Шығармашылық иесі нысанға алған тақырыбын өз өне бойынан өткізе алмаса, жүрекке де жеткізе алмайды. Кейіпкеріміз Кәріпбек Күйіковті тағдыр қос қолсыз өтуге жазса да, қаншама жанның қабырғасын қайыстырған ауыр қайғының салмағын кенеп бетінде кейіптейтін қуат беріпті. Шығармаларын қылқаламды аузымен тістеу арқылы немесе башпайларының көмегімен жазатын ол адамзат баласына алапат қасірет әкелген ядролық сынақтардың жазықсыз жандарды жалмайтын аяусыз аждаһа екенін айтумен келеді.
Кәріпбек Күйіков Қарағанды облысының Семей ядролық полигонының маңындағы Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Қаншама жанды қан қақсатқан зұлматтың зардабын бір кісідей татқан суретші бұл тақырыпты өз шығармашылығының өзегіне айналдырды. «Алғашқы жарылыс» туындысында туындыгер күйіп кеткен даланың ортасында көкке қарай көтерілген жан түршігерлік ядролық саңырауқұлақты бейнелейді. Оның кейінгі барлық туындылары да осы тақырыпты тереңнен қаузаған.
Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде әлемдік антиядролық қозғалыстың белсендісі, халықаралық «АТОМ» жобасының құрметті елшісі атанған қылқалам шеберінің жеке көрмесі ашылды. Экспозицияға әр жылдары салынған 50 картина қойылған.
– Бүгін қандай да бір жетістікке жетсем, ол бірінші кезекте ата-анамның арқасы. Дәрігерлердің үкіміне қарамастан, мені далаға тастамай, бағып-қағып, осы күнге жеткізді. Алты жасымнан бастап сурет салдым. Қабілетімді алғаш байқап, қолдау көрсеткен, шығармашылық тұрғыда жетілуіме ықпал еткен де сол жандар. Семей ядролық полигонынан 100 шақырымдай жердегі Егіндібұлақ ауылында дүние есігін аштым. Ата-анам сол сынақтарды өз көзімен көрген. Әкем талай тариxи оқиғаларды әңгімелеп отыратын. Полигоннан зардап шеккен көптеген отбасын білемін. Менің әкемнің әріптесі 10 бала сүйді. Бірақ барлығы да ауру болып туып, шетінеп кетті. Қайран әкенің жүрегі бұл күйікке шыдаған жоқ. Мұндай жағдайлар өте көп, – дейді Кәріпбек Күйіков.
Көрменің ашылу салтанатына қатысқан «Невада – Семей» антиядролық қоғамдық қозғалысының өкілдері Күйіковтің бұл тақырыптағы ізденістері дара мәнге ие екенін, ядролық сынақ залалын қамтыған картиналарын әлемдік қауымдастық бейбітшілікті ту еткен дара туындылар ретінде мойындайтынын жеткізді. Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстанның антиядролық кезеңінің символы болған Кәріпбек Күйіковтің шығармалары Америка, Жапония, Германияның жеке және мемлекеттік коллекцияларында сақтаулы. Суретшінің көрмелері Жапония, АҚШ, Германия, Түркия, Қытай секілді әлемнің бірқатар елінде көпшілік назарына ұсынылған.
АЛМАТЫ