Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы ашылды. Беделі биік ұйымның үш күнге, яғни 23-25 қыркүйек күндері аралығына жоспарланған сессиясына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, баяндама жасайды деп күтілуде.
Қазақстанның халықаралық ұйымдар арасындағы бәсі биік Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған 1992 жылдан бергі аралықта екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейі қалыптасты. Еліміз аталған ұйымның мүшесі ретінде өзінің белсенді іс-қимылымен көрініп, халықаралық ауқымдағы саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық, экологиялық мәселелерді шешуге, әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға атсалысып келеді. Осы арада Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың, әсіресе халықаралық қауіпсіздік саласына қатысты әр жылдардағы игі бастамалары БҰҰ-тарапынан үнемі қолдау тауып отыруы еліміздің беделін көтеріп, әлемдік қоғамдастықтағы рөлін арттыра түскенін ерекше атап көрсетуіміз керек.
Бұл бастамалардың бірқатарына тоқтала кетер болсақ, олар: Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) шақыру, Орталық Азия үшін БҰҰ-ның арнайы экономикалық бағдарламасын құру, Арал, Семей экологиялық апатты аймақтарды қалпына келтіру, 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні ретінде белгілеу, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс саласы бюджетінің бір пайызын БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына арналған арнайы қорына жыл сайын аудару, 2013-2022 жылдарды Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы ретінде жариялау және тағы басқа.
Бұдан бөлек, Н.Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің БҰҰ Бас Ассамблеясының және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құжаты ретінде тіркеліп, оның ұйымға мүше барлық мемлекеттерге алты ресми тілде таратылғанын да еске сала кеткеніміз орынды.
Сонымен қатар еліміздің 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болып сайлануы әрі осы органға 2018 жылдың қаңтар айында төрағалық етуі тараптар арасындағы байланыстың жоғары деңгейін көрсетті. Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші болып БҰҰ ҚК-ге мүше болу мәртебесін иеленген Қазақстанның осы қадамы еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделді әрі белсенді ойыншы екенін тағы бір дәлелдеді. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қауіпсіздікті нығайту бағытында жүргізген сарабдал саясатының арқасында мүмкін болды.
Міне, еліміз бен БҰҰ арасындағы осынау келісімді, сындарлы ынтымақтастықтың ширек ғасырдан астам тарихының қысқаша айтқанымыздағы мазмұны осындай.
Ал енді халқымыздың аманатын арқалап, мұхит асқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та БҰҰ-ға сапарында бұған дейін өзара сенімге негізделген, сауатты жүргізілген саяси бағытты одан әрі жалғастыратыны белгілі болып отыр.
Қ.Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында, 12 маусымда өткен ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде, 2 қыркүйекте жариялаған Жолдауында Елбасы саясатының сабақтастығын сақтай отырып жүйелі жұмыс жүргізетінін атап көрсеткені белгілі. Бұдан біз Қазақстанның сыртқы саясаты да сабақтастық аясында өрбитінін ұғамыз. Демек, еліміздің халықаралық ұйымдар шеңберіндегі іс-қимылы, шет мемлекеттермен байланысы бұған дейін өзін өзі ақтаған бағытпен жалғасын таппақ. Мұны Қ.Тоқаев АҚШ-қа сапары алдында америкалық The Hill басылымында 20 қыркүйекте жариялаған мақаласы арқылы да нақтылай түскендей.
«Қазақстан диалог пен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыра береді» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында Қ.Тоқаев бұл Президент лауазымында АҚШ-қа алғашқы сапары екенін, бірақ бұрын Сыртқы істер министрі, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметтерін атқарған адам ретінде бұл елге келу өзіне жаңалық еместігін айта келіп, «Мен өз қызметімде біздің елімізді керемет басқарған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрасына арқа сүйеймін әрі өзімнің де бұған дейін жинақтаған тәжірибемнің пайдасы тиеді деп үміттенемін», деп жазды. Сондай-ақ Президент Қ.Тоқаев Елбасының ішкі және халықаралық деңгейдегі жетістіктерін жалғастыруды өзінің міндеті санайтынын айтады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мақаласында АҚШ пен Орталық Азия мемлекеттерінің байланысына Қазақстан қомақты үлес қоса беретінін, әлемдік ауқымда ядролық қарусыздандыру үдерісіне белсенді атсалысу Қазақстанның басым бағыттарының бірі екенін, осы орайда орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою келісімінің бұзылуы әлемге зор қауіп төндіріп тұрғанын сөз етті. Мақалада Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысқа да екпін түсірілген. Атап айтқанда, Қазақстан АҚШ-тың 700-ден астам компаниясымен әріптестік бағытта жұмыс істейтіні, бұл елдің «Nasdaq» және «Goldman Sachs» компаниялары «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының акционері мәртебесіне ие екені айтылған.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, 25 қыркүйекке дейін жалғасатын БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясына шартараптан 196 делегация қатысуда. Олардың ішінде 100-ге жуық мемлекеттің басшылары, ұйымға мүше елдердің 80-нен аса үкімет және сыртқы саясат ведомствосы жетекшілері бар. Сессия шеңберінде түрлі деңгейдегі 630 кездесу өтетін көрінеді. Бұдан біз қазақстандық делегацияны бастап барған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі өте тығыз болатынын аңғарамыз.
Мемлекет басшысы БҰҰ алаңында өтетін «Кедейлікті жою, сапалы білім беру және климатты сақтау іс-қимылдары мен жан-жақты тәсілдерін ілгерілету үшін көпжақты күш-жігерді шоғырландыру» тақырыбында өтетін Жалпы пікірсайыста баяндама жасайды және Тұрақты даму мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумда сөз сөйлейді деп күтілуде.
Сабақтастықты сақтап, сындарлы саясатты жалғастыру бағытын ұстанған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, бірқатар мемлекет және үкімет басшыларымен, халықаралық ұйым төрағаларымен, АҚШ-тың бизнес және трансұлттық компаниялары өкілдерімен, осы елдің саяси және сарапшы топ мүшелерімен кездесуі жүзеге асырылмақ.
Ұсынылған ақпараттарға қарағанда, Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясының алқалы жиынына қатысудағы мақсаты – еліміздің сыртқы саясатына байланысты бірқатар бастамаларды ілгерілету. Бұл бастамалар қарусыздану және оны таратпау, бітімгершілік, терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтиды. Сонымен бірге осы жиында Қазақстанның тұрақты даму, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау және білім беру, қоршаған ортаны қорғау және басқа да халықаралық күн тәртібіндегі өткір мәселелерге қатысты көзқарасы, ұстанымы әлемдік қоғамдастық назарына ұсынылады.
Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ жұмысын жақсы білетін тұлға. Қазақстан Президентінің дипломатиялық қызметі жолындағы ең бір жарқын да жауапты кезеңдерінің бірі БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және осы ұйымның Женевадағы кеңсесінің Бас директоры лауазымына тағайындалуымен тікелей байланысты. Біріккен Ұлттар Ұйымының тарихында алғаш рет осы деңгейдегі лауазым Орталық Азия өкіліне ұсынылған кезде оған Қасым-Жомарт Тоқаев лайық деп танылып, нәтижесінде ол 2011 жылдан 2013 жылға дейін бұл қызметте табысты жұмыс істеді.
Тағы бір айта кетер жайт, қазақстандық қоғам үшін Қ.Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясына қатысуынан бөлек, АҚШ-тың бизнес және трансұлттық компаниялары өкілдерімен кездесуі де өте маңызды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары шеңберінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға арналған бірқатар іс-шаралардың жоспарлануы көңіл қуантады. Өйткені еліміздің АҚШ-пен тиімді сыртқы экономикалық байланысын күшейту үлкен маңызға ие.
Еліміздің тәуелсіздігін алғашқылар қатарында таныған, әлемдік аренаның көптеген салалары бойынша көшбасшы саналатын АҚШ Қазақстанның сенімді әріптесі. Әсіресе экономикалық ынтымақтастықтың жөні бөлек. 2017 жылы Қазақстан-АҚШ арасындағы сауда айналымы 1,636 миллиард долларды құрады. АҚШ Қазақстанға инвестиция салып отырған елдердің алғашқы үштігіне кіреді.
Беделді мінберде ел бастамалары ұсынылады
Зарема Шәукенова,
Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2011-2013 жылдары аралығында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғандықтан, оған аталған беделді ұйымның қызметі өте жақсы таныс.
БҰҰ-ға мүше болған сәтінен бастап мемлекетіміздің осы ірі халықаралық ұйыммен ынтымақтастығы сәтті әрі дәйекті түрде дамып келеді. Бұл тұрғыда БҰҰ алаңында Қазақстан бірқатар маңызды бастамаларды көтерді. Бұл қадамдар елімізге бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігерге елеулі үлес қосуға мүмкіндік берді. Осыған байланысты Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру идеясын 1992 жылдың қазанында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында ұсынғанын атап өткен жөн. Бүгінде АӨСШК Азия өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту бойынша алдыңғы қатарлы диалог алаңына айналды, оған 27 мемлекет қатысуда.
БҰҰ қызметінде Қазақстан қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау режімін күшейту саласында ерекше үлесін қосты. Еліміз халықарылық антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналды. Қазақстан өзінің үлгісінде ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартып, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайтуға болатынын көрсетті. Осы ретте БҰҰ 29 тамызды Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні деп жариялау туралы қарар қабылдады. Атаулы датаға 29 тамыздың таңдап алынуы да тегін емес. 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылуына орай бұл қарарды Қазақстан бастама етіп көтерген.
БҰҰ Бас Ассамблеясының осы жолғы сессиясында Қ.Тоқаев орнықты даму, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау және білім беру жүйесімен жаппай қамту, қоршаған орта мәселелері бойынша Қазақстанның көзқарасын ұсынады.
Ел ұстанымын айқындайды
Әнуар Шотбай,
сарапшы:
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті ретінде алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мінберінен сөз сөйлейді. Ол өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау және білім беру жүйесімен жаппай қамту, қоршаған ортаны қорғау және басқа да халықаралық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның көзқарасын, нақты бағытын әлем назарына ұсынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін өте жақсы білетін адам. Өйткені ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғаны, ұйымның Женевадағы кеңсесінің Бас директоры болған тұлға. Сондықтан әлемдегі ең ықпалды, құзыреті кең ұйымның барлық құрылымы мен жұмысын егжей-тегжейлі біледі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы беделі мен жеке байланыстары алға қойылған мақсаттарды орындауға ықпал етеді. Осы саладағы мол тәжірибесі мен білімі Президентке Қазақстан Республикасының мүддесін барынша жоғары деңгейде қорғауға мүмкіндік береді.