• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Қазан, 2019

Алматыда алғаш рет отбасылық айтыс өтті

968 рет
көрсетілді

Жөргегінде жыр қасиетін еміп, «сөз құдіретін өз құдіретім» деп таныған қазақ үшін ұлтымыздың ұлы мұрасына баланатын айтыс өнерінің орны бөлек. Сондықтан болар, сұлу сөзге сусап келген тыңдарманды сүмбіле жырдың суатына сүйрей жөнелетін сөз барымтасының бәсіресі сәтке де болса биіктен құлап көрген емес. Аптаның жұмыс күніне қарамастан Республика Сарайына «айтыс тыңдаймыз» деп ағылған ақеділ ағайынның ақжарма көңілі, ақындарына деген алғаусыз махаббаты осы сөзімізді тағы да қуаттай түскендей. Азаттықтың алтын бесігі саналатын Алматы төрінде Nur Otan партиясының тікелей қолдауымен «Отан отбасынан басталады» атты ақындар айтысы өтті. Аты айтып тұрғандай, Алатаудан ағылған жыр тасқыны  бұл жолы отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұлттық діңіміздің негізгі өзегіне айналған ата өсиетін, әже қасиетін жадымызда жаңғыртты.

Бұл жолғы айтыстың  жөні де, жосығы да бұрынғы айтыстардан өзгерек. Жылдар жылнамасында төл өнерімізді төрге сүйреп келе жатқан Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Одағының төрағасы Жүрсін Ерман тізгіндеген жыр аламаны ұлттық құндылықтарды ұлықтап,  айтыстың өркен жайғаны сонша, бір отбасынан бірнеше шоқтығы биік айтыскерлер шоғыры шыңдалып шыққанын паш етті. Айтыстың ашылу салтанатында сөз алған «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осынау дегдар өнердің қазақ үшін қашанда орны бөлек екенін айтып, алдағы уақытта партия тарапынан айтысқа жүйелі қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Айтыс – ежелден келе жатқан асыл мұрамыз. Бұл өнердің әлем үшін де орны бөлек. Сондықтан ЮНЕСКО айтысты адамзаттың мәдени мұраларының тізіміне қосып отыр. Алдағы уақытта «Nur Otan» партиясы сөз сайысына жүйелі түрде қолдау көрсетеді. Бұл – тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап айтысты қолдап келе жатқан Елбасы, партия Төрағасының тікелей тапсырмасы. Бұл доданың тақырыбын «Отан отбасынан басталады» деп алуымыздың себебі ең басты құндылығымыз отбасы институтын одан әрі нығайтып, сол арқылы елдігімізді күшейту. Өйткені партиямыздың Доктринасында адам, оның бостандығы, заңның үстемдігі, әділеттілік сияқты құндылықтармен бірге отбасы және дәстүрге де ерекше мән берілген. Сондықтан төл өнерімізге жүйелі қолдау көрсетіп, ірі аламан айтыстарды тұрақты өткізіп тұрамыз. Соның арқасында айтыс өнері жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз», – деді Бауыржан Байбек.

Айтыс десе арқасы қозатын көптің көңілін, шөптің шөлін қандырған ақ жаңбырша бір жадыратып тастаған айтулы додада жеті жұп өнер көрсетті. Бұл жолы ақындар өз әулетінің өкілдерімен, яғни, бір отбасынан шыққан шайырлар өзара сөз барымтасына түсті. Айтыстың жарнамасы жарияланғанда көпшілік бұл қалай болар екен деп таңсық көрініске таңырқай қараған еді. Алайда отбасындағы тәрбие, ата мен ананың үлгісі, сыйластық пен жарасым, ауыл мен қала тұрмысындағы ерекшеліктер, нарық заманына бейімделудің көріністері, бала тәрбиесі, жас ұрпаққа білім берудің өзекті мәселелері секілді іргелі тақырыптардың жүгін көтерген айтысты үш мың көрермен сиятын сарай ішін лық толтырған жұртшылық жылы қабылдады.

Сахна төріне алғашқы болып шыққан ағайынды Иранғайып пен Талғат Күзембаевтардың айтысы аға мен іні арасындағы сырбаз сыйластықтың салтанатты үлгісін көрсетті. Қазақи қалжыңды шебер қолданатын сүйір тілді Иранғайып кезі-келгенде: «Аузыңызда бар еді шүкіріңіз, Бауыржан аға, тым бөлек бітіміңіз. Сахнаның еркесі болғаннан соң, Не істесек те дәл бүгін құқылымыз. Қасыңызға балам, міне, бара жатыр, Жақсылап аузына түкіріңіз» деп алты жасар ұлын жұрт алдына шығарып, баласына Жүрсін атасынан бата сұрап, жолын берсін деген емеурінмен Бауыржан ағасының бұтынан өткізді. Жұртты күлкіге қарық қылған бұл тосын қарекет қазақи құндылықты дәріптеген айтысты барынша қыздырып, «Бала аузына түкірту», «Бата беру», «Бұттан өткізу» секілді байырғы баба дәстүрін тағы да бір жаңғыртты.

Бір кездері Баян-Өлгий аймағынан бабалардың салқар сағынышын жырға қосып, ата жұртына оралып, қазақ айтысында өз соқпағы бар Дәулеткерейдей дүлдүлді дүниеге әкелген әйгілі ақын Егеухан Мұқамәдиқызының есімі айтыстың ескі көрермендеріне етене таныс. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан мақамы маңғаз кейуана өзінің немересі Ардагереймен айтысып, тыңдарман қауымды әже мен немере арасын жалғайтын мәні терең тағылымның діңіне бойлатты. Кәп әулетінің сөз сайысында тәуелсіздіктің қадір-қасиеті кеңінен дәріптелді.

Айтыс сахнасында орамды ой, айшықты тіркес, мың құбылған мақамымен көрерменнің көзайымына айналған қарағандылық Дидар Қамиев Ұланғасыр және Айдар есімді өзінің қос інісімен үзеңгі қағыстырып, жыр тұлпарын жарыстырды. Әдемі әзіл мен әсерлі сезімге толы бұл дода көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.  Дидардың аузынан шыққан: «Отаның отбасынан басталмай ма, Отбасың отбасудан басталмасын» немесе «Бабаңның кім болғанын айта бермей, Балаңның кім боларын ойланыңдар» деген секілді ойлы жолдар қоғамдағы түрлі түйткілді мәселелерді тереңнен қаузады. Аға мен інінің тәуелсіздікке дейін дүниеге келген ұрпақ пен жаңа ғасырдың құрдастарын салыстыра жырлауы, жастарды иман мен тәрбиеге бастайтын танымды толғаулары көпшілікке ой салды. Қамиевтардың сөз барымтасында өскелең ұрпақты жыр-дастандармен сусындатудың, оларға ұлттық негізде тәрбие берудің маңызы кеңінен айтылды.

Еліміз егемендігін алған жылдары айтыс аламанына атойлап кіріп, ел есінде қалған Қайыртай Ақылбековтің есімі бойындағы бұла қасиетін ізін жалғаған ізетті ұрпақтарына  дарытқан әке ретінде де, аймаңдай ақын ретінде де иісі қазаққа мәлім. «Қырық күн су ішпеген қара нардай, Көлдария көңіліңе шөлдеп келдім» деп Абай мен Шәкәрім туған қарт Семейден Алматыны сағынып жеткен арқалы ақын өзі өлеңге қосқан тұла бойы тұңғышы, бүгінде талай аламанда топ жарып, қазақ айтысының ең ізденімпаз ақынына айналған Рүстем Қайыртайұлымен айтысқа шықты. Әке мен бала арасындағы мейірім шуағын, қоғамдағы маңызды мәселелерді жырға қосқан ақындар нағыз парасаты биік айтыс жасай алды. Әкелі-балалы айтыскерлер ауыл мен қала халқын алаңдатқан мәселелерді түгел қамтып, жырға қосты. Рүстемнің: «Баласын төбесіне көтерем деп, Төбеден ерте түскен әкелер көп» деген тәрізді  тауып айтқан теңеулері  өмірде ұрпақ тәрбиесіне қатысты көзбен көріп жүрген қателіктерді түйреп, халыққа ой салды. Одан бөлек, әке мен бала әдемі әзіл мен қағытпа қалжыңға да орын тауып, залға жиналған ағайынды бір серпілтіп тастады.

Қазіргі қазақ айтысында салиқалы да салмақты ойларымен өз жолын қалыптастырған Сыр өңірінің тумасы Ержан Әміров інісі Бекжанмен айтысты. Ағасының айтыстағы шеберлігінен шабыт алып, бірнеше республикалық жас ақындар бәйгесінде топ жарған Бекжан Әміров те өзінің осал емес екенін танытты. Бұл айтыста Ержан: «Отбасылық айтыс жай шоу айтыс деп, Қоғамда қалып жатыр бұл іс дауға. Қайта біздің осы айтыс үлгі болсын, Қаншама ұлттар менен ұлыстарға. Арасын ағайынның жікке бөліп, Бала үшін бір-бірімен ұрысқанға. Әкесін сабап, тісін қаққандар мен, Келіні енесімен жұлысқанға. Әйелі үшін бір туған бауырымен, Қырқысқан көкірегі қуыстарға, Жатырына сыйғызған өз анасын, Шатырына сыйғызбай ұрысқанға. Өмірі босағасын аттамастан, Көңілі бір-бірімен суысқанға. Қолына домбыра емес қалам алып, Арыз жазып айтысқан туыстарға» деп жаңа форматта жұртшылыққа жол тартқан отбасылық айтыстың қадірін көтеріп, бұл тұрғыда айтылған сын-пікірлерге үйлесімді нүкте қойды.

Жұрт арасында айтыстың арыстаны атанған әлеуетті ақын Түркістандық Бекарыс Шойбеков пен інісі Дәуреннің айтысы қоғамдағы өзекті мәселелерді отты жырмен сынға алса, Батыс өңірінен келген ағайынды  қос жүйрік Амангелді мен Серікбол Панабердиевтердің өнері  жыр аламанын түйіндеді.

Ақындар отбасылық құндылықтар тұтас еліміздің дамуына тікелей әсер ететін басты тетіктердің бірі екенін айтып, ертеңіміздің жарқын болуы үшін осы мәселеге ерекше көңіл бөлу керектігіне тоқталды. Әсіресе, бала тәрбиесіне, жастарды адал еңбекке, отаншылдыққа баулуға, қоғамды масылдықтан арылтуға қатысты ұтымды сөздер айтылды.

Тапқырлық, ұтқырлық, көркемдік, суырып салу – айтысты бағалаудағы басты талап ретінде қойылды. Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов төрағалық еткен айтыста Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, «Egemen Qazaqstan» РГ АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, Айтулы әдебиет зерттеушісі, ф.ғ.д, профессор Айгүл Ісмақова, Қазақ айтысының дара өкілі, әйгілі ақын Аманжол Әлтаев, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан төрелік жасады.

Қазылар алқасының шешімімен, жұрт көңілінен шығып, айшықты өнер көрсеткен әкелі-балалы ақындар Қайыртай Ақылбеков пен Рүстем Қайыртайұлының жұбы бас жүлдеге тігілген 3 миллион теңгені қанжығаға бөктерді. Жүлде қоры 2 миллион теңгелік екінші орын әже мен немере болып сахнаға шыққан Кәп әулетіне бұйырса, үздік үштікті (1 миллион теңге) ағайынды Қамиевтер түйіндеді. Айтыстың бас демеушісі Nur Otan партиясының атынан жыр бәйгесіне қатысқан әр отбасына 500 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.

Биыл Nur Otan партиясының қолдауымен жылдың соңына дейін бес бірдей аламан айтыс өтетіні сүйіншіленген болатын. Алматы аспанын жырмен кестелеген бұл айтыс соның үшіншісі. Бас партия ерекше қамқорлыққа алып отырған ұлт өнері алдағы уақытта Нұр-Сұлтан және Орал қалаларында жалғасын тауып, елдіктің мұратын асқақтатқан ақындарымыздың бауырын жазып көсілуіне тағы да бір мүмкіндік тудырмақ.

 

АЛМАТЫ