«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» ағылшын тілінде жарық көрді. Қос антологияның тұсаукесері 25 қыркүйекте Британия кітапханасында өтті.
Әрқайсысы 500 беттен тұратын кітапқа 60 қазақ авторының таңдамалы шығармалары енген. Антологияны ағылшын тіліне аударып, баспадан шығаруда жобаға сарапшылық қолдау көрсеткен Британия кеңесі болса, ал ең басты серіктес – Кэмбридж университетінің баспасы (Сambridge University Press) Ұлттық аударма бюросымен бірге жолма-жол аударманы әдеби өңдеу, баспаға дайындау, сондай-ақ басылымдарды шетелдерде насихаттау жұмыстарын атқарған.
Антологияның алғысөзін Британияның академиялық қоғамдастығының белді өкілдері жазды. Мысалы, заманауи қазақ прозасының антологиясына Британия кеңесінің бас директоры, сэр Киарен Девейн сөз арнаса, қазіргі қазақ поэзиясы жинағының алғысөз авторы – әдебиеттанушы-профессор Джейсон Хардинг.
Әлемнің ірі кітапханасында таныстырылған ағылшын тіліндегі антология Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия сынды ондаған елдің 8 мыңнан аса кітапханасына, университеттері мен ғылыми орталықтарына жеткізілмек.
Тұсаукесерге Британия кеңесінің, Кэмбридж университеті баспасы, Британия кітапханасының басшылары, сондай-ақ аудармашылар, әдеби редакторлар мен сыншылар, Қазақстан тарапынан Қазақстан Президентінің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек қатысты.
Шара барысында сөз сөйлеген Аида Балаева: «Бүгінгі тұсаукесер «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясындағы жұмыстың жемісі. Ол қазақстандық әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, театр және кино туындыларын әлемге таныстыруға бағытталған. Бүгінгі жобамыз жүйелі түрде жалғасын тауып, мәдениетаралық қарым-қатынастың ұлғаюына негіз болады деген сенімдемін. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 60 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары тұңғыш рет әлемнің негізгі алты тіліне аударылып отыр. Жобаны жүзеге асыруға Ұлыбритания, Франция, Испания, Мысыр, Қытай және Ресейдің жетекші баспа ұйымдары атсалысты. Антология әлемнің 90-нан аса еліне, бес құрлыққа тарайды. Яғни, бұрын-соңды дүние жүзі оқырмандарының қолына түспеген қазақ әдебиетінің үздік үлгілерімен 2,6 млрд адам танысуға мүмкіндік алады», деді.