• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Қыркүйек, 2019

Найза ұшымен бұлт үркітіп: Тоқтамыс батыр тұр Тәуелсіздік тұғырында

681 рет
көрсетілді

Сәтін салған істің қайыры барына тағы бір мәрте көз жетті. Семейден сергек аттанып, қуана күпініп, көңіл масайрап, үміт жетелеген үлкен жолдан Абай бабаға қатысты қасіретті де шадыманды ширатпа шежіренің шетінен ұстай жүгіргендей кейіпте едік. Қарауылға дейінгі даңғылдың қос қапталы тұнған тарих, тамсантқан тәлім, жүрек лүпілдетер қазына-қамбаға бай екен. Сонау Шыңғыстау сілемдеріне іліккенше небір тосын сырлы, таңданыстан таңдай құрғаған аңыз іспетті, бірақ астары шындықпен шыланған нағыз нәпақалы уыз-нәсіптің сөлінен мейір қандырғанымыз рас. Иә,иә, солай! Барлық құбылысқа Абайдың көзімен, Шәкәрімнің шерімен, Мұхтардың сөзімен таңба-таралғы тартқанбыз. Ол жағын сәл ірке тұралық... Себебі бар.

Себепсіз салдар болмайды. Кешегіден бүгінгі жақын. Алдымен тәуелсіздіктің бір тарихи тәбәрігі туралы таратайын. Сосын жолайғы тарих көмбесін үңгіп көрерміз...

...Ұлы Абайдың 175 жыл­ды­ғы қарсаңында Қарауылға кіре­берістегі айналма жолда ор­на­тылған «Абай елі – руха­ният мекені» атты стелланы ашу сал­­танатына қатыстық. Абай, Шәкәрім және Мұхтардың ба­рельефті бейнелері үш­бұ­рыш – үш тағанды бәйтерек бұтағына қонақтағандай болып, елге кірген әр пенденің бүйрегін бүлк ет­кі­зетіндей. Сезім әсері осы сәтте жетелеп шоқ талды алаңқай алабынан көзге ыстық басылған Тоқтамыс батырдың ат үстіндегі тұлғасына жанар қадатқызады. Міне осы ескерткіштің ашылу салтанаты басталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Абылай ханның шеп бұзар батырларының бірі, Қабанбай мен Бөгенбай баһадүрлердің сенімді серігі болған, «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы» – Тоқтамыс батыр Лақаұлының ту­ғанына 290 жыл толу құр­ме­тіне арналған мерекелік іс-ш­ара уақыт талабына сай сали­қалы өтті.

Қазақ-қалмақ соғысының бас қаһармандарының бірі, толар­сақтан қан кешіп, туған же­рін ақ найзаның ұшы, ақ білек­тің күшімен қорғаған даңқ­ты ба­тыр Тоқтамыс Лақаұлы 1730-шы жылдардың шамасында Әзіреттің Қаратауындағы Жы­лы­бұлақ деген жерде дүниеге кел­ген. Тоқтамыстың алғаш көзге түсіп, жүрек жұтқан ерен ер­лі­гінің тұңғыш танылған тұсы – атақ­ты Шаған шайқасы болған. Сон­дай-ақ Аягөз шайқасында да (мөлшермен 1750 жылдары) қолын көзсіз ерлікке бастай біл­ген. Жалпы Тоқтамыс батыр үш соғысқа кіріп, жеңіске же­тіп, үш туға ие болған (соның бір туын осы салтанатта көзбен көр­дік). Кейіннен Мамай батыр да бір кезде Көкенай батырдан ал­ған Тобықты туын батыр інісі Тоқтамысқа табыстапты. Ол шамамен 1797 жылы дүниеден өтеді. Батырдың сүйегі Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылының күнбатыс жағында Қыдырдың бөктеріндегі Бел­басар төбесіне жерленген. Ке­йіннен ұрпақтары басына Маң­ғыс­таудың ақ тасынан еңселі кесене орнатқан.

Міне енді алып ескерт­кіші бой көтерді. Аудан әкімі Ж.Бай­сабыровтың мәлім­деге­ніндей, халықтың өз қаржысымен. Ол ескерткіш авторы Н.Қалиевке, қомақты қаржы құйып, демеу­шілік танытқан айтулы ел азаматтарына өз атынан «Алғыс хат» табыстады. Талантты ақын Т.Жанғалиев «Бабаға арнау» өлеңін оқыды. Ол жетекшілік ететін «Ақсұңқар» ақындар сы­ныбының оқушылары да батыр бабасына арнап жүректерінен жыр түлетті.

Ғалым Т.Жұртбай еңселі ес­­керткішке еңсеріле қарап тұ­рып: «Найзасының ұшымен ел басын торлаған қасірет бұл­тын үркіте сейілткен батырға қараңыздаршы, пай-пай!» деп Тәуелсіздіктің мәңгілік тұ­ғыры­на орнаған Тоқтамыс баһа­дүр­дің ерлігін келер ұрпақтың зер­десіне қонақтату тұрғысында келелі ойларын келістіре сабақ­тады. Ал академик Ғ.Есім ұлт өресі осындай тарихи тұл­ға­ларды әспеттеуден бастау ала­ты­нына кеңінен тоқталды. Мем­лекеттік сыйлықтың лауреа­ты Т.Әбдікәкімұлы өз жер­лес­терін Абайдың келер жылғы 175 жылдық мерейтойына да­йын­дықты белсенді жүргізіп, Қарауыл маңын абаттандыру мәсе­лелеріне назар аударды.Бір­қатар ел ақсақалдары ел бір­лі­гін нығайтудың жолдарын атап көрсетіп, ең алдымен жастар тәрбиесіне көңіл бөлу қажеттігін саралап берді. Тоқ­тамыс батырға арналған қос кітап­тың тұсауы кесілді. Батыр рухы­на дұға бағышталып, ас берілді.

... Иә, Тоқтамыс батыр мұ­рындық болған Қарауылдағы осындай қымбат қауышулар жүрекке нәр берді. Болашаққа нық жоспар жасатты. Ұлт тағ­дырына қатысты небір ойлардың басын қарпытты. Осындай шырайлы берекесімен маңызды іс-шара есте қалмақшы.

...Ал Қарауылға жеткенше қандай ойлар мазалап еді? Әдетте қайбір ойлар жанды маздатып әрі жабырқатуымен мәнді ғой. Әйтпесе олардың не құны қалмақ!

Сонымен ең құдіреттісі сол, Абай ауданына жеткенше ұлы жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының әсеріне бөленіп, оның беттерін қайта парақтағандай сезім әлдиінде тербеліп отырдық. Жалпы тас­жолдың қос қапталындағы көрі­ніс­терге Абай бабаның көзімен қарағымыз келген.

Бөрлідегі М.Әуезовтің мұра­жай-үйі соншалықты ыстық кө­рінді. Жасыл ағашқа малынып, ағараңдап тұр. Балалық шақ­тың табы қалған қасиетті мекеннің әр бөлмесі тарихтан сыр шертеді. Алаш арыстары туралы біраз кітаптар жиналып қа­лыпты. Бізге де М.Дулатовқа қатысты шығармаларымызды жеткізіп беруге өтініш түсті. Келістік. Есіктен шыққанда қар­сы алдындағы дөңнің ойпаң­дау тұсынан жарқырап мазар көрінеді. Жазушының әке­сі Омархан мен шешесі Нұр­жа­малдың бейіті екен. Жарық­тықтарға тәу еттік те «жазу­шы­ның кіндік қаны қайда тамды екен?» деп аласұрған ішкі сұ­рағымызға жауап іздеп, ертіп жүрген кісінің елгезектігімен ұза­са бір шақырымдық Аяққара­ғанға жаяулап жеттік. Ойдым-ойдым боп өскен қараған бұта­ларының сәл сұйылған тұсында кір­піштен өрілген қабырға тақ­тайшасына «Аяққараған. М.Әуезовтің туған жері. 28.09. 1897 ж.» деп жазылыпты. Биік­тігі тізеден келерлік те­мір шар­бақпен қоршалыпты. Қасын­да құдық сілемі көлбеңдейді. Жай­пақ ойық. Бір кездері оның зәмзәм суы сәби ерніне шы­ланған шығар-ау... Бүгінде тар­тылған, жайдауық. Бірақ тереңге тартқан тұңғиығы әлі түгесіліп сарқылмағанын маңайын жап-жасыл түске бөлеп, күзде де көкмайсаға бөктіргенінен әбден аңғаруға болар еді... Неткен қа­сиетті құдық едің! Нәріңнен бал тамған тіршілік көзі... Әлемдік әдебиет жылғасына жалғасып, одан әрі дариядай дараланып кеткеніңді білер ме едің!

Енді құлағымызға қоңыр үн уілдеді. Мана мұражай-үйдің сол қапталындағы биік мү­сінделген жартасқа қашалып жа­зыл­ған «...мұңлы қоңыр ту­ған анам, туған жерім Бөрілі... М.Әуезов» деген тіркестер санада жаңғырды. Осы жазушының «іңгәлаған» жеріне Бөрліге кіре берісте андағайлап көзге түсер­лік биік белгі қойылса, нұр үсті­не нұр болар еді-ау!

Бір ойды бір ой қозғайды. Ұзын жолдың бойындағы көр­сет­кіш тақтада Сырт-Қасқабұлақ Абай­дың туған жері деп жадағай меңзелген. Мөлшері қанша шақырым? Абай кіндігі кесілген жер айтушының көмегімен көзге әрең бұлдырап шалынады... Сағым көтерген алыстағы сұл­басына сағынышымызды амалсыздан сыздықтата сығып кетіп барамыз... Ұлы той қарсаңында зәуліМ бір белгі соғылар!

ХVІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген, елі мен жерін жау­дан қорғап, небәрі 21 жасында мерт болған қазақтың жүрек жұтқан Күшікбай батырының мазары тұрған дөңге көтеріліп тәу етпес бұрын, жолдың сол қап­талындағы ылдиға ағып жат­қан Күшікбай бұлағына тоқ­тап тыныстадық. «Бұл бұ­лақ «Күшікбай» деп атала­ды, Тоқта, мейман, көп алда са­пар әлі... Бұл бұлақтан су іш­кен адамдар­дың, Ғұмыры бір ғасырға ұзара­ды!» деген ақын Т.Жанғалиевтің өлеңі тақ­тай­шаға ілініп қойған екен. Өлең мықты, тақтайша жүдеу. Батырға қатысты тағы басқа де­ректер ұсынылған тұстары да жемірілген, кемірілген... Ал бұлақ болса тұрбадан тулап ағып төменге жайылып жатыр. Алқа­бын айдынды етіп, көркем абаттандырып қойса деген тілек тіл ұшында дірілдейді. Абай ауылын бетке алған жолаушы біткеннің бұлаққа соқпай өтпейтіні неғайбыл. Шет турис­терден бетті басып, ұялмасақ болды да... Алда дабыл қағып той келе жатыр...

Жер жәннаты, жерұйық мекен Жидебай! Сені де көрер күн бар екен. Абайдың көзімен жол бойын тінткілеген жанарымыз дымқылданғаны несі. Ішкі жалын дем ыстық лебімен жүзі­міз­ді шарпығаны несі, бәтір-ау! Абай інісі Оспанмен, Шәкәрім баласы Ахатпен мәңгілік тыныстап жатқан киелі орыннан көкке шаншылған қос мұнара әлемге қол бұлғап тұрғандай... Той қарсаңында көңіл елегінен өткізсе, бұл кешенді кеңістікте де қолға алып кемшін тұстарын құлпыртып жіберетін жайттар жетерлік екен...

... Жол үсті ойлары балалай береді. Ту сыртынан Шыңғыстау қал­қа­лаған Қарауылға жеткенше жер бедерінен туған Тор­ғайым­ның жалғыз тал кезік­пей­тін кейбір тұс­тарын ойша бар­лап, сонау бір жыл­дары Ахаң мен Жақаң­­ның (А.Бай­­тұр­сынұлы, М.Дулат­ұлы) ақ­тал­ған­нан кейінгі үлкен жиы­­ны­на келе жатқан белгілі ға­лым Т.Кәкішевтің «е, ұлылар қай­­да туады десем, қаймағы тұ­тас, табиғаты бүлінбеген, ауа­сы был­ған­баған, тілі мен діні бұ­зыл­маған осындай бір бұдырсыз өлкеде дүниеге келеді екен-ау» – деп тамсанғанын естіп едік. Сол сөзді Қарауылға қаратып та қайталауға болады екен... Ал осы өңірдің рухани үндестігін айт­саңызшы. М.Дулатов ұлы Абай мұралары уақыт өткен са­йын біз­ге, алыстаудың орнына жа­қын­дай түсетінін меңзеп кетіп еді ғой.

Абай аудандық кітапханасы мен гимназиясында, Семейдегі Абай атындағы кітапхана мен Абайдың мұражай-үйінде оқыр­мандармен болған кездесулерде қаншама сұрақтар қойылып, ой бөлісілді. Бәрі-бәрі көкейде. Бір студент: «Абай әлеміне қандай үлес қоспақсыз?» деп еді. Бас­тапқы үлесім бәлкім, осы ма­қа­лам болар, жарқыным! Арғы жағын уақыт көрсете жатар...

 

Қайсар ӘЛІМ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Нұр-СҰЛТАН – Семей – Қарауыл