Қарабалық аудандық «Айна» газеті облыстағы мерзімді басылымдар арасында уақыт тынысын тап басқан сапалы мақалаларымен, газеттің үздік безендірілуі және жарнамалық менеджменті арқылы оқырмандар сұранысын игеруімен ерекшеленеді. «Егеменнің» Қостанай облысындағы меншікті тілшісі газет редакторы Мәрия Сапаровамен әңгімелескен еді.
– Мәрия Әбутәліпқызы, «Айна» газеті алдағы жылы 90 жасқа толады екен. «Айна» десе – айна, аудан өмірінің айнасы болып отыр. Тарихының айнасы қалай?
– Газеттің Кеңес Одағы жылдарындағы тарихын қоя тұрайын, оның басқалардан ерекшелігі жоқ. 90-жылдардағы жұмысымызды қысқаша айтайын. Біздің аудандық «Дело и люди» газеті 1996 жылы бір кәсіпкерге заңсыз тиын-тебенге сатылып кетті. Шығармашылық қызметкерлер түгелімен редакциядан кеттік. Газеттің иесі оны оқырман, халық үшін емес, өзінің бизнесі үшін пайдаланды. Бірақ прокуратураның тексеруімен бір жарым жылдан кейін қайтарды. Жұмыссыз қалған, күнкөріспен әрқайсымыз әр жерде жүрген ұжым қайта бас қостық. Кәсіпкер бізге газеттің өзін ғана ұстатты, материалдық жабдығынан жұрдай етті, тіпті бір үстел берген жоқ. Сонымен бәрін қайта бастадық. Ол кезде бартер деген бар болатын, шаруашылықтардан жазған мақала, жарнама және газетке жазылғаны үшін бидай, арпа, жем алып, оны қақаған аязда базарда, көшеде тұрып, қаптап, шелектеп сатып ақша жасадық. Бәрімізге ортақ бір компьютер сатып алдық. Ұжымның жұдырықтай жұмылуының арқасында жағдайымыз бірте-бірте жақсарып, аяғымыздан тұрдық. 2002 жылы газетті «Айна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі етіп тіркедік. Аптасына бір рет 16 бет болып шығып келеді. Бүгін редакцияда 10 компьютер, көлік, студия бар, 12 адам қызмет етеді.
– Газеттің аты ғана емес, заты да өзгеруі үшін қандай мәселелерді алдымен шештіңіздер?
– Бізге ең алдымен көмектескен ұжымның бірлігі дер едім. Біз әп дегеннен оқырман мүддесін бәрінен жоғары қойдық. Өткір тақырыптарды тайсалмай ашық жаздық. Әсіресе, әлеуметтік тақырыптар оқырман көңіліндегіні дөп басты. «Айна» үшін ешқашан тақырыптың үлкен-кішісі болған емес, әңгіме оны қалай көрсете білуде. Біз газет бетін толтыру үшін не болса соны жаза салмаймыз. Газет бетінің әр сантиметрі есепте. Сол ұстанымнан ажыраған емеспіз.
– Бүгінде қай деңгейдегі басылым үшін де газеттің оқырманына уақтылы жетуі үлкен мәселе болып табылады. Сіздер мұны қалай ұйымдастырып отырсыздар?
– Газетті қалың оқырманға жеткізу өз күшімізбен жүзеге асып келеді. Газетті оқырманға жеткізу үшін барлық жағдайды пайдаланамыз. Алыстау ауылдарға өз көлігімізбен жеткіземіз, жақындау ауылдарға таксистерден, газеттің жанашырлары арқылы беріп жібереміз. Әрине, таксистермен келісім бар. Ал барлық ауылдардағы біздің жеке пошташыларымыз газетті күтіп алады да, үй-үйге тегіс таратып береді. Газет баспаханадан шыққан күні оқырманның қолына тиеді. Хат тасушымыз жыл бойы газет жазылымына да жұмыс істейді. Біздің газетке адамдар көп жазылған сайын, сол ауылдағы хат тасушымыздың жалақысы көбейеді. Ешкімді зорлап жаздыру жоқ.
– Сіз Америкаға барып, газет жұмысын ұйымдастыруды үйрендіңіз ғой?
– 2004 жылы Қостанайда ұйымдастырылған, АҚШ-тың мемлекеттік департаменті қаржыландырған жоба арқылы америкалық журналистердің өткізген тренингі бойынша арнайы конкурстан өтіп барған едім. Жобаның өзі «Шынайы жаңалықтар және табысты менеджмент» деп аталды. Біз Қазақстаннан барған сегіз журналист Нью-Йорктегі, Вашингтондағы және 8 штаттағы баспаханалармен, басылым редакцияларымен таныстық. Мен Вермонт штатындағы Гловер деген шағын қалада бір ай болдым. Сондағы газет редакциясында тәжірибеден өттім. Шағын қаладағы «Хроника» деп аталатын газет редакциясының жұмысы да біздің «Айнаға» қатты ұқсайтынын білгенде таңғалдым және дұрыс жолда екенімізге сендім. Газетті оқырманға жеткізу, сату, жұмыс кестесі сияқты жұмыстарды Америкаға бармай тұрып-ақ, озық тәсілмен жүргізіппіз. Қазір ауданда газеттің тиражы 3600, оның 800 данасы аудандағы азық-түлік дүкендері арқылы сатылады. Иә, жалпы мұхиттың арғы бетінде газет жұмысы туралы үйренгенім аз емес.
– Журналистер ізденісі туралы ашыңқырап айтсаңыз.
– Аудандық газет 12 адамға жұмыс беріп отыр дедім ғой. Мұны көп жерден кездестіре бере алмайсыз. Осы 12 адамның барлығы бірдей редакцияның сүйегі, оның біреуі кем болса жұмыс ақсайды. Газет шығаруға қатысатындардың барлығы, оның ішінде журналистер де компьютердің құлағында ойнайды. Газетті екі адам безендіреді. Жарнамалық менеджер жарнаманы табу мен оны газет бетіне орналастырғанға дейінгі жұмыстың барлығын өзі атқарады. Ал соның ішінде 3 журналист редакцияның бел омыртқасы дер едім. Біздегі ұжым күні-түні ізденіс үстінде жүреді. Оқиға қашан болар екен, аудандық әкімшілік не өткізер екен деп қарап отырмаймыз, тақырыпты тінтіп жүріп, өзіміз табамыз. Журналистердің оқып, тәжірибесін көтеруіне өте мән беремін. Мария Шило Польшаға екі рет барып, тәжірибесін ұштап келді, Татьяна Макарова Швецияда болып, біліктілігін көтерді. Журналистер Игорь Сверковичті, Динара Утешованы және безендіруші Әлібек Байтықовты да семинарлардан қалдырмаймыз. Сосын іргедегі Ресейдің Челябі облысындағы әріптестермен тығыз байланыстамыз. Оларда жыл сайын журналистер фестивалі өтеді, журналистиканың, мерзімді басылымның проблемаларынан не айтылмайды дейсіз. Санкт-Петербургтен, Мәскеуден спикерлер, тренерлер шақырады. Біз одан қалмаймыз. Сочиде Ресейден 3000 журналист жинаған басқосу болып тұрады. Оған да шақыртулар алып тұрамыз. Редакцияда шығармашылық топ үшін барлық жағдай жасалған. Көліктен бастап, керектінің бәрі табылады. Айлық жалақыларына риза, барлығы да газет жұмысына ерекше ынтамен атсалысады, газет – бәрінің де сүйген жұмысы. Айтпақшы, мемлекеттік тапсырыстың қаржысы редакцияның барлық шығынының 25 пайызын ғана жабады. Қалған қаржының барлығын табу өз мойынымызда.
– Газеттің жанында «Лучик добра и надежды» деген қайырымдылық қоры аудан емес, облысқа белгілі болып қалды. Бұл газетке не береді?
– Қордың жұмыс істегеніне 14 жыл болды. Біз ауру балаларға көмек беруді мақсат тұтқанбыз. Биыл ғана ақ қан ауруына шалдыққан баланы Түркияға жіберу үшін аудан тұрғындарынан бір тәулікке жетпейтін уақытта 1 миллион 200 мың теңге жинап беріп, баланы апаруға волонтер дәрігерді жіберуді, оған ауылда тұратын анасының баруын ұйымдастырдық. Мұнан басқа бізде түрлі жобалар да бар. Экожоба бойынша да жұмыс істейміз. Мысалы, көшеге біреу қоқыс тастап кетіпті. Біздің журналистер сол бір қалта қоқысқа журналистік зерттеу жүргізді. Оның ішіндегі тамақ қалдықтары қай дүкеннен, оны кім алғанын, кім тастағанына дейін анықтап, соны газетке жаздық. Мұндай материалдар оқырманды тартып ғана қоймайды, тәрбиелейді. Мысалы, біз бір ауру немесе жетім қалған бала, тағдыр тәлкегіне ұшыраған отбасы жөнінде жазған сайын оған қандай көмек керектігін оқырмандар сұрай бастайды. Біз оқырмандар құқығын қорғаймыз. Олар бізге сенеді.
– Жергілікті атқарушы билікпен қалай жұмыс істейсіздер?
– Біздің газет жауапкершілігі шектеулі серіктестік болғаннан кейін, оны жекеменшік, газет басшылығының бизнесі деп, тіпті жалаң түсінетіндер бар. Қазір мерзімді басылымдардың барлығы да акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып тіркелген. Бұл олардың тек заңдық мәртебесі ғана. Құрылтайшы біздің ұжым болып саналады. Газет аудандық жергілікті атқарушы билікпен жұмыс істейді, соның атқарып отырған жұмысын, мемлекеттің саясатын жұртшылыққа жеткізеді. Біз сын мақалалар жазамыз. Бұл сын біреулерге ұнамаса, біз оларға барынша түсіндіреміз, бірақ өз ұстанымымызда қаламыз. Ал қазір оқырмандар аса сауатты. Сын мақалада айтылған мәселе жергілікті жерде шешімін таппаса, оқырман облысқа шығады, одан Президентке жазады. Ал біз жазған сын мақала мәселені ушықтырмай, мүмкіндігінше жергілікті жерде шешімін табуына дәнекер болады.
– Әлеуметтік желі газетке көмектесе ме, әлде кедергі ме?
– Әлеуметтік желі – уақыттың, дамудың көрінісі. Одан бас тарта алмаймыз, тек соның ыңғайына бара отырып, оқырманды өзімізге тартуымыз керек. Біздің редакцияның қазір бейнестудиясы бар. Журналистер мен газет безендіруші маңызды ақпарат жөнінде сюжет жасап әлеуметтік желіге салады. Жедел жаңалықтар редакция сайтына уақтылы салынып отырады. Бұл көштен қалмаудың тәсілі. Оқырман әлеуметтік желіге емес, біздің газетке сенуі тиіс. Өйткені желідей емес, газет тасқа басылған, маңызды нысан, оқиға туралы желіде дәл газеттегідей жазылмайды, оқырман оны желіден көргенмен, анық-қанығына көз жеткізуі үшін оны газеттен іздеуі тиіс.
Қарабалық ауданында да ішкі-сыртқы көші-қон тоқтаған жоқ, тұрғындар 2 есе азайды. Қазір тұрғындар саны 27 мыңға түсті. Сол үшін газет ендігі жерде әр оқырман үшін күресетін болады. Ғаламтор заманында оқырманның назарын аудару, қызықтыру оңай шаруа емес. Оны газеттің мехнатты жұмысынан күн де кезіктіреміз.
Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
Қостанай облысы,
Қарабалық ауданы