Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жарияланған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – жаңа императиві, бұл өз азаматтарының барлық сұраныстарына шұғыл және конструктивті түрде жауап қататын, мемлекеттілікті тиімді дамытудың формуласы. Жолдаудың мазмұны Президенттің елде болып жатқан үдерістерден толыққанды хабардар екендігін көрсетіп қана қоймай, оларды шешу жолында нақты жоспарларының бар екендігін айғақтады. Президенттің сайлауалды бағдарламасынан бастау алған бұл бастамаларды жүзеге асыру сайлау өтісімен көп кешікпей қолға алынған болатын.
Соңғы кезде, әртүрлі мемлекеттік органдарда дер кезінде шешімін таппаған, немесе бюрократиялық селқостықтың нәтижесінде қараусыз қалған халықтың шағымдары әлеуметтік желіде қаптап кеткені белгілі. Оны билік те, халық та біліп отыр. Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін және азаматтардың өтініш-арыздарының мерзімінде қаралып, олар бойынша нақты шешімдер қабылдау мақсатында Президент Әкімшілігі құрамынан арнайы Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі құрылып, жұмыс істеуде. Бұл әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Аталған мекеменің негізгі мақсаты – мемлекеттік органдарға түскен өтініштердің мерзімінде қаралып, тиісті шешімдердің қабылдануын қадағалау, реттеу. Әрбір азамат өзінің өтінішіне қатысты нақты шешімді мерзімінде алуы шарт. Сонымен қатар аталған мекеме халықтың өтініштерін қарастыру бойынша заңнаманы да жетілдіруге мұрындық болады деген сенім бар.
Президент халық үніне құлақ асатын мемлекет үлгісін одан әрі жалғастырып, қоғамда қордаланған мәселелердің түйінін тарқататын, халықтың озық идеялары мен ұсыныстарын бір арнаға тоғыстыратын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Кеңес жұмысының нәтижелі болатынына билік те, халық та сеніммен қарап отыр. Өйткені қоғамдағы қордаланған мәселені осы Кеңесте жан-жақты қарастырып, ортақ шешім қабылдап, мемлекетімізді әрі қарай дамытуға барлығымызда мүдделіміз. Бүгінде Кеңестің құрамы жасақталып, мүшелері жұмыс топтарына бөлініп, алғашқы басқосуы да өтті. Кеңес мүшелері халықтың ұсыныстары мен өтініштерін жинап, соның негізінде мемлекеттік органдар жұмыс жүргізуде.
Қазіргі кезде қазақстандық қоғамның барлық саласында ақпараттандыру үдерісі қарқынды жүруде, оның ішінде саясат саласында да жаңа ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдана отырып, мемлекеттік қызмет пен әкімшілік-басқару істерін әлемдік стандарттарға сай модернизациялауға мемлекет тарапынан барынша күш салынып жатыр. Бұл бағытта арнайы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қыбылданды. Бағдарлама аясында жоспарланған 120 іс-шара басты бес бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Олар: «Экономика салаларын цифрландыру», «Цифрлық мемлекетке көшу», «Цифрлық Жібек жолын іске асыру», «Адами капиталды дамыту», «Инновациялық экожүйені құру». Бағдарлама аясындағы шаралар нәтижесінде экономика салаларындағы еңбек көрсеткіштері өсімінен бөлек, 2022 жылға дейін электронды сауда-саттықты жалпы сауда-саттық көлемінің 2,6%-ына дейін өсіру, цифрландыру арқасында 300 000 жаңа жұмыс орындарын ашу, интернет желісін пайдаланушылар үлесін 82%-ға дейін, ал халықтың цифрлық білімділігін 83%-ға арттыру жоспарлануда. Бұл, әсіресе, халқының жартысына жуығы ауылды жерде тұратын еліміз үшін аса маңызды мәселе. «Цифрлы Қазақстан» адам өмірінің барлық салаларын қамти отырып, мемлекетіміздің әрбір тұрғынының өмір деңгейін жоғарылатуды көздегендіктен бағдарлама пайдасын халық, кәсіпкерлік субьектілері және мемлекеттік органдар көрмек.
Қазақстанның саяси жаңғыруында, билік пен қоғам диалогын дамыту мәселесінде аса маңызды факторлардың бірі – электронды үкіметті жүйелі түрде одан әрі ілгерілету. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында электронды үкіметтің қалыптасуы мен дамуына негіз болатын ақпараттық инфрақұрылымды жетілдіруге басымдықтар берілген. Бүгінде мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетуге арналған портал жылдан-жылға дамып, ондағы қызмет түрлері де көбейіп келеді. Қазіргі таңда кез келген азамат үйінен шықпай-ақ мемлекеттік органдарға өтінішін жолдап, жауап алып, балабақшаға немесе емханаға тіркеліп, қажетті анықтамаларға онлайн арқылы қол жеткізіп, жеңілдіктер алу үшін құжаттарын тіркей алады. 2018 жылы электронды үкімет инфрақұрылымдары бойынша азаматтарға 40 млн-нан астам мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілген. Ал портал іске қосылғаннан бері көрсетілген қызметтің көлемі 200 млн-нан асқан.
Әлемдік тәжірибеде «ашық үкімет» түсінігі кеңінен қалыптасқан. Ол қоғам мүшелері үшін статистикалық мәліметтер мен мемлекеттік ақпараттың ашықтығы, бюджеттерді қалыптастыру мен бюджеттік қаржының жұмысалуына қоғамдық бақылау, халықты түрлі көкейтесті мәселелер бойынша ақпараттандыру болып табылады. Біздің билік пен халықтың интерактивті қарым-қатынас жүйесі бұл деңгейге әлі жете қойған жоқ. Сол себепті Президент, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап қататын, пәрменді қоғамдық сұхбат қалыптастырып, билік пен қоғамның өзара тиімді әрекет етулері үшін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын бекітіп отыр. Бұл бағытта билік барлық арналарды мүмкіндігінше пайдалануда. Электронды үкіметпен қатар, әрбір мемлекеттік органның жеке сайты мен онда бірінші басшының блогы, әлеуметтік желілерде мекемелер мен олардың басшыларының аккаунттары қарқынды ашылуда. Байқағанымыздай, кейбір мәселелер осы жерден де өз шешімін табуда.
Мемлекеттік орган басшыларының блогтары мен интерактивті қызмет түрлері елмен тығыз қарым-қатынас орнату үшін ашылып, халықтың мұң-мұқтажын шұғыл шешіп, оған билікті барынша жақындатуға негізделген. Бүгінде билік пен халықтың арасындағы бұл байланыс жолы өз тиімділігін көрсете бастағандай. Жалпы, «ашық үкімет» порталындағы азаматтардың сұрауларын сараптайтын болсақ, олардың жартысынан астамын әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарына бағытталады екен. Бұл байланыс арнасы жүйелі түрде жұмыс істеп тұрғанымен, кейбір министрліктер мен әкімдіктердің жауаптарында нақтылық жетіспейді немесе жалтарма жауаптарды, басқа мемлекеттік органдарға сілтеу мен жауаптың мерзімін созбақтатуды байқауға болады. Сондай-ақ кейбір блогтардың көптен бері жаңартылмай тұрғанында байқап қалдық.
Елде халық пен биліктің арасын жақындататын, азаматтардың арыз-өтініштерін мемлекеттік органдарға жеткізетін, билікте атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қоғамды кеңінен ақпаратпен қамтамасыз ететін арналардың бірі – Президент жанынан құрылған Орталық коммуникациялар қызметі. Бұл – мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараттық саладағы қарым-қатынасын байланыстыратын мемлекеттік инфокоммуникациялық алаң. Мақсаты – мемлекеттік органдар мен қоғамның өзара іс-қимылының тиімді тетігін құру. Аталған мекеменің елдің барлық аймақтарында филиалдары жұмыс істейді. Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастыратын брифингтерге еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тәуелсіз журналистер, қызығушылық танытқан кез келген азамат қатысып, сұрақтарын қоя алады. Сонымен қатар журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартқан немесе мерзімін кешіктірген мемлекеттік орган қызметкерлеріне отандық заңнама бойынша арнайы жазалар қарастырылған.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев билік пен халық арасын одан әрі жақындатуға қатысты нақты ұсыныстар жасап, оны жаңа деңгейге шығаруда. Жалпы, елімізде билік пен қоғамның арасындағы байланысты одан әрі дамытуға барлық алғышарттар қалыптасқан. Ендігі мақсат – сол жұмыс істеп тұрған жүйені жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, оны мейлінше тиімді ету.
Мемлекеттік органдар өз қызметін сапалы және шұғыл орындауға бейімделуі тиіс, ал еліміздің азаматтары, әсіресе шалғайда, ауылды жерде тұратындар өздеріне қажетті қызмет түрлері мен өтініштерін мемлекеттік органдарға жылдам жеткізіп, тұшымды жауап ала алулары қажет. Біз тек сол кезде ғана халық үніне құлақ астын мемлекет тұжырымдамасын толық іске асыра алдық деп айта аламыз.
Нұрлан СЕЙДІН,
«Ғылым ордасы» РМК бас директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты