Өткен аптада Жапонияның үкіметі толық құрамда отставкаға кетіп, министрлер кабинеті жаңадан жасақталды.
Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ үкіметті түгелге жуық таратты. Үкімет басшысының мұндай шешімге келуіне шілде айында өзі басқаратын Либералды-демократиялық партияның парламент сайлауында жеңіске жетуі түрткі болды. Бұл сыртқы саяси бағыт пен ел ішіндегі экономикалық саясатты одан әрі ілгері жүргізу үшін қажет.
Өткен жылы қазан айында үкімет жаңартылғанда көптеген министр өз орындарын сақтап қалған еді. Ал бұл жолы тек екі лауазымды тұлға ғана қызметтерін жалғастыра бермек. Олар – үкіметтің бас хатшысы Есихидэ Суга мен қаржы министрі Таро Асо.
Министрлер кабинетінің екі мүшесі қызметтен шеттетілмей, орындарын ауыстырды. Сыртқы істер министрі Таро Коно қорғаныс министрі болып тағайындалса, оның бұрынғы орнына экономиканы қайта қалпына келтіру ісі жөніндегі министрі болған Тосимицу Мотэги келді. Сондай-ақ бұрын үкімет құрамында қызмет еткен екі адам қайта оралды. Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрі Кацунобу Като болса, жалпыұлттық істер министрі болып Санаэ Такити бекітілді.
Бұған қоса тағы 13 адам үкімет құрамына алғаш рет еніп отыр. Бұрынғы премьер-министр Дзюнъитиро Коидзумидің ұлы, 38 жастағы Синдзиро елдің соғыстан кейінгі тарихында министрлер кабинеті құрамына кірген ең жас саясаткер болды. Сарапшылар оны болашақта үкімет басшысы лауазымынан үміткер бола алатынын айтады.
Сонымен қатар үкімет құрамынан тыс лауазым – қауіпсіздік кеңесінің бас хатшысы болып Сигэру Китамура тағайындалды. Ол бұған дейін барлау және зерттеу бөлімін басқарған еді.
Жаңа министрлер кабинетінің орташа жасы 61,5 жасты құрады. Сәрсенбі күні Жапония императорының жаңа құрамды мақұлдау рәсімі өтті.
Жапонияның Nihon Keizai басылымы жаңарған үкіметке ел экономикасын қалпына келтіру және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін реформалау сияқты мәселелерді шешуде оң нәтижелерге қол жеткізу жауапкершілігінің жүктелгенін жазды. «Мен жаңа замандағы елдің дамуын алға жылжытатындай жаңа құрам жасақтадым. Біз реформаларға батыл кірісеміз», деді Синдзо Абэ үкімет ауысқаннан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Жапонияда қазан айынан бастап салық 10%-ға көтеріледі. Осының алдында үкіметтің жаңартылуы министрлердің міндетін арттыра түспек. Өйткені салықты қанша көтергенмен, әлеуметтік қамтамасыз ету шығындарының өсімін тежеу оңай шаруа болмай тұр. 2014 жылы елде тұтыну салығы 5-тен 8%-ға дейін жоғарылаған. Жалпы, Синдзо Абэ кезінде акция бағасы өсіп, салықтық түсімдер едәуір молайған. Дегенмен, бұл бала туу мен халықтың қартаю көрсеткішінің төмендеуінен әлеуметтік шығындарды жабуға жеткіліксіз екен. Сондықтан әлеуметтанушылар үкіметке салық өсіміне арқа сүйемей, мәселені шешудің жаңа жолдарын қарастыру қажет екенін айтады.
Үкімет басшысы 72 жылдан көп уақыт бұрын жазылған конституцияға өзгеріс енгізгісі келетінін біраздан бері байқатып келеді. Негізгі заңның қазіргі заман талабына толық жауап бере алмайтынын алға тартатын Синдзо Абэ әсіресе, мемлекеттің өз әскерін құрудан және соғыстарға қатысудан бас тартуын міндеттейтін 9 бапты қайта қарауды ашық айтып жүр. Ол 2020 жыл Жапонияның қайта жаңғыратын жылы болады деп сенеді.
Жапония – Қазақстанның Шығыс Азиядағы негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Қазақстан Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес 2018 жылы Жапониядан келген инвестициялардың жалпы көлемі 403 млн долларды құрады. Қазақстанда жапондық капиталдың қатысуымен 70-тен аса кәсіпорын жұмыс істейді.