Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасына барып қайтты. Екі ел арасындағы әріптестікке тың серпін берген бұл сапардың қорытындысы туралы Сыртқы істер министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ «Egemen Qazaqstan» газетіне кеңінен айтып берді.
– Бейбіт Бәкірұлы, әуелі Мемлекет басшысының ҚХР-ға жасаған мемлекеттік сапарының маңызы мен ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.
– Бұл сапардың тарихи маңызы зор. Мұны Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған жоғары деңгейдегі кездесулер дәстүрінің жалғасы деуге болады. Осыған дейінгі қол жеткізілген барлық уағдаластықтар мен нәтижелер негізінде бұл сапар Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңін ашуға бағытталды. Өйткені биыл Қытай Халық Республикасының құрылғанына 70 жыл толып отыр. Өз кезегінде Қазақстан заманауи дамудың 30 жылдық кезеңіне дайындық үстінде. Осы мерейтойларға екі ел достықтың, стратегиялық серіктестіктің және бірлескен дамудың жаңа көкжиегіне сенімді түрде қадам басып келеді.
Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары ол жақтағы саяси, іскерлік және академиялық орта өкілдерімен жан-жақты байланыс орнатуды қамтыды. Мемлекет басшысының сапары бағдарламасының аса маңызды тармағы оның ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі болды. Бұл кездесу өте жылы және достық рәуіште өтті.
Екі мемлекет басшылары талқылаған негізгі тақырыптарға екі тарап үшін ең өзекті мәселелер арқау болды. Мәселен, олардың арасында «Нұрлы жол» мен «Бір белдеу – бір жол» бастамасы, нақты бірлескен жобаларды іске асыру, қаржы саласындағы ынтымақтастық, тауар айналымын арттыру, транзиттік-көліктік әлеуетті дамыту және тағы басқалар бар. Мемлекет басшылары сондай-ақ ағымдағы халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ұстанымдарының ұқсастығын салыстырып көрсетті.
Қазақстан мен Қытай көшбасшыларының бұл жоғары деңгейдегі кездесуі осы жылы екінші рет өткенін атап өткім келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин биыл маусым айында Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті кезінде екіжақты келіссөз жүргізген еді.
– Сіз өз сөзіңізде Мемлекет басшысының ҚХР-дың академиялық ортасымен кездескенін атадыңыз. Мұндай іс-шараның екіжақты ынтымақтастық үшін маңызы қандай?
– Қазақстан Президенті Бейжің қаласында ҚХР-дың «ақыл-ойы» тоғысқан жетекші орталығы – Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы қабырғасында екіжақты қарым-қатынастар туралы кеңейтілген баяндама жасады. Қазақстан қарқынды дамып, барлық жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Сондықтан біздің көшбасшының еліміздің даму бағыты және Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының келешегі туралы көзқарасын егжей-тегжейлі ұсынуы маңызды болды.
Академиядағы бұл іс-шараға ҚХР-дың даму жолын ақылға салып, сараптама жүргізіп жүрген түрлі орталықтардың өкілдері қатысты. Олардың барлығы өз деңгейінде Қытай басшылығына Қазақстан туралы және оның дамуы мен кооперацияның ықтимал бағыттары бойынша сараптамалық бағалар мен болжамдар дайындайды. Сонымен қатар ғалымдар мен сарапшыларға қоса, аталған кездесуге ҚХР-дағы ТМД елдерінің елшілері, ШЫҰ Бас хатшысы, ҚХР Коммерция министрлігінің, ҚКП ОК насихат бөлімінің және халықаралық бөлімінің өкілдері және тағы басқалар шақырылды.
Осылайша біздің Президент мінберде мазмұнды сөз сөйлеп, қазіргі Қазақстанды және оның бастамаларын жоғары кәсіби аудитория алдында кең ауқымда таныстырды. Біздің еліміз туралы шетелде объективті және дәл түсінік қалыптасқаны өте маңызды. Осындай ортадағы тікелей диалог Қазақстанның бет-бедерін ашып көрсету тұрғысынан сапардың маңызды бөлігі болды. Бұл – өте тиімді жалпыәлемдік тәжірибе.
– Мемлекеттік сапардың ҚХР-дың 70 жылдығы қарсаңында өтіп жатқаны ерекше аталды. Бұған неге баса мән берілді?
– Иә, Қазақстан Президентінің ҚХР-ға мемлекеттік сапары осы елдегі үлкен тарихи іс-шаралар аясында өтті. Қытайдың өзіне тән социализмді орнатуы, елдің жаңғыруы, 40 жыл бойы жүріп келе жатқан жолы шын мәнінде әлемдік деңгейдегі ірі жетістіктермен аталып өтеді. Қытайдың әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі қазір 18 пайыздан асады. Елестетіп көріңізші, 1990 жылы ҚХР-дың әлемдік шаруашылықтағы салмағы небәрі 2 пайызды құраған. Ал бүгінде біздің шығыстағы көршіміз жаһандық экономика бойынша әлемде екінші орында тұр.
Қытайда инновациялар мен жаңа технологиялар тез енгізілуде, ғылымға құйылатын инвестициялар ұлғаюда. Бүгінде бұл ел технологиялар мен инновациялар саласындағы дәстүрлі көшбасшыларды басып озып, ғылыми патенттер алуға өтінімдер саны бойынша бірінші орынға шықты. Осылайша қазіргі заманғы ҚХР өз дамуында мүлдем жаңа жолға түсті. Ел әлемнің басқа дамыған мемлекеттерімен қатар ірі халықаралық инвесторлардың үштігіне енді.
Бүгінде Қытай дамуының моделі өзгеріп жатыр. Ұзақ уақыт бойы «әлемдік фабрика» ретінде қабылдап үйреніп қалған ірі экспорттаушыдан бұл ел тауарлар мен қызметтердің ірі тұтынушысына айналуда. Бір мезгілде ішкі сұранысты ынталандыруға және жоғары технологиялық өнім өндіруге мән беріледі. Сонымен қатар 1,4 миллиард халқы бар ҚХР – қазіргі кезеңде әлемдегі әлеуеті жоғары ең ірі тұтыну нарығы. Бұған орта тап санының артуы және халықтың кедейлігінің жүйелі түрде төмендеуі ықпал етеді. Осылайша ҚХР-мен экономикалық өзара іс-қимыл мүмкіндіктері арта береді.
Қытай өзінің 5 мың жылдық тарихында әрдайым таңғалдыра білді. Мұндай қырынан әлі де танған жоқ. Сарапшылар ортасында «Біздің Қытай туралы ойымыз қалыптасып үлгергенше, Қытай тезірек өзгереді» деген жақсы пікір бар. Онда осы ірі елдің қарқынды өсуі кең көрініс тапқан.
Ал Қазақстан үшін бұл үлкен өзгерістер ҚХР-дың тату көршісі және стратегиялық серіктесі ретінде ерекше маңызға ие. Басқаша жеткізетін болсақ, қазіргі заманғы Қытайдың дамуындағы барлық жаңашылдықтар – Қазақстанның серпінді дамуы үшін жаңа мүмкіндік. Оларды тек дұрыс пайдалану керек.
– Жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысы бойынша қабылданған Бірлескен мәлімдемеде Қазақстан мен Қытай жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытуды жалғастыра беретіні көрсетілді. Бұл іс жүзінде нені білдіреді?
– Иә, екі мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесінде жаңа кезеңде Қазақстан мен Қытай «өзара тиімділік, мызғымас достық, өзара сенім мен ортақ сын-қатерлер алдында кең ауқымды әріптестік» – мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік» форматында байланыстарын нығайтатыны айтылды. Мен осы тұста ресми тіл мен дипломатиялық терминологиядан аударғанда бұл шын мәнінде нені білдіретінін егжей-тегжейлі айтқым келеді.
Біріншіден, неге «мәңгілік»? Қазақстан мен Қытай – тату көршілер, сондықтан тағдырымызға орай және географиялық жағынан бізге әу бастан өзара қарым-қатынаста болу бұйырған. Сондай-ақ Ұлы дала елі мен Аспанасты елінің халқы бірнеше мың жыл бойы тығыз байланыста өмір сүріп келеді. Мұның бәрі тарихи шежірелер мен мұрағаттарда жазылған. Біз болашақта да жақсы көршілер ретінде өмір сүруге тырысамыз.
Екіншіден, «жан-жақты стратегиялық серіктестікті» қарастырайық. 27 жыл ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас кең әрі теңдестірілген сипатқа ие болды. Екі ел сындарлы саяси диалог жүргізіп, экономиканың барлық саласында тығыз жұмыс істейді және гуманитарлық өзара іс-қимылды дамытады. Осылайша бізді байланыстырмайтын сала жоқ. Бүгінде Қазақстан мен Қытай бір-біріне көрші және серіктес ретінде өте маңызды. Сондықтан біздің қарым-қатынасымыз стратегиялық деп аталады.
Үшіншіден, «өзара тиімділік, мызғымас достық, өзара сенім» ұғымы Қазақстан мен Қытай бір-бірінің ұлттық мүдделерін құрметтейтінін, сондай-ақ біздің мемлекеттеріміздің шекараларының белгіленген мызғымастығы мен аумақтық тұтастығының қағидатын мойындайтынын білдіреді. Бұл өз кезегінде тең әріптестік қатынастарды одан әрі дамыту үшін сенімді атмосфера қалыптастырады.
Соңында «ортақ сын-қатерлер алдындағы кең ауқымды әріптестік» дегеніміз біздің елдер тұрақтылықты нығайту және өңірлік қауіпсіздікті қолдау бойынша, оның ішінде БҰҰ, АӨСШК және ШЫҰ сияқты ұйымдар желісі бойынша өзара іс-қимылды жалғастыратынын білдіреді.
Біздің елдер өңірдегі және жалпы әлемдегі бейбітшілікке, тұрақтылық пен өсіп-өркендеуіне бірге үлес қосуға ниетті. Осылайша екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңінде Қазақстан мен Қытай тағы да ең жоғары деңгейде негізге алынатын жағдайларды растады. Соның арқасында біздің Қытаймен ұзақ уақыт бойы жақсы және өзара тиімді қарым-қатынасымыз дамып келеді. Бұл бірлесіп ілгерілеу үшін өте маңызды.
– Ал бұл мемлекеттік сапардың экономикалық күн тәртібі қандай болды?
– Осы жылдар ішінде біздің елдеріміз арасындағы экономикалық байланыстар мен өзара іс-қимыл серпінді және алуан түрлі болды. Біз шын мәнінде көп нәрсеге қол жеткіздік. Бірақ оның жалпы көлеміне қарамастан, Қазақстан мен Қытай экономикалық ынтымақтастығының әлеуеті әлі толық жүзеге асырылмағанын айту керек. Сондықтан әрбір сапар ең жоғары деңгейде екіжақты экономикалық байланыстардың тағы бір жаңа қырын ашады және жаңа бастамаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл жолы да солай болды.
Қазақстан мен Қытай үкіметтері, сондай-ақ нақты ұйымдар деңгейінде 10 келісімге және екіжақты өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған басқа да ресми құжатқа қол қойылды. Соның ішінде маңызды құжаттың бірі – Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» құрылысын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыруға байланысты өзара көмек туралы меморандум. Осы негізде екі ел арасындағы тауар айналымының құрылымын әртараптандыру, сауда өсімінің жаңа көздерін іздеу, оның ішінде трансшекаралық электронды сауда, инновациялық кооперацияны дамыту, сондай-ақ қосымша құн салығы жоғары өнімдер саудасын ынталандыру арқылы екі тарап сауда саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр.
Үйлестіру жөніндегі жоспарды іске асыру Қазақстан мен Қытайдың халықаралық жүк тасымалдарында, логистикада, өнеркәсіпте, қаржыда, энергетикада, ауыл шаруашылығында, ақпараттық технологиялар мен ғарышта өзара іс-қимылын одан әрі нығайтады. Мұның бәрі – Қазақстан экономикасын дамытудың басты салалары.
XXI ғасырдың Жібек жолы құрылысын одан әрі жалғастыру Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Қытай көшбасшысы 6 жыл бұрын біздің елордамызда өз бастамаларын атап көрсетті. Іс жүзінде Қытаймен бірлесіп көлік дәліздерін салудың арқасында біз бүкіл Еуразияның нарықтарына тікелей және жылдам қол жеткізуге жол аштық. Яғни, бізге бірден үш әлемдік мұхитқа – Тынық, Атлант және Үнді мұхитына шығу мүмкіндігі туды.
– Осылайша Қытаймен жан-жақты стратегиялық серіктестік біздің елімізге нақты экономикалық пайда келтіріп, дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашады деп сеніммен айта аламыз ғой?
– Қытай – Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктестерінің бірі. Оның үлесіне жалпы тауар айналымының 15,7%-ы тиесілі. Қытай бірлескен жобаларға шамамен 20 млрд доллар қаржы салды. Қазіргі таңда Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша төртінші орында тұр. Инвестициялық ынтымақтастық әлі кеңейтіледі. Бұл экономиканы әртараптандыруды қолға алған Қазақстан үшін өте маңызды.
Қытаймен инвестициялық өзара іс-қимыл – Қазақстан үшін капитал, технологиялар тарту және еліміздің экономикалық өсуін жалғастыруға жақсы демеу. Мемлекет басшысы Қытайдағы ірі бизнес жетекшілерімен кездесіп, бұл ынтымақтастықты ілгерілетуде.
ҚХР-ға сапары барысында Қ.Тоқаев жергілікті іскер ортамен дөңгелек үстел жиынына қатысты. Ол өз сөзінде Қытай компанияларын Қазақстанда 5G желілерін дамыту, «ақылды қалалар», блокчейн, туризм, АӨК және тағы басқа салаларда жұмыс істеуге шақырды.
Қытайдың өзі – жұмыс істеуге қолайлы, дайын нарық. Мемлекет бұл үшін барлық қажетті құқықтық жағдайлар жасайды. Мемлекеттік сапар барысында қол қойылған бірқатар құжат дәл осыған арналды. Мәселен, біздің Сауда және интеграция министрлігі Қытайдың Сауда министрлігімен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл қазақстандық өнімді Қытай нарығына экспорттау бойынша жұмыс істеуге көбірек мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін.
Мұнай, газ және басқа шикізат бірте-бірте таусылатынын жақсы түсінуіміз керек. Сондықтан біз үшін аграрлық сектордың әлеуетін дамыту және ауылшаруашылық өнімдерімізді сыртқы нарыққа шығару маңызды. Енді біздің өндірушілер аясы кеңіп келе жатқан Қытай нарығына араласуымыз керек. Бұл – болашағы бар бағыт. Осы сапар кезінде Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай тарапымен тиісті құжаттарға қол қойды. Атап айтқанда, бұл – Қазақстаннан ҚХР-ға экспортталатын сүт өнімдеріне, жүн шикізаты мен зығырға инспекциялық тексеру, карантиндік және ветеринариялық-санитариялық талаптар туралы хаттамалар.
Қазақстанның экологиялық таза азық-түлік өнімдерінің үлкен жеткізушісі болуға мол мүмкіндігі бар. Қытайға экспортты күшейту ауылдағы бизнесімізді арттыруға және агроөнеркәсіп кешенінде толық өндірістік циклды дамытуға жол ашады.
Сонымен қатар Қытайда ет тұтыну тұрақты өсіп келеді. Бұл көрші отырған Қазақстан үшін мал өсіруден бастап ет өндіруге және экспортқа қайта өңдеуге дейін кең мүмкіндіктер береді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Барлығы қазақстандық өндірушілердің талабы мен белсенділігіне байланысты. Тіпті ҚХР-дың өзі осындай бизнеске үлкен жағдай жасап отыр.
Келіссөздер барысында Қытай тарапы Қазақстанды осы жылдың қараша айында Шанхайда өтетін II Қытай халықаралық көрмесіне құрметті қонақ және қатысушы ретінде шақырғанын атап өткім келеді.
– Қол жеткізілген уағдаластықтарды ескере отырып, жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасын келешекте қалай елестетуге болады?
– Жалпы кездесулер барысында талқыланған мәселелерде өзара іс-қимылдың барлық бағыты қамтылды, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондықтан Мемлекет басшысының ҚХР-ға мемлекеттік сапары табысты және нәтижелі болғанын сенімді түрде айтуға болады.
Тұтастай алғанда, қазір Қазақстан мен Қытай өздерінің мемлекеттік дамуының, ұлттық жаңғыру мен мемлекетаралық қатынастарды тереңдетудің жаңа кезеңінде тұр. Бұл сапардан біздің елдеріміз толық өзара түсіністік пен сыйластықты сақтайды, көп жағдайда халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерге ұқсас көзқарастар мен ұстанымдарды ұстанады деп қорытынды шығаруға болады.
Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай бір-бірінің қазіргі жетістіктерін жоғары бағалайды және екі елдің саяси және экономикалық дамудың жаңа деңгейіне көшуге ұмтылысын қолдайды. Атап айтқанда, Қытай тарапы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың дана басшылығымен тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасы қол жеткізген мемлекеттік дамудағы, тәуелсіз және бейбіт сыртқы саясатты іске асырудағы үлкен жетістіктерді жоғары бағалайды.
Қазақстан өз кезегінде Қытайдың дамуындағы ірі жетістіктеріне, өзіне тән ерекшелікпен социализм құруына және әлемдік экономика мен халықаралық істердегі жаңа маңызды рөліне жоғары баға береді.
Бір-бірін сенімді серіктес деп білетін екі елдің бұдан да үлкен нәтижелерге қол жеткізуі үшін бірлескен жұмысты жалғастыру маңызды болып қала береді. Ресми кездесудің соңында Қазақстан мен Қытай көшбасшылары жоғары деңгейдегі тығыз қарым-қатынастың оң дәстүрлерін қолдауға бейілділігін растады.
Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының отызжылдық символдық белгісіне жақындап келе жатқан жаңа кезеңде екі ел бір-бірінің әлеуетін көріп, іс жүзінде ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен нығайтуға бірге күш-жігер салуға дайын.
Әңгімелескен Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»