Ұлттық сана, ұлттық тәрбие... Бұл мәселелер қазіргі қоғамымыздың өзектілігіне айналды. Сана мен тәрбиені біз қайдан бастаймыз? Әрине отбасыдан бөлек мектепке, ұстаздардың беріп жатқан білімі мен тәрбиесіне жүгінеміз. Тәрбиенің ішінде рухани-адамгершілік тәрбиеге көңіл бөлетін бірден-бір пән – өзін өзі тану пәні.
Баланың жанын тәрбиелеу, ішкі сезімін жеткізе білуге баулу маңызды екені белгілі. Себебі сезімсіз, махаббатсыз адамның жүрегі жетім. Қоршаған ортаға, қыбырлаған кез келген тіршілік иесіне деген риясыз сүйіспеншілік сыйлай білу жүректің кеңдігі, рухани байлықтың көрінісі. Н.Ә.Назарбаев «...жаңа жағдайларға байланысты бәрімізді алаңдататын мәселе – білімді, кәсіби даярлығы бар адам тәрбиелеу ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық және дүниежүзілік құндылықтарды қабылдауға қабілетті, рухани және адамгершілік мүмкіндігі мол тұлға қалыптастыру болып табылады», деп атап көрсетті. Соған байланысты өзін өзі тану пәні әр оқушыға, жеке тұлғаға бағытталған тәрбиесінің көрінісін адам талпыныстары, абыройы, жауапкершілігі, ерік-жігері, жалпы ізгі қасиеттерін басты мәселе етіп қойғанын байқаймыз. Болашағын баласынан, жас жеткіншектерінен көретін халқымыз, елімізге бала жанын жүдетпеудің маңызы зор.
Өзін өзі тану нағыз адам болудың сыры мен қырын үйрететін пән. Нағыз адам болу – Отан алдындағы борышыңды өтеу, адами қарым-қатынасының, қоршаған ортамен үйлесімділігің. Пәннің мақсаты – білім алушының өзін дұрыс түсінуіне, дарындылығы мен қабілеттерін дамытуға, өмірдің мәнін ұғынуға және өмірден өз орнын таба білуге көмектесу. Еліміздің болашақ жас ұрпақтарын жан-жақты дамыту да өзін өзі тану сабақтарының орны ерекше. Сабақта пән мұғалімі әркімнің жан дүниесін тануына, әлемге көз жүгіртіп, мейірімділік жасауға бағыттайды. Сабақты қызықты өткізу түрлі әдіс-тәсілдерді қолданатын мұғалімнің шеберлігіне байланысты.
«Өзіңді өзің танысаң – істің басы» деп Шәкәрім айтқандай өзін өзі тану пәні арқылы балалар өмірде кездесетін түрлі жағдаяттарды шешуге, өз ойын ашық айтуға, пікірін, сезімін, көңіл күйін жеткізе білуге, өз мүмкіндігін жүзеге асыруға, адами қарым-қатынас жасауға, денсаулығын сақтауға, жақсы қасиеттерін ашуға үйренді. Өзін өзі тану пәні мәні жағынан, оқушылардың қабылдау, түйсіну, білім, білік дағдыларын іштей тұтастырып, оларды еркін қолдана алуға үйретумен ерекшеленеді. Елімізде ғасырлар бойы халқымыздың ұлттық санасынан берік орын алған адамгершілік құндылықтарды, яғни ізгілік қайырымдылық, адалдық қарым-қатынас сияқты қасиеттерді, қоғамдағы болып жатқан өзгерістермен байланыстырып, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеудің қайнар бастауы деп қарастыруға болады. Яғни «тәрбиесіз қоғам, қоғамсыз тәрбие өмір сүрмейді» деген заңдылыққа сүйене келе, өскелең ұрпақтың бойына қоғам талабына сай адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруды мақсат еткен тәрбие ғана уақытпен үндесіп, қоғам мен тәрбиенің өзара байланысын түзеді. Өзін өзі тану пәні жалпыадамзаттық құндылықтарға бастар жол. Адамда екі түрлі тәрбие болады, біреуі – өзгелерден алатын тәрбиесі, екіншісі – өзіне-өзі беретін тәрбиесі.
Алтыншаш БИСЕНБАЕВА,
Манашы орта мектебінің өзін өзі тану пәнінің мұғалімі
Маңғыстау облысы,
Бейнеу ауданы