«Қорқыт ата кітабы» – түбі бір түркі халықтарының ортақ әдеби жәдігерлерінің бірі, адамзаттың асыл мұрасы ретінде әлемдік деңгейде зерттелген туынды. Негізінен батырлық жырлардың жинағы болып табылатын бұл жазба мұраның Дрезденде және Ватиканда сақталған негізгі екі нұсқасы, сонымен қатар үшінші – Дрезден нұсқасының көшірмесі саналатын Берлин нұсқасы бар.
Бірінші нұсқа Дрезден корольдік кітапханасында Х.Флейшер каталогы бойынша 86-нөмірмен тіркелген, араб әріптерімен жазылған 153 парақтық қолжазба. Қолжазбаның бірінші парағында шығарманың аты «Китаб-ы Деде Коркут ала лисан-и таифе-и Оғузан» (Оғыз тайпасының тіліндегі Қорқыт атам кітабы) деп көрсетілген. Бұл нұсқа төмендегідей 12 жырдан тұрады: 1. Дерсе хан ұлы Бұқаш хан жыры; 2. Салор Қазанның үйінің шабылғаны туралы жыр; 3. Қам Бөрінің ұлы Бамсы Бейрек туралы жыр; 4. Қазан бектің ұлы Ораз бектің тұтқын болғаны туралы жыр; 5. Дұқа Қожа ұлы Делі Домрұл туралы жыр; 6. Қаңлы Қожа ұлы Қан Тұралы туралы жыр; 7. Қазылық Қожа ұлы Йегенек туралы жыр; 8. Бисаттың Төбекөзді өлтіргені туралы жыр; 9. Бегіл ұлы Әмірен туралы жыр; 10. Үшүн Қожа ұлы Секрек туралы жыр; 11. Салор Қазанның тұтқын болып, оны ұлы Ораздың құтқарып алғаны туралы жыр; 12. Іш Оғыздың Сырт Оғызға жау болып, Бейректің өлгені туралы жыр.
Дрезден қолжазба нұсқасының әр беті 13 жолдан тұрады. Мәтінде көбіне дауысты дыбыстарды білдіретін белгі – харакат қойылмаған. Сонымен қатар жырлардың тақырыбы да, жырмен баяндалған тұстары да жеке, бөлек жазылмаған. Тек әр жырдың тақырыбын ғана ірілеп, қоюлап жазған.
Дрезден нұсқасын ең алғаш ғылымға танытқан Х.Ф. фон Диц. Ол Төбекөзге қатысты жырды неміс тіліндегі аудармасымен бірге жариялап, Қорқыт атаға да біраз тоқталған. Диц Төбекөз бен Гомердің «Одиссеясындағы» Полифемді салыстырып, Қорқыт ата кітабындағы жырдың көлемдірек екеніне назар аударып, мұны гректер Шығыстан алған деген пікір айтады.
Екінші нұсқа Ватикан кітапханасында түрікше жазбалар арасында 102-нөмірге тіркелген 107 парақ бұл жинақ екі бөлімнен тұрады. Жинақтың 2а-58а парақтары арасындағы «Хикайе-и Латифе-и Ужубе ве Махжубе-и Зарифе» деп аталатын бірінші бөлімі парсы тілінен түрік тіліне аударылған хикаялардан тұрады. Жинақтың 58в-108а парақтары арасындағы екінші бөлімінде «Хикайет-и Оғызнаме-и Қазан бег ве ғайры» (Қазан Бек және басқаларының оғызнама хикаялары) деген атпен Қорқыт ата жырлары берілген. «Қорқыт ата кітабының» бұл нұсқасы 6 жырдан тұрады. Қолжазбаның 106-107 парақтары жоқ. Дрезден нұсқасы секілді бұл нұсқаның да әр беті 13 жолдан тұрады. Тілдік ерекшеліктері жағынан ескі осман тіліне жақын. Бұл қолжазба, Дрезден нұсқасымен салыстырғанда көлемі шағын болғанымен, бастан-аяқ харакат қойылып жазылған. Осы себепті зерттеушілер Дрезден нұсқасындағы түсініксіз, күмәнді жолдарды оқып, аударуда осы нұсқаға жүгініп отырған.
Ватикан нұсқасындағы жырлар: 1. (Дерсе) хан ұлы Бұқаш хан туралы хикая; 2. Бамсы Берік туралы хикая; 3. Салор Қазанның үйінің шабылғаны туралы хикая; 4. Қазан бектің ұлы Ораз ханның тұтқын болғаны туралы хикая; 5. Қазылық қожа ұлы Йегенек бек туралы хикая; 6. Сырт Оғыздың Іш Оғызға дұшпан болып, Беріктің опат болғаны туралы хикая.
Жырлардың тақырыбынан да көрініп тұрғандай, Ватикан нұсқасында, негізінен Қазан бекке қатысты жырлар алынған. Бірақ Дрезден нұсқасымен салыстырғанда, бұл нұсқада Қазан бекке қатысты жырлардан «Салор Қазанның тұтқын болып, оны ұлы Ораздың құтқарып алғаны туралы жыр» енбей қалған.
Ватикан нұсқасын ғылымға ең алғаш танытқан кісі – Этторе Росси. Алдымен шағын мақала (1950), ал кейіннен Қорқыт ата туралы көлемді зерттеу жазып, Ватикан нұсқасымен бірге жариялаған (1952).
Э.Росси 364 беттік еңбегінің бірінші («Кіріспе») бөлімінде «Қорқыт ата кітабына», оның Дрезден, Берлин және Ватикан нұсқаларына, Қорқыт атаның аңыздық тұлғасына, жыраулық дәстүрге, жырда баяндалған географиялық аймаққа, жырдағы әдет-ғұрыптарға, діни нанымдарға және т.б. мәселелерге кеңірек тоқталған. Екінші бөлімде Ватикан нұсқасындағы алты жырдың, сонымен қатар Ватикан нұсқасында жоқ Дрезден нұсқасындағы алты жырдың аудармасын берген. Үшінші бөлімде Ватикан нұсқасының факсимилесін, ал төртінші бөлімде Ватикан нұсқасының түрікше-италиянша сөздігі мен т.б. мағлұматтарды берген.
Көлемі жағынан шағын, ұзақ уақыт ғалымдардың назарынан тыс қалған Ватикан нұсқасы ХХ ғасырдың соңына қарай қарқынды зерттеле бастады.
Ал үшінші нұсқа негізінен Дрезден қолжазбасының көшірмесі болып табылады. Ол Берлин корольдік кітапханасының Вильгельм Пертч дайындап, жариялаған каталогында 203-нөмірмен тіркелген. 34 парақтан тұрады, әр бетте 34 жолдан жазылған. Зерттеушілер бұл нұсқаны Дрезден нұсқасынан көшіріп, Берлин кітапханасына тапсырған кісі Г.Ф.Диц болуы тиіс деген пікір айтады.
Түрік зерттеушісі Килисли Ахмет Рыфаттың 1916 жылы «Китаб-ы Деде Коркут ала лисан-и таифе-и Оғузан» деген атпен араб әліппесімен жариялаған еңбегі осы Берлин нұсқасы негізінде дайындалған. Сондай-ақ Килисли Рыфаттың бұл еңбегі «Қорқыт ата кітабына» қатысты Түркиядағы ең алғашқы еңбек.
«Қорқыт ата кітабына» Х.Ф.Диц, Э.Росси, Килисли Рыфаттан бастап көптеген іргелі зерттеу жасалды. Г.Ф.Дицтен кейін ұзақ уақыт зерттелмей қалған «Қорқыт ата кітабы» туралы маңызды мақалалар мен еңбектерді В.Бартольд жазды. Сонымен қатар орыс ғалымдары Туманский, В.М.Жирмунский, А.Н.Кононов, А.Ю.Якубовский жазба ескерткішке қатысты маңызды зерттеулер жасады. Бұл орайда Х.Г.Короглының зерттеулерін де ерекше атап өтуге болады.
Түркияда Килисли Рыфаттың жоғарыда аталған араб әріптерімен жарық көрген еңбегінен кейін 1938 жылы Орхан Шаик Гөкйайдың «Дедем Коркут» атты кітабы жарық көрді. Бұл еңбек «Қорқыт ата кітабының» Түркияда латын әріптерімен басылған алғашқы басылымы болып табылады. Орхан Шаик Гөкйай Берлин нұсқасы мен Дрезден нұсқасын салыстыра отырып дайындаған осы зерттеуінде өзіне дейінгі зерттеулерді толық қамтуға тырысқан, сондай-ақ Ресей Археологиялық қоғамының Шығыс бөлімінің басылымдарында жарияланған Қорқыт ата кесенесінің екі суретін жариялаған.
Мухаррем Эргин жазба ескерткіштің Дрезден нұсқасы бойынша дайындаған еңбегінің І кітабын 1958 жылы, ал ІІ кітабын 1963 жылы жариялады. М.Эргин І кітапта Дрезден нұсқасын Ватикан нұсқасымен салыстыра отырып транскрипциясын жасады, айырмашылықтарды сілтемеде көрсетіп отырды. Сонымен қатар І кітаптың соңында екі нұсқаның да факсимилесін жариялады. ІІ кітабында грамматикасына қатысты зерттеулері мен қолжазба мәтініндегі сөздердің тіркеме-көрсеткішін (индексін) берді. Бұл еңбек «Қорқыт ата кітабының» текстологиясына арналған басты еңбектердің бірі болып табылады.
О.Ш.Гөкйай 1973 жылы «Дедем Коркудун китабы» (Қорқыт атамның кітабы) атты еңбегін жариялады. О.Ш.Гөкйай мың беттен асатын бұл еңбегінде Дрезден нұсқасын Ватикан нұсқасына жүгіне отырып түзетіп оқыған, сондай-ақ аталмыш жазба жәдігердің зерттелу тарихы, тарихи оқиғалармен байланысы, шығарманың емлесі, тілдік ерекшеліктері, әдеби сарындары, шығармада баяндалатын әдет-ғұрыптар, киімдер, тағамдар және т.б. жөнінде мол мағлұматтарды қамтыған.
«Қорқыт ата кітабына» қатысты Әзербайжанда шыққан Хамит Араслының 1939 жылы жарық көрген мәтін мен шағын сөздіктен тұратын «Китабы Деде Коркут» атты кітабын, сондай-ақ осы жазба жәдігер бойынша зерттеулер жүргізген М.Г.Тахмасиб, Ш.А.Жәмшидов, Ә. Демирчизаде, Ф.Зейналов және т.б. ғалымдардың еңбектерін атап өтуге болады.
Қазақ ғалымдарынан Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Х.Сүйіншалиев, Р.Бердібаев, Ш.Ыбыраев өз зерттеулерінде «Қорқыт ата кітабын» әдеби мұра тұрғысынан қарастырып, сүбелі ой-тұжырымдарын білдірді. Қорқыт ата мұрасын мен де ешқашан назарымнан тыс қалдырған емеспін.
«Қорқыт ата кітабын» зерттеу жұмыстары ХХІ ғасырда жаңа белеске көтеріліп, іргелі зерттеулермен толықты. Жазба жәдігердің транскрипциясы, бұрын дұрыс оқылмаған, түсініксіз тұстарына қатысты жаңа зерттеулер жарық көрді.
2001 жылы Семих Тезжан мен Хендрик Бушотен «Қорқыт ата кітабының» Дрезден және Ватикан нұсқаларының транскрипцияларын алғаш рет жеке жариялады. Бұл еңбекте Дрезден мен Ватикан нұсқаларында анықталған қолжазба қателері көрсетіліп, олар сөздердің транслитерациясы және ескертпелер түрінде берілді. Сонымен қатар С.Тезжан сол жылы жарық көрген «Қорқыт ата оғызнамелеріне қатысты ескертпелер» атты еңбегінде қолжазба мәтініндегі көптеген тілдік мәселені шешуге сеп боларлық пікірлер білдірді. Бұлар «Қорқыт ата кітабын» зерттеу мәселесінде үлкен кемшіліктің орнын толтырған, қолжазбаны оқып, дұрыс транскрипциясын жасау бағытындағы маңызды еңбектер болды.
2005 және 2016 жылдары Садеттин Өзчелик «Қорқыт ата кітабына» қатысты зерттеу еңбектерін жариялады. Бұл еңбектерде Дрезден нұсқасының факсимилесі, транскрипциясы, сонымен қатар, қолжазбада қамтылмаған, қате жазылған, түсініксіз сөздерге қатысты түзетулер жасалып, түсініктемелер, мәтіндегі сөздер мен сөз тіркестерінің сөздігі, индексі берілді. Әсіресе, түпнұсқа мен транскрипцияның қатар берілуі қолжазбаны салыстыра оқуға да ыңғайлы жағдай туғызды. Сондай-ақ бұл өзінен бұрынғы зерттеу еңбектеріндегі мәселелерді де ескере отырып, қолжазба мәтінін жаңаша оқуы, тиісті түзетулерді жасауы жағынан елеулі еңбек болып табылады.
2006 жылы Осман Фикри Серткаяның Дрезден нұсқасының «Кіріспе» бөлімінің транскрипциясы мен осы бөлімге қатысты пікір-ескертпелерін қамтитын еңбегі жарық көрді.
Ал Мустафа Синан Качалин алдымен (2006 ж.) Ватикан нұсқасының транскрипциясын, түсініктемелерін және сөздігін қамтитын зерттеу еңбегін, кейіннен (2017 ж.) аталмыш нұсқамен қатар Дрезден нұсқасының да транскрипциясы мен сөздігін, сондай-ақ В.Рубеннің «Қорқыт ата кітабындағы» жырларға қатысты 1944 жылы Хельсинкиде жарық көрген мақаласының түрік тіліндегі аудармасын және т.б. қосымша мағлұматтарды қамтитын көлемді зерттеу еңбегін жариялады. М.С.Качалин бұл зерттеулерінде Дрезден нұсқасымен салыстырғанда Ватикан нұсқасының артықшылықтары мен басымдықтары мәселесіне, қолжазбалардың хатқа түскен кезеңдеріне қатысты назар аударарлық маңызды пікірлерін де білдірді.
Кейінгі кезеңдерде жарық көрген бұл еңбектердің барлығы «Қорқыт ата кітабының» қолжазба нұсқаларын дұрыс транскрипциялау, түзетіп оқу, мәтіндерді түсіну үшін маңызды қадамдар болды.
Қолжазбаның палеографиялық ерекшеліктері, мұқабасында жазылған кейбір мәліметтерді назарға алғанда «Қорқыт ата кітабының» жалпы хатқа түскен кезеңі шамамен ХV-ХІV ғғ. деп болжанады. Дегенмен, жырдың тілі ХІІІ-ХІV ғасырдың тілдік ерекшеліктерін де сақтап қалған. Сонымен қатар жырларда оғыздар мұсылман ретінде баяндалғанмен, олардың тұрмыс-тіршілігін баяндайтын тұстарда ислам дініне жат нәрселердің суреттелуі (оғыз бектерінің шарап ішуі, Делі Домрұлдың Әзірейілмен айқасы, т.б.), сондай-ақ моңғол тілінен енген сөздердің едәуір мөлшерде кездесуі, оқ дәрілі қарулар туралы еш баяндалмай, садақ, найза, жебе, гүрзі, сүңгі секілді көне қару түрлерінің ғана кездесуі бұл жырлардың ертеректе туып, қалыптасқанын көрсетеді. Сонымен қатар жырларда Қазылық (Қазығұрт) тауы, Көкшетау, Арқа бел, Алатау, Қаратау, Қарашық, Түркістан секілді Сыр бойы мен қазақ жеріндегі жер-су атауларын сақталып қалуы, олардың жырларда жиі аталуы осы пікірді қуаттай түседі.
Негізінде бұл жырлар бір кездері оғыз-қыпшақ жұрты қатар көшіп-қонып жүрген ата қоныс – Сыр бойында туып, ғасырлар бойы жырланып, кейін оғыздармен бірге көшіп, жаңа сюжеттер, жаңа оқиғалар қосылып, толығып, түрленіп, Анадолыда хатқа түскен болуы тиіс. Жырдың баяндалу сипатының өзі көне жыраулық дәстүрді айқын көрсетеді. Әрбір елеулі оқиғадан кейін Қорқыт ата келіп сөз сөйлейді, жыр жырлайды, бата береді. Ал Делі Домрұл, Төбекөзге қатысты жырлар тіпті ертеректе шыққан тәрізді.
«Қорқыт ата кітабының» Дрезден нұсқасы, жоғарыда айтып өткеніміздей, оғыз батырларының қаһармандықтарын дәріптейтін он екі жырдан тұрады. Бұл жырларда оғыз ерендерімен қатар, оғыздардың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрыптары, діни сенімдері және т.б. туралы мол мағлұматтар беріледі.
Сақталып жеткен жалпы жыр саны он екі болғанымен, жырларда батырлық қасиеттері, ерекшеліктері айрықша сипатталып өтетін «ашуы келгенде, қара тасты күл-талқан қылған, қара мұртын желкесінде жеті жерден түйген, ерендердің аждаһасы» Қазан бектің бауыры Қара Гөне; «Дербенттегі темір қақпаны теуіп ашқан, алпыс тұтам ала найза ұшында дұшпанын бақыртқан» Қиян Салжұқ ұлы Делі Дұндар; «темір садақты Қыпшақ Мәлікке қан құстырған, астындағы аты алтын алқалы» Қара Гөне ұлы Қара Бұдақ; «алпыс мың кәпірге қан құстырған, ақбоз атының жалында қар тұрғызған» Ғапілет Қожа ұлы Шер Шәмседдин; «алпыс ісек терісінен тон тіксе тобығын жаппайтын, алты ісек терісінен құлақшын тіксе құлағын жаппайтын, қол-аяғы тіректей» Қазан бектің нағашы ағасы, ат жақты Аруз Қожа; «Пайғамбардың жүзін көрген, Оғызға келіп, сахаба болған, ашуы келгенде мұртынан қан шыққан, қанды мұрт» Бүгдіз Емен; «Айғыр Көздер суында ат жүздірген, елу жеті қамалдың кілтін алған, Сопы Сандал Мәлікке қан құстырған» Ейлік Қожа ұлы Алып Эврен (Өрен); «Үш күн жау көрмесе қан жылайтын» Тоғсын ұлы Рүстем; «Жердің бір шетінен екінші шетіне жетем деген» Соған Сары; «екі қамал мұнарасына атқан қайың оғы (жебесі) қайта келмейтін» Жауырыншы ұлы Ел Алмыш секілді оғыз ерлері туралы да әуелде жеке жырлардың болуы әбден ықтимал. Өкінішке қарай, олар туралы жырлар сақталмаған.
Осы секілді мәселелерді назарға алғанда, бір кездері Сыр бойында қатар көшіп-қонған оғыз-қыпшақ тайпаларында ортақ жырланған осы бір жазба ескерткіштің Анадолы жеріне тек жұрнағы жетіп, хатқа түскен тәрізді.
Жалпы Қазақстанда «Қорқыт ата кітабы» әдеби мұра ретінде зерттелгенімен, күні бүгінге дейін бұл жазба ескерткіш қазақ тіліне түпнұсқадан аударылмай келді. 1986 жылы фольклоршы-ғалым, профессор Ә.Қоңыратбаев пен М.Байділдаев «Қорқыт ата кітабын» орыс тілінен аударып жариялады (1986). Кейіннен Б.Ысқақов, Ш.Ыбыраев түрік тілінен аударды (1994, 1999). Әрине, бұл әдеби аудармалар жырлардың мазмұны, сюжеті, идеясы және т.б. мәселелер тұрғысынан көптеген зерттеуге арқау болған елеулі еңбектер болғанымен, тілдік тұрғыда түпнұсқаның бастапқы қалпын сақтай алмаған.
Әсіресе, Ә.Қоңыратбаев пен М.Байділдаевтің орыс тілінен аударып жариялаған нұсқасында қазақ тілінде сақталып қалған көптеген түркілік элемент түпнұсқадан ауытқып, орыс тіліндегі аударманың ықпалымен жазба ескерткіштің тілі мен қазіргі қазақ тіліне ортақ бастапқы пішінін сақтамай, бұрмаланып аударылған. Тіпті кей жолдары еркін аударылған. Сондай-ақ жер атауларында да орыс тіліндегі аударманың ықпалымен бұрмалаушылықтар орын алған. Мәселен, түпнұсқадағы Қазылық тауы Кавказ деп аударылған.
Ал Б.Ысқақов пен Ш.Ыбыраевтың түрік тілінен аудармасы түпнұсқаға жақын аударма болғанымен, жырдың кей тұстары ықшамдалып, аударылмай қалып кеткен, ал кейбір тұстары басқаша мағынада аударылған. Мысалы, кіріспе бөлімде (D.3а) Қорқыт атаның Осман әулетіне қатысты айтқан сөздері, қолжазбаның D.32b бетінің 11-жолы мен D.33а бетінің 6-жолы арасында ат жақты Аруз Қожа мен қанды мұрт Бүгдіз Еменді суреттеген сегіз-тоғыз жол аударылмай қалған. Сонымен қатар жырдың әртүрлі бөлімдерінде түпнұсқадан ауытқып, мағынасы басқаша аударылған тұстар да кездеседі.
Қысқасы, «Қорқыт ата кітабының» қазақ тіліндегі аудармалары кітаптың орыс және түрік тілдеріндегі аудармаларын негізге ала отырып жасалған әдеби аудармалар болғандықтан, түпнұсқадан ауытқушылықтар мен бұрмалаушылықтарға жол берілген. Десе де, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, бұл аудармалардың ұзақ уақыт үлкен қажеттіліктің орнын толтырған маңызды еңбектер болғанын атап өткен жөн.
Жалпы алғанда, жазба ескерткіштің әдеби аудармасы оның мазмұнын, сюжетін, идеясын жеткізгенімен, бай тілдік материалын түпнұсқадағыдай нақты ашып бере алмайды. Сондықтан қандай да бір жазба жәдігердің транскрипциясы тілдің қалыптасып, даму кезеңдерін, тарихи грамматикасын, тілдік қорын т.б. зерттеу тұрғысынан ерекше маңызды. «Қорқыт ата кітабының» осы күнге дейін қазақшаланған нұсқалары, жоғарыда айтып өткеніміздей, еркін аударма сипатында болды. Ал еркін аудармалар тілдік зерттеулерге негіз бола алмайды. Қазақстанда «Қорқыт ата кітабының» күні бүгінге дейін транскрипциясының жасалып, басылмауы ‒ тіліміздің тарихи тереңдерінде тұнып жатқан мол тілдік деректер мен бай материалдың әлі де игерілмей жатқанын көрсетеді. Мысалы, «Қорқыт ата кітабында» жалпы алғанда сегіз мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі кездеседі. Бұл – тұтас бір халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, наным-сенімін, бастан өткерген тарихын көрсететін мол тілдік материал деген сөз. Сондай-ақ жазба жәдігерде сақталған қыпшақ тілінің элементтері, жер-су атаулары, әдет-ғұрып, салт-дәстүр жөнінде мәлімет беретін сөздер мен тіркестер жырдың пайда болған географиясын анықтауда да маңызды рөл атқарады. Сондықтан, «Қорқыт ата кітабын» түпнұсқа факсимилесінен оқып, транскрипциясын жасау; алдыңғы транскрипцияларда басқаша оқылған күмәнді сөздерді қайта оқып, жаңаша түсініктеме беру; жырдағы қыпшақтық элементтерге баса назар аударып, ана тілімізге аудару, яғни қазақ тілінде жаңашалау, кітаптың сөздігін құрастыру тарихи-салыстырмалы тіл зерттеулері үшін ғана емес, сонымен қатар этнолингвистикалық, этнографиялық т.б. зерттеулер үшін де маңызды рөл атқарады.
Өз басым Түрік қағанаты заманынан жеткен көне жәдігерлерімізді сонау 1960-жылдардан бері зерттеумен келемін. Сол ізденістерім мен зерттеулерімнің жемісі ретінде біраз еңбектер жарық көрді. 1967 жылы Б.Кенжебаев және Х.Сүйіншалиевпен бірлесе дайындаған «Ертедегі әдебиет нұсқаларында» көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысты бөлімді жазып, Орхон жазба ескерткіштерінің транскрипциясы мен аудармасын бердім. 1969 жылы «Көне түркі әдебиет нұсқалары және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» атты кандидаттық диссертациямды қорғадым. 1985 жылы қазақ әдебиетінің түптегі тұнық бастауларынан қазіргі әдебиетке дейінгі кезеңдерін қамтыған зерттеулерім ‒ «Асыл арналар» басылды. 2005 жылы Қ.Сартқожаұлымен бірлесе дайындаған, байырғы түркі ескерткіштерінің жаңа транскрипциясы, аудармасы мен түсініктемелері қамтылған «Орхон ескерткіштерінің толық атласы», 2013 жылы менің жетекшілігіммен «Батыс түрік қағанаты» атты көлемді еңбектер жарық көрді. 2018 жылы Халықаралық Түркі Академиясы менің «Ұлы дала әдебиеті» атты үлкен монографиямды жарыққа шығарды. Бұл еңбектер талай тілдік зерттеулерге негіз болып, ғылыми айналымға түсті. Осы тәжірибелеріме сүйене отырып, соңғы төрт-бес жылда «Қорқыт ата кітабының» Дрезден нұсқасын тұңғыш рет қолжазбаның факсимилесінен транскрипциялап, қазақ тіліне (PhD докторы Г.Шадиевамен бірге) жаңашалап шықтым.
Қолжазба нұсқаны оқып, транскрипциясын жасау барысында Орхан Шаик Гөкйай, Мухаррем Эргин, Садеттин Өзчелик, Мустафа Качалин, Семих Тезжан мен Хендрик Бушотеннің еңбектері ескерілді. Кей тұстарда сол еңбектерге жүгіндік. Негізінен өз тәжірибемізге сүйендік. Бұл ескерткішті оқуда, жаңашалауда көбіне Орхон ескерткіштерін қазақшалаудағы тәжірибемді көп пайдаландым.
Жалпы Дрезден нұсқасында қолжазба қателері айтарлықтай баршылық. Қолжазбада бір сөз кей тұстарда екіге бөлініп, ал кейде екі сөз бірігіп жазылған, сондай-ақ кейбір сөздер, соның ішінде жалқы есімдер де әр жерде әртүрлі жазылған, әріп қателері де жиі кездеседі. Бұларды қолжазбаның транскрипциясында, сондай-ақ сілтемелерде көрсетіп отыруға тырыстық.
Қолжазбада осындай қателіктердің орын алуы, бірізді болмауы бұл нұсқаның дайын қолжазба нұсқадан емес, жыр жырлап отырған бір немесе бірнеше жыршының аузынан жазылып алынған болуы тиіс деген ойға жетелейді. Әрине, бұл мәселелерді анықтап, айқындау келешектің ісі.
Бізде көне жәдігерлерді жоғары оқу орындарының шәкірттеріне түпнұсқадан оқытып талдату, тілдік зерттеулерде кеңінен пайдалану, ғылыми айналымға ендіру мәселесі кенжелеп келеді. Көне жәдігерлерді оқыту мәселесі оларды таныстырумен, мазмұны, идеясы, ерекшеліктері туралы жалпы мағлұматтар берумен шектеледі. «Қорқыт ата кітабының» түпнұсқадан тұңғыш рет аударылған бұл нұсқасы сол олқылықтардың орнын толтырар деген үміттемін.
Осылайша, алғашқы жырлары біздің болжауымызша сонау VІІІ ғасырларда туып, ғасырдан-ғасырға ауызша жырланып, заманына сай өзгеріп, толықтырылып, түрік жұртымен бірге көшіп, Анадолы жерінде хатқа түскен «Қорқыт ата кітабы» елімізде тұңғыш рет түпнұсқадан оқылды. Қорқыт ата жырлары стилі, көркемдігі тұрғысынан әртүрлі. Соған қарағанда бұл жырлар кезінде бірнеше жыраудың аузынан жазылып алынған тәрізді. Кітаптағы қыпшақ тілінің ерекшеліктері де толық сақталды. Ендігі жерде «Қорқыт ата кітабының» транскрипциясы мен қазақ тілінде жаңашаланған нұсқасының ғылыми айналымға түсетініне және жаңаша талдау жұмыстарының жүргізілетініне, сөйтіп қазақ тілінің тарихи даму сатыларын айқындау, тарихи грамматикасын, тілдік қорын зерттеуге, жырды әдеби тұрғыдан тануда ықпал ететініне күмән жоқ.
Бұл еңбек келешекте ортағасырлық өзге де құнды жәдігерлеріміздің транскрипцияларын жасап, қазақ тіліне сай жаңашалауға түрткі болады деген үміттемін.
Мырзатай Жолдасбеков