Оқу жылы басталғалы да бір айдың жүзі ауды. Қалаға келген студенттер жатақхана мен пәтерлерге орналасып болды. Олардың бірқатары студенттік жатақханаларды қолай көрсе, екіншілері пәтер жалдап тұруды жөн санайды. Құны шарықтап тұрған пәтерлерді жалдауға әлі де болса жатақханалардағы орындардың жеткіліксіздігі мен кейбір жастардың үй жағдайында өмір сүруді қалауы себеп.
«Көш жүре түзеледі» дегендей, мемлекет тарапынан назар аударылған соң жатақханалар мәселесінің беті бері қарап келе жатқаны белгілі. Жатақханаларда әртүрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іші-сырты реттеліп, адам тұрмысына қажетті жабдықтармен қамтылып, ғаламторға қосылып заманауи үлгіге қарай ұмтылу бар. Алайда аталған мәселеде бүгінде толыққанды жайлылыққа қол жетті дей алмаймыз. Жатақхана туралы сөз еткенде өмір сапасына жоғары деңгейде жауап бере алатын, студенттердің жайлы орналасуына, жақсы демалуына, жан-жақты ізденуіне, өзге де өмір талаптарына қажеттіліктерді өтеп бере алатын жатақханаларға қолжетімділік – күн тәртібінде.
Айтпағымыз, қолда бар жатақханалардың жайы. Маңғыстауда облыс көлемінде студенттерге арналған жеті жатақхана бар. Оның үшеуі жоғары оқу орнына, үшеуі арнайы орта білім беретін оқу орындарына және біреуі жеке кәсіпкерге тиесілі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізген тексерістің мақсаты – облыс көлеміндегі жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттік жатақханаларына орналастыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ ол жерде бөгде адамдардың тұруын болдырмау шаралары бойынша Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің, бұқаралық ақпарат құралдары мен Jas Otan жастар қанаты өкілдерінің қатысуымен студенттік жатақханаларға мониторинг жүргізді. Тексеру нәтижесінде жатақханалардың ішкі әлеміндегі бірқатар қателіктер анықталды.
Ақтау қаласында жатақхана мәселесі көп жылдар шешімін таппай келген өзекті тақырып болатын. Тексеру қорытындысына қарап, өңірде жатақхана жағдайының әлі де қалыпты жолға түсіп кете алмағанын аңғарамыз.
Ақтау қаласындағы Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжінің №5 жатақханасы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл 1 маусымнан бастап жабылғандықтан, колледж студенттерінің шағын бір бөлігі және Ақтау қаласындағы колледждердің 168 студенті жеке кәсіпкер иелігіндегі «Гусейнов» жатақханасына орналасқан. «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, студенттер кәсіпкерге жамбаспұл ретінде айына 8 мың теңгеден, яғни 3 есе артық қаражат төлеуге мәжбүр.
Ал өңірдегі жетекші оқу орны Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті алып аумаққа қанатын жайып, жаңа үлгідегі жатақхана салғанымен қуантады. Бұл жаңа жатақханадан бөлек аталған оқу орнының қаланың өзге шағын аудандарында студенттерге және университет қызметкерлеріне арналған жатақханаларының бар болуы да жетістік.
Алайда университеттің №1, №2, №3 студенттер жатақханасын бақылау барысында №2 жатақханада 1 адамға 6 шаршы метр көлем тиесілі болса, мұнда студенттер тұрып жатқан 112 бөлменің 66-нда бұл талап сақталмағаны, нақтырақ айтсақ, көлемі 14 шаршы метр бөлмеде 3 адамнан тұрып жатқаны анықталды. Сондай-ақ №3 жатақханада барлық стандарттар сақталғанымен, университет тарапынан ұйымдастырылған асханада кассалық аппарат жоқ болып шықты. Есептегіш құралдардың, кассалық аппараттардың болмауы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көрінісі болып табылатындықтан, бұл да бір кемшілік ретінде тіркелді.
Ал тірлігін тап-тұйнақтай реттеп алған аудандағы жатақханалар өзгелерге үлгі болуға лайықты деуге болады. Қарақия ауданында орналасқан Қарақия кәсіптік колледжіне қарасты студенттер жатақханасында стандарттардың толықтай сақталғаны және студент мемлекет есебінен тегін тұратыны, барлық жағдайы жасалғаны белгілі болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті өкілдері жүргізілген мониторинг барысында анықталған кемшіліктер бойынша ұсыныс жолдап, тиісті шаралар қолданылатынын жеткізді.
Студенттер жатақханаларында ірілі-ұсақты мәселелер бар. Түйткілдердің тасада қалмай, өз шешімін тауып отыруы – жастарға жасалған қамқорлықтың бір көрінісі болмақ.
Жұмысшының жайы қалай?
Кешегі студент – бүгінгі жас маман. Ұстаздар алдынан жауапкершілігі мол қызмет сахнасына шыға келу жас маманға аз сынақ емес. Ал қалада тұрақты мекенжайының болмауы – материалдық қана емес, психологиялық тұрғыдан ауыр жүк. Жұмыс тапппай бір қиналып, жұмысқа орналасқан соң, тапқан азды-көпті табысының біраз бөлігін жалдамалы пәтерақы үшін төлейтін олар бұл тығырықтан шығар жолды таппай дағдарады. Жас маманнан бөлек қарапайым жұмысшының жағдайы да назарға ілігуге тиіс тұс.
Маңғыстау облысының еңбек нарығындағы шиеленісті төмендету және халықтың жұмыспен қамтылуына ықпал ету мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде қосымша көмек ретінде Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастамасымен бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2015 жылдың 3 ақпанында Маңғыстау облысы әкімдігінің №16 қаулысымен «Жаңа серпін» орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған болатын. Бағдарлама негізінен өңірдегі барлық инвестициялық жобаларды қажет кадрлармен қамтамасыз етуді жүзеге асыра отырып, жұмыссыз азаматтарға кеңес, заң көмегін беру, азаматтарды жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жөнінде хабардар етіп, жұмыссыз халық арасында кәсіпкерліктің дамуына жәрдемдесуді көздейді. Аталған бағдарлама біраз азаматтың өз жұмысы мен қонысын табуына сеп болды. Әсіресе «Жаңа серпін» мекемесіне қарасты жатақханалар үйсіз-күйсіз адамдардың жағдайына сәл де болса жамау болғаны анық. Бүгінде қарамағындағы екі жатақхананы өзге оқу орындарының иелігіне берген бұл мекемеге қарасты Ақтау қаласындағы «Шығыс-1» шағын ауданы №35 ғимаратта орналасқан жатақханада 455 адам тұрады, оның ішінде 76 адам отбасылы. Жатақханаға облыстың шалғай аудандары мен ауылдарынан келіп жұмысқа орналасқан азаматтар, сондай-ақ облыста тапшы болғандықтан өзге өңірлерден келген әлеуметтік сұранысқа ие мамандар орналастырылған.
Жатақхана жайлылығы мен ондағы тәртіптің сақталу заңдылығы жайлы айту – үйсіздердің баспана мәселесін түбегейлі шешу болып табылмайды. Сондықтан студенттердің жатақханасын заманауи үлгіде жасақтау және айлығы шайлығынан аспайтын қарапайым жұмысшылардың жатақхана ғана емес, түбегейлі баспана мәселесін шешуде тың бағыт табу қажет-ақ.
Маңғыстау облысы