілі «Елім-ай» дастанының үзіндісін жинақтап, 1879 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ христоматиясына» енгізді. Ұлт үшін ұлы соқпаққа түскен Қожаберген жырау туралы әр заманда өзіндік үн қосқан қазақтың дуалы ауыз дауылпаздары жайлы деректер де табыла бастады. Мәселен, өз дәуірінің дүлдүлі болып, өз заманына үн қосқан Дәстем сал Қарабасұлы (1677-1752), Жанкісі жырау Көшенұлы (1734-1817), Баһрам Шақшақұлы (1779-1826) секілді тарихи тұлғалардың Қожаберген жырау туралы орнықты ой айтып, оның шығармашылығын тілге тиек еткендігі белгілі болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Шәңгерей Бөкеев (1847-1920), Сұлтанмахмұт Торайғыров (1889-1921) сияқты көзі ашық, көкірегі ояу ұлдардың ұлы жырау туралы зерттеу ісімен шұғылданғанын анықтадық. Одан беріде Ермұхан Бекмұханов, Әлкей Марғұлан, Ақай Нүсіпбеков, Бауыржан Момышұлы өз кезегінде Қожаберген жырау туралы өздері қанық мәліметтерді жазып қалдырған.Бүгінгі күннің белді де беделді ғалымдары да Қожаберген Толыбайұлы туралы талмай зерттеп, тарихтың қойнауында қалып бара жатқан тың деректермен Қожабергентану ғылымын толықтырып келеді. Жыраудың жан-дүниесі мен ол өмір сүрген заманның сипатын айқындап, бүгінге дейін қолға түскен деректерді шып-шырғасын шашау шығармай өз баяндамасына енгізген көрнекті ғалым Манаш Қозыбаев десек, әсте қателеспейміз. Ол кісінің 2000 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Қызылжар топырағында өткен «Қожаберген жырау Толыбай сыншыұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатын орны» атты ғылыми-теориялық конференцияда жасаған баяндамасы қыртысы қалың көп деректен сыр шертеді. Манаш Қабашұлы өзінің құнды деректерге толы баяндамасында «Қазақ мәдениетінің ірі қайраткерлері Ы.Алтынсарин, Сегіз сері, М.Ж.Көпеев, С.Торайғыров, Ш.Бөкеев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, І.Омаров, М.Жолдыбаевтарды қызықтырған Қожаберген Толыбайұлының мұрасын игеру – заман талабы» деп орынды нұсқайды.Қожаберген бабамыздан қалған рухани мұраның шексіз екендігінде дау жоқ. Қазақ халқының қабырғасы қайысқан заманда мұңын тарқатқан «Елім-ай» әні бір төбе, «Күлдірмамай», «Қойлыбай көреген», «Қарасары Балта керей», «Соқыр абыз», «Баба тіл» дастандары, «Ақсауыт», «Ғасыржас», «Дүние», «Жігіттік» сияқты толғаулары мен «Қарғыс атқан қалмақ-ай», «Шоңғал, шоңғал, шоңғал тас», «Сылаң Сыр», «Балқан, Балқан, Балқан тау», «Қазақ пен ноғайдың қоштасуы» секілді өлеңдері, «Дабыл», «Аңырақай», «Бозайғыр», «Күлдірмамай», «Шұбырынды», «Сұлама» күйлері, осының бәрі қатпар-қатпар тарихтың қойнауынан құнды деректі суырып алуға сұранып тұрған қазына. Оның сыртында жеті бөлімнен, 3683 шумақ, 14 732 жолдан тұратын «Елім-ай» дастаны бірнеше ұрпақтың ғалымдары түгесе алмай кеткен құнды жәдігер, беті ашылған қазыналы қойма. Осының бәрі кешеден бүгінге жалғасып келе жатқан тарих, тереңдеген сайын қазақтың тектілігін паш ететін зерттеу.Енді сөзіміздің басында айтып кеткен Ғылым ордасында өткен Қожаберген бабамызға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция туралы, оған қатысқан ғалымдар мен қозғалған тақырып, ескерілген ұсыныстар жөнінде айта кетейік.Аталмыш конференцияда қозғалған әңгімеге қазақ халқының біртуар ұлы, белгілі тарихи тұлға және жаугершілік кезеңінің өкілі, өзінің ақындық шығармашылығымен көшпелі қоғамның әлеуметтік идеологиясын құруға ықпал еткен Қожаберген Толыбайұлының өмірі мен қызметі арқау болды. Ғылыми жиында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Қирабаев, тарих ғылымдарының докторы, генерал Абай Тасболатов «Дауылпаз баба – Қожаберген», тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов «Қожаберген жырау және тарихи таным», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Ғалымқайыр Мұтанов «Ұлттық рух ұрангері Қожаберген жырау», философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы «Елім-ай» дастаны – ұлттық идеяның мәңгілік арқауы», профессор Өмірзақ Айтбай «Баба тілі туралы толғаныс», Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембай, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Сұлтан Сартаев «Қожаберген жырау және оның құқықтық көзқарасы», әскери ғылымдардың докторы, есімі елімізге жақсы таныс Қарулы Күштер ардагері Ким Серікбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев «Қожаберген жырауды ұлықтау – ұрпақтың парызы» атты баяндамалар жасап, тарихи тұлғаның келбетін аша түсетін деректерді ортаға салды.Конференцияда сөз алған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты Сабыр Қасымов ел тәуелсіздігімен бірге түркітілдес халықтардың бірлігіне, құндылықтарының сақталып, баюына қызмет еткен Қожаберген дәуірі басталды деген ойды дәйектеді.Бұдан өзге тарих ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Еженханұлы «Цин патшалық қытай-мәнжу жазбаларындағы Қожаберген», филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойжанұлы «Қожаберген Толыбайұлының жаңадан табылған мұралары жөнінде», филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжігіт Әлібекұлы «Қожаберген Толыбайұлы: тарихи шындық, көркемдік шешім, ғылыми сараптама», Пекиндегі Орталық Ұлттар Университетінің оқытушысы Нұрбақан Қалелханұлы «Ғұндардың «Янжи жыры» және Қожаберген жырау», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты Джабархил Хошал «Кожаберген жырау и Хошалхан Хатак: тема идентичности в поэзии Востока, 17-18 в.в.» атты ағылшын тіліндегі зерттеулерін көпшілік назарына ұсынды. Тақырыпты талқылауға елуге тарта ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысқан жиынның кейбір баяндамалары мен ғылыми зерттеулерін ғана атап отырмыз. Ниетіміз – ел ішінде елеусіз қалған есті сөз, құнды дерек болса осы тақырыптар қозғау салып, бағыт сілтер дегеніміз.Ғылыми-тәжірибелік конференция аясында жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық күресі, ХVІІІ ғасырдағы жекелеген тарихи тұлғалардың қызметі, халық ауыз әдебиетіндегі ұлттық қаһарман батырлардың бейнесі мен сол кезеңде өткен саяси үдерістерді қамтитын сауалдар кеңінен талқыланды. Конференцияда қамтылған зерттеу тақырыптардың әртүрлі қырларын зерделей отырып қатысушылар Қазақстанның жаңа заман тарихындағы батыр, қолбасшы, жырау Қожаберген Толыбайұлының рөлі мен орнын одан әрі бағамдау, жыраудың ақындық шығармашылығы мен қызметін толық әрі кеңінен суреттейтін тарихи деректерді іздеу және анықтау, ел тарихында әртүрлі себептермен тиісті дәрежеде көрініс таппай жатқан халықтық жыраулардың қызметі мен шығармашылығын, өмірі мен замандастары туралы кешенді зерттеу ісін ұйымдастыру, қазақ даласындағы қоғамдық дамуға үлкен ықпал еткен көрнекті тарихи тұлғаларды мәңгі есте сақтау, олардың идеяларын өзекті ету, рухани және материалдық мұраларын зерттеу, отандық және шетелдік қоғамдастықтардың назарын аударту, зерттеушілерге қолжетімді құжаттық және бейнелеу деректердің кеңеюіне ықпал етіп, тарихи тақырыпқа сәйкес ғылыми және ғылыми-көпшілік жұмыстарды жариялау, Қожаберген Толыбайұлының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Петропавлдағы әскери училищені оның атымен атау, батыр бабаға Астана қаласында ескерткіш орнату, артына қалдырған мол мұрасын жинақтап, кітаптар шығару секілді мәні зор мәселелерді қамтитын қарар қабылдады.Бір тайпа елдің бағына бітетін қасиеттерді бір басына қондырған Қожаберген Толыбайұлы туралы зерттеу ісі әлі де жалғаса берері хақ. Ол туралы толымды зерттеу мақалалар отандық баспасөз беттерінде өз оқырмандарына жол табатын болады. Қолдағы деректер мен жүргізіліп отырған ізденістерге қарап біз Қожабергентанудың ғылым санатында бір саты жоғарылағанын, аса маңызды қадам жасап, халыққа етене жақындағанына куә болдық. Сөз соңында мысқалдап жинаған маңызды мәліметтерді ғылымның сөресінде қалдырмай, жас ұрпақты тәрбиелеу құралы ретінде қолданысқа енгізу міндетінің тұрғанын да ескерген жөн деп есептейміз.Қанат ЕСКЕНДІР,«Егемен Қазақстан».АЛМАТЫ.