• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Қыркүйек, 2019

Зиялылармен келелі кеңес өтті

193 рет
көрсетілді

Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев елімізге танымал зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Оған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және бірқатар министрліктің жа­уапты өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Бердібек Машбекұлы бұл басқосудың басты мақсаты еліміздегі саяси салмақты оқиға – Мемлекет басшысының халыққа Жол­дауын саралап, халықтың сөзін ұстаған қаламгерлердің ой-пікірін тыңдау, келелі кеңес құру екенін атап өтті.

Сондай-ақ вице-премьер Елбасы тарапынан да, қазіргі Мемлекет басшысының ұстанымынан да, зиялы қауымға бейтараптық көзқарас болған емес, соның бір жалғасы бү­гінгі кездесу екенін айтты. «Президентіміз кезекті Жол­дауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұ­рақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бе­йімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» дегенін білесіздер. Ең бастысы, қоғамдағы жастар тәрбиесі мен отбасылық құндылықты сақтап, атадан балаға жалғасып келе жатқан ұрпақ сабақтастығын үзбей, жас буынды еңбекке бау­лу, масылдықтан ада ету жа­йы қазіргі таңда аса маңызды. Әсіресе, масылдық пен мұқтаж­дықты ажыратын кез келді», деп атап өтті. Зиялы қауым арасынан ал­ғашқы болып сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Президенттің Жолдауында айтылған қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оны ұлтаралық қатынас тілі дәргейіне жеткізу жөніндегі ойын тілімізді өгейліктен арылтатын дұрыс қадам деп бағалады. Сонымен қатар келер жылы тойлануы тиіс әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары халық ғибрат аларлық басқаша сипатта өтсе, одан кейін «Мәдениет туралы» заңға әдебиет мәселесін қарайтын құқықтық бап енгізілсе деген ұсынысын айтты.

Ақсақалдар атынан сөз алған танымал қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лаураеты Әнес Сарай қаламгерлерді ынталандыру үшін қаламақы мәселесін шешудің жолын қарастыруды қадап айтса, жазушы Дулат Исабеков, қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық қауіпсіздік жайын ескеру керектігіне тоқталып, әсіресе ауылды көркейту, ауыл жастарын жұмыспен қамту қажет, өйтпесе ауыл ұсақ бұза­қылықтың ордасына айналып барады дей келе, бүгінгі таңдағы әдебиеттің өзекті буыны аударма ісі науқаншылыққа ұласып жатқанын қынжыла жеткізді.

Ал қарымды қаламгер Қой­шы­ғара Салғараұлы Мемлекет басшысының Жолдауындағы бейбіт шеру ұйымдастырудың заңдылық тетіктері биліктің халықты тыңдауға деген оңтайлы қадамы болуы тиіс деген пайымын айтып, алаш баласының ардағы Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту, ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртуға қатысты жақсы қадам екенін жеткізді.

Келесі сөз иесі Алдан Смайыл мырза қазіргі күндегі жазушы мен баспа ісі арасындағы на­рықтық қиғаштыққа тоқ­тал­ды. Ол мемлекеттік сатып алу заңы бойынша баспа жазушы қол­жазбасын 70 жылға мен­шік­тейді екен, авторды бұлай құ­қынан айыруға болмайды десе, жазушы Бексұлтан Нұр­жекеев еліміздегі рухани реформа – латын әліпбиіне көшу үрді­сінде ойланарлық дүние көпті­гіне тоқталды. Әсіресе, жаңа­дан жасалып жатқан қазақ тілінің емле-ережесі тіл табиға­тын комьпютерлік жүйеге бейім­деуде, бұл тілді бұзады. Сон­дықтан бұл істі жалпы халықтық талқылауға ұсынған жөн екенін айтты.

Жазушы Мереке Құлкенов бұрынғы Жазушылар одағының қарамағында болған Әдебиетті насихаттау бюросын қайта ашып, халық пен қаламгерлердің жылы жүздесуін жүргізу керек деген ұсынысын жеткізсе, ақын Ақұштап Бақтыгереева «Бұрын театр халықты тәрбиелейтін ошақ болатын, сол себепті ол жерде тек классикалық дүниелер қойылатын, сол классикаларды қайта жаңғыртқан дұрыс, ең бастысы біз ұрпақ тәрбиесінің сабақтастығын үзіп алдық, бұл өте қатерлі» деген ойын ортаға салды.

Жиынның қорытынды кезе­ңін түйіндей пікір айтқан ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов бұндай бас қосу­дың һәм пікір алмасудың, саясат тілімен айтқанда, диалог жүр­гізудің мемлекет пен ха­лық арасындағы тұтастық­ты сақ­таудағы маңызы зор екеніне тоқталды. Сондай-ақ қаламгер­лер мен шығармашылық істі үйлес­тіретін баяғыдай мемлекет­тік комитет сияқты іскер құры­лым қажеттігі туралы жеке пікі­рін де жеткізді.

Басқосуды қортындылаған вице-премьер Бердібек Сапарбаев барлық ұсыныстар осында отырған Үкімет мүшелерімен бірге талқыланатынын айтты. «Алдағы уақытта да барлық облыста зиялы қауыммен осындай жүздесулер болады. Бұл халық пен биліктің ынтымағы үшін қажет», деп атап көрсетті.