Тоқсанның төріне шыққан абыз ағамыз Серғазы Қалиұлы бүгінге дейін ғылыми еңбектен қол үзген емес, білген-түйгенін қағаз бетіне өрнектей түюде. Өмірі үлгі ағаның әлі де болса айтары мол...
Профессор С.Қалиевтің өмірін үш кезеңге бөліп қарауға болады, бірінші – өсіп, білім алып, еңбекке араласу, екінші – ұстаздық-қайраткерлік, үшінші – үлкен ғылыммен шұғылдану кезеңдері.
1929 жылы бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Қарауыл ауылында дүниеге келген Серғазы Қалиұлы Абай орта мектебінде, 1945-1949 жылдары Семей педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетінде оқып, еңбек жолын бұрынғы Аягөз ауданы, Сергиополь орта мектебінде мұғалім болып бастады. 1950-1951 жылдары Аягөз аудандық оқу бөлімінде мектеп инспекторы, 1952-1954 жылдары Аягөз аудандық комсомол комитетінің I хатшысы, 1954-1957 жылдары Аягөз аудандық атқару комитеті төрағасының оқу-ағарту, мәдениет, сауда және денсаулық сақтау саласы бойынша орынбасары қызметтерін атқарады.
1958 жылы Аягөз стансасындағы 1900 оқушысы, 200 балалық қоғамдық интернаты, 90 мұғалімі бар Түрксіб темір жолы бойындағы ірі мектептердің бірі № 8 (кейін № 244) орта мектебіне директорлық қызметке тағайындалды.
Айналасы 3-4 жыл ішінде мектеп Қазақ темір жолы бойындағы алдыңғы қатарлы мектептердің қатарына қосылды. Мектепте ағаш, слесарь, токарь, тігін шеберханалары, 150 шаршы метрлік жылыжай, спорт залдары салынды, интернат балалары жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етіліп отырды.
Мектеп ұжымы Бүкілодақтық социалистік жарыс нәтижесі бойынша 3-орын алып, КСРО Қатынас жолдар министрлігі мен КСРО Кәсіподақ комитетінің дипломдарымен, қомақты қаржымен марапатталды. Осы еңбектері үшін С.Қалиев «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «КСРО Оқу ісінің озаты» белгісімен марапатталды.
1968-1971 жылдары Қазақ темір жол оқу бөлімінде мектеп инспекторы, 1972-1981 жылдары мектептің бастығы қызметтерін атқарады. Бұл бөлімге 450 мектеп, 200 балабақша, 4 техникум, 5 техшкола, 3 мектептен тыс мекемелер (жас натуралистер мектебі, жас техниктер мектебі, спорт мектептері) қарайтын еді. Осы мекемелер еліміздің 19 облысы мен Қырғызстан Республикасы территориясында, сондай-ақ Ресейдің Орынбор облысында, жалпы 14 000 шақырым қашықтықта орналасқан бытыраңқы мекемелер болатын. Оқу бөлімінде небәрі 36 адам қызмет атқарғанымен, олар қарамағындағы 800 мекеменің жұмысына күнделікті оперативтік басқару жасап, кездескен қиыншылықтарды өздері шешіп отырды. Аз уақыт ішінде 800 оқу кабинетін жабдықтап іске қосты.
Теміржол мектептерін жүздеген оқушылар алтын, күміс медальдармен бітіріп, Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков, Алматы және басқа да қалалардағы жоғары оқу орындарына түсіп, жақсы білім алды.
С.Қалиев ғылыми еңбекке ерте ден қойған жан. Ол 1970 жылы «Ғ.Мүсірепов творчествосын орта мектептерде оқытудың жолдары» деген тақырыпта Фрунзе қаласындағы Қырғыз мемлекеттік университетінде диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алған болатын. 1981 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігі жанындағы Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтына ауысып, аға ғылыми қызметкер, педагогика тарихы бөлімінің меңгерушісі, Институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Бұл кезең Серғазы Қалиұлының ғалым ретінде кемелденген шағы болды.
Ол 1996 жылы ұзақ жылдық педагогикалық бай тәжірибесі негізінде «Қазақ этнопедагогикасының ғылыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, 1997 жылы профессор атағын алды. 2003 жылы Педагогика ғылымдары академиясының Құрметті академигі болып сайланды.
Серғазы Қалиев еліміз егемендік алған кезде отандық білім беру жүйесін қалыптастыруға, жаңа білім беру мазмұнын жасауға көп үлес қосты. Оның тікелей араласуымен мектептерде оқытылатын пәндердің жаңа бағдарламалары, 6 жастағы балаларды мектепке даярлау үшін қажетті оқу құралдар кешені жасалды.
Мен Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ ұлттық білім академиясының президенті болып жүрген кезімде профессор С.Қалиев келіп, «қазақ халқы ерте ғасырлардан бері бала тәрбиесіне ерекше мән берген халық, осы мәселені тереңірек ғылыми негізде зерттеген дұрыс болар еді» деді. Мен Секеңе ойын мақұлдайтынымды, бірақ бұл өте күрделі әрі жауапты жұмыс екенін ескертіп, асықпай ойлану керектігін айттым. Ақылдаса жүріп 30 ғасыр шамасындағы уақытты қамтитын еңбек дайындаған дұрыс болар деген шешімге келдік. Мен Секеңе алдымен осы еңбектің сөзтізбесін жазу жөнінде ұсыныс білдірдім. Бұл идеяны Академияның президиум мүшелері де мақұлдады. Бірнеше рет жолығып сөзтізбені талқыладық, оның соңғы нұсқасын жасауға еліміздің танымал ғалымдарын тарттық.
Біраз жұмыс жасалғаннан кейін мен сол кездегі Білім және ғылым министрі Ш.Беркімбаеваға осы жұмыс туралы жан-жақты мағлұмат беріп қолдауын өтіндім. Шәмшә Көпбайқызы бұл идеяны қолдайтынын айтып, қаражат мәселесін өзімнің қарастыруымды өтінді. Содан Академияның бюджеттен тыс қаражаты есебінен Қазақ тәлімінің 30 ғасырлық антологиясын дайындаумен шұғылданатын зертхана аштық. Профессор С.Қалиев осы жұмыспен толық шұғылдануға мүмкіндік алды.
Профессор С.Қалиевтің үлкен еңбегінің арқасында 2000-2013 жылдары 30 ғасырлық «Қазақ тәлімінің тарихы» атты 12 томдық антология дайындалып, жарық көрді.
Ол академияның көптеген іргелі жұмыстарына атсалысты. Оның 60 жылдық мерейтойына арнап кітап шығаруға, Ы.Алтынсариннің туғанына 150 жыл, 160 жыл, академик, профессорлар Т.Тәжібаев, Қ.Жұбанов, Ә.Сембаев, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, Ә.Сыдықовтардың 80, 90, 100 жылдық мерейтойларына арнап конференциялар өткізу және конференция материалдары бойынша ғылыми жинақтар шығару жұмыстарына араласып, қыруар істер тындырды.
Этнопедагогиканың өзекті мәселелері бойынша 1991-2011 жылдары Шымкент, Қызылорда, Жетісай, Торғай, Атырау, Ақтөбе, Семей, Жезқазған, Жамбыл қалаларында аймақтық, облыстық конференциялар өткізіп, баяндамалар жасады. Осы проблемаға қатысты Мәскеу, Баку, Ташкент, Бішкек, Улан-Батор қалаларында өткен ғылыми-практикалық конференцияларға қатысты.
Профессор С.Қалиев 2005 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне қызметке орналасып, бүгінге дейін үлкен ғалым ретінде болашақ ұстаздарға өзінің бай тәлімін беріп келеді.
Серғазы Қалиұлының ғылыми жетекшілігімен 2 докторлық, 24 кандидаттық диссертациялар қорғалды. Олардың ішінде Қ.Қабдыразақұлы, Ә.Ашайұлы, Б.Әбдиев сынды Моңғолия, Қырғызстан мемлекеттерінің азаматтары да бар.
Профессор С.Қалиев соңғы 30 жылда үлкенді-кішілі 82 іргелі еңбек жазды. Соның ішінде профессор Қ.Жарықбаевпен бірге жазған «Қазақ тәлім-тәрбиесі» могнографиясын, 1 Ростов университетінің профессоры Кукушкинмен бірге жазған «Этнопедагогика» оқулығын ерекше айтуға болады.
Профессор С.Қалиев 2015-2019 жылдары республикалық БАҚ-да XIX-XX ғасырларда өмір сүрген Ақан сері, Сара, Сұлтанмахмұт, Абай, Шәкәрім, Әріп, Көкбай, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Н.Құлжанова, Б.Адамбаев, М.Әлімбаев және т.б. ақын-жазушылардың творчестволық ерекшеліктерін зерттеуге арналған мақалалар жазды.
Ғылыми еңбегі жоғары бағаланып, медальдармен, Жоғары Кеңес Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Туған еліміздің мәдениеті мен әдебиетін зерттеуде абзал ағаның әлі де берері мол таусылмас қазына екенін айтқымыз келеді.
Аскарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик