Заңмен бекітілгендей, мемлекетте отбасылық той мен шараларды сағат 6:00-ден 23:00-ге дейін ғана өткізуге болады. Сонымен қатар палау тартудан басқа жағдайларда, тойды бірнеше күнге созуға тыйым салынған. Қалалық және аудандық кеңестер палау тарту уақытын «жергілікті жағдайға байланысты» белгілей алады.
Енді той уақытына ғана емес, қонақтар санына да заңмен шектеу қоюға мүмкіндік бар. Ендігі жиын-тойларға 200-ден аса, палау тартуға 250-ден аса қонақ шақыруға болмайды. Сондай-ақ үйлену тойларына қатысты да жекелеген норма бекітілген. Ол бойынша, той қонақтарының қатарына тағы 50 адамды қосуға рұқсат.
Сонымен қатар жаңа заң бойынша, үйлену тойларында жеңіл автокөлік саны 3-еуден аспауы тиіс және тойға екіден көп әнші мен музыкалық топты шақыруға рұқсат жоқ.
Мұндай заңның қабылдану мақсаты – отбасылық салтанатты шаралардағы ысырапшылдықпен күрес. Депутаттар заң жобасын талқылау барысында «ысырапқа толы және салтанатты» үйлену тойларын өткізу үшін, азаматтардың қарызға батып, артынша табыс табу үшін шетелдерге кететінін айтып шағымданған.
Соңғы он-он бес жылда қазақтың тойы тәрбиелік мәнінен айырылып, бақталастық пен бәсекелестіктің, ысырапшылдық пен астамшылықтың алаңына айналғанын көзіміз көріп жүр. Бүгінде көрпесіне қарай емес, жұрттың сөзіне қарай әрекет ететіндер несиеге белшеден батып, дүбірлетіп той жасайды. Тіпті әне бір жылдары тойдан түскен той шығынын жаппаған отбасында дәмхана иелері келінін кепілзат ретінде алып қалды деген әңгімелер әлеуметтік жіледе желдей ескені елдің есінде.
Қазақ тойындағы ысырапшылдық – қоғамда бұрыннан қызу талқыға түсіп жүрген өзекті әрі жауыр болған тақырып. Талайдан бері сөз болып жүрген мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та 2018 жылғы 4 қазан күні твиттердегі парақшасында: "БАҚ-та үйлену және басқа да тойларды жаңа үлгіде өткізуге қатысты пікірталастарды қолдаймын. Көзбояушылық, даңғазалық, ысырапшылдыққа жол бермей, бауырлас өзбек, түрік, түрікмен xалықтары сияқты ұлттық дәстүрге баса мән беруіміз қажет", — деп жазған еді.
Бірақ қазақ қоғамы той мен жаназаны өткізу форматы және оған жұмсалатын қаржы көлемі туралы әлі толыққанды пікірге келе алмай жүргенде өз-ағаларымыз тойдың етек-жеңін заңмен қымтап алуға кірісіп кетті.
АЛМАТЫ
.