Алатаудың етегінде аспанмен таласқан зәулім үйлердің тасасында тарихы ерекше қараша үй бар. Аядай ғана аулада орналасқан темір көрікте жарты ғасырға жуық болат балқытып, теміршілік өнерді кәсіп етіп келе жатқан ағайынды ұсталар Махмұт, Айтберген, Тұрсынжан Құлментегілердің шеберлігіне бүгінде шартарап тәнті. Кәсібінен пайда табуды емес, атакәсіпке адалдықты місе тұтқан шеберлер темір балқытып, бұйым жасаумен қатар оны ғылыми тұрғыдан зерттеумен де айналысып келеді.
Болат жонып, темір күзеген көріктің бүгінде әрі кеткенмен де қасиеті арта түскендей. Шағын үйдің қабырғасына тізіле салтанат құрған құнды жәдігерлердің санында шек жоқ дерсіз. Жауынгердің бес қаруынан бастап музыкалық аспаптардың сан алуан түрлері мен тұрмыстық бұйымдардың әрқайсысының ерекше тарихы бар. Аңыз-әңгімелер, мифтер мен космология ұғымдарының ғылыми негізін тереңнен меңгерген ұсталардың шеберханасы туризмді дамытудың қайнар көзі іспетті. Әр бұйымның тарихына терең үңіліп, құдды бір музей экспонаттарын аралап жүргендей күй кешесіз. Осы тұста қараша үйге жиі бас сұғатын шетелдік зерттеушілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, дейді ұсталар. Өйткені олар түркілердің тарихына қатысты фильмдері арқылы теміршілік өнер туралы жер-жаһанға паш етіп келеді.
Бүгінде темірші ұсталардың еңбегін Түркия мойындап, Германиядағы Кельн этнографиялық музейінің әлемдік каталогында есімдері бедерленген. Қазақ және орыс тілдерінде теміршілік өнердің қыр-сырына қатысты үш жүзге жуық зерттеулері мен мақалаларын жариялаған ұсталардың ғылым саласындағы ізденістеріне орай Польшадан келген студент қазақ елінің шамандық аспаптары туралы мағлұмат жинап, ғылыми жұмысына арқау етсе, венгр зерттеушісі қазақ қаруы туралы деректерге тәнті болып қайтқан. Ал Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің ғылыми-зерттеу мақалаларына ұстахана таптырмас ізденіс алаңы.
Жақында Орталық мұражайда Алматы қаласы Жетісу аудандық әкімшілігі «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламасына орай ұйымдастырған «Мұздай темір құрсанып...» көрмесінде ағайынды ұсталардың қолынан шыққан ұлы дала мәдениетінің айғағындай құнды жәдігерлерге тағы да тәнті бола түстік. Бұл көрмеге әулеттің анасы Нұрымқанды ұзатқанда әжелері Күнжеке Дәркенқызы Шоқпар келінінің жасау ретінде тіккен тарихы 90 жылдық 2 түскиіз, Раушан Дәркенқызының әскери байрағы, әкелері Жетеннің әкесі Омар ұстаның қолдан соққан тұлпардың кісені мен екі үзеңгісі және де ағайынды ұсталардың қолынан шыққан сексеннен астам жәдігер көрме келушілерінің зор қызығушылығын туғызды. Көрме аясында ағайынды ұсталарға Қазақстан Республикасы Көркем академиясының «Ұлы дала тарландары» дипломы мен медалі табыс етілді. Осы орайда Махмұт Жетенұлы «Көркем академия президенті Аманқос Ақанаев сынды өнерді шынайы түсіне алатын азаматтар көп болса, онда ұсталардың мерейі үстем болар еді. Кезінде Кеңес өкіметі қолдамады дедік, енді тәуелсіздік жағдайында ұста деген ұғымды қастерлейтін кез туған жоқ па? Ұсталық ата- кәсіп қана емес, үлкен өндірістің бастауы», – дейді.
Иә, көшпенділер өркениетінің бастауында тұрған саф өнерді дамытуға саналы ғұмырын арнаған ұсталар елімізде осынау бай мұрамызға көңіл бөлу жағы кемшін деп қынжылады. Қастерлі өнерді дамыту ой еңбегі мен қара күшті, ізденіс пен уақытты талап ететіндіктен, табысы отбасының сұранысынан артылмайтын өнер иелері қолдау болса ел игілігі үшін істелетін шаруа шаш-етектен дейді. Ағайынды теміршілердің тәуелсіз елдің қару-жарақ палатасын ашу туралы бастамасы әлі күнге қағаз жүзінде қалып келеді. Ал осы игі істің кіріспесі іспетті 2006 жылы жарыққа шыққан «Темірші-ұсталар» кітабында асыл қару жасау тәсілі, темірді дәнекерлеу, пісіру, сондай-ақ көптеген темір түрлеріне қатысты мағлұматтар келтірілген. «Өнерді тану үшін терең білім керек. Дамыған елдер тәжірибесінде бұл мәселеге жете көңіл бөлініп, өнертанудың қадір-қасиетіне ерекше мән беріледі. Тіптен көрші елдер тәжірибесінде ұлттық өнерді қорғайтын арнайы заң бар. Бір ғана өзбек елінде ұлттық өнерден мемлекетке қыруар пайда түседі. Онда шеберхана жұмысы жақсы жолға қойылып, сату мәселесіне де қолайлы жағдайлар жасалған. Ал бізде керісінше, өнерді кәдесыйдан ажырата алмайтындар қатары көбейіп, қолөнер декорациялық сипатта қалып барады. Байқап жүргеніміздей, кәдесыйлық бұйымдар музей төрінде салтанат құрып, қазақы оюдың қадірі қашқандай. Қазақтың киім дәстүрі өз стилінен ауытқып, эклетикалық үрдіс белең алып барады» деген Махмұт Құлментегі жүрекжарды пікірімен бөлісті.
«Қазақтың қастерлі өнерінің жолында өліп кетсек, арманымыз жоқ», теміршілік кәсіпке тиісті орындар мойын бұрып, өнеркәсіп деңгейіне жетсе, кәсіби шеберлер даярланса» деп армандайтын ұсталар бұл кәсіптің өн бойында ата-баба рухы жатыр деп санайды. Түркі әлемінің бір бөлшегіндей болған қара балталы қараша үйді құлатпай ұстап тұрған осы биік рух болса керек-ті.
АЛМАТЫ