КазГУ-дің журналистика факультетін 1981 жылы бітірдік. Қарашаңырақтың атағы жер жарып, дәуірлеп тұрған шағында басқасын былай қойғанда, әлемдік деңгейдегі ғалым Өмірбек Жолдасбеков ректор, Темірбек Қожакеев деканымыз. «Декандардың деканы, паханы» Қожакеевтің темірдей тәртібінің арқасында адам болғанымызды ашық айтуымыз керек. Бұл енді Қожакеевтің «бізге журналист керек, ақын-жазушы боламын дегендер филфакқа барсын», аса зиялы, зипа кісі Амандосовтың «қыздардан журналист шықпайды» деген сөзінің де аспандап тұрған тұсы. Ұстаз айтса біз секілді бозөкпелер бірдеңе түсінсін деп айтқан шығар, бәлкім, қайрауы болар, біздің курстан ақын да, жазушы да, журналист та шықты. Елге танылғандары да баршылық. Ең бастысы, екі профессордың да қаупін сейілтіп, сенімін ақтады. Әсіресе қыздар пысық еді. Қалдыгүл, Салтанат, Бақыткүлдер студент кезінде бірінен соң бірі мөлдіретіп әңгіме, өлеңдер жазып жүрді. Салтанат алғашқы курста-ақ «Жалын», «Лениншіл жас» секілді республикалық басылымдардан жиі көріне бастады. Несібелі кейінгі жылдары әңгіменің шебері екенін байқатты.
Ал жігіттер ше?! Олардың ішінде де жүйрігі аз емес еді. Сол тұста Самат Асқаровтың, Ғабдулғазиз Есенбаевтың ақындығы біраз ортаны мойындатып тастаған болатын. Қайыржан Жұмашев фантастикаға бет бұрса, марқұм Жұмабай Әбілевтің сыншылығы, талантты адамдарға қамқор болып жүретіні де бір бөлек әңгіме. Дей тұрғанмен де ерте танылып, ортамыздан оза шапқаны сөз жоқ Сәбит Дүйсенбиев болды. Ол әр нәрсенің басын бір шалмай, хабар-ошар, мақала жазуға уақытын өлтірмей әдебиетке әңгімелерімен келіп кірді. Ол тұста КазГУ-дің журналистері тұратын 5-ші жатақхана күндіз-түн ұстаханадай көрігі басылмай дүрілдеп тұратын. Танымал ақын-жазушыларыңыз жатағымыздың құтты қонағы болатын. Кездесулер дүркін-дүркін өтіп жататын. Сұлтанғали Садырбаев басқаратын М.Сералин атындағы әдеби бірлестіктің сала-құлаш қабырға газеті шығатын. Сол қабырға газетінің тұрақты авторлары – Нұрғали Ораз, Исатай Балмағанбетов, осы Сәбит Дүйсенбиев тәрізді талантты жігіттер еді. Меніңше, олар үшін осы қабырға газеті әдеби космодром болды. Қабырға газетінен басталған соқпақ сәтті жалғасты.
Сәбиттің екінші курста «Жалын» альманағына «Аптап» деген әңгімесі жарияланып, көп ұзамай айды аспанға бір-ақ шығарып, «Тәтті алма» атты әңгімелер жинағы жарық көріп, оқырман сүйіспеншілігіне бөленіп, дуалы ауызға ілінді. Қарапайым оқырманды былай қойғанда, балалар әдебиетінің атасы Мұзафар Әлімбаевтың «Лениншіл жасқа» «Тәтті алманың тәтті әсері» атты мақаласы шықты. Талантты адам көрсе балаша қуанатын абызымыз шын қуанышын жасыра алмай былай деп жазды:
«Менің қолыма «Тәтті алма» деген кітап түсті. Кітапқа әңгімелер мен бір повесть енген. Жас жігіттің тырнақалдысы бола тұра, қолына жарты ғасырдай қалам ұстаған кәрі дөңге – мені әлгі повесть өзінің нәзік сыршылдығымен, ғибраттылығымен, қарапайым баланың сүйкімділігімен баурады.
Повестің аты да өзіне лайықты, бас кейіпкердің көңіл күйіне сәйкес – «Суық жаңбыр». Жан-жүректі де мұздатқан жаңбыр. Шыншыл шығарма шап-шағын, шып-шымыр. Оқиға тартымды, сюжет сыршыл, түзілім – композиция берік. Бостекі, бас артық детальдар жоқтың қасы.
«Суық жаңбыр» повесі – көркем қуыршақтың көйлегіндей көп-көрім!»
Оның қаламгерлік қабілетін шынайы мойындау осылай жалғаса берді. Тіпті арамызда алғаш Мәскеу көрген де осы Сәбит еді. Ол жылдары Мәскеуде бес жылда бір рет жас жазушылардың бүкілодақтық кеңесі өтіп тұратын. Оған әркім бара бермейтіні түсінікті. 1989 жылы біздің Сәбит сол кеңеске қатысты. КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты Анатолий Алексиннің секциясында болып, шығармалары жоғары бағаланды. Кейіннен осы бір одақтағы балалар әдебиетінің даңқты өкілінің бірі де бірегейі «Литературная газетаға» жазған мақаласында «Балалар жазушысы болып туғандардың қатарында мен қазақстандық Сәбит Дүйсенбиевті де атар едім» деп жазуы мерейімізді өсірді. Осыдан бастап ол шығармашылық кеңістігіне, әдебиет әлеміне ешкімге ұқсай бермейтін болмысымен батыл кіріп бара жатты.
Балалар әдебиеті – қиын әдебиет. Балалар өтірік жазғаныңды, сөйлегеніңді де бірден біліп қояды. Орыс әдебиетінің көрнекті өкілі Василий Шукшиннің «Ең байқампаз халық – балалар, содан кейін суретшілер» деуі де тегін емес қой. Әдетте үлкендерге арналған әдебиетте жазушы қаламды еркін сермеп, ой мен сезімді суреттеуде көп тәсілдер қолданып жатады. Талғам деген нәрсе оның бәрін қабылдай бермегенімен де жазу жағы аса қиындық тудыра бермейтіні рас. Ал балаларға арнап жазуда мұндай көсілуге бара беру мүмкін емес. Меніңше, бұл саланың қаламгері ең алдымен жазушы ретінде емес, адам ретінде де талантты болуы керек. Біз білгенде Сәбит өтірік айту, адам алдау дегеннен ада адамзат. Демек, оның ең басты жетістігі шынайы өмірді суреттеуі, өтірік айтпауы. Яғни оның өзі де әу баста әдепті, тәртіпті бала болғаны анық. Күні бүгінге дейін тойған қозыдай болып жүретін Сәбитті әдебиеттегі бір әдепті баладай болды деп білетініміз де содан. Оның кішкентай болғанымен жүрегі үлкен кейіпкерлері де үнемі қамқор, жамандық ойламайтын, арамдықтан алыс болып келетіні осы ойымызды одан әрі растай түседі. Кейде бір жағдайға оның тоқтамай күлетіні бар. Әдетте, сонша күлетіндей нәрсе емес қой деп қаласың. Сөйтсек ол соның өзіне суреткердің көзімен қарайды екен ғой. Артынан ойлап қарасақ, шынында да күлетін-ақ нәрсе екен ғой деп ойлайсың. Міне, оның шығармаларына да осындай шынайы күлкі, шынайы ойлау тән. Өмірдің өзіндей болып есіңнен шықпайтыны да содан. Қысқасы балалар әдебиеті үшін туған қаламгердің жүрегі сәбидей таза, кішіпейіл, мейірбан, адамдарға жаны ашып тұратын болуы керек деп білеміз. Біздің Сәбит бүгінде алпыстың асуына ат шалдырса да сол қасиетімен қалғанын атап айтуымыз керек.
Аз жазса да саз жазатын Сәбиттің «Тәтті алма», «Қақпашы», «Сладкое яблоко», «Мен ғашық емеспін» атты кітаптарын әдебиетіміздің үлкен табысы деп айтуға болады. Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Независимый Казахстан: антология современной литературы» атты үш томдыққа, Түркияда жарық көрген «Xүзүн Кушағы» («Сырлас буын») атты қазақ жазушыларының таңдаулы әңгімелер жинағына шығармалары енген. Жекелеген әңгімелері түрік, орыс, қырғыз, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған. «Аруна» баспасынан жарық көрген Х.Андерсеннің «Ең әдемі ертегілер» жинағын, орыс, ұйғыр, армян, түрікмен жазушыларының әңгімелерін қазақ тілінде сөйлетті.
«Күшіктерді құтқару құпиясы» әңгімесі мен «Алматының апорты» ертегісі бірі дәстүрлі «Дарабоз» бәйгесінің, екіншісі Қазақмыстың «Балауса» бәйгесінің үшінші жүлделерін жеңіп алды. Осындай шымыр туындылары Қазақ әдебиеті хрестоматологиялық оқулығына енген.
Сірә, біз білгенде қаламгер қырық жасқа дейін қалыптасып, төпеп тастап, өзін әбден мойындатып болады да, содан соң асықпай жазатын болуы керек. Болмаса ет піскенге дейін, тіпті шай қайнағанға дейін бір әңгіме жазып тастайын дегендерді де көргенбіз ғой. Сәбит әу бастан ондайлардың қатарынан емес еді. Адам баласы түсінбейтін жазуын сан мәрте күзеп, түзеп, оқырманды ойлап, аяп барып ұсынатын. Бұл да болса өнерге деген құрмет, оның киесін мойындағандық. «Тәтті алмадан» тәтті басталған шығармашылығының дәмін кетіріп алмау жолындағы табанды күрес осылайша араға жылдар салып жалғасып отырды.
Әрине әдебиетті үлкендер, балалар әдебиеті деп шартты түрде бөлуге болатын шығар. Алайда, шынайы өнер жасау үшін мұның қайсысы да оңай жарылатын жаңғақ емес десек, әуелдегі ойымызға зәредей де қарсылық білдіргеніміз емес. Балуанға оң мен солы бірдей дегендей, ол үлкен прозада да өз қолтаңбасын айқын аңғартты. Әдеби кеңістігі кеңіп сала берді. Тағы бір ой жосығын аңдату үшін әдебиетіміздің тағы бір бөлекше тұлғасы, оқырман есінде мәңгілік махаббат жыршысы болып қалған Әзілхан Нұршайықовтың мына бір пікіріне құлақ салып алайық. Әзағаң өз ойын әдеттегі өзінің сүйікті жанрының бірі хат тілімен білдіріпті.
– Құрметті редакция! Сіздің газеттен Сәбит Дүйсенбиевтің «Махаббат миниатюралары» деген мөлтек әңгімелерін оқыдым. Қатты қуандым.
Қуанатыным: «Осы күнгі жастар махаббаты қандай екен! Біздікіндей ме екен, біз үлгі алған баяғы ғашықтардікіндей ме екен? Әлде, қазіргі кинолардағыдай тұрақсыз, тұрлаусыз ба екен?» деп ойлаушы едім.
Жоқ, асыл махаббат ешқашан өзгермейді екен! Мәңгі-бақи сол суымайтын ыстық, айтылмайтын адал қалпында қалады екен! Оның бір мысалы – осы әңгіме. Мұндағы алғашқы таныстық та, көшедегі кездесулер кезіндегі күйзеліс те, жігіт пен қыздың қосылардағы қызғаныш, қуанышы да, жолаушы кеткен жарға деген сағыныш та, асыл жардан айырылып қалғандағы мұң да – бәрі рас. Жүрек сыздатады.
Біз бастан кешіп, бізден бұрынғылардан мұра боп қалған асыл махаббат алыстап кетпеген екен. Махаббат мәңгі өмір сүреді екен. Мөлдір махаббатты лайлап, «махаббат жоқ» деп жүргендердің өрісі ұзаққа бармайды екен. Автордың өз әңгімесінде осыны жеткізе білгеніне риза болдым. Қазіргі жастардың құлақтарына құятын махаббат сабағы осы деп ұқтым. «Сұлушаш» пен «Мөлдір махаббатты» жазған атақты Сәбит Мұқанов атасымен аттас кіші Сәбитке алғыс айтамын.
Өз бетінде осындай әңгіме жариялаған «Жас Алаш» газетіне ризалық білдіремін.
Зор құрметпен – қарт авторларың Әзілхан Нұршайықов. («Жас Алаш», № 51. 29 сәуір, 2003 жыл)
Әзағаң оны Сәбит Мұқанов атасымен аттас деп бекер атаған жоқ. Шынында да оның атын осы атасындай жазушы болсын деп ырымдап қойған. Кеңес Одағы кезінде ең көп оқылған жазушының атын Сәбит ақтады.
Енді осы әңгіменің әрі қарайғы тағдыры тіптен қызық. Астанадағы Жастар театрының бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбаевтың бұл әңгімені алғаш рет Алматыдан Мәскеуге кетіп бара жатып студенттеріне пойызда оқытқаны бір ұзақ хикая. Қысқасы, бұл туындыны бір вагон студент жатпай-тұрмай, таласа тармаса оқып, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының оқу сахнасына қояды. Кейіннен 2007 жылы Астанада Жастар театры ашылған соң сонда қойылып, күні бүгінге дейін аншлагпен өтіп келеді.
* * *
Бәріміз де білетін бір шындық бар. Кез келген жазушының шығармасынан алдымен өзінің мінезі, болмысы көрінеді. Алманың ағашынан алысқа түспейтіні тәрізді, жазушы да өзінен алыстай қоймайды. Балаң өзіңе қалай ұқсаса, шығармаң да солай. Сәбиттің туындыларының бойына алтын желі болып тартылған кісілік пен кішілік, парасат пен пайым қоңыр әуен, жылы жел, сырлы сөз арқылы жүрекке жұмсақ тиіп өріледі. Ол ағыстарға қарсы жүзбейді. Өмірдің өзін жазады. Оның шығармаларын оқыған сотқар баланың өзі әп-сәтте жуасып қалатын тәрізді болып көрінеді де тұрады. Өйткені ол сондай кейіпкерінің өзіне жаны ашып отырып жазып, одан ойламаған жерден жағымды кейіпкер де жасап жібереді. Бұл енді шеберліктің әңгімесі, ол туралы айтсақ, ұзап кетеміз, бір мақаланың жүгі емес.
Бүгінде біреулер батыстың болмысымен, оның ішінде әдебиетімен шектен тыс ауырып, ата-бабасы атын естімеген Камю, Кафка секілді жазушыларды оқығанын айтып жатады. Дұрыс қой. Дей тұрғанмен де дала деген ұғымы, айналайын деген сөзі жоққа тән әдебиетті оқып, өз бағытынан адасып, өзін жоғалтып жататындар да бар. «Қаздар қайтқанда», «Суық жаңбыр», «Мен ғашық емеспін» атты классикалық деңгейдегі туындылар жазған Сәбит соларды оқыды ма, оқымады ма білмеймін, бірақ 4-класта С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» оқығанын, 6-класта М.Әуезовтің «Абай жолын» мектепте бірінші болып оқып тауысқанын білеміз. Сол кезден басталған іңкәр ізденістердің іргелі ізденістерге ұласқанын және білеміз. Ізденіс дегенде жылда бір кітап шығару, ай сайын бір әңгіме жазу оның қаперіне де кіріп-шықпайды. Ол ұзақ уақыт ой орманын аралап жүреді, тақырыбын әбден пысықтайды, пісіреді. Содан кейін бір күні бұрқ еткізеді. Осы аралықта ол бір керемет сәтті, сол сәттің тезірек туғанын аңсап жүреді. Жазу үстелін сағынады. Мұндай көл-көсір сағынышты серік еткен суреткердің жұрт тұшынып оқитын шығарма жазатынына еш шүбә да қалмайды. Демек, оған сағынып жазу тән екенін көзіқарақты оқырманы да әлдеқашан мойындағанына біз де бек сенімдіміз.
Қали СӘРСЕНБАЙ