• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Әдебиет 04 Қыркүйек, 2019

Таныс болыңыз: Азия ақтаңгерлері

203 рет
көрсетілді

4-6 қыркүйек күндері ел астанасында әлем әдебиетінің жылнамасына еніп, тарих бетінде қалатын үлкен әдеби форум өтеді. Бұл алқалы жиында Азияның қабырғалы қаламгерлері бас қосады. Мәртебелі жиынға сары құрлықтың әр түкпірінен арнайы келген танымал ақын-жазушылардың оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

«Мен өлгендер үшін жыладым»

84 жастағы ақын Ко Ын Кореяда да, шетелде де аса танымал. Нобель сый­лы­ғы­ның номинанты. Ол ірі әдеби қайрат­кер дәрежесіне жеткенге дейін он жыл бойы буддистік монах болған. 1962 жы­лы дін қызметінен кетіп, жазушылыққа біржола бет бұрады. Оның 30 жылдық еңбегі «Манинбо» жинағында 5500 адамның есімі жазылған 4 001 өлең бар. Ол саяси қызметі үшін түрмеде де отырған. «Манинбо» шығармасын сол кезеңде жазып бастаған. Аллен Гинсберг Ко Ынды «Буддистік таным, саяси либертариан және натуралист тарихшыны біріктіретін керемет ақын» деп сипаттайды.

Ко өзінің «Басқа әлемнің әсері» (Пиан Кэмсанг, 1960) атты алғашқы өлеңдер жинағын және «Бөгде әлемдегі шие ағашы» романын (Pain Aeng, 1961) шығарғаннан кейін, 1963-1966 жылдар аралы­ғында алыстағы Чеджу аралында тұрып, қайырымдылық мектебін ашады. Содан кейін Сеулге оралған. Ko­ның өлеңдері түпсанадағы қиялдан бастап, эпиграмматикалық фрагменттерге дейін өздерінің хайку сияқты салыстыруларымен ерекшеленеді:

Кейбіреулер мың жылды еске алады,

Кейбіреулер келесі мыңжыл­дықты араладық дейді,

рас па мәні?

Желді күн.

Мен автобус күтіп тұрмын.

Басқа бәрі.

Ко Ынның басқа шығарма­лары бір төбе де, «Он мың өмір» («Манинбо») атты 30 том­дық монументалды кітабы бір төбе деуге болады. Ондағы оқиғалар желісі 1983-2010 жылдар аралығын қамтиды. Кітап Ко Ынның түрмеде отырғанда берген антын орындауы туралы жазылған. Кейіпкер: егер өмір сүрсем, кездестірген әр адамымды өлеңмен еске ала­тындығыма ант беремін, дейді. Ол Корей соғысында аман қалуға деген сезімдері туралы айтқан кезде, көп адамдар бейхабар кезеңдер туралы баяндайды: «Мен өлгендер үшін жыладым. Менде өлгендердің барлығын қайта тірілтуге шақыру бар ... мен әлі де өлілерді өзімде алып жүрмін, олар мен арқылы жазады», дейді ақын. Шығарма бейресми сөйлеу ырғағын қолдана отырып, өмірбаяндық және әлеуметтік тақырыптарды, моральдық қылмыстарды әшкерелейді.

 

«Ойын терапиясы –керемет құрал»

Моза әл-Малки – қатарлық жазушы. 2005 жылы Нобель сыйлығының номинанты атан­ған. Қатар универ­ситетінің до­центі қызметін ат­қарады. Бір­неше кі­таптың авторы. Ол Аме­рика Құрама Штат­тарында білім алған Қатардағы алғашқы психотерапевт.

Доктор Моза әл-Малкидің ұстанымы бойынша, стереотиптер қалыптасқан қоғамда оң өзге­рістерге жету үшін көп­­теген форма­ларды бұзу керек. Ол Қатардың баста­уыш мек­тептерінде ағыл­шын тілінен сабақ берген алғашқы әйелдердің бірі. Ғалым, жазушы Малки сонымен қатар, араб әлеміндегі ойын терапия клиникаларының алғашқы негізін қалаушы және Қатардағы алғашқы муниципалды сайлауға қатысқан санаулы әйел кандидаттардың қа­тарынан.

Ақыл-есінің ақауы бар балалармен жұмыс жасап келе жатқан Малки сонымен бірге, ерекше таланты бар аутист балаларға да көп назар аудару керектігін жиі айтады.

«Мен балалармен, әсіресе ерекше қажет­тіліктері бар балалармен жұмыс істегенді ұна­тамын», дейді ол. Малки өз әдіс­темесінде балалық шақтың ауыр жарақатынан кейін терең тамырланатын жасырын қорқыныш пен мазасыздықты анықтауға көмектесетін құрал­дар­ды қол­данады.

Қаламгердің пайымы бойынша, ойын терапиясы балалардың проблемаларын шешудің ең жақсы әдісі болып саналады. «Ойын терапиясы – керемет құрал. Егер сіз балалармен ойнай алсаңыз, олармен кез келген нәрсені жасай аласыз»,  дейді ол.

Балалардың жиі кездесетін мәселелерін тал­қылай отырып, доктор Малки былай дей­ді: «Шынымды айтсам, мен психо­логиялық ауыт­қушылығы бар балалар бар деп ойламаймын – балаларға әсер ететін психологиялық проблемалары бар отбасылар», дейді жазушы-ғалым Моза әл-Малки.

 2014 жылы оның араб әйел қаламгерлері туралы «Перс­пекти­валы жазушылар» атты кітабы жарыққа шыққан. Әл-Мал­ки елордадағы форумда «Әлем әдебиетіндегі Азия ада­мының образы» тақырыбында баяндама жасамақ.

 

Дала жыршысы

Моңғол ақыны Г.Мэнд-Ооёо – даланың жұпа­рын жұтып, арғымақтың жалында өскен жігіт. Тұла бойы тұнған – көшпенді. Жыры – кең жазира, көкті көмкерген жарық жұлдыз, қара жердің қыртысын сөгіп, қайқая шапқан қарагер, ботасын іздеп аңырай боздаған бозінген, Ғобының құмын қайықша тілген көш-керуен...

Үндінің атақты ақыны, ағартушы Шри Чинмой, Мэнд-Ооёо жыры жүрекке жететін нағыз даланың шалқар тұнық бұ­лағы десе, АҚШ ақы­ны Росемари С.Вилкинсон: «Бұл адам ертегі сияқ­ты көшпенділер жұлдызы» деген екен.

Мэнд-Ооёо бұла жырларының арқасында әлемге танылды. Ол 2001 жылы Дүниежүзілік өнер-мәдениет академиясының толық мүшесі атанса, 2002 жылы Яаси қаласында өткен әлем ақындарының ХХІІ құрылтайында «Әлем әдебиетінің докторы» атағына қол жеткізіпті. 2003 жылы АҚШ-та ұйымдастырылған біріккен мәдени Конгрессте халықаралық «Бейбітшілік үні» сыйлығына ие болса, келесі, яғни 2004 жылы Кембридждегі дү­ние­жүзілік әдеби зерттеу орталығы Г.Мэнд-Ооёоны «Жыл жазушысы» мәртебесіне лайық деп тапқан. 2005 жылы Лос Анджелесте «Көне мұ­нарадан туған ай» атты жырымен ғаламның үздік ақынына берілетін алтын медальды олжалады.

Қазір Нобель сыйлығының қақпасын қағып тұр. 2014 жылы Румынияның Крайова қаласында дүние жүзіне танымал 50 ақынның басын қосқан фестивальде Гранд, яғни ғаламның бас ақыны атанады.  Будапешт қаласында өткен әлем ақын­да­рының ХХІХ съезінде Дүниежүзілік өнер-мәдениет академиясының президенті Маурис Янгтің қолынан 630 жылдық тарихы бар  Роеt Laureate сыйлығын алды. Бұл мәртебелі сыйлық бұған дейін Роберт Фрост, Аллен Тате, Элизабет Вышол, Даниед Хофман, Йосиф Бродский, Билл Коллинз, Дональд Халл Кае Райн бастатқан 17 ақынға ғана бұйырған екен.

13 жасында жыр жазуды бастаған көшпенділер ұрпағы Мэнд «Гауһар сүмбі»  (1997), «Аспан жиегіндегі көш» (2002), «Ақ бұлттар» (2010), «Сәуле шашқан сәт» (2010), сондай-ақ «Әулие»  (2012), «Дала боғдасы»  (2015), «Дария тұнған сәт» романы (2015), «Ой жазығы» (2016) эссесі қатарлы 60-тан астам туындыны өмірге әкелген талант. Шығармалары әлемнің 50 шақты тіліне аударылған.