• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қазан, 2019

Қарабалықта ала елік қайдан жүр?

951 рет
көрсетілді

Мақсат Шәкібаев Қарабалық ауданындағы Михайлов орман шаруашылығына қарасты қайың тоғайының іргесіндегі жолмен келе жатып, ағаш арасынан шыға келген қос елікті көзі шалды.

Орманда қазір елік көп, тек өзінің қарауындағы шаруашылық аумағында ғана олардың са­ны  мыңнан асады. Ал аудан көле­мінде одан да көп. Қос елік әп дегеннен Мақсаттың назарын ерек­ше аударды. Еліктің 5-6 айлық қос лағының бірі сұр да, бірі ағала. Мақсат қалтасынан ұялы телефонын ала салып, оларды суретке түсіре бастады. Күзгі дала түнеріп, жаңбыр сіркіреп тұрғандықтан телефон фотоаппараты да еліктерді анық тарта алмады. Дегенмен ол еліктер орманға қайта кіріп, көзден ға­йып болғанша он шақты рет ба­сып үлгерді.

– Еліктер жыл мезгілдеріне қарай түсін өзгертеді. Мысалы, жазда текелері күрең сары, еш­кілері жирен сары болады. Ал қысқа қарай олардың түсі сұрға ауысады. Олардың түсі қазірден өзгере бастайды. Мына көрген ағала еліктің арқасы жанындағы серігінің түсі секілді сұр да, ба­сы, жамбасы, құйымшақ жағы, аяқтары ақ. Осыдан бес жыл бұ­рын еліктің аппақ текесін көріп таңғалғаным бар еді. Елік­тер­дің арасында да альбиностары кездесетін шығар? – дейді Мақсат.

Орман шаруашылығы маман­да­рының сөзіне қарағанда, өңір­­дегі еліктердің ең көп үйірі осы Михайлов орман шаруа­шы­лығында, жалпы Қарабалық ауданында жүреді. Өткен қыстың жұмсақтығына байланысты елік­тердің соңына ерген лақ көп. Ере­сек ешкілері егізден, тіпті үшеу­­­ден, төртеуден лақтады. Орман шаруа­шылы­ғында қызмет­ке кел­­геніне он шақты жыл бол­ға­нымен, Мақсат бала кезінен орман-тоғайлы Өрнек ауылында өскен. Сондықтан елікті күнде көріп өсті десе де сенесің.

– Еліктердің түсінің барлығы бірдей болады. Бірақ бала ке­зім­нен мұндай аппақ немесе ала елік көрмеппін, мен осыны қан­дай өзгеріс екен деп таң­ғалып жүрмін, – дейді ол. Біз қош­тасарда Мақсаттан қызметін сұрадық.

– Бізді бұрынғыдай «егерь», яғни «қорықшы» демейді, «охотовед» – «аңтанушы» деп атай­тын болған. Михайлов ор­ман ша­руа­шы­лығының аңтану­шы­сымын. Осыған да таңға­ла­мын, қазақтың жал­пақ тілі­мен «қо­рықшы» десе де осы жұмы­сым­ның мағынасы бұзылмайды ғой? – дейді  аңтанушы.

– Қызметіңнің аты да көрген ағала елігің сияқты екен ғой?!, – дейміз біз. Мақсат күледі, бірақ күл­кісінің мазасы жоқ.

 Қостанай облысы,

Қарабалық ауданы