«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, өткелдің жырын айта-айта шекарадағы Күршім мен Марқакөл тұрғындары да қартаятын болды. Облыс орталығы – Өскемен мен өңірдің бүкіл қала-аудандарын жалғайтын, стратегиялық маңызы зор Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін «Қызыл ту» өткелі әсіресе биыл ала жаздай Күршім өңіріне келіп-кетуші жұртты әбден әуре-сарсаңға салды.
Көпірді кім салады?
Тамыз айының басында өткел арқылы қатынайтын екі паромның бірі істен шығып, соның салдарынан пайда болған ұзын-сонар көлік кезегі жолаушылардың наразылығын тудырған еді. Жалғыз паромды күткен халық төрт-бес сағат емес, тіпті кеш батқанша жағалауда тұруға мәжбүр болды.
Аудан тұрғындарының бұл жанайқайын тамыз айының ортасында Көкпекті ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі де естіген еді. Сол кезде тұрғындар «Паром мәселесі қашан түбегейлі шешіледі?», «Көпір қашан салынады?» деп сұрақтың астына алған-ды.
Өңір басшысы мәселені шешу үшін арнайы комиссия құрылатынын, өткелге бейнебақылау қойылатынын, паром жұмысын тікелей өзінің де бақылап отыратынын айтып: «Ал көпірге келсек, жоба жасалып жатыр. Оның құны – 34 млрд теңге. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Алдағы уақытта оның да түйіні шешіледі» деп ашуға мінген тұрғындарды сабасына түсіргендей болып еді.
Облыс әкімінің тапсырмасынан кейін өткелге бейнебақылау, күзет қойылғанымен екінші паром әлі іске қосылған жоқ. Оның орнына су айдынына шыққан баржа, яғни шағын паром кестені сақтап қатынап жатқанымен салмағы жеңіл болғандықтан желді күндері жүрмейді екен. Өйткені адам өміріне қауіпті.
Енді 3 тамыздан бастап жұмысын тоқтатқан екінші паром неге жүрмей қалды дегенге келсек. Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің айтуынша, бұзылып қалған паром 1960 жылдары Түмен қаласында шығарылған, яғни әбден ескірген. «Қазір оның электр қозғалтқышының баламасы іздестіріліп жатыр. Қозғалтқыш 1961 жылы жасалған. Қазіргі күнде ондай бөлшекті шығармайды әрі қосалқы бөліктерін табу мүмкін емес. Тапсырыс еліміз бен Ресейдің 20-дан астам өндіріс орындарына берілді. Олар бүгінде мұндай қозғалтқыштардың шығарылмайтынын жеткізді. Күршімдегі паромдарды жалға алған компания басқарушысы бізге Түмен қаласынан балама қозғалтқыш табылғанын, келесі апта сол жаққа баратынын айтты. Қазір өткелдегі жағдай қалыпты. Тек жұма, сенбі, жексенбі күндері кезек болуы мүмкін» дейді басқарма басшысы.
Жырға айналған өткел мәселесі жақында Өскеменде өткен Nur Otan партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесінің бюро отырысында да сөз болды. Жиында облыстық Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының өкілдері Күршім өткеліндегі екі паромды үш жылға сенімді басқаруға алған «Құйған айлағы» компаниясымен жасалған келісім бұзылуы мүмкін екенін, қыркүйек айының басында тиісті ескерту хат жіберілгенін, егер компания сеніп тапсырылған мүлікті 30 қазанға дейін қайтармаса, іс сот арқылы шешілетінін жеткізді. Осы мәжілісте «Құйған айлағы» компаниясымен келісім жасаған Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы келісімшартта мекемені жауапкершілікке тарту тетіктерін дұрыс қарастырмағаны да тілге тиек етілді. «Кәсіпорынды жауапқа тартуға негіз боларлық пункттер келісімшартта қарастырылмаған. Бұл – өз кемшіліктерің. Дегенмен, мәселені қайта қарап көруге болады. Сондықтан арнайы комиссия жасақтайық. Келісімшартты егжей-тегжейлі қарап шығу үшін комиссия құрамында заңгерлер міндетті түрде болсын» деген Даниал Ахметов облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовке кеңестің келесі отырысына Күршім өткеліне қатысты нақты ұсыныспен келуді тапсырды.
Көпірге 30 миллиард теңге қаржы қажет
Өткел мәселесі әбден қажытқан Күршім тұрғындары Бұқтырма су қоймасы үстінен көпір салу мәселесін қанша жылдан бері үздіксіз көтеріп келеді. Көпір не үшін қажет? Аудан тұрғындарының ой-пікірін жинақтай айтсақ, біріншіден, көпірдің жоқтығынан, жол қатынасының қиындығынан Күршім ауданының қаншама мың тұрғыны жан-жаққа көшіп кетті. 1997 жылдан бері аудан халқының саны 55 мыңнан 25 мыңға қысқарғаны сөзімізге дәлел. Екіншіден, Күршім ауданы, оның ішінде табиғаты көркем Марқакөл өңірі Қытаймен шекарада орналасқаны белгілі. Көпір салынса туристер санының артып, аудан экономикасының нығая түсетіні анық. Үшіншіден, көпірдің жоқтығынан Өскеменнен немесе Күршім жағынан паромға үлгереміз деп асығып қаншама адамның жол апатына түскенін, олардың нақты санын ешкім білмейді. Өткел сәуір айынан қараша, желтоқсан айына дейін жұмыс істейді десек, одан кейінгі уақытта тұрғындар мұз үстімен жүруге мәжбүр. Мұз астына қанша көлік кеткенін де есептеп жатқан жан жоқ. Төртіншіден, паром істен шыққан немесе мұз әлі қатпаған ауыспалы кезеңдерде тұрғындар облыс орталығына Күршім – Үлкен Нарын – Зырян және Күршім – Зайсан бағыттары бойынша барады, яғни 500 шақырым жолды артық жүреді. «Осының бәрі көпірдің аудан тұрғындары үшін аса қажет екенін көрсетеді. Көпір салу – Күршім ауданының 20 мыңнан астам тұрғынының тілегі, арман-аңсары. Көпір болса паромның да қажеті болмайды. Көпір салынса ауданнан бұрын көшіп кеткен азаматтар да қайта оралуы мүмкін. Көпір көп дүниеге оң әсерін тигізетініне, елге ел қосатынына, ауданның еңсесін көтеретініне еш күмәніміз жоқ» дейді Күршім аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есманбек Ақтекенов.
Айта берсек, мәселе көп. Аудан тұрғындарының көпір салу жайындағы сан жылғы армандарынан облыс әкімдігі де жақсы хабардар. Хабардар ғана емес, облыс әкімі Даниал Ахметов көпірдің салынуына мүдделілік танытып, қанша рет шетелдік инвесторлармен кездесті. Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің сөзіне сенсек, көпірдің жобалық-сметалық құжаттары екі жыл бұрын әзірленіпті. Жобаның құны 30 миллиард теңге шамасында. Көпірді салатын жер де анықталған. Ертістің ені ең тар жері Құйған ауылының тұсында екен. Ұзындығы – 1 шақырым, 300 метр. Жобалық-сметалық құжат дайын, көпір салатын орын белгіленген. Енді не кедергі? «Бәрі айналып келгенде қаржыға тіреліп тұр. Көпір салу бойынша мемлекет-жекешелік әріптестігі аясында бірнеше инвестор келді. Олар салған қаржыларын тез арада өсіммен қайтарғысы келеді. Бізде, облыс бюджетінде мұндай мүмкіндік жоқ. Жобаның құны 30 миллиард десек, инвесторлардың талабы бойынша біз жыл сайын 5-6 миллиард қаржыны қайтаруымыз керек. Бұл әрине, облыс бюджетіне оңайға түспейді. Соған байланысты әлі де инвесторлар қарастырылып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетіне көпірді республикалық бюджеттен қаржыландыру жөнінде ұсыныс дайындалды» дейді басқарма басшысы.
Түйін
Әкімдік өкілінің сөзінен түйгеніміз, көпірді салуға облыстың шамасы келмейді. Ендігі бар үміт – Үкіметте. Осы Күршім ауданының тумасы, әріптесіміз, журналист Назерке Қайролданова әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Енді барлық облыс әкімдіктері Астана мен Түркістанға «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» сый тартқандай, Шығыстағы көпір құрылысына да қаржылай көмек көрсетіп жіберсе. Осыны аудан әкімдері мен облыс басшылығы бастама жасап, Үкіметке үндеу тастаса, мұндай жақсылықты Шығыс халқы жалғанда ұмытпас еді. Көпір салынып, халық игілігіне берілсе, Күршімнің ғана экономикалық хал-ахуалын көтермейді, сонымен қатар Зайсан және Катонқарағай аудандары да көркейер еді. Әр облыстың әкімдері көмектесіп көпір салып, біздің балық пен балдан дәм татып, Марқакөлге келіп демалып кетсе әрі ішкі туризмге үлес қосар еді» деп жазып, республика жұртшылығын асар жасауға шақырып еді. Кім біледі?! Бұл да қажет шығар. Десек те, көпір салу мәселесі Үкімет тарапынан қолдау тауып, өз шешімін табады деп сенеміз.
Шығыс Қазақстан облысы