1924 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің №263 санына шыққан «Оқушыларды сұрыптау» мақаласында Кеңес үкіметінің оқу ісі саясаты туралы айтылады.
Кеңес үкіметінің оқу ісі тақырыпты қолданған саясаты – мектептердің бәрін де баулу мектебі қылып шығару, ауыз үйренгенді қолмен істеп көрсетіп үйрету. Мектеп бұлай болса, сабақ жұғымды болмақшы. Кісі құлақпен естігеннен де көзбен көргенге оңай түсінеді. Қолмен істеп үйренгенін, тіпті, ұмытпайтын болады. Ескі мектептен баулу мектебінің артық екеніне шек келтіруге болмайды. Мектеп оқушыға өнер, білім үйретеді. Мұның үстіне оның мінез-құлқын, салт-санасын да тәрбиелейді. Баулу мектебі ескі мектеппен салыстырғанда үйрету жағынан қандай артық болса, тәжірибе жағынан да сондай артық болуға тиіс. Кісінің мінез-құлқына қисындырып айтқан ауыз сөзден де (үгіт-насихаттан да) қолмен істеген ісі артық әсер береді. Сондықтан баулу мектебінің тәрбие жағынан артықтығына да таласуға болмайды.
Кеңес үкіметінің коммун партиясының мақсаты – оқу жасындағы балаларды коммун салтына түсіріп тәрбиелеу, жалғыз оқушылар ғана емес, жалпы бұқараның да саясаттық сауатын ашу, оны да коммун салтына түсіру.
Жалпы бұқара арасындағы жұмыс, әсіресе, қазақ арасындағы жұмыс әзірге пәлен дерлік болып көзге көріне қойған жоқ. Кедей бұқараны ұйымдастыру, олардың тап сезімін күшейту сықылды жұмыстар қазақтың дербес жағдайларына лайықталып реттеле қойған жоқ. Оқу жұмысы олай емес, тап соғысы тынып, бейбітшілік дәуірге кіргеннен кейінгі аз уақыттың ішінде істелген жұмыстардың өзі де көзге көрінерлік болды. Соның өзін де сынға салып тексеруге болады. Тексерсек, оқудың жаңа әдістерінің артық екенін мойындаймыз.
Жалпы бұқараның арасындағы жұмыс әзірге ондай тұрлаулы күйге түскен жоқ. Оған бөгеу болып тұрған біздің мәдениетіміздің нашарлығы, өнерлі кәсібіміздің кемдігі, ұйымдасқан жалшыларымыздың болмауы, бұқараның саясаттық сауатын ашу жолындағы қызметкерлеріміздің жеткіліксіздігі. Мұның үстіне жалпы бұқараның саясаттық сауатын ашу, оны коммун салтына түсіру жұмыстары бұрын істеліп байқалмаған тосын жұмыс болғаны.
Кісінің салтын тұрмыс тәрбиелейді. Кісінің саясаттық сауатына әсер беретін де – тұрмыс. Жалпы бұқараның тұрмысына лайық салты болады. Бірақ саясат жағынан бұқара сауатсыз келеді. Саясат жағынан қазақ сықылды мәдениетсіз ел түгіл, өнерлі Еуропаның бұқарасы да сауатсыз. Еуропада саясатқа қатысушылар жалшылар мен капиталшылар ғана. Қара шаруа, ел халқы, қаланың бұқарасы саясатты керек қылмайды.
Қазақта капиталшы да жоқ, жалшы да жоқтың аз-ақ алдында. Жалпы жұрт – қара шаруа. Саясат жағынан саңлаусыз бұқараны ұйымдастыру, оның тап сезімін ояту деген оңай жұмыс емес. Біз бұл жұмысты атқару үшін тұрмыстың кемшілігінен болған бөгеулерді жеңерлік әдіс қылуымыз керек.
Саясаттың тетігі тұрмыс екеніне дау жоқ. Бірақ мұны тұрмыстың демеуінсіз ешкімнің саясаттық сауатын ашуға болмайды деп жору қате. Октябрь төңкерісіне басшылық қылған коммуншылдардың бәрі тегістен жалшы емес еді.
Төңкеріс көсемдерінің көбі-ақ саясат сауаты өзі жалшы болғаннан ашылған емес, коммун жолын ақылмен тексеріп қабыл алғандар еді. Бұл – кісінің саясат сауаты тұрмыстың демеуінсіз, оқып үйренумен де ашыла алатынын ыспаттайды. Өз тұрмысы коммун жолына бейім болмаған кісінің де түрлі жолды ақылға салып тексерумен-ақ коммуншыл болып шыға алатынын ыспаттайды. Сабақ жақсы болса, патшаның баласын да коммуншыл қылып шығара алады.
Бізде мектептегі оқушыларды сұрыптау деген саясат бар. Бұл саясат, әуелі, елі тап-тапқа бөлініп, жігі ашылып болған орыстар арасында басталды. Орыс мектептерінде ондай саясатсыз болмайтын болды. Капиталшының баласын баулу мектебінде тәрбиелегенмен де коммун салтына түсіру қиын. Оған мектеп бір түрлі тәрбие берсе, үйіндегі әке-шешесі екінші түрлі тәрбие береді. Капиталшының өз баласына, оның саясаттық пікірлеріне әсері тимей қоймайды. Капиталшы қара шаруа емес, оны қара шаруадай саясат жағынан сауатсыз деуге болмайды. Оның қанына сіңген саясаттық пікірі бар, ол өз баласын өз пікіріне бейімдемей отыра алмайды. Бізде капиталшы жоқ, бай бар. Бай да біздің досымыз емес. Бірақ байда саясаттық пікір жоқ. Қазақтың байы саясат жағынан су қараңғы. Сондықтан қазақтың байы баласына саясаттық тәрбие береді деу қисынсыз. Тәрбиесі келсе, патшаның баласы да коммуншыл болып шыға алады. Баулу мектебінде оқыған қазақтың байының баласы қотыр болып шығады деп қорқу тіпті қисынсыз.
Бірақ сұрыптаудың басқа да міндері бар: кедейдің баласы оқуға кіре алмай елде байдың есігінде жүргенде байдың баласы тамақ-киімі қазынадан болып, баулу мектебінде жүреді. Сорпа-суға жарымағаннан байға малай болып жүрген кедейдің баласын көрмей, байдың баласын оқытудың жөні бар деп байдың өзі де дауласа алмас. Мұндайда баулу мектебіндегі орынға бай мен кедей таласатын болғанда орынды кедейге бермеудің жөні жоқ. Бай баласын өз күшімен де оқыта алады. Сондықтан оның кедей баласының орнына таласуы байдың өз құдайына салғанда да жөн болмайды. Біз байды дос көріп, баурымызға тарта алмаймыз. Бай мен кедейдің тілегі қайшы келген жерде кедейді байға жегіп бере алмаймыз. Бірақ байдың баласын оқытудан қашпаймыз да. Байдың баласы оқып шыққан соң, бізге қарсы болады екен деп қорықпаймыз. Байдың баласын мектептен сұрыптайтын мәнісіміз онан емес, орынды кедейге алып беру үшін ғана.
Сұрыптау тақырыпты қате пікір бар. Қазақтың байының баласына оқуға мүлде жол бермеу керек деушілер де бар. Бірақ бұл дұрыс емес. Мұндай пікір «тілдің ұштылығы, намыстың күштілігі» сықылды ақылға ерік бермейтін қызулықтан болған пікір. Біз төңкерістің тап соғысы дәуірін өткізіп, бейбітшілік дәуірге шығып отырмыз. Біздің қазіргі дәуіріміз – іс дәуірі, бейбітшілік саясат қолданатын дәуір. Сондықтан енді «жау жоқта найзамды әпер» орынсыз болады. Біз байдың баласын оқудан тыймаймыз. Тек кедейдің орнына таласпа дейміз. Баласын өз күшімен оқытатын бай болса оған қайырлысамыз да.
Төбе жолдас «байды қорғайын деген екенсің» деп ашуланып жүрмесін. Құдайбергенге құдайдан ғана емес, Николайдан дуа тигеніне талас жоқ. Бірақ Құдайбергеннің баласы хан-төренің, Құдекеңнің баласы болғаннан басқа түк жазығы жоқ қой. Жас баланың атын газет жүзінде әйгілеп, әкесін сөгуде қанша мағана болмақшы.
Құдайберген әлі де бай болатын болса, кедейге әлі де өктемдік қылатын болса оны ауыздықтау керек. Бірақ саясаттық пікір түгіл, жай пікірі де тұрлаулы күйге келмеген жас балаға соқтығу намысы күшті жолдасқа лайық емес. Мұның салдары не болмақ? Хан-төре өз күшімен де оқи алмайтын болып қалмақ. Саясаттың иісін де білмейтін қазақтың баласы төбенің айтқанына нанып, кеңес үкіметіне, оның саясатына ішінен болса да қарсы болмақ. Төбе жолдастың ашуы баулу мектебінде өз күшімен оқып, саясаттық сауаты біздің жолымызға бейімделіп шығайын деп тұрған жас баланы кері жолға үгіттемек, сау кісіні қотыр қылып шығармақ. Іске мұнан қанша пайда келеді?
Төбе жолдастың ашулануы айып емес. Намысы жоқ кісі коммуншыл бола алмайды да. Бірақ төбе ашуға ақылды жеңдірген. Құдайбергеннің бұрын істегені үшін (қазірде не істеп жатқанын Құдекеңнің құдайы мен өзі ғана біледі ғой, бірақ бұрынғысын істеуге жүрегі дауаламас) ашуланбақ түгіл, тиісті жолымен жаза салуға да болады (ең болмағанда көп ісіне қатысудан тыйюға болады ғой). Бірақ оның дәл осы хан-төре тақырыпты істегеніне біздің ырза болуымыз керек. Қазақтың байы бала оқыту үшін бұрын-соңды мал шығаратын ба еді? Байдың баласын оқытуға малын қиып отырғаны – кісі кейитін іс емес, сүйінерлік іс. Кедейдің орнына таласпай, баласын өз күшімен оқытатын бай болса, оған біз бөгеу болу керек емес, демеу болуымыз керек.
Т-Б.