• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Қыркүйек, 2019

Меценат мектепті жөндеп, ауылына су тартып берді

559 рет
көрсетілді

Кейде журналистерді күтпеген сапарлар шақырады. Әріптестеріміздің қолқалауымен аяқ астынан еліміздегі әйгілі үш мектептің бірі – Жетісу өңіріндегі Мамания мектебін көреміз деп кім ойлаған. Қазақ даласында бой көтерген алғашқы Жәңгір хан, Ыбырай Алтынсарин мектептерінен кейін іргетасы қаланған, Жетісудың атақты байы Маман бидің балалары Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл қажылар 1899 жылы ұйымдастырып, 1903-1904 жылдары салып бітірген тарихи оқу ордасынан осылайша табылғанымыз бар. Бұл мектептің құрылыс жобасы, оқу бағдарламасы, ішкі ережелері Уфадағы «Ғалия» медресесінің тәжірибесіне негізделгені аян.

Мамания мектебінің меценаты оны 55 жылдан кейін күрделі жөндеуден өткізіп, көлік сыйлап, ауылына су тартып берді

Осы арада оқырманды адастырмау үшін айта кеткен жөн, кейін бұл мектеп 1935 жылы Ақсу ауылына көшіріліп, Алматы облысы Ақсу ауданында 1964 жылы 640 орындық құрылыс басталып, 1965 жылы алғашқы қоңырау соғылған Мамания орта мектебі бар. Айналасы бірнеше жылдың ішінде бұл мектеп 1 000 балаға толады. 

Өткен ғасырдың басында Ілияс Жан­сүгіров, Біләл Сүлеев сияқты Алаш зиялылары да осы мектептен сауат аш­қан. Мектептің шежіресіне үңіле түс­сеңіз, жазушы Кәкімжан Қазыбаев, академик Жүрім­бек Сыдықов сынды түлектерді табасыз. 

Сонымен биылғы оқу жылында Ақсу өңірінде айта жүрерліктей, игілікті істің куәсі болып қайттық. Әбден тозып, бала оқытуға қауіпті болып қалған мектеп қайтадан еңсесін көтеріпті. Ақсу ауылының оқушылары алғашқы қоңырау үнін күрделі жөндеуден өткен мектептен естіді. Бұл игі іске үлкен қаражат салған Молдияр Нұрбаев есімді кәсіпкер азамат болып шықты. Міне, араға ғасыр салып Мамановтардың мектеп салу ісі аймақта қайталанып отыр. Мамания мектебін жаңғыртып қана қоймай, сонау 7 шақырым жердегі Ақсу өзенінен ауылына су тартып берген азаматқа ел алғысы ересен. Мектептің айналасына көшеттер мен гүлдер отырғызылып, қазірдің өзінде абаттана бастапты. 

«Көрпеңе қарай көсіл» деген де бар. Шама-шарқымызға қарап, құры­лысты бастадық. Керек-жарақты ауылға жеткізудің өзі де аз машақат туғызған жоқ. Ауыл мен ауданды, ауда­н мен қаланы жалғап жатқан жолдың жайын өздеріңіз көрдіңіздер. Ал мектеп құрылысына қажетті материалдар мұнда жоқ. Оны Алматыдан тасымалдау қажет болды. Алғашқы жылы мектептің есік-терезелері мен жылу жүйесін ауыстырып, кабинеттерді жабдықтап біткенше қыс түсіп кетті.  Шатырын ауыстыру, ауласын асфальттау, көгалдандыру жұмыстарын биыл жалғастырдық», дейді Молдияр ағамыз.    

Осылайша мына қарбаласы көп өмірде кіндік қаны тамған жерден байланысы ажырамаған кәсіпкермен бірге сауапты оқиғаға ортақтасып, тарихи деректерді санамызда жаңғыртудың сәті түскен-ді. Және бұл сапардың біз үшін өнегесі мен тағылымы орасан болғанын айту да парыз.

«Ауылдан адам кетсе де адамнан ауыл кетпейді» деген ақиқат қой. Тәуел­сіздігімізді тұғырлы, елдігімізді бекем ете түсетін де осындай бастамалар болса керек. Күрделі жөндеуден кейін жаңа­дан салынғандай салтанат құрған мектепте қуаныштан жүздері бал-бұл жанған мұғалімдер мен оқушыларды көріп, «Рухани жаңғыру» деген осы болар дестік. Қазір Мамания мектебінде 232 бала білім алып жатыр.

Азып-тозған ауылдар мен оқушысы азайған мектептерді, қалаға көшіп кетуді көздейтін жастар мен үлкен шаһар­лардан нәпақа тапқысы келіп тұратын мұғалімдерді тұрақтата алатын да осындай ілкімді істер екендігі сөзсіз. Бүгінгінің батырлары – әлеуметтік бастамаларға мұрындық болған азаматтар, қайырымдылық қадамдарынан тіршілік мәнін іздеген меценаттар екені тағы даусыз.

«Бұл мекен – менің кіндік қаным тамған жер. Ата-бабаларым да осында жатыр. Отбасыммен келіп, Құран оқытып тұрамын. Мен де осы мектепте оқығанмын, 1967 жылғы түлегімін. Біздің кезімізде бұл мектепте 1 мыңнан астам бала оқыды. Елге келіп-кетіп жүргенімде ауыл көшіп, тұрғын азайып, мектептің халі мүшкіл күйге түскенін біліп, бірде аудан әкіміне хабарласып, ол кісіден өзім оқыған мектептің жай-күйін сұрадым. Мектептің жағдайы жоқ, жабылатын түрі бар екенін байқадым. Әйелім екеуміз ақылдаса келе, мектепке қамқорлық жасауды азаматтық парызымыз деп санап, жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Біраз шаруа жасалды. Атқарылар іс әлі жетеді, оны уақыт еншісіне қалдырайық. Мектеп директоры балабақшаға көмектесіңіз деп отыр. Мен өз басым мектеп директорын танымайды екенмін. Қарасам, мектепке 25 шақырымнан қатынап істейді екен. Осында туып-өскен баламын ғой, бұл жердің қысының өте қатты болатынын жақсы білемін. Сондықтан мектептің жұмысының жандануына жұмсасын деген ниетпен, астына бір көлік алып бердік. Ауылда ішетін ауыз су бар, бақша ексін, ағаш суғарсын деген оймен су тарттық. Мектеп жақсы болса жерлестерім елге көшіп келер, ауылды көгертер деген ниеттемін. Бәрін уақыт көрсетеді», деді кәсіпкер Молдияр Нұрбаев.

Молдияр ағамыз мектеп табал­дырығын «тарыдай» болып аттаған кіш­кентай балғындарды көріп, бастап­қыда сөйлей алмай толқып тұрып қал-ғ­а­нын, әлі де жүрегіндегі туған өлкеге деген сағынышы мен мейірімін жоғалт­пағанын аңғардық. Ата-бабасы мәңгілік тұрағын тапқан өлкеге іскер азаматтың әрбір оралуы үлкен оқиға екендігін көрдік.

Келешекте мектеп маңынан спорт кешенін салуды көксейтін меценат былтыр Мамания мектебіне Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен Әлем чемпионы, даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановты да алып келген.

Алматыдан арнайы барған БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Мамания мектебінің директоры Алпамыс Қазбан­бетов Молдияр Нұрбаевтың бастамасы басқа да түлектерге де өнеге бола бас­тағанын нақты мысалдармен дәйектеді.

«Дегенмен біздің мектеп үшін Мол­дияр Нұрбаевтың орны бөлек. Мол­дияр Қылшықұлы қомақты қар­жыға 168 терезе, 10 компьютер, 5 прин­­­тер алып берді. Ағылшын тілі ка­­бинеті мен математика кабинетін күр­­делі жөндеуден өткізіп, мектеп жи­һаздарымен қамтамасыз етті. Жы­лу жүйесін жаңартып, мектептің сырт­қы жұмыстарына үлкен қаражат бөлді. Ауламызға асфальт төсеп берді. Мектепке «Нива» көлігін сыйлады. Со­нымен қатар мектеп шатырын толықтай ауыстырды. Балаларды таситын ав­тобусымызды жаңартты», дейді мектеп директоры Алпамыс Қазбанбетов.

Ауыл меценаты бұл сауапты бас­тамаға кешенді түрде келгенін баяндау да бізге парыз. Көп жылдар жөндеу көрмей, есік-терезесі азынаған мектептен де басқа, Ақсу ауылында әлі де атқарылатын шаруалар шаш-етектен. «Мамания орта мектебі, мектепке дейін­гі шағын орталығына» қанша рухани және материалдық тұрғыда инвестиция салынса да артық болмайтыны анық.

Ауылда балаларды спортқа баулитын орталық ашсам деген ниет бар. Амандық болса, бұл келешектің ісі. Бірақ биыл мүмкіндігінше футбол стадионын жасап берсек деген ойдамыз, дейді меценат.

Мұнан да бөлек алматылық кәсіп­кер қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай құ­рылған қорға 20 миллион теңге бөліп, туған жеріне ақынның тас мүс­інін сыйға тартып отырған жайы бар. Аудан орталығында бой көтерген бұл ескерт­кіштің де айналасы абаттандырылып, саябақ орнайды.

«Мен мұның барлығын байлығым асып-тасқандығынан емес, өзімнің кіндік қаным тамған ауылымның адамы кө­бейсе, ауылым қайта көркейсе, қатарға қосылса, деген жалғыз тілекпен жасап жатырмын. Әйтпесе маған ешкім осының барлығын міндеттеп жасатып жатқан жоқ. Бұл менің адами парызым, деп білемін», дейді ел ағасы.

 Алматы облысы