«Лисаков қаласының аты қайдан шыққан?» деген сұрақты қала қонақтары тұрғындарға жиі қояды. Олардың барлығы да «Осы өңірде түлкі көп болған соң қойылған болар» дейді. Тіпті қалаға кіре берісте түлкі мүсіні де қойылған.
Осы Лисаков қаласының түбіндегі «Октябрь» кеншілер кентінде тұратын байырғы тұрғын Қапыш Наурызбаев ақсақал биыл 93 жасқа келді. Әлі тың, әңгімеге жүйрік. Туған жердің тарихына байланысты қызықты хикаялар тиегін ағытты.
– Лисаков қаласының атын түлкіге емес, қасқалдаққа байланысты қойған жер өлшейтін мамандар екен. Менің аталарым аңшы болған. Ол кезде даланың аң-құсы жыртылып айрылатын. 1908 жылы арасында менің әкем, атам бар, 4-5 адам аңшылықтан келе жатады. Біздің аталарымыз ат арбасының жиегін талмен өріп, қау жасап алады екен. Соған атқан қаз, үйрегін салады. Жолда 2-3 орысты кездестіреді. Түсінгенінше тілдеседі. «Не қылып жүрген орыссыңдар?» дейді қазақтар. «Землемерміз» дейді. Ішіндегі біреуі: «Атқан қаз, үйрегіңнен бізге тамақтық тастасаңдар, өлшеген жерге сендердің аттарыңды қоямыз, кейін бір кезде мұнда қала, поселке түседі», дейді. «Онда, мә ал «Наурызбай» деп қойыңдар», дейді бұлар. Сонда Наурызбай атамыз: «Керегі жоқ. Бұлар шошқа ұстайды, ондай қалаға қазақтың атын жолатпа, қайдағыны айтпаңдар!» дейді ғой. Ол кезде үлкеннің сөзі заң. Сонымен ақкөңіл қазақтар жер өлшеп жүрген қазақтарға қаз, үйрегінен сыбаға беріп кете береді, дейді Қапыш атай.
Негізі, қазіргі Лисаков қаласының төңірегі онсыз да Наурызбай ауылы аталған екен. Қапыш атаның қолында, өзінің айтуынша, 1940-1950 жылдардағы картаның көшірмесі де сақтаулы. Сонда өзен жағасындағы «развал аула Наурызбай» деп көрсеткен. Ал әлгі орыстар Қапыштың әкесінің үйіне ау сұрап келіпті.
– Ол кезде қонақүй, асхана, көлік қайда? Жер өлшейтіндердің жұмысы жеңіл болмаған. Орыстар әкем Жұмағазыдан ау сұрап келеді. Олар балық емес, қасқалдақ аулайтынын айтады. Қазір Лисаков қаласының орнында кішкентай көлшік болатын. Айнала жұмыр қоға өскен, бетінде толған қасқалдақ жүзіп жүреді. Ол сүңгігенде барып ауға түседі. Оны аумен ұстап, тамақ еткен. Сол жерді «лысуха» сөзінен шығарып, «Лысаков» деп атаған өздері. Ал оны жергілікті қазағы да, орысы да жұмсартып «Лисаков» деп атап кеткен, дейді.
Қаланы қалай атаса да, арасында Наурызбайдың аты уақыт шаңына көміліп қала берген.
Қостанай облысы,
Лисаков қаласы