• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Технология 27 Қыркүйек, 2019

Мүмкіндігі шектеулі жастардың IT жобалары

864 рет
көрсетілді

Даму ерекшелігі бар жастарды әлеуметтік оңалтуға бағытталған «IteachMe» жобасының қатысушылары инновациялық идеялары үшін гранттар ұтып алды. Жеңіске жеткен жобалар арасында мүмкіндігі шектеулі жандарға өзін кез келген мамандық иесі ретінде көруге мүмкіндік беретін виртуалды алаң немесе дәрі-дәрмекпен емдеу тиімсіз болған кезде қолданылатын арнайы тренажер бар.

Жарты жыл бойы барлық өңірлерден жиналған жас өнертапқыштар жетекші­лерімен бірге мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың және өзге де әлеуметтік осал топтардың өмірін жақсартуға бағыт­тал­ған инновациялық жобаларын же­тіл­дірді. Олар білім беру лагерінде бағ­дар­ламалауды үйреніп қана қоймай, сұ­ранысқа ие болатын өнім шығару үшін қосымша жобалық менеджменттің, веб-дизайн, роботтехника және маркетинг саласының қыр-сырын үйренген. Онымен қоса, өздері ұсынған жобаның қаншалықты өзекті болатынын анықтау үшін инклюзивті және әлеуметтік жоба­ларға деген қоғам сұранысын зерт­теді. 

«IteachMe» – даму ерекшелігі бар жас­тарды оқыту және жұмысқа орналастыру арқылы әлеуметтік оңалтуға бағытталған инклюзивті білім беру жобасы. Жобаны Жастар жылына орай  «Ерекше Тандау-Шелек» кор­по­ративтік қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бірлесіп ұйымдастырған. Сон­дай-ақ бастамаға «Шеврон» компаниясы, Ор­талық Азия Еуразия қоры мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қол­дау білдірген. 

Жоба жетекшісі Захира Бегалиеваның айтуынша, технология мен білім қоғам­дағы барлық кедергілер мен шекараларды жояды. «IteachMe» ерекше қажеттіліктері бар жастар үшін өмір­ге жолдама берді. Жо­ба барысында қы­зықты әрі қиын сәттер көп болды. Біз қоғамда қалыптасқан таптаурын қағи­даларды бұздық. Технология мен білімнің күші кедергілер мен шекараларды жоятынын көрсетті. «Жаңа технологиялар әлемді шексіз етеді» деген түсінік тағы да расталды. Бастысы, қа­тысушылар алдағы уақытқа үлкен жос­парлар мен мақсаттар қойды және олар­дың жобалары халықтың әлеуметтік осал топтарына көп көмек көрсетеді», деді З.Бега­лиева.

Жобаның соңғы кезеңі Нұр-Сұлтан қала­сында «Astana Hub» халықаралық IT стартаптар технопаркінде өтті. Финалдық кезеңде қатысушылар жеті дайын жобаны ұсынды. Олардың төртеуі жобаларын әрі қарай дамыту үшін 400 мың теңгеден ұтып алды. Жеңімпаздар қатарында ма­мандық таңдауда көмекке келетін виртуалды платформа мен мүгедек жандарға арнайы тренажер болды.

 

Виртуалды дәрігер, бағдарламашы, дизайнер бол

Алматылық бір топ жас өнертапқыш ұсынған «CUP» (Classmates Up the Progress) жобасы – соңғы сынға же­тіп, ақшалай сыйлық жеңіп алған инновация­лық өнімдердің бірі. Жоба мүмкіндігі шек­теулі жандарға кәсіби бағдар беруге және жұмысқа орналасуға көмектесуге арнал­ған. Қолданушы арнайы онлайн-плат­формада күні бойы өзін кез келген мамандық иесі ретінде сынап көре алады. Әзірге жобаның прототипінде бағдар­ламашы, маркетолог, дизайнер секілді мамандықтар ұсынылған. Жоба авторларының бірі «Тұран» колледжінің Ақпараттық жүйелер мамандығының 4-курс студенті Алексей Каримовтың ай­туынша, жобаға барлық мамандық иелерін қосу жоспарда бар екен.    

«Қазіргі уақытта келіссөздер жүргізіп жа­тыр­мыз. Жақында келісімшарт жасасамыз. «IteachMe»-ден жеңіп алған соманы жобаны әрі қарай дамытуға жұм­сай­мыз. Керекті жабдықтарды сатып алып, жобаның әдістемелік негізін әзір­лейміз. Қазір колледждегі дип­лом­дық жұмысымыздың шеңберінде сайт жасап жатырмыз. Алдағы уақытта дайын жобаны мемлекеттік органдарға ұсынуды жоспарлап отырмыз», деді жоба қатысушыларының бірі.

Жас дарындарға ойға алғанын іс­ке асыруда «Тұран» университеті және кол­леджі, сондай-ақ Қазақстан Республи­касының Ұлттық кітапханасы қолдау біл­діреді. Он бір қатысушыдан жиналған топ жаз бойы «Тұран» колледжі берген ауди­торияда жұмыс істеп, маркетингтік зерт­теу жүргізуге мүмкіндік алыпты.

Жоба авторлары «CUP» мүмкіндігі шек­теулі жандарға өмірден өз орнын тауып, қалаған мамандық иесі атануына көмек­теседі деп сенеді. 

 

Ерекше қажеттіліктері бар жандарға жан-жақты қолдау

Ал Талдықорған қаласындағы мү­­ге­­дек жан­дарға арналған «Elstar» реа­­би­­литация­лық-психологиялық орта­­лы­­ғы­ның жетекшісі Вадим Друзин IT-технологияның көмегімен ағзаны қал­пына келтіретін арнайы құрылғыны ұсынды.

«БОС тренажерлері көп жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеу тиімсіз болған кезде қолданылады. Компьютерге жалғанған құ­рылғы ем алушының жұмысқа деген қабілетін, зейінін арттырып, күйзеліске төзімді болуына, тепе-теңдік сақтауын және үйрену мүмкіндіктерін жақсартады. Тал­дықорған қаласында барлығы 1300 бірінші топтағы мүгедек жандар өмір сүреді. Бұл жоба өзім сияқты тірек-қимыл жүйесіне зақым келген адамдардың өмі­рін жеңілдетер еді», дейді Вадим Друзин.

Ол өзге де еріктілермен бірге қалада тұрақты түрде мүгедек жандарды өмір­ге бейімдеуге арналған тренингтер ұйым­дастырып келеді. Жобаны жүзеге асыру үшін «IteachMe»-ден ұтқан бастапқы қара­жатына краудфандинг арқылы 3 млн тең­ге жинауды көздейді. Қаражат жинау қыркүйек айынан басталып кеткен. Егер қажетті соманы жинай алса, өзі тұрып жатқан пәтерді оңалту орталығына айналдырып, бірнеше жанға тегін көмектесер едім дейді.

«Мүмкіндігі шектеулі жан үшін бұл ем­ді ұзақ уақыт аралығында қабылдауға көп қаражат керек екенін білемін. Жоба Тал­дықорған қаласында іске асса, Ал­ма­тыдағы баламасынан әлдеқайда қол­жетімді болады», дейді жоба авторы.

Жастар жылы аясында мүмкіндігі шектеулі жастардың IT, инновация сала­сын­дағы жобаларын қолдау мақса­тында ұйымдастырылған шара қоғамдағы бар­лық даму ерекшелігі бар жандарға көр­сетілген үлкен сенім екені сөзсіз. Себебі мүгедектер күнделікті тап болатын проб­ле­малармен қатысушылардың өздері жақсы таныс және әр жобаны жан-жақты зерт­теп, тиімді шешу жолдарын ұсынуға тырысқан.

Мемлекет басшысы да Қазақстан халқына Жолдауында мүмкіндігі шек­теулі балалар мәселесіне үлкен көңіл бөл­ді. «Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға мін­деттіміз. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл –  ерекше жастарға деген қамқорлық одан әрі арта түсетінін көрсетеді. 

Даму ерекшелігі бар жастарды әлеуметтік оңалтуға бағытталған «IteachMe» жобасы еліміздегі жас дарын­дарға өз күштерін инновация саласында сынап көруге үлкен мүмкіндік берді. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болған жастар алдағы уақытта инновациялық жобаларымен Қазақстанның цифрлы ел болуына елеулі үлес қоспақ.