Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бес жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының мақсаты ішкі көші-қонды реттеу арқылы жұмыс күші тапшы, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарындағы студенттер саны аз өңірлер мен артық жұмыс күші бар, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарында орын жетіспейтін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңгерімсіздікті болдырмау екені мәлім.
Бұл бағдарлама өңірлердің ынтымақтастығын, олардың тұрғындарының өзара қарым-қатынасын күшейтіп, тұтастай алғанда, халқымыздың бірлігін нығайтуға да оң ықпалын тигізіп отырғандығы анық.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылғы 17 мамырда өткізген еңбек және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жиында атап көрсеткендей, «Серпін» бағдарламасының тиімділігін арттыру керек. Мәселен, осы бағдарламаны іске асыруға былтыр республикалық бюджеттен бөлінген 9,5 миллиард теңге қаржының жұмсалу тиімділігі ешқандай сын көтермейді. Себебі «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша университеттер мен кәсіптік-техникалық колледждерді тәмамдаған түлектердің өздері білім алған өңірлерде жұмысқа орналасуы қанағаттанарлықтай емес: 2018 жылы жоғары оқу орындарын бітірген алғашқы түлектердің 23 пайызы ғана оқыған өңірлерінде жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ колледждерді тәмамдаған серпіндік түлектердің 24 пайызы ғана өздері білім алған өңірлерде жұмысқа қалған.
Мысал үшін, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін 2018 жылы бітірген 145 түлектің 24-і ғана облыс аумағындағы білім беру ұйымдарында жұмыс істеуде, яғни 16,5 пайызы ғана. Сол жылы колледж бітірген 113 түлектің ішінде 6 түлек қана Жайық өңірінде қалған, яғни 5 пайызы ғана.
Тағы бір назар аударарлық жайт – «Серпін» әлеуметтік жобасы мен жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасының мақсаты біреу болғанымен, олардың арасында сәйкессіздік бар. Атап айтқанда, «Серпін» бағдарламасы бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстары мектептерінің түлектерін басқа 9 облыста оқыту көзделген болса, қоныс аудару бағдарламасы бойынша аталған облыстардан қоныс аударушыларды қабылдаушы өңірлер болып жұмыс күші тапшы әрі демографиялық жағдайы мәз емес 4 облыс айқындалған.
Осы ретте «Serpin.kz» сайтындағы ақпаратты сөзбе-сөз келтірсек, «бүгінгі күні бұл жобаның дамуына кейбір аймақтардан қатысуға қарсылық білдірулері кедергі жасап жатқанын да айта кету керек». Біздіңше, жұмыс күші жеткілікті, демографиялық жағдайы төмен емес өңірлердің «Серпін» әлеуметтік жобасына онша ықылас танытпауын түсінуге болады. Өйткені олар ең алдымен жергілікті мектеп түлектерінің өңірлік университеттер мен колледждерге түсіп, мамандық алуларына және кейін жұмысқа орналасуына мүдделі.
«Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін таппай отыр. Мысалы, 2018-2019 оқу жылында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті оңтүстік өңірлерден келген 260 студентке жатақханада орын болмағандықтан, олар үшін Петропавл қаласындағы жеке пәтерлерді жалдауға мәжбүр болған. Сол үшін университеттің өз қаражаты есебінен серпіндіктердің әрқайсысына ай сайын 15 мың теңгеден ай сайынғы жалпы сомасы 3,9 миллион теңге өтемақы төлеуге тура келген.
Осыған орай, Үкіметтің қарауына мынадай ұсыныстарды енгіздік.
«Серпін» әлеуметтік жобасын жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару қарастырылған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен сәйкестендіру қажет. Атап айтқанда, «Серпін» бағдарламасына қатысатын облыстардың санын қысқартып, тек жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын қоныс аудару көзделген жұмыс күші тапшы 4 өңірді – Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарын ғана қалдырған жөн.
Сондай-ақ қоныс аударушылардың отбасыларындағы мектеп бітіруші түлектерге «Серпін» әлеуметтік жобасына бірінші кезекте қатысу құқығын берген жөн. Бұл осындай балалары бар қоныс аударушы отбасылардың барған өңірлерінде тұрақтап қалуына оң әсерін тигізетін қосымша әлеуметтік қолдау болар еді.
«Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша оқуға түсушілерді қабылдайтын университеттер мен колледждердің студенттік жатақханаларындағы орын жетіспеушілігі проблемасын арнайы қарастырып, оны шешу үшін қажетті шараларды қолдану қажет. Бұл проблеманы оқу орындары мен жергілікті студенттердің мүдделерін ескере отырып, оларға теріс әсерін тигізбейтіндей етіп шешкен жөн.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент
Мәжілісінің депутаты,
Nur Otan партиясы
фракциясының мүшесі