Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай тұтастай онкүндік шара өткізу жөнінде шешім қабылдаған еді. Бұл бағытта «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты тұрғындарды ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы орайда облыс аталған реформаны қолдау деңгейі мен дәрежесі бойынша елімізде алдыңғы орындардың бірінде екенін айтқанымыз жөн.
Бүгінде латын қарпіне көшіру ісі мен оның ережесін ел-жұрт арасында түсіндіру жұмыстарының маңызы жоғары екені белгілі. Осы ретте басқарма тарапынан ұйымдастырылған «Жаңа емле: жазу қағидаттары» тақырыбындағы шараның ауқымы мейлінше кең болды. Оған қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардың әр саласында қызмет атқаратын бес жүзден астам адам қатысты. Шара барысында «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов дәріс оқыды. Сонымен бірге тілдерді оқыту орталығының оқытушылары Гүлайым Аяпова мен Ақмарал Сүгірбаева тренинг өткізді. Бұған байланысты практикалық жұмыстар орындалып, латын қарпінде жазылған сөздер мен өлең шумақтары оқылды. Әрі тренинг пен дәріске қатысушылар латын қарпіне көшуге орай, өздерін толғандырып жүрген бірқатар сауалға жауап алды. Сонымен бірге олар емле ережелеріндегі бірқатар ерекшелікке де қанық болды.
Онкүндік аясында реформаның саяси маңыздылығын арттыру мақсатында «Қош келдің, жаңа әліпби», «Төрлет, төл әліпби» тақырыптары бойынша кездесулер ұйымдастырылып, латын графикасына көшкен елдердің тәжірибесі ортаға салынды. Сонымен бірге осы аралықта латынға көшуді тиімді әрі сапалы жүзеге асыру мақсатында халықаралық конференциялар мен семинарлар, тележобалар мен телесабақтар өткізілді. Әлеуметтік роликтер көрсетіліп, ашық диктанттар жазу ұйымдастырылды. Бұл бағытта арнайы көрнекі құралдар әзірленіп, көпшілікке таратылды. Осы орайда, өңірде латын графикасына көшу жөніндегі бағдарлама қабылданған кезден бері Тіл басқармасының ұйымдастыруымен 687 шара ұйымдастырылғанын айту парыз. Аталған кезеңде 44 мыңға жуық адам түсіндіру жұмыстарымен қамтылған. 100 мыңнан аса адам ашық диктант жазуға қатысқан. Сонымен бірге жаңа емле ережелері апробациясында 250 және жаңа әліпбиде жасалған клавиатураның апробациясына 600-ден астам адам тартылған. Зиялы қауым, сала мамандары, тұрғындардың басқа да санаттары өкілдерінің пікірлері республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, сұхбаттар берілуі де онкүндіктің өрісі кең болғанын көрсетеді.
Оқыту ісінде интернет беретін заманауи мүмкіндіктерді қолдану мақсатында қашықтықтан оқыту жүйесі енгізіліп, өз бетімен тіл үйренемін деген азаматтар үшін «Тілтану» атты қазақ тілінің жаңа әліпбиі негізінде қашықтықтан оқыту курсы ұйымдастырылды. Әрі тұрғындар сайт, әлеуметтік желі арқылы латын графикасындағы қазақ әліпбиі ережелерімен, тіл саласындағы жаңалықтармен танысты. Халықты қазақ тілінің жаңа әліпбиіне үйрету үшін, аталған орталық латын графикасындағы «Жазылым» және «Білімді балақай» атты тапсырмалар жинағын баспадан шығаруға ұйытқы болды. Оның латын графикасы бойынша қазақ тілін үйрету құралы ретінде мақсатты аудиторияға арналған тұсаукесері өткізілді.
Міне осылайша Ақтөбе аймағында қазақ әліпбиін латын графикасына сатылап көшіру ісінде үйренетіндей үрдістер көбейіп келеді.
АҚТӨБЕ