Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:17
Соңғы он жыл ішінде еліміз жолдарында жол-көлік оқиғалары салдарынан 32 мыңнан астам адам қаза тауып, 166 мыңнан астам адам жарақат алған. Бұл жолдағы нақты тәртіптің жоқтығын білдіреді. Ендеше, қай кезде, қашан көлік жүргізу қауіпсіз болады? Бұл сұраққа, әрине, көптеген адам нақты жауап бере алмайтыны анық. Тіпті оның жауабын білемін дейтін адамның өзі жол жүрудің толыққанды қауіпсіздігіне қол жеткізу амалын енгізу арман екендігін амалсыз мойындайтын шығар.
Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:17
Соңғы он жыл ішінде еліміз жолдарында жол-көлік оқиғалары салдарынан 32 мыңнан астам адам қаза тауып, 166 мыңнан астам адам жарақат алған. Бұл жолдағы нақты тәртіптің жоқтығын білдіреді. Ендеше, қай кезде, қашан көлік жүргізу қауіпсіз болады? Бұл сұраққа, әрине, көптеген адам нақты жауап бере алмайтыны анық. Тіпті оның жауабын білемін дейтін адамның өзі жол жүрудің толыққанды қауіпсіздігіне қол жеткізу амалын енгізу арман екендігін амалсыз мойындайтын шығар. Соны білетін тиісті билік өкілдері жол жүру кемшілігінен талай адам опат болып жатса да одан өздеріне ешқандай жауапкершілік салмағы түспейтініне сенімді секілді. Жолда келе жатқан көлік апатқа ұшырады ма, кісі өлімі болды ма, бәріне кінәлі жүргізушілердің өздері немесе тіпті болмағанда табиғат апаты әсер етті дейді. Ал жолдың қандай екендігі, ол жолдың талапқа сай келетін-келмейтіндігі, жол-көлік оқиғасының алдын алуға жол полициясының жауаптылығы назарға алынбайды. Алынса, оған біреу жауап беруге тиіс болар еді.
Әрине, көлік тізгінін ұстағаннан кейін жүргізуші жол-көлік оқиғасына ұшараса, оған жауап беруге тиіс. Бірақ жолдың талапқа сәйкес еместігінен немесе тарлығынан жүргізуші кептелекке кезігіп, өзінің немесе өзгенің көлігін соғып алса, бұған кім жауап беруге тиіс? Тіпті көшелердегі жолдың беткі қабаттарының бұзылуы, ойылуы, жер асты құбыр құдықтары темір қақпақтарының ұрлануы салдарынан қаншама көлік зиян шекті? Одан да сорақысы сол, ашық қалған құдықтарға талай балалар, ересек адамдар байқаусызда құлап, мерт болды. Осының бәрі жол бойындағы салақтықтар емес пе? Тиісті билік өкілдері бұған жауап беретін болса, қайғылы жағдай бір қайталанғаннан кейін, екінші мәрте жол берілмес еді ғой. Жоқ, жылда солай. Демек, тақтайдай теп-тегіс, айнадай таза, жүйткуге, оң, солға еркін бұрылуға кеңдігі мен қауіпсіздігі халықаралық талапқа сай жауап беретін көліктерге лайық жолдар жоқтың қасы деген сөз.Бар ғой, мүлде жоқ жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Астана мен Бурабай аралығына салынған арман жолдар секілді халықаралық талаптарға жауап беретін тас жолдар төселе бастады. Ондай жолдарда зулаған көліктің ойда-жоқта доңғалағы жарылып немесе аспаннан найзағай түспесе, апаттар орын ала қоймайды. Бірақ Қазақстан үшін мұндай жолдар әлі өте аз. Сондықтан жолдардың нашарлығынан көліктердің қарсы бағытқа шығып кетіп соқтығысып жатуы кеңінен етек алған.Бұл орайда жол полициясы үшін республика жолдарындағы жағдай өте күрделі күйінде қалып отырғандығын жасырмай айту қажет. Мәселен, Бас прокуратура жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметінде 2011 жыл мен 2012 жылдың 8 айында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларының тиімділігі жөнінде тексеру жүргізгені белгілі. Сонда прокуратура органдары жүргізілген тексерулердің нәтижесі жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отырған шаралар тиімділігі нашарлығын, қызметі құқық бұзушылықтардың алдын алу және оған ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға, құқық бұзушылықтардың зардаптарымен күресуге бағытталған жол полициясы органдарының жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы тиісті жұмысының жоқтығын анықтаған.Тексеру барысында жол жүрісінің қатысушыларына әлеуетті қауіп тудыратын және жолдың өткізу қабілетіне кері әсерін тигізетін жол белгілерінің бекітілген стандарттарға сәйкессіздігі немесе олардың толығымен болмауы, сондай-ақ жол жамылғысының қанағаттанарлықсыз жағдайда болуы тәрізді көптеген заң бұзушылық деректері ашылған. Жол құрылысы нормалары мен стандарттарының осы тектес кемшіліктері республиканың бүкіл аумағында орын алған. Республиканың барлық аймақтарында дерлік жол белгілері Мемлекеттік стандарт – «Жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық тәсілі» ҚР СТ 1412-2005 талаптарына сай келмейді екен.Алматы облысындағы Қарасай ауданының елді мекендерін тексеру кезінде жалпы қолданудағы жолдарда рұқсатсыз шлагбаум мен жасанды кедір-бұдырларды орнатудың 17 дерегі анықталған. Бұған қоса, «Алматы-Екатеринбург» республикалық автомобиль жолының бөлігінде ғана жол белгілерінің бекітілген стандартқа сәйкессіздігі немесе олардың толықтай болмауының 35 дерегі шыққан. Осыған орай жол жамылғысының нашар сапасы, жол белгілерінің жоқтығы немесе олардың сәйкессіздігінен және т.б. салдарынан туындаған жолдардағы апаттылықтың нақты себептері мен жағдайларына сапалы талдау жасау жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нәтижелі тетіктерінің бірі болуы мүмкін екендігі айтылған. Алайда, мұндай талдау уәкілетті органдармен, соның ішінде жол полициясымен жүргізілмейтіні анықталған.Жол полициясы органдары тарапынан жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ұйғарымдар енгізбей, ал енгізілгендері орындаусыз және бақылаусыз қалатын деректер де белгілі болған. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының жол полициясы органдары жолдың сапасын жақсартуға бағытталған бірде-бір ұйғарым енгізбеген. Бұл ретте, тек «Көкпарсай» жол учаскесінде 2011 жылы жол қабатының сапасыз болуынан орын алған 46 ЖКО-ларында 33 адам қаза болып, 82-сі жарақат алған. Алматы облысында да бірде-бір ұйғарым енгізілмеген.Былтыр Шығыс Қазақстан облысының республикалық маңызы бар жолдарындағы кешенді зерделеу нәтижесінде 399 жол белгілерін орнату қажеттілігі анықталған. Зерделеу қорытындысына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының жол полициясы басқармасы мен «Казахавтодор» РМК-ның облыстық филиалына анықталған кемшіліктерді жою бойынша шаралар қолдану туралы ұйғарым енгізілген. Бірақ, ұйғарым орындаусыз қалып, жол полициясы қызметкерлері тарапынан оның орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылданбаған. Осы тектес жағдай республиканың барлық аймақтарында дерлік қайталануда.Бұрын жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша өзінің міндеттерін дұрыс орындамағаны туралы сындарға қарамастан, жол полициясы инспекторлары тарапынан көлік құралдарын мас күйінде жүргізген тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық өндірістерін қозғау бойынша шара қолданбау түріндегі әрекетсіздік деректері әлі де орын алуда.Тіркеу-емтихан бөлімшелерінің қызметін тексеру кезінде тиісті құжаттарды талап етпей (жеке куәліктерін, медициналық анықтамаларын және т.б.), сондай-ақ бұрын сот шешімдерінің негізінде автокөлік жүргізу құқығынан айырылған, психоневрологиялық және наркологиялық орталықтардың есептерінде тіркеуде тұрған азаматтарға көлік жүргізу куәліктерін заңсыз беру тәрізді заң бұзушылықтар белгілі болды. Осылайша, тексеру қорытындысы уәкілетті органның жүктелген міндеттерді тиісінше орындамайтынын, жекелеген лауазымды тұлғалардың өзінің қызметтік міндеттеріне салғырт қарайтынын және жоғары тұрған органдар тарапынан ведомстволық бақылаудың жоқтығын көрсетеді.Сөйтіп, еліміз заңдары жол полициясы қызметкерлері тарапынан көп жағдайда сақталмайтыны, ЖКО-ның себептері мен жол қозғалысы ережесінің бұзылуына әсер ететін барлық мән-жайларға егжей-тегжейлі талдау жүргізілмейтіні нақты анықталды. Жол полициясы қызметкерлері ірі ЖКО-ның себептері туралы тек болжамдар айтады. Бұл ретте, жол қозғалысы ережесінің бұзылуына әсер еткен жағдайлар егжей-тегжейлі талданбайтын көрінеді. Жол полициясы қызметкерлері осы тектес қорытындыларды тек ЖКО кезінде опат болғандар мен жарақаттанғандардың саны көп болғанда ғана әзірлейді екен.Жалпы, тиісті талдаулардың жүргізілмейтінін республиканың барлық аймақтарында ЖКО туралы мәліметтердің талдауы негізінде жасалған, жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру бойынша шараларды қамтитын жолдарға бақылау жасау істерінің іс жүзінде болмау деректерін де көрсетеді. Жол полициясы органдарының ай сайынғы есептерінде облыстардағы жолдарда орын алған ЖКО-ның себептері (оның ішінде жол сапасының төмендігі салдарынан) көзделмеген. Бақылаудың жоқтығы және қажетті ескерту жол белгілерінің болмауы салдарынан 2011 жылғы желтоқсанда Балқаш көлінің мұзды өткелінде ЖКО орын алып, 3 адам опат болған.Сонымен қатар, көлік жолдарына кешенді байқау жүргізудің қорытындысымен заң бұзушылықтарды жоюға қатысты шара қолданбау деректері орын алған. ЖКО себептерінің біріне жол жамылғыларының сапасыздығы, жол бетінің бұзылуы және т.б. жататынын айта кеткен жөн. Осылайша аталған тексеру барысында жол полициясы қызметінде анықталған заң бұзушылықтар азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызып, сәйкесінше жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласын үйлестіретін органның қоғам алдындағы беделіне нұқсан келтіретініне байланысты Бас Прокурор Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа заң бұзушылықтарды және оған әсер еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс түсірді.Міне осындай қызметке салғырт қарағандықтан да өткен жылы ғана елімізде 14 168 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Бәрінен сорақысы осы уақыт ішінде 3 022 адамның өмірі қиылғандығы мен 17 488 адам түрлі жарақат алғандығы болып отыр. Бұл кез келген адамды, әсіресе, осы жол-көлік оқиғаларына жауап беруге тиісті қызметкерлерді ойландыруға тиіс. Ойландыру аз, тез арада нәтижелі қарақет жасауға кірісуді қажет етеді. Жол-көлік оқиғасын тек жүргізушілердің өздеріне ғана жауып қойып, қол қусырып отыра беруге болмайды. Біз өз қолымыз өз аузымызға жеткен Тәуелсіз елміз. Мемлекет басшысының сара саясатының арқасында барлық саладағы келеңсіздіктерді жоя алатындай жағдай жасалды. Жол полициясы комитетін кезінде Өмірзақ Түсімов басқарған кезде жағдай бұдан да қиын еді. Бірақ Ө.Түсімовтің ерен еңбегінің арқасында қазіргі жол қозғалысы туралы заңдағы өзгерістер мен толықтырулар қабылданып, жол бойындағы, көшелердегі, қиылыстардағы суретке түсіру, бейнебақылау қондырғылары орнатылды. Бұдан басқа жақсылығын жүргізушілер әлі айтып жүрген көптеген заңды талаптар жүзеге асты.Иә, бұлардың бәрі сол кезде жасалынып қойылған. Белдікті тағу, көлік терезелерін тұмшалаған қара перделерді алу, қарсы жолға шықпау, жалпы жол ережесін қатаң сақтау, арақ ішіп көлікке отырғандарды қатаң жазалау, т.б секілді заңды қағидалар сол кезде жүзеге асты. Сөйтіп, жол бойындағы тәртіп қалыпқа түсіп, мемлекеттің басқа салалары да біртіндеп Жол полициясы комитетінің ізгілікті ісінен үлгі ала бастаған еді. Алайда, амал не, содан бері айта қоярлықтай бір жаңалықтар енгізілген жоқ. Ал көлік саны болса, жыл сайын арта түсуде. Соған сәйкес заң бұзушылықтардың өскенін де көреміз. Одан да сорақысы жол-көлік оқиғаларының жаппай орын алуы көбейіп, тек былтыр ғана 2011 жылмен салыстырғанда опат болғандардың саны 17,9 пайызға өссе, жарақат алғандар 11,6-дан 24,9 пайызға артқан. Бұл нені білдіреді?Оны айтасыз, енді жүргізушілер жолдың қалыпты деңгейде сақталуы үшін бір төлеуі керек болса, құқық бұзушылық үшін екінші мәрте айыппұл төлейді. Сонда, шындығын айтар болсақ, жүргізушілер жолдың нашарлығынан, жол ережесінің дұрыс бақыланбайтындығынан орын алған құқық бұзушылық үшін неге жауап беруге тиіс? Мұны неліктен Жол полициясы ескермейді? Тіпті кейбір жерлерде жол белгілерінің уақтылы қойылмайтыны да рас. Қыс кезінде тайғанақты білдірген белгі жазда да тұруы әбден мүмкін немесе қажетті жерінде мүлде болмауы да ғажап емес. Бұған ешқандай бақылау жоқ. Сондықтан да Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жол полицейлерін әмбебап полицейлерге айналдыру қажет деп бекер айтып жүрген жоқ. Министр Жол полициясы комитетінің қазіргі қызметті атқаруы талапқа сай келмейтін болғандықтан, қоғамға жаны аши айтады. Министрдің сөзіне біз де толықтай қосылып, жаңа әмбебап қазақстандық полиция жолға да қарап, уақ қылмыстарды уақтылы анықтайтыны анық дейміз. Әйтпесе, жол полициясы қасында біреулер төбелесіп жатса да оны көрсе де көрмегендей болып, мойнын да бұрмайды. Өйткені, ол өзгелердің шаруасы, оған көліктерді көбірек тоқтатып, өз қамын ойлаған әлдеқайда тиімді. Ал мұны Жол полициясы комитетінің басшылығы неге көрмейді?Ендеше, осындайда Жол полициясы комитеті жалпы керек пе деген сұрақ туындайды. Өйткені, жол полицейлері кейде жолда ойларына келгенін жасайтынын біз емес, өздері де айтады. Кемшілікті біреу айтқаннан гөрі оның алдын алып, өзіміз реттеп жатырмыз деу әлдеқайда жеңілірек шығар. Мәселен, Жамбыл облыстық ІІД бақылауы бойынша Ар-намыс кодексі мен этикалық қалыптарды бұзған жол полицейлері көптеп саналады екен. Олардың көлікте отырғанда белдікті тағынбайтынын, көлік құжаттарын алып жүрмейтінін, кез келген уақытта жол бойына шығып, тұзақ құратынын жасырмайды, бірақ олар кезекті кезекшіліктен кейін өздерінің жол бойына неге, не үшін шығатындарын айта алмаған. Тіпті, мұны айтасыз, бір взводтың командирі өзінің әріптестерімен бірге гаражда спиртті ішімдікке сылқия тойып алған. Одан екеуі мас күйінде көлік жүргізген. Мұндай бассыздыққа жол полицейлері тек жоғары жақтан бақылау болмағанда ғана бара алады. Осындайда Жол полициясы комитеті не қарап отыр деп жұрт ойлайды. Егер аймақтардағы жол полицияларының әрекеттеріне ие бола алмайтын болса, ондай комитеттен, ондағы отырған басшылықтан не қайыр? Неге керек? Грузиядағы секілді еліміздегі де Жол полициясы комитеті құрамын түгел бір-ақ күнде ауыстыру қажет. Әйтпесе, мекеменің аты өзгергенмен, мұндай бассыздықтар мен жол бойындағы сорақылықтар ешуақытта тыйылмайды.Өйткені, «Қандай болмасын қабылданған шараларға қарамастан, жол полициясы қызметкерлерінің арақ ішу дерегі тыйылмай отыр, соның салдарынан еш жазығы жоқ бейбіт адамдар зардап шегуде. Әсіресе, қызметкерлердің араққа тойып алып көлікпен жүретін шектен шыққандығы алаңдатады. Мұның бәрін халық көріп отыр ғой, бұдан кейін оларға қандай сенім артылмақ? Азаматтардың құқын қорғауға қабылданған қызметкерлердің өздері сол заңды бұзатын болса, олардан не қайыр? Міне, осы деректердің бәрі заңдылық пен тәртіп бойынша жүйелі жұмыстың жоқтығын білдіреді», деп Жамбыл облыстық ІІД басшысы өздері де қорытынды шығарғандай, мұндай күйдегі қазіргі Жол полициясы комитетінің қызметінен халыққа не пайда бар?Әлбетте олардан ешқандай қайыр болмаған соң кейбір мекемелер өздерінің ұсыныстарын жолдауда. Мәселен, Қазақстан тұтынушылар құқын қорғау қоғамдық ұйымы «Ішкі істер органдары туралы» Заңға ондаған ұсыныстарын жолдапты. Мұның бәрі жол полициясын жайлаған сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін қажет, дейді. Демек, еліміздегі әр мекеме, кез келген адам жол полициясын сыбайлас жемқорлық дерті жайлап алғанын жақсы біледі және олардың барлығы елдің ертеңі мен беделі үшін Жол полициясы комитетіне қолұшын беруді көздейді. Олардың айтуынша, полицейлер кезекшілікке түскенде қалталарында 8000 теңге ғана болуы қажет. Кезекшілікке түскенде осы ақшаны тіркетеді, ал егер қызмет барысында бұл ақша көлемі артып кетсе, қызметтік тергеу жүргізілуі керек. Сонымен қатар, аталған қоғамдық ұйым ІІМ Жол полициясы комитетінің қызметкерлері мен олардың отбасы және туысқандарының жыл сайын кірісі мен шығысы туралы есеп беріп отыруын қалайды. Егер соңғының көлемі айтарлықтай көп болса, онда бір кілтипан бар деген сөз. Сол сияқты көптеген адамдар Жол полициясы комитетін қолы таза емес адамдардан арылтуды ашық жүргізуді қалайтындығын білдіреді.Олай болмаған жағдайда, «Казпотребнадзор» қоғамдық ұйымының жүргізген әлеуметтік онлайн-зерттеуіне қарағанда, жүргізушілерден жол полициясы қызметкерлерінің пара алуы тоқтамайтын секілді. Жол полициясы қызметкері мас күйде көлік жүргізген адамды ұстаса, яғни бұл ең үлкен құқық бұзушылық болып табылып, жүргізушіге құтылу үшін 82 638 теңге пара беруге тура келеді екен. Дегенмен, бірқатар жағдайларда бұл үшін 5000, тіпті 500 000 теңге беріп те құтылғандары болған көрінеді. Ал куәліксіз жүргендер 8079 теңге, қарсы жолаққа шыққандар – 6079 теңге, жылдамдықты асырғандар – 3474 теңге және қызыл шамға өткендер – 3647 теңге пара берулеріне тура келген. Ең көп пара беретіндер Қарағанды, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары болса, ең азы Оңтүстік Қазақстанда көрінеді.Осы мәліметтерді дайындауға байланысты сұралған жүргізушілердің 90 пайызы жол бойында ереже бұзғандары үшін пара бергендерін жасырмай айтыпты. Енді бұған не деу керек? Мұны, яғни мұндай жағдайды Жол полициясы комитеті басшылығы білмей, көрмей отыр дейсіз бе? Бірақ білсе, көрсе неге мұндай сорақылықтар қайталана береді? Егер қызметкер сыбайлас жемқорлық көрінісімен ұсталса, олардың басшылары да қызметімен қош айтысуы керек емес пе?! Ал бір емес, қаншама заң бұзушылық орын алып жатыр, бірақ Жол полициясы комитеті бүлк етпейді. Неге? Сонда қашан, қайткенде нақты тәртіп орнайды? Ал енді «Капитал» порталынан жазуы бойынша ҚазТАГ-тың хабарына қарағанда, ІІМ Жол полициясы комитетінің қызметкерлері үстінен қылмыстық іс те қозғалып жатқан көрінеді. Бұл мақсатта Жол полициясы комитетінің ішінде пайда болған қылмыстық топты әшкерлеу үшін Қаржы полициясы ғаламат тексеріс жүргізіпті. Сонан автокөліктің айтулы нөмірлерінің заңсыз саудаға түскені белгілі болған. Бұған не дейсіз енді?
Александр ТАСБОЛАТОВ,«Егемен Қазақстан».