Кеңес империясының қанды қасабына іліккен Алаш зиялыларының қилы тағдырлары тек қазақтың қабырғасына батпауы керек. Сталиндік репрессияның әр құрбаны – әлемдік трагедия. Бұл тұрғыда аталған тақырып әлі де «ашылмаған арал» деуге болады. Кейде шындықты шыңыраудан, ақиқатты аспаннан іздеудің қажеті жоқ. Тек тарихи оқиғаларға әділ баға беру әркімнің ар алдындағы бұлжымас парызы болса жеткілікті.
Алаш жайын сөз еткенде Мұхтар Әуезов есімін ерекше атап өтетініміз белгілі. Ұлы Мұқаң жайлы айтылған, жазылған, түсірілген құнды дүниелер аз емес. Сол еңбектердің қатарына, жоғарыда аталған жобалардың жалғасы, «Qazaqstan» ұлттық арнасы ұсынған «Бір пьесаның ізімен» деректі фильмін қосуға болады. Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасын кеңінен баяндайтын деректі фильм авторы – белгілі журналист Мұхтар Түменбай.
Екі сериялы фильмнің бірінші бөлімінде жазушының қуғын-сүргінге дейін жүріп өткен өмір жолы, қазақ руханияты үшін істеген ауқымды жұмыстары баяндалады. Фильм авторы М.Түменбай ол туралы «Жазушы Мұхтар Әуезов – Кеңес өкіметінің кеңшілігінен гөрі кекшілдігін көп көрген тағдырлы тұлға. Өмір – күрес десек, Мұхтар Омарханұлы сол қайнаған күрестің үлкен бастауында жүрді. Бай шығармашылық жазушы адамнан тек ізденісті талап етпейді, сонымен бірге үлкен төзім мен батыл күресті қажет етеді. Кейде адам санасы түсініп болмайтын қорқынышты құрбандықтарға да барады. Әуезов сол өткелдің барлығынан өтті, күресті, қудаланды, ақыр-аяғы құрбандыққа да барды», дейді.
Екі жүз жылдық бодандық қазақты әбден езіп, жаныштап жіберген-ді. Алайда, ақпанда ақ патшаның тақтан құлауы, одан кейін басталған Қазан төңкерісі қазақты бостандыққа бір табан жақындатқандай болды. Сол кезеңде Алаштың бетке ұстар білімді азаматтары азаттыққа жетуді әртүрлі жолмен іздеді. Бірі – Алаштың ақ туына біріксе, екіншісі – Қызыл империяның әділдік пен теңдік идеясын жақтады. Деректі фильмде осы тарихи оқиғалар кезең-кезеңімен ашық көрсетілген. Әрине, саяси күрестерден Әуезов әлбетте тыс қалған жоқ. «Алаш» партиясының жастар қанатына кірген жас Мұхтардың Алаш жастары одағын құруға белсене кірісуі, 1918 жылдың мамыр айында Омбыда өткен қазақ жастарының алғашқы құрылтайында орталық атқарушы комитеттің мүшесі болуы, Алаш қозғалысын насихаттауы, «Жас азамат» атты жалпықазақтық жастар ұйымын құруы, Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп «Абай» журналын шығаруы сияқты қайраткер тұлғаның ірі-ірі қадамдары деректі фильмде дәйекті баяндалады. Архив құжаттары молынан пайдаланылып түсірілген фильмді көріп отырып, Әуезовтің осынау жұмыстары кейін жазушы өміріне қалай соққы болып тигеніне өкінішпен куә боласың. Алайда, халқы үшін туған асыл азаматтың «Хан Кенедей» пьесасы бәрібір қазақтың ұлттық рухын қайрап, «Абай жолындай» классикалық туындылары көшпелі өмір салтанатымызды өлтірмей осы күнге жеткізді.
Екінші бөлім Әуезовтің екі жыл бойы түрмеде отырып, шартты түрде бостандыққа шыққан жылдарын баяндаудан басталады. Фильм авторы бұл саяси жүрістің мәнін былай деп түсіндіреді: «Жазушының 1932 жылы «Социалды Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде шыққан ашық хаты оның айыптарын «жуып-шайды» деуге болады. Бірақ, Кеңес өкіметі Мұхтарды атпауға бірнеше себеп болды деп ойлаймын. Тіпті, аталған ашық хаттың мәтініне, тақырыбына үңілген болсақ, жалаң ғана жалғыз сөйлем «Мұхтар Әуезовтің ашық хаты» деп беріледі. Демек, Әуезов сол кезеңде аса танымал тұлға болып тұр деген сөз. Әйтпесе, қазақ жазушысы деп болсын бірер анықтама сөз қосарлануы керек еді. Яғни, бар қазаққа аса белгілі Әуезовті сұрқай саясат әдейі пайдаланған», дейді автор.
«Хан Кене» пьесасы негізінен осы екінші бөлімде айтылады. Пьесаны жазушы 1934 жылы театр режиссері Орынбек Бековпен бірлесе отырып сахнаға алып шығады. Аталған шығарма Алаш қайраткерінің большевиктік билікке қарсы үндеуі деуге болады.
Пьеса бастан-аяқ қазақтың соңғы ханы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысын дәріптейтін ірі монументалды қойылым ретінде құнды болатын. Оны өздерінің сын мақалаларында Ғабит Мүсірепов те, Сәкен Сейфуллин де автордың бетіне кемшілік ретінде басқан. «Бұл пьеса төңірегінде түрлі интригалар орын алғанын архив құжаттарына көз жүгірткенде анық аңғарасың. Мәселен, фильмде Ғабеңдердің, Сәбеңдердің сол уақыт шеңберінде жазған, жаңылған жүрістерін жасырып қалсақ, жаңа ұрпақ үлкен адасуларға ұшырайды. Бұл – біздің ұлт ретінде толық қалыптасуымызға, тарихымызды түгендеп таразылауымызға қатты нұқсан келтіреді», дейді М.Түменбай.
Айталық Ғабит Мүсірепов «Пьесаның өне бойында Кенесары мен Наурызбай, Бопай ержүрек батыл тұлғалар етіп көрсетілген және соның арқасында көрермен қауым еріксіз солардың жағында болады» десе, Сәкен Сейфуллин «Менің пікірімше, бұл уақиға пьесада тарихи социалистік шындық ретінде жарамды болып көрсетілмеген. Жарамды болып көрсетілмегені былай тұрсын, зиянды ұлтшыл сезім оятатын жат пьеса болып шыққандығы айқын көрінеді», деп жазады. Жалпы, «Бір пьеса ізімен» деректі фильмі тек Әуезовтің өмірін емес, сол кезеңдегі көптеген ірі қайраткердің өмір жолын жалған жала мен жазадан арашалап отырады. Фильм авторы жоғарыдағы екі мақаланың да саяси тапсырма екенін айтады.
Деректі фильмде сол кездегі жақсы мағынасындағы «темір нарком» Темірбек Жүргеновтің тұлғасы жан-жақты жақсы ашылған. Жүргеновтің пьесаға тыйым салу ойында да болмағанын фильмде Ғабит Мүсіреповтің Мирзоянға жазған хатынан, жиналыста сөйлеген бірнеше қоғам қайраткерінің сөздерінен байқауға болады. Жүргенов те, Беков те, Әуезов те пьесаны қоғамдық кеңестен өткізбестен көрерменге ұсынып жіберуі – үлкен ерлік еді. Алайда, кейін пьеса көрерменнің ойынан шықпады, өзгертулер мен толықтыруларды қажет етеді деген желеумен еріксіз тоқтатылады.
Айтпағымыз, фильмді көрген көрермен көптеген тарихи құжатпен танысып, шындық жайлы таным-түсінігін толықтыра түседі. Фильмнің әрі авторы, әрі жүргізушісі Мұхтар Түменбайдың осындай игі істі ілгері алып шыққаны бізді қатты қуантты. Ұлт руханиятын түгендеуге қосқан сүбелі еңбек. Әлбетте, бұндай тарихи құнды дүниелер әлі де көптеп түсірілсе деген тілек білдіргіміз келеді. Байқағанымыздай, түсірілім тобының дені көбі отызға толмаған жастардан құралған, атап айтқанда қоюшы режиссер Самат Әлім, монтаж режиссері Рустам Ултаршин, қоюшы оператор Жандос Ниделданов. Яғни, бұл сияқты жобаларды алдағы уақытта да осындай білімді, білікті кәсіби мамандарға беру жұмысқа үлкен серпін әкелетіні аңғарылады.
Қорыта айтқанда, «Бір пьеса ізімен» деректі фильмі – ұлт ұпайын түгендеген Түменбайтегі Мұхтардың түпкілікті идеясының бастауы дер едік. Автордың әлі де ұлттық арнамен бірлесіп жасайтын жақсы жұмыстары алда деп есептейміз.