• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қыркүйек, 2019

Қалаға қолайлы көлік

918 рет
көрсетілді

Шымкенттік Ерлан Рахма­туллаев жеке көлігін қалаға қолайлы етіп, қайта жасап шықты. Яғни, артық деп санаған бөлшектердің бәрін алып тастап, небәрі үш құрылғыны орналастырған. Электр қуатымен жүретін көліктің аккумуляторын Алматыдан, қозғалт­қышын Қытай елінен, ток қуатын реттегішті Ресейден алдыртқан. Сөйтіп қоршаған ортаға зияны жоқ, қалтаға салмақ салмайтын үнемді көлік жасап шығарған.

Электр қуатымен жүретін көлік жасау идеясы 4-5 жылдан бері отыз­дағы жігіттің ойында жүрген. Ескі көлікті жөндеу, оған кететін шығын әбден шаршатқан соң ойындағыны іске асыруды ұйғарған. Ерланның айтуынша, бұл нағыз қалалық машина. Оның бір себебі 48 вольттық қуат көзімен жылдамдықты 75 км/сағаттан асыра алмайсыз. Бір қуат­тап алған аккумулятор көмегімен көлік 120 шақырымға дейін тоқтау­сыз жүре алады. Көліктің тағы бір ерек­шелігі – есігінің ашылуы­нан бастап, қозғалысына дейін «Bluetooth» байланыс арқылы телефонмен басқарылады, көлік ішінде қол күшін қажет ететін ешқандай батырмалар жоқ.

«Сонымен қатар басқа көліктер­дегідей қозғалтқышты міндетті түр­де төменгі айналымнан бастамай, бірден 5-ші жылдамдықтан бастап жүруге де болады. Бұл оған ешқандай күш түсірмейді. Мотор майының шығыны да өте аз болады. Жүргенде мүлде дыбысы білінбейді», дейді Ерлан Дайрабайұлы.

Арнайы техникалық білі­мі жоқ, мамандығы музы­кант, аранжировкамен және бейне­түсірумен айналысатын Ерлан

«Фоль­ксваген» кө­лігін қайта жабдықтауға бір жыл уақытын жұмсапты. Әрине не­гізгі жұмысынан бос уақытында ай­налысқан. Көшеде көрсеңіз ол көліктен ешқандай ерекшелік бай­қамайсыз. Тек салонындағы үл­кен монитор ғана өзгеше көрінеді. Оның токпен жүретінін ішінде отыр­ған адам бағдаршамға тоқтаған кезінде ғана аңғаруы мүмкін. Өйт­кені ондай сәтте өзге көліктерде діріл мен «ырыл» байқалса, бұл көлік мүлде өшіп тұрғандай үнсіз күйде болады. Ерланның айтуынша, көліктің ток мөлшері 48 вольт­ты ғана құрайтындықтан, адам өміріне ешқандай қаупі жоқ. Осындай үнемді де қалаға қолайлы көлік жа­саған жігіттің жаңашыл идеялары көп екен. Алдағы уақытта өз кәсібіне жақындау, бейнеоператорлардың жұмысын жеңілдететін роботтық жүйе жасап шығармақ.

ШЫМКЕНТ