Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша бүгінгі таңда 1251,6 мың гектар жердің егіні орылып, 1264,4 мың тонна астық бастырылды. Бұл көрсеткіш барлық алқаптың 28 процентін құрайды. Әзірше, әр гектардың өнімі 10,3 центнерден айналуда.
Егін орағы апталап жауған ақ жауынның салдарынан межелеген уақыттан әлдеқайда кеш басталды. Биылғы науқандық жұмыстарға 8,4 мың астық комбайндары қатысуда. Оның 3518-і қазіргі заманғы өнімділігі жоғары комбайндар. Осы арада ауыл шаруашылығы құрылымдары машина-трактор паркін жаңғырту жағдайы әлі де мәз емес екендігін екпін түсіріп айтқан жөн. Үстіміздегі жылы небары 114 жаңа астық жинайтын комбайн, 254 трактор сатылып алынды. Бұл негізінен ірі құрылымдарға тиесілі. Ал, шағын шаруашылықтар әлі де кешегі кеңес заманынан қалған қаусаған техниканы әупірімдеп пайдаланып жүр.
Орақ жұмысын 26 жұмыс күнінде аяқтап шығу жоспарланған болатын. Енді жерде өнген жерде қалмас үшін екі ауысымдық жұмысты ұйымдастыру керек.
Облыс бойынша күзгі дала жұмыстарына 72 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны, 3,8 мың тонна дизель майы, 7,1 мың тонна бензин бөлінген болатын. Бүгінгі таңда осы көлемнің 52,1 мың тонна дизель отыны тасымалданды. 69 астық қабылдау кәсіпорны қауырт жұмыс істеуде. Бұл кәсіпорындар 4,6 миллион тонна астық сақтай алады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 2 миллион тонна астық сақтайтын қоймалар, 230 астық кептіргіш бар. Мамандардың 3 миллион тоннаға жуық ылғалды астық түседі деп отыр. Астықтың шамадан тыс ылғалды болуы диқандар үшін қауіп.
Есіл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қайрат Ахметжановтың айтуынша, күні бүгінге дейін 115,5 мың гектар алқаптың егіні орылып, 88,2 мың тонна астық бастырылған. Гектар берекесі 10,6 центнерден айналуда.
–Оператор болып саналатын «Петро кz» кәсіпорны өз міндеттемесін орындамай отыр,–дейді бас маман,– соның салдарынан бүгінгі таңда тек қана 4 мың 119 тонна сұйық отын тасымалданып алынды.
Арқа төсіндегі ақық дән жолындағы жорық жаңа ғана жандана бастады. Ала жаздай алаөкпе болған диқандардың үміті ақталса игі.