«Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған» деп ән қанатымен тербегендей, дүниеге келген сәбиді Жаратқан анадан туғанда алаламайды. Шыр ете түскен шақалақ өзінің алғашқы айғайымен-ақ мына дүниеге жаңа бір азаматтың келгенін әйгілейді. Бірақ мына заманда туа салысымен құжатталып, қайда, қашан туғаны анықталмаған сәбидің кейінгі өмірде аттап басқан сайын алдынан қиындық шығады.
Нұр-Сұлтан қаласында «Туған кезде ешкім де ұмыт қалдырылмауы тиіс» атты азаматтығы жоқ адамдар мәселесі бойынша екінші өңірлік конференция өтті. Не үшін? Себебі қазір адамдардың, көшіп-қонудың, күнкөрістің қамымен шекара асып, өзге мемлекетке табан тіреуі қалыпты жағдайға айналды. Біреу заңды түрде еңбек мигранты болып тіркеледі, екіншісі ықтиярхатпен сол елде тұру мүмкіндігіне ие болады. Ал енді бірі заңды айналып өтіп, маусымдық кезеңдерде нәпақасын көрші елдерден тауып, кейіннен Отанына оралады. Өмір бойы көшіп-қонып, қайыр тілеуді өмір салтына айналдырғандар тағы бар. Олар үшін шекара деген шартты ғана дүниедей. Сол әрі-бері шекара асып жүргенде туған баласын рәсімдеуді де дер кезінде елемейді. Ал құжатсыз адам тиянағы жоқ, құқығы әлсіз, қорғаудан тыс жан. Сондықтан да осындай өзекті мәселені сөз еткен конференцияға Орталық Азиядан 80-нен аса делегат қатысты.
Конференцияны БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы (БҰҰ БЖКБ) мен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл бірлесіп, БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ Азия және Тынық мұхитына арналған Экономикалық және Әлеуметтік Комиссиясы (ЭСКАТО) және Еуропалық Одақпен (ЕО) тығыз ынтымақтастықта, тууды тіркеу, азаматтық алуға тиісті шаралар қабылдау және Орталық Азиядағы барлық балаларды азаматтықпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге арналды. «Қай ел де бұл мәселені балаларды қорғаудағы өмірлік маңызы бар шараларды азаматтық туралы заңдарға қосуды, сонымен қатар тууды тіркеу жүйесіне тіркеуден кеш өту мүмкіндігін енгізу сияқты қарапайым және экономикалық тиімді іс-қимылдар көмегімен шеше алады. Бұл өзгерістер туылған балалардың азаматтығы болуына және халықтың осал топтарының өздерінің туған жерлері мен шығу тегін растап, туу туралы куәлік алуына көмектеседі», деген БҰҰ БЖКБ Азия және Тынық мұхит өңіріне арналған Өңірлік бюросының директоры Индрика Ратватте сөзін конференцияға қатысушылар түгел мақұлдады.
Кейбір дереккөздерге қарағанда әлемнің 78 елінде 3 миллионнан астам азаматтығы жоқ адам құқықтық қорғаудан тыс өмір сүруде екен. Осындай проблеманың салдарынан қайтыс болған жанды жер қойнына беруде де қиындық туып, азаматтығы жоқ адамның артында қалған жақындарының алдында сан мәселе туындайтын көрінеді. «Тууды тіркеу және азаматтық құқықты қамтамасыз ету әрбір баланың болашағы үшін маңызды. Құжаттың немесе азаматтығы болмауы кесірінен баланың білікті медициналық көмекке, білім алу мүмкіндігіне, жұмысқа орналасуына және қоғамның саяси өміріне қатысуына мүмкіндігі шектеледі. Туу кезінде балаларды тіркеу олардың заң алдында танылуын, құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етудегі алғашқы қадам болып табылады», деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.
Тууды тіркемеу өздігімен балаларды азаматтығы жоқ тұлға санатына қоспайды, алайда тіркелмеген және туу туралы куәлігі жоқ болған жағдайда, адамның мемлекетпен заңды байланысы бар екендігін дәлелдеу қиынға соғады, дейді конференцияға қатысушылар. Сондықтан да қазақстандық сарапшылар туудың тіркелуін және барлық балалардың азаматтық алу құқықтарын қамтамасыз етуде тууды тіркеу деректерін цифрландыру және синхрондауды, ұлттық заңнамаға сәйкес тууды тіркеуге қажетті құжаттар тізбесіне қатысты жүргізілген жұмыстарды, олардың халықаралық нормаларға сәйкестендіруі жайында айтып берді.
Делегаттар барлық адамның азаматтығы болуы үшін жаһандық #Ibelong азаматтықсыздықты болдырмау науқанын өткізу мерзімінің бірінші жартысында қол жеткізілген нәтижелерге шолу жүргізе келе, науқанды 2024 жылға қарай аяқтау бойынша жаңа міндеттемелер қабылдады. Бұдан бөлек конференцияға қатысушылар Орталық Азия мемлекеттерінде алдағы уақытта жүргізілетін ұлттық халық санақтарында тіркелмеген балалар мен азаматтығы жоқ тұлғалар жағдайының толық көрінісін анықтау мүмкіндігін талқылады.
Жиында сөйлеген сарапшылардың айтуынша, азаматтығы жоқ адамдар мәселесі бүгінгі таңда дүние жүзіндегі миллиондаған адамға қатысты проблема. Бұл өз кезегінде азаматтығы жоқ адамдардың заңды құқықтарынан айырылуына әкеліп соғады, осының нәтижесінде олар саяси және экономикалық өмірден тыс қалып, сан түрлі кемсітушілік пен қатыгездікке ұшырайды. Сондықтан барлық адамның азаматтығы болу үшін бүкіл әлемде күш біріктіріп әрекет ету асыл мұраттың бірі болмақ. Сол себепті Орталық Азия өңірінде шыр етіп дүниеге келген әрбір сәбидің туған кезінде тіркелуі, туу туралы куәлікке және азаматтық алу құқығына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін заңнамалық және процедуралық түзетулер саласындағы озық тәжірибелермен бөлісетін өңірлік құрылым құру қажеттігі айтылды.
Конференцияға Адам құқықтары жөніндегі ұлттық уәкілдіктердің қызметкерлері мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан үкіметтерінің өкілдері, сонымен қатар азаматтық мәселесі бойынша іс-тәжірибелері бар азаматтық қоғам ұйымдары, халықаралық ұйымдар мен БҰҰ өкілдері қатысты. Конференцияға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова, Әділет министрі Марат Бекетаев, БҰҰ БЖКБ Азия және Тынық мұхит өңіріне арналған Өңірлік бюросының директоры Индрика Ратватте, ЮНИСЕФ-тің Қазақстан Республикасындағы өкілі Артур ван Дизен қатысты.