• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Қыркүйек, 2019

Қазақтан шыққан губернатор

1522 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ халқы үшін қатал тағдырдың иі жібіп, жақсылықтың нышаны байқалды. «Халық жауы» ретінде атылып кеткен, елдің рухани көсемдеріне айналған бірқатар тұлғалар ақтала бастады. Ал 1955 жылдың жазынан Қытайдағы қандастарымыздың тарихи отандарына бет түзеген ұлы көші, әбден езгі мен қанау көрген әрі біржақты экспансияға ұшыраған мемлекет құрушы этностың бойына жаңа бір леп әкелгені рас еді.

Себебі ұлттық уызынан ажы­рамаған толқын ежелгі мәдениет пен әдебиетті өздерімен ала келді. Бір өкініштісі, олар­дың дені арғы бетте атқарған қыз­мет саласына іліге алмай, мал шаруа­шылығына жегілді. Бірақ ішінара көзі ашық, көкірегі ояу, талабы беріктері мәдени-рухани орталарға табан тіреді. Сондай зиялының бірі – Телмұхамед Қанағатов еді. Ол туған атажұр­ты­на ел жаппай ағылғанда көз­жұмбайлықпен көшпеді, әуелі барынша қамданды. Ең бірінші кирилл қарпін танудан бастады. Сол жақта жүріп қазақ мық­тыларының еңбектерімен әбден қанықты. Сөйтіп алпыс бірінші жылы ғана елге бет бұрды. Ал бері өтісімен қолға алғаны – орыс тілін меңгеру болды. Осындай жан-жақты әзірліктен соң Ұлт­тық Ғылым академиясының табал­дырығынан аттады. Әрі Кеңес өкіметінің қағидасы бо­йынша жұмыссыз жүрген адам болмауы тиіс.

Академиядағы жауапты мамандар сөзі де, өзі де орнықты Телмұхамедтің құжаты мен қатар қабілетіне де үңіле шұқшиды. Оның қытай және араб тілін жетік меңгеруі қазақ ғылымы үшін үлкен олжа еді. Бірақ сыртпен байланыс орнатуға жол жоқ, жабық қоғамда ол қабілет-қарымды толық пайдалануға мүмкіндік болмады. Алайда төте жазуды қапысыз меңгерген жігіттің осы бір қыры да ғылым үшін осал олжа емес-тін. Өйткені кешегі күнге дейін төте жазумен тасқа басылған ұлттық құнды мұрағаттар мызғымай жатқан болатын. Сондықтан ойлана келіп, нағыз еңбек етер дер шағындағы жігітті Ғылым академия­сындағы Әдебиет пен өнер институтының қолжазбалар қорына қызметке қабылдады.

Ұлттық мұраға бай архивтің «қойны-қонышын» ақтаруға есік ашылған соң көне дүниелерге ежелден ынтық азамат үлкен қазынаға тап келді. Араб қар­піндегі құпия жатқан байлық ел игілігіне айнала бастады. Бұ­рын мұндай қолжазбаларды ескі көздер ғана оқи алатын, ал Тел­мұхамед сияқты қажырлы да жігерлі жандардың пайда болуы – қайнардың көзін тапқандай, сусаған жұртқа сарқырай ақта­рылды.

Еңбекқор жан қағазбасты боп қапас қабырғаларда ғана оты­рып қал­май, ел арасынан ауыз әдебиеті мен фольклорлық мұраларды жинауға да жиі сапар­­ларға шығып тұрды. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, мұн­­дай мақсатты жолдарда не­бір қазыналарға да ұшы­расып, ол­жаға батты. Олар қолжазба түрінде де қолына тиді, көбіне көкірегі алтын сандыққа айналған шежірешіл қарттардың аузынан құнды дүниелерді қағаз­ға түсірді. Бүгінде Әд­ебиет және өнер институтының қол­жаз­ба қорындағы көптеген көне мұра­лардың соңында «жазып алған Телмұхамед Қанағатов» деген бірауыз сөз жиі ұшырасады.

Қырық екі жасында елге орал­­ған жігіт табан аудармай жиыр­ма жылдан астам қол­­жаз­балар қорында қыз­мет етті. Осы аралықта қазақ қол­жаз­баларының алты томының ғылыми сипат­тамала­рын жазып, талдап, жа­рыққа шыға­руға ат­салысқан екен. Оның екі томы «Қобыланды батыр» (2 нұс­қа), «Көр­ұғлы» (4 нұсқа), «Дотан батыр»,

«Ах­мет­бек-Жүсіпбек», «Едіге батыр», «Қара­сай батыр», «Апақ батыр» секілді эпи­калық дастандар. Сондай-ақ үшінші томына халық­тың ықыласын алған «Зуберше мен Гүлханыс», «Әмір патша мен Таймас уәзір», «Түкібай-Шолпан», «Салиха мен Сәмен» тәрізді лиро-эпостық жырлар ыждағатпен енгізілген.

Телмұхамед көз майын­ тауы­сып жаз­ған ғылыми сипат­тама­ның төртінші томы – «Тарихи жырлар» деп аталады. Еңбек­қор азамат бұдан бөлек «Қазақ ертегілерінің» 3 томын, «Қазақ айтыс­тарының» 3 томын құрас­тырып, ел игілігіне ұсынды.

Оның әрбір ісінен ұлтжан­дылық көрініп тұратынын сол кездегі әріп­тес­тері аңғармай қал­майтын. Әрі бұл ерек­шелігінің құпиясын туған топырағымен және оның сындарлы тағдырымен байланыстыратын.

Ол 1919 жылы қазіргі Шы­ғыс Қазақ­стан облысы Аягөз ауда­нының Қарақол ауылында ауқатты отбасында дүниеге келген еді. Көзін ашып көргені қызыл империяның зорлық-зомбылығы болды. Ақырында, Қазақстандағы «Кіші қазан» тауқыметі салдарынан ел қу­ғынға түсіп, ашаршылыққа ұшы­рады. Нәубетке тап болған жұрт бас сауғалап, үдере көшті. Телмұхамед ол кезде небәрі 12 жаста еді, үріккен жұртпен Алатау асып, арғы беттен бір-ақ шықты. Адамның басы – Алланың добы деген әбден рас, еш ойламаған дүние – Шығыс Түркіс­танның дәмін татуға тура келді.

Кеңес өкіметінің қуғынға түсі­ріп, көзін жоймақ болғаны да, негізінен, халықтың бас кө­те­рер қаймағы-тын. Осындай теперіштен көптеген атанжілік азаматтар лажсыз туған жерінен ажырап, қолға түскендері аяусыз оққа байланды.

Қара халықпен бірге арғы бетке қоныс аударған әл-ауқатты отбасылар балаларын оқытуға ұмтылды. Сөйтіп Телмұхамед те Үрімші қала­сын­дағы Қытай мек­тебін аяқтап шық­ты. Тумысынан зерек бала оқуға қабілетті, ынтасы зор болды. Аз уақытта иоро­глифтерді меңгеріп, қытайша бастауыш білім алды. Ептеп, син тілінде сөйлейтін дәрежеге жетті. Алайда мұнысының тым тақұл-тұқыл екенін білген әкесі мұғалімдер училищесінің тарих бөлімінде баласының оқуын жалғастыруды қалады. Тарих ілімі жеткіншектің қиялына қанат бітірді әрі түрлі ойға жетеледі. Дүниені тануға қызығушылығы артып, училищені үздік бітірген бозбала енді Бейжіңдегі Жо­ғарғы кадр қызметкерлерін дайын­дайтын оқу орнына қа­былданды. Бұл үркіншілікке ұшы­раған босқын жұрт­тың баласы қолы жете қоймайтын биік асулар еді.

Ата-анасы үміт артқан ұл Бейжіңдегі оқуын да абыроймен аяқтап, Шәуешек қаласына табан тіреді. Сол заманға сай жоғары білім алған жігіт, көптеген тарихи жағдайларға қаныға түсті. Оның өмірлік ұстанымының қалыптасуына осы қала айрықша ықпал етті.

Өйткені Кеңес өкіметінен қуғын көріп, шекара асқан алашшыл қайраткерлер мен оларды өнеге тұтқан ұлтжанды азаматтар Шәуешекке шо­ғыр­ланып, орныққан екен. Саяси ахуал­ды біршама бағдарлап, ысылған олар бұйығы елдің санасын оятарлық бір-бір шыраққа айналған. Оның үстіне осы тұста аймақ орталығы – Шәуешек шәрісіне Телмұхамед тәрізді төңкерісшіл идеядағы жас­тар топтанып, бастары құра­лып қалып еді. Олар: Дубек Шал­­ғынбаев, Жағда Бабалықұлы, Ахметқали Бітімбаев, Балқаш Бапин, Қалдыбай Қанафиндер сияқты алымды да алғыр жігіттер болатын.

Тел­мұхамед те Шәуешекке келі­сімен солармен тығыз байланыс орнатып, араласа бастады. Ниет-тілектері бір мүддеде то­ғысқан олар тез тіл табысып кетті. «Азаттық» деген айқын мақсаттың төңірегіне топтасқан ұйым­шыл да табанды топ бұрынғы «Алаш» партиясы үлгісімен «Ұлт азат­тық» ұйымын құрды. Нәтижесінде төңкерісшіл жастардың белсенді іс-қимылы арқасында Шәуешек аймағы 1945 жылы тамыз айында бұрынғы Қытайдың Гоминдан үкіметінің билі­гінен қан-төгіссіз, бейбіт жолмен азат болады. Ізінше Іле, Алтай, Тарбағатай сияқты ірі үш аймақты қамтыған, ежелден көксеген Шығыс Түркістан Республикасы құрылды.

Телмұхамед Ахметұлы 1950-1951 жылдары ұлт-азаттық қозға­лысты ұйымдасты­рушылар­дың бірі ретінде жұртқа әбден танылып, есімі жалпы жұртқа кеңінен жайылып үлгерді. Табанды ең­бегі әрі күрескер де іскер қабі­летінің арқасында Т.Қанағатов Авто­номиялық халықтық үкіметі белгі­леген «Садахат» орденімен 2 рет, «Ыс­тық Лалият», «Азаттық» орден­дерімен марапатталды. Қалың бұқара мен әріптестері арасындағы беделінің арқасында Бүкіл Қытай жиналысына ұйғыр-қазақ облысынан депутат болып сайланды.

Осылай қажырлы да табанды жас­тың қайраткерлік жолы биік межеде жалғасын тауып, көпшіліктің адамына айналды.

1956 жылғы 13 ақпанда Қытай Халық Республикасы премьер-ми­нистрі Чжоу Энь-Лайдың №4290 бұй­рығына сәйкес Телмұхамед Синзян-Ұйғыр авто­номиясының Тарбаға­тай айма­ғының губернаторы болып та­ғайындалды. Бұл – Қытай Ком­мунис­тік партиясының қазақтан губернатор тағайындау туралы алғашқы және соңғы бұйрығы еді.

Сонау XVIII ғасырдың екінші жартысында найман руының сұлтаны болған Әбілпейіз төре де Тарбағатай аймағының тізгінін тұтастай қолына ұстаған. Сол кезде оған қытайдағы маншың өкіметі уаң деген ел билеуші атағын берген болатын. Ал қа­зақ­тан қытай жерінде губернатор шығуы тұңғыш оқиға болды.

Талапты да іскер жігіт бұдан соң араға екі жыл салып, Шәуешек аймақтық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымына сайланды. Сөйтіп Телмұхамед Қанағатов XX ғасырдың ор­та шенінде Қытай мемлекеті құра­мындағы Шығыс Түркістан ұлт зиялыларының алдыңғы қата­рын­дағы тұлғалардың біріне ай­налды. Бірақ оның көкейінен туып-өскен жері, ата-баба аманаты бір сәт те кетпеді. Дәл сол тұста ағайын-туыс лек-лек бо­лып атажұртқа ағылып жатты. Қасиетті атамекен санасын­да айналып жүріп алды. Ақырында, сатылап өсіп келе жатқан биік лауазымды қыз­меттеріне қара­май Телмұхамед Қанағатов 1961 жылы өзінің туған жері Қазақ­станға оралды. Атажұртқа келгенде ол небәрі 42 жаста еді. Қызмет істеу, ел басқару тә­жіри­бесі жеткілікті болды. Бірақ ондай қызметтерге түрлі себептермен іліге алмасын біліп, ендігі қажырын да, жігерін де туған халқының рухани дүниесін түгендеуге жұмсады. Онысы жеміссіз де болған жоқ, игілігін бүгінде қалың елі көруде.

Бірнеше қоғамдық құрылым­ды бастан өткерген, жат жұртта жүріп халқын жасытпаған жігерлі жан – Телмұхамед Қанағатовтың биыл туғанына 100 жыл толып отыр. Оның Ұлттық Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтының қолжазбалар қорында атқарған қызметінің өзі көпке үлгі болары сөзсіз. Жақсының жүріп өткен жолы ғибратқа толы екені де аян. Ендеше, халқы мұндай күрескер ұлдарын ұмытпауы тиіс.

Телмұхамед Ахметұлын тағ­дыры ерекше тұлғалар қатарына қосуға болады. Тіпті көңіл бөліп, зерттеуді қажет ететін адам­ның бірі деп ойлаймын. Оның ту­ғанына 100 жыл толуына байланысты өзі қызмет еткен Ұлттық Ғылым ака­демиясы М.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер инс­титуты қыркүйек айында республикалық дөңгелек үстел өт­кізуді жоспар­лап отырғаны қуантарлық іс. Телмұхамед Ахметұлының та­ри­хи Отанына оралып, ұлт құн­дылықтарын түгендеуге аянбай атсалысуы – бүгінгі шетелдерден оралған ағайындарға да үлгі болары сөзсіз.

Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты