Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге ерекше көңіл бөлді. Бұл жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл ретте тегін медиицналық көмек әрбір қазақстандық үшін қолжетімді болады. Осыған орай денсаулық сақтау жүйесінде қандай өзгерістер болатыны туралы тиісті ведомствоның вице-министрі Лязат АқтаеваМЕН әңгімелескен едік.
– Лязат Мейрашқызы, медициналық сақтандыруды енгізу туралы мәселе екі жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Қор өз жұмысын 2017 жылы шілдеде бастаған болатын, бірақ жүйені іске қосу екі рет кейінге шегерілді. Енді міне, Президент сақтандыру медицинасына көшу туралы жариялады. Еліміздің бұған әзірлігі қандай?
– Біздің өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен жұмыс істеуге, олардың статусын өзектендіруге, медицина қызметкерлерін оқытуға, нормативтік-құқықтық актілер мен ақпараттық жүйелерді әзірлеу үшін уақытымыз жеткілікті болды. Бұрын орын алған барлық кемшілік жойылды. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі МӘМС жүйесін енгізуге жоғары деңгейде әзірленуде.
Осы уақыт аралығында қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында медициналық қызметтерге толыққанды бірыңғай төлем жүргізушіге айналды, сатып алулар рәсімін барынша пысықтады, жеткізушілердің – медициналық ұйымдардың сапалы базасын қалыптастырды, ақшалай қаражаттың аса жеткілікті көлемін – 200 млрд теңгеден астам қаржы жинақтады. Бүгінгі таңда аударымдар мен жарналар тек жалдамалы жұмыскерлер үшін жүргізіледі, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін енді ғана жүргізіле бастады. Филиалдар құрылды, ұжымдар бар, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сатылатын медициналық қызметтерді сатып алу үрдістері де енгізіліп қойды.
2020 жылғы 1 қаңтарға қарай аяқтауымыз тиіс іс – азаматтардың статустарын өзектендіру, сақтандырылған немесе сақтандырылмаған азаматтарды есепке алу ғана. Әрі тегін және сақтандыру пакеттеріндегі медициналық қызметтерді жекелей есепке алу жүйесін барынша жетілдіру. Медициналық ақпараттық жүйелер осы үшін де қажет.
–Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы деректері бойынша 600 мыңға жуық адамның мәртебесі өзектендірілмеген. Бұл көп пе, аз ба?
– Бұл халықтың бар болғаны 5%-ы ғана, олар міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтарын әзірге түсінбеген азаматтар. Осы азаматтар алдағы уақытта тап болуы мүмкін әлеуетті сын-тегеуріндердің бар екенін білеміз. Сондықтан да, халыққа медициналық сақтандырудың барлық артықшылықтары мен оған қатыспаудың сын-тегеуріндері туралы ақпаратты жеткізу өте маңызды. Жыл соңына дейін оларды МӘМС жүйесіне тарта аламыз деп ойлаймыз.
Егер басқа қырынан қарасақ, онда біз жүйеге тұрғындардың тартылуының жеткілікті жоғары деңгейін көрсетіп отырмыз – дамыған елдердің сақтандыру медицинасына өтуі бойынша халықаралық сарапшылар тұрғындардың 80%-ын ұсынып отырса, біз олардың 95%-ын қамтыдық. Бұл ретте көптеген ел тек сақтандыру моделін енгізді, ал бізде ол әлеуметтік тұрғыда бағдарланған. Яғни кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін сақтап қалдық, бұл тұрғындардың медициналық көмекті ала алмау қатерін барынша азайтты. Мұны Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында да нақты айтты, бұл Конституцияның 2-бабының тармағында және «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 34-бабында нақты көрсетілген.
– Жоба биыл 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында қанатқақты режімде іске қосылды. Бұл нені қарастырады?
– Толық іске қосар алдында біз барлық олқылықтарды жою және түзету үшін жүйені апробациялауға тиіс едік. Облыста жобалық кеңсе құрылды, ол күн сайын мониторинг жүргізетін болады. Біз де апта сайын сонда барып, медициналық қызметкерлермен, денсаулық сақтау басқармасының басшыларымен кездесіп, сақтандыру медицинасына көшу ел тұрғындарына қиындықсыз өтуі үшін өзекті мәселелерді көтеретін боламыз.
Осы жоба аясында жүйеге қатысу-қатыспауына байланыссыз барлық жергілікті тұрғындарға 31 желтоқсанға дейін профилактикалық тексерулерден өтіп, оңалту көмегін алу мүмкіндігін ұсындық.
– Президент үш жылда, сақтандыру қаржыларын қоса алғанда, денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 2,3 трлн теңге бағытталатынын атап өтті. Медициналық көмектің кепілдендірілген тегін көлемін қамтамасыз етуге қандай қаржыландыру көзі көзделген?
– Шын мәнісінде, медициналық көмектің кепілдендірілген тегін көлемін қаржыландыру көлемі қазіргі деңгейінде сақталады. Бұл – жылына 1 трлн-ға жуық теңге. Сақтандыру пакетіне келетін қаражат қаржыландыру көлеміне қосымша есебінде болады.
Медициналық көмектің кепілдендірілген тегін көлеміне барлық шұғыл көмек кірді. Яғни, емделушінің қандай да бір шағымдары болса, температурасы көтерілсе, ауырып қалса, дәрігерге жүгінеді және сақтандыру статусына қарамастан, медициналық көмекті тегін алады. Алғашқы медициналық-санитарлық, жедел және паллиативтік көмек, санитарлық авиация – барлығы кепілдендірілген пакетте қалады.
Сонымен қатар, тегін пакетте әлеуметтік маңызды аурулар және жоғары мүгедектік пен өлімге әкелетін психикалық бұзылулар, жүрек-қантамыр жүйесінің, тыныс алу жүйесінің аурулары, онкология, қант диабеті секілді 25 негізгі созылмалы жұқпалы емес аурулар кезіндегі медициналық көмектің толық тізімі қарастырылған. Бұл жағдайда консультациялық-диагностикалық, стационарды алмастыратын, жоспарлы стационарлық көмек, амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және туберкулез кезінде медициналық оңалту тегін болады. Дәл осындай қызметтер барлық сақтандырылғандар үшін сақтандыру пакетінде қолжетімді болады. Бұл пакетті одан әрі кеңейту үшін халық медициналық сақтандыру жүйесіне белсенді қатысып, жүйеге ай сайынғы жарналар мен аударымдарды жасауы өте маңызды.
Сонымен қатар балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көп балалы аналар секілді 15 жеңілдікті санат ақысын мемлекет төлейді. Ал жалдамалы жұмысшылар, жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, өзіне-өзі төлеушілер өздеріне төлейді.
Азаматтардың өз бетінше, өз қаражаты есебінен мамандардың еміне, диагностикалық қызметтерге және консультативтік көмегіне ақы төлейтін шығыны бар. Оның ішінде кепілдендірілген тегін қызметтер де қамтылған. Бұл саланың жеткілікті қаржыландырылмауы себебінен орын алады. Соның нәтижесінде біз тұрғындардың денсаулық сақтауға жұмсайтын шығындарының 40%-ға дейін артқанын көрдік. Ал халықаралық сарапшылар тұрғындардың мұндай шығындары 20%-дан аспаған жағдайда ғана денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы жайлы сөз етуге болады деп санайды. Сақтандыру медицинасына көшуіміздің негізгі алғышарты да осы болды. МӘМС адамдардың жеке шығындарын екі есеге азайтуы тиіс. Бұл өз кезегінде медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады.
– Бізге белгілі болғандай, іс жүзінде жүйе 1 қаңтардан емес, 1 сәуірден бастап іске қосылады. Осы үш ай ішінде қазақстандықтар медициналық көмекті сақтандыру пакетімен ала алады. Шынымен солай ма?
– Иә, бұл кезеңге дейін барлық азаматтар шартты түрде сақтандырылған болып саналады. Бірақ сәуір айында сақтандыру кезінде оларға өткен үш айдың берешегін өтеу керек болады. Сондықтан біз медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық жұмыс істейтін болады деп нақты мәлімдей аламыз.
ӘңгімелескенДуман АНАШ,«Egemen Qazaqstan»