Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында бірқатар жаңа заң жобалары мақұлданды.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру маңызды
Жиын басында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин алқалы топқа Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен депутаттар қатарына қосылған Nur Otan партиясының мүшесі Нұрлан Әлімжановты таныстырды. Ант қабылдап, қызметіне кіріскен жаңа депутат Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болды.
Содан соң Мәжіліс Спикері депутаттар назарына күн тәртібіндегі «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік инвестициялық банк арасындағы Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстандағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарауды ұсынды. Бұл келісімнің жай-жапсарын Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндап берді.
Министрдің айтуынша, аталған құжатқа 2018 жылғы 16 қазанда Хельсинки қаласында қол қойылған. Келісім Қазақстан Республикасындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Солтүстік инвестициялық банктің қызметін ашуға мүмкіндік береді.
– Солтүстік инвестициялық банк қаржыландыруының негізгі бағыттары: энергетика, «жасыл» экономика, телекоммуникация, көлік, өнеркәсіптің түрлі салалары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сияқты секторлар әрі шағын және орта бизнес. Келісімде Қазақстанның заңнамалық актілерінде көзделмеген нормалар, атап айтқанда валютаның айырбасталуы және қаражат аудару, тендерлер өткізу, сондай-ақ Солтүстік инвестициялық банктің активтері мен кірістерін салық салудан босату жөніндегі нормалар белгіленеді. Бұл халықаралық ұйымдардың стандартты шарттары. Келісім мүшелік жарналар және бюджеттен басқа да төлемдерді талап етпейді. Келісімді ратификациялау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды, – деді Руслан Дәленов.
1975 жылы құрылған Солтүстік инвестициялық банк – Скандинавия мен Балтық елдері мүшелік ететін көпжақты даму банкі. Мүше елдер – Дания, Эстония, Финляндия, Исландия, Латвия, Литва, Норвегия және Швеция. Банктің штаб-пәтері Хельсинки қаласында орналасқан. Солтүстік инвестициялық банктің жарғылық капиталы 6 млрд 142 млн еуроны құрайды, бұл мүше елдердің төлемдерінен қалыптасады. Жалпы кредиттік портфелі 2018 жылы 19,1 млрд еуроны құрады. Қарыздар 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Банктің стратегиясына сәйкес кредиттік портфельдің шамамен 20%-ы оның мүшелері емес елдерге беріледі.
Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Александр Суслов Ұлттық экономика министрінен келісім шеңберінде қандай нақты инвестициялық жобалардың қарастырылғанын сұрады.
Бұл сұраққа Руслан Дәленов «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының мәліметтеріне сүйеніп, жалпы жобалар көлемі 1 млрд еуродан аса қаржыны құрайтынын айтып, жауап берді. Бұған қоса ол пысықталып жатқан жобалардың ішінде 5G желісін енгізу бастамасы барын жеткізді. Инвесторы – Финляндияның «Nokia» компаниясы. Бұл жобаға 500 млн долларға жуық қаржы тартылмақ. «Бесінші буын» байланыс желісі интернеттің жылдамдығын едәуір арттырып, хирургтерге операцияны қашықтықтан жасай алатындай мүмкіндік береді.
Парламент жұмысы жанданады
Бұдан кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл мәселе жөнінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Айзада Құрманова айтып берді.
Оның айтуынша, қаралып отырған заң жобасы мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнаманы жетілдіруге, мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін одан әрі оңтайландыруға бағытталған. Мәселен, Бір өтініштің негізінде өзара байланысты бірнеше мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік беретін «Бір өтініш» қағидаты және композиттік тәсіл енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан «Электронды үкімет» веб-порталын тиісінше ақпараттармен толықтыру қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау рәсімдері бойынша нормалар нақтыланды. Азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде аумақтан тыс қағидатты енгізу көзделеді.
Сонымен қатар Мәжілісте бесінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспары бекітілді. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттар жұмысы жаңа форматқа көшетінін, комитеттердің көшпелі отырыстары тек облыстардың ғана емес, аудандардың да орталықтарында өткізілетінін атап өтті. Дөңгелек үстел жиындарында қоғамның ең өзекті мәселелері қаралады. «Үкімет сағаты» да жаңа форматта өткізіліп, Парламент қабырғасында министрлер нақты бағдарламалар мен тапсырмалардың орындалу барысын баяндайды. Бұған қоса сот билігін жаңғыртуға, қалалық және ауылдық мектептерде орта білім беру сапасын арттыруға арналған парламенттік тыңдаулар да өткізіледі.
Депутат Жошы ханға ескерткіш тұрғызуды ұсынды
Пленарлық отырыс соңында Мәжіліс депутаттары Бақытбек Смағұл, Галина Баймаханова, Дания Еспаева, Азат Перуашев, Альберт Рау және Артур Платонов орталық мемлекеттік органдар басшыларының атына бірқатар депутаттық сауал жолдады.
Алдымен Бақытбек Смағұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген Алтын Орданың 750 жылдығына тоқталып, Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында бірқатар бастамаға мән беруді сұрады.
– Қоғам белсенділері, ғалымдар, журналистер тарапынан қазақ жерін кең қамтыған ұлы ұлыстың негізін қалаушы Жошы хан есімін заманауи Қазақстанда ұлықтау жөнінде мәселе көтеріп келеді. Солардың елеулілерінің бірі ретінде Egemen Qazaqstan республикалық газетінде жарияланған Дархан Қыдырәлінің «Ұлық ұлыстың атасы» мақаласын айтуға болады. Алтын Орданың іргесін қалаған Жошы ханның ордасы Ұлытауда орналасқан. Жошы ұлысы мен Алтын Орда қазақ ұлтының қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Қазақтың барлық хандары Жошы ханнан тарайды. Біріншіден, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы көрнекті көшелердің біріне Жошы хан есімін беру және ол көше бойында ұлыс ханының еңселі ескерткішін орнату – ұлттық рухымызды асқақтатып, елдігімізді өз азаматтарымызға ғана емес, елордамыздың әрбір қонағына көрсетер шара болмақ, – деді депутат.
Сонымен қатар Бақытбек Смағұл Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырымдай жердегі Жошы хан кесенесінің жанынан айбынды ескерткіш тұрғызу маңызды екенін айтып, Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне кешенді түрде археологиялық, этнографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді, отандық және шетелдік білгір ғалымдардың қатысуымен бірлескен экспедициялар мен халықаралық конференциялар ұйымдастыруды және зерттеу жұмыстарын әртүрлі тілдерде шетелдік ақпарат құралдарында жариялауды ұсынды.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Артур Платонов кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың атына сауал жолдады. Онда ол балалардың көп қабатты үйлердің терезесінен құлау, суға кету, иіс тиіп улану, жол-көлік апаттарына ұшырау оқиғалары жиілеп бара жатқанын айтып, шетін жағдайдың себептерін қарастыру мен талдау бойынша арнайы комиссия құруды ұсынды.