С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде жетекші ғалымдардың, профессор-оқытушылар құрамы және студенттердің қатысуымен Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы талқыланды.
Жиында университет ғалымдары мен жастары Президент Жолдауы бойынша көпшілік алдында баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
«Президент жанынан арнайы кеңес құрылатын болды. Ол негізінен халықпен тікелей байланысып отырады. Демек билік халыққа жақындай түседі деген сөз. Бұл мемлекеттік басқарудағы жаңаша бағыт деп білемін. «Ауыл – ел бесігі» атты жоба бойынша бүгінде өте жақсы жұмыстар басталып жатыр. Оның келешегі де зор болады. Себебі жоғарғы билік ауылымызға жақындай түсуде. Ауыл көркейсе, ауылшаруашылық саласы да көркейетіні сөзсіз. Себебі халқымыздың 42 пайызы әлі де болса ауылдық жерлерде тұрып жатыр. Міне, біз осы құндылықтарымыздан айрылып қалмауымыз керек. Ауыл көтерілмей, экономика дамымайды! Бұл – факт. Ауылды жерлерді дамыту мен қоса, ауыл шаруашылығы саласына да ерекше мән беруіміз керек. Оған білім ордалары да тиісті деңгейде атсалысуы тиіс.
Президент жер мәселесі төңірегінде нақты тапсырмалар берді. Біздің басты құндылығымыз да осы жер. Жерді тиімді пайдалану – басты міндет. Ол үшін ғылымдағы жаңа мүмкіндіктерді де тиімді пайдалануымыз қажет. Мысалы, біздің базамызда ҒАЖ орталығының (Ғарыштық ақпараттық жүйелер) мүмкіндігі зор. Осы бір мүмкіндікті ұтымды пайдаланудың қыр-сырын жер пайдаланушыларға түсіндіре беруіміз қажет. Бір кезде түрлі жолмен ауқымды жер телімдеріне иелік етіп қалған латифундистердің иелігіндегі жер мемлекетке қайтарылуы мүмкін. Оларға ең әуелі кешенді тексеру жүргізу керек. Егер шын мәнісінде игерілмей жатқан жерлері бар болса, мемлекет меншігіне қайтаратын болады. Мысалы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында игерілмей жатқан 1,2 млн гектар жер бары анықталды. Жер бұлай игерілмей жатпауы керек. Енді осы салада да көп еңбек етуіміз керек. Ол үшін ең алдымен бізге қойылатын талап – сапалы маман даярлап шығару. Тапсырмаға сай қазір жоғары оқу орындарының алдында жауапкершілігі өте зор осындай міндет тұр», деді университет ректоры Ақылбек Күрішбаев.
«Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» деп аталатын ІV тарауда білім саласының бүгінгі ахуалы мен қойылатын талаптарға басымдық беріліп отыр. Аталған сала бойынша ҚазАТУ-дің бірінші проректоры А.Әбдіров жоғары оқу орындарындағы білім беру мәселелеріне тоқталды. Ол білім берудегі практикалық дайындықты сынға алды. Оның айтуынша, студенттердің практикалық даярлығын университет қабырғасында жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Себебі болашақ маман өндірісте қауқарлы болуы керек. Сондай-ақ А.Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын одан әрі жетілдіріп, мүмкіндігінше бағытқа басымдық беру керектігін айтты.
Университет «Академиялық адалдық лигасының» айқын мақсаттарына сәйкес білім сапасын жақсартуды қолға алды. Ендігі кезекте университет әкімшілігі оқытушылар немесе студенттердің білім саласына сәйкес ережелерді бұзған заңсыз іс-әрекеттерін назарда ұстамақ.
Жолдауды талқылау барысында жастар да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде олар үшін мүмкіндіктердің жаңа көкжиегі ашылып отыр. Жастар өкілдері алдағы жылдың «Еріктілер жылы» болып белгіленгеніне қуанышты.