«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған халықаралық ғылыми-зерттеу экспедициясы жақында Алтын Орда астаналарын автокөлікпен аралап шықты. Сарайшықтан басталған сапар бүгінде Ресей Федерациясы аумағында жатқан ортағасырлық көне шаһарлар орнымен жүріп өтті.
«Жошы ұлысы астаналары Сарайшық – Сарай-Бату – Сарай Берке қалалары ізімен» деп аталған халықаралық экспедиция жобасының авторы – «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар екен. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту туралы» бастамасымен үндес келген жобаны Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы қолдап, бір топ ғалым, өлкетанушы және журналистер 2 мың шақырымға таяу жол жүріп қайтты.
Сарайшық
Сарайшық туралы бізге жеткен алғашқы жазба деректі қалдырған – арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол өз саяхаттарының бірінде 1334 жылы Алтын Орданың бас қаласы «Үлкен Сарайдан» (Сарай-Берке) шығып, Сарайшық қаласы арқылы Азияға өткен. Бұл жөнінде: «Біз Сарай қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарай-жук қаласына жеттік. Бұл Ұлысу деп аталған үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейін екінші жүзбелі көпір осында екен» деп жазған.
Сарайшық Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі Ноғай ордасының, кейін Қазақ хандығының астанасы болды. 1999 жылы 3 қыркүйекте «Сарайшық» музей-қорығының ашылуына қатысқан Президент Н.Назарбаев: «Бұл қала Қасым хан билік құрған тұста Қазақ хандығының астанасы болды. Сарайшық топырағы қасиетті, өйткені иісі бүкіл түркі әлеміне ортақ Алтын Орда хандары – Тоқта, Жәнібек, Бердібек, ноғайлының билеушісі – Оқас, одан бергі Қасым хан сияқты атақты хандарымыз бен батырларымыздың жаны осында мәңгілік жай тапқан жер, оны еліміздің алғашқы пантеоны десек те болады» деген еді.
Биыл Сарайшық музейінің құрылғанына 20 жыл толды. Ал 2018 жылы 4 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №162 қаулысына сәйкес осыған дейін Атырау облыстық «Хан Ордалы – Сарайшық» мұражай қорығы республикалық статус алып, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» атанды.
Соңғы өзгеріс ортағасырлық Сарайшық шаһарының тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа белесі деуге болады. Музей-қорықты соңғы бір жылдан бері басқарып келе жатқан белгілі тарихшы, Қазақ хандығы тарихы бойынша танымал маман, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар көне қаланы түлетудің кешенді жоспарын жасаған. Жошы ұлысы астаналарының басын қосқан бүгінгі ғылыми экспедиция да осы жоспардың бір парасы десе болғандай.
Айта кетейік, бұған дейін Алтын Орда астаналарын бір-бірімен байланыстыра зерттеген мұндай экспедиция болмаған екен.
Астрахань – Лапас – Сарай Бату
Аталарымыз Қажы Тархан атаған Астрахань қаласы Атыраудан алыс емес. Кедендегі кедергі және ең бастысы қазақстандық жол бөлігінің өте сапасыздығы болмаса, 370 километр дегеніңіз 3-4 сағатта зыр етіп өте шығатын қашықтық қой. Амал не, әзірге таңнан кешке дейінгі уақытты алатын Сандыбадтың сегізінші сапары болып тұр...
Сарай Бату – өз заманында әлемнің кіндігі, Алтын Орданың астанасы болған шулы шаһар. Бүгінде Ресей Федерациясындағы Астрахань облысы аумағында жұрты жатыр.
Атыраудан ала таңмен шыққан делегация көз байлана Астрахань облысы Володар ауданы Алтынжар ауылына бас тіреді. Мұнда ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының кесенесі тұр. Қазақстанның батыс өлкесіндегі бірнеше облыстың күшімен салынған «Құрманғазы» өңірлік мәдени орталығы Ресей жеріндегі қазақы арал десе болғандай. Алтынжар ауылында түгелге жуық қазақтар тұрады екен. Тіпті Володар ауданы тұрғындарының басым бөлігі де өз қандастарымыз. Орталық басшысы Амангелді Әбілғазиев, орынбасары Светлана Әлібекова қазақстандық делегацияны құрметпен қарсы алды.
Ресейдегі сапар Астрахань облыстық тарихи-өлкетану музейінен басталды. Мұндағы «Көшпенділер алтыны» атты экспозиция музей ғимаратының жертөлесінде орналасқан екен. Қалыңдығы бір қарыс темір есіктер, әскери күзет, әр бұрышта қадалған бейнекамера, «Суретке түсіруге болмайды!» деген қатаң талап мұндағы жәдігерлердің құндылығын еселей түскендей. Қалың әйнектің ар жағына қойылған жәдігер саны көп емес, бірақ қайталанбайтын ерекше бағалы заттар екен. Негізінен сақ-сармат заманына тиесілі бұл бұйымдар бізге жақсы таныс. Астрахань музейінен Алтын Орда кезеңіне қатысты толымды дүние көре алмай аттандық.
Сапарымыздың келесі нүктесі – Лапас деп аталатын село маңындағы ортағасырлық көне қорым болатын. Іздегенімізді картамен іздеп, мал баққан қойшыдан сұрап, әрең таптық.
Үлкен-үлкен төбелерде ертеректе археологиялық қазба жұмысы жүргізілгені байқалады. Күйдірілген және шикі кірпіш сынықтары, керамика, түрлі-түсті мозайка сынықтары шашылып жатыр. Лапас кесенелер кешені Ресей мемлекетінің қорғауына алынғандығы туралы ескерту белгі ғана бұл жерде тарихы құнды ғимараттар болғанын әйгілеп тұр.
– Кеңестік тарихшы Б.Л.Егоровтың болжауынша, Берке, Өзбек, Жәнібек және Бердібек хандар осы жерде жерленген. Дегенмен, Қадырғали би «Тоқты мен әз-Жәнібек хан Сарайшықта жерленген» деп нақты көрсеткен. Сондықтан Алтын Орда хандарының қайсысы қай жерде жерленгені туралы ғалымдар әлі толық тұжырым жасаған жоқ. Біздің мақсатымыз – тарихи орынды көзімізбен көріп, өзге де орындармен салыстыру болатын. Әрине көне деректерде бұл жерді «Билеушілер алқабы», «Ақсарай» деп атағаны белгілі. Сондықтан бұл орында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыру күн тәртібінде тұр. Менің білуімше бұл жерде 1950 жылдардың соңында археологиялық қазба жұмысы болған, 5 кесене анықталған, – дейді экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар.
– Лапастағы хан кесенелерін біз де біраздан бері зерттеп жүрміз. Бұл – әлемдік маңызы бар ғажайып ескерткіштер. Зират аумағы өте үлкен, қабірлер өте көп, магнитті түсірілімдер мұнда көлемді кесене құрылысының қирандысы жатқанын көрсетіп тұр. Әзірге ғарыштан дистанциялы зондтау әдісімен зерттеп жатырмыз. Үлкен зираттар – әулет қорымы болуы мүмкін. Қай хандар жерленгені нақты белгісіз. Ол жерде әзірге қазба жұмысы жүргізілген жоқ. Менің ойымша бірден музейге айналдырып, қалпына келтірілмесе, қазу қажет те емес. Жай ғылыми қызығушылықпен қабірді қазып тастау дұрыс емес деп есептеймін. Адамзат тарихында орны бар ұлы адамдардың мәңгілік тұрағының тынышын алмау керек қой, – дейді бізге кейін Сарай Бату қаласының орнында кездескен ресейлік белгілі археолог, Марий мемлекеттік университеті археологиялық-этнологиялық орталығының басшысы Евгений Пигарев.
Харабали ауданындағы Селитренный ауылы тұсындағы төбе басында жолыққан Евгений Михайлович бүгінде Сарай Бату аталып кеткен көне шаһардың орнын көп жылдан бері қазып, зерттеп жүрген маман екен. Алтын Орда астанасының тарихы туралы өте қызықты деректер айтты.
– Бірден айтайын, қазір қолданылып жүрген Сарай Бату, Сарай Берке атаулары ХІХ ғасырда, ХХ ғасырдың басында шыққан, халықтық атау десе де болады. Сіздер келіп тұрған бұл шаһардың ғылымдағы аты – Сарай немесе Сарай әл-Жәдид. Мұның бәрі археологиялық қазба кезінде табылған монеталардың жазбаларымен нақты дәлелденеді. Менің ойымша Жошы ұлысының алғашқы астанасы Сарай әл-Махрус немесе Ақсарай сәл төменіректе. Ол шағындау шаһар болған, – дейді ғалым.
Е.Пигаревтің пікірінше, Сарай әл-Жәдид немесе Жаңа Сарай Өзбек ханның реформасынан кейін дүниеге келген. Мұнда әуелі хан ордасы тұрған, бірте-бірте өсе берген. Бұл жер қазір әлемдегі ең үлкен археологиялық кешеннің бірі, 2061 гектар аумақ мемлекет қорғауында. Қала өзен бойымен 7 шақырымға, жазыққа қарай 2 шақырымға дейін созылып жатыр. Ғарыштан қарағанда үлкен ғимараттар, орталық керуен сарай, көше іздері анық байқалады. Мұнда импорт бұйымдар көп табылады, бұл әлемнің әр тарапымен жалғасқан сауда байланыстарының белгісі. Өзен жағасына жақын қыш шеберханалары көп кездеседі. Е.Пигарев оны үлкен өндіріс, алып фабрика болған деп есептейді.
– Бұл жерде 1965 жылдан бері қазба жұмыстары жүргізілген. Біз қазір жаңа тәсілге көштік: жерді қазбаймыз, ғарыштан зерттейміз. Мұндағы әр төбе – қоғамдық мекемелер – мешіт, медресе, керуен сарай, ақсүйектердің сарайлары болған орындар. Қала түгел бұзылған. Ел аузында Тоқтамыс пен Әмір Темірдің шайқасында қираған деп айтылады. Бірақ 50 жылдан аса қазып келеміз, мұндағы бірде-бір ғимараттан әскери іс-қимылдың, соғыстың ізі кездеспеді. Жазба деректерге қарағанда шаһар ХVІ ғасырдың соңына дейін тұрған. Қаланың бұзылуына жалғыз себеп – Астрахань хандығы құлап, орыс жеріне өтуіне байланысты Иван Грозный Астраханьда кірпіш бекініс тұрғызуға жарлық берген. Сөйтіп бұл қаладағы ғимараттар бұзылып, кірпіші алынып, өзен арқылы салмен төмен қарай жіберілген. Сөйтіп Астраханьдағы орыс Кремлі тұрғызылған. Сарай шаһарының жер бетінен жойылуының жалғыз себебі осы. ХІХ ғасырдың ортасына дейін шаһар орнындағы кейбір ғимараттардың ізі сақталғанын Ауэрбах, т.б. саяхатшылар жазып қалдырған, – дейді орыс археологы.
Алтын Орда тарихы бойынша танымал ғалыммен қазақстандық делегация жетекшісі Әбілсейіт Мұқтар бірнеше мәселе бойынша сұхбат құрып, пікір алмасты.
– Біз Сарайшықты Алтын Орданың рухани астанасы болған деп санаймыз. Өйткені Алтын Орданың мемлекеттік діні – Ислам дәл сол Сарайшықта жарияланды. Сарайшықта Алтын Орда хандарының, ноғай билерінің және қазақ хандарының пантеоны болды. Сіз бұл тұжырымға қалай қарайсыз? – деді Әбілсейіт Қапизұлы.
– Әрине, ол дұрыс. Сарай әл-Жәдид – мемлекеттің өндірісті астанасы деуге болады. Үлкен өндіріс, фабрикалар, сауда орталығы осында болды. Алтын Орданың әр қаласы өзінше бір міндет арқалаған, өзіндік ерекшелігі болған. Сарайшық – ұлыстың шығысындағы кеден қала. Хан ұлысына кірер ауыздағы қақпа десек болады. Қазіргі Саратов түбіндегі Үкек қаласын – ұлыстың солтүстік астанасы, Солтүстік Кавказдағы Маджар шаһарын – мемлекеттің батыстағы орталығы десек жарасады, – дейді Евгений Пигарев.
Көне шаһар орнындағы кездесу бізге өте пайдалы болды. Нақты қазба орындарын да аралап көрдік. Бұл жердегі археологиялық зерттеу жұмыстарына қазақстандық студенттерді тарту мәселесі де талқыланды. Әбілсейіт Мұқтар Ресей археологын Сарайшыққа шақырды. Алтын Орда тарихын Қазақстан мен Ресей ғалымдары бірлесе зерттегенде ғана көп нәтиже, дұрыс тұжырым болады дегенге екі тарап та келісіп отыр.
Айтпақшы, осы күні біз режиссер Андрей Прошкиннің «Орда» фильмі түсірілген макет қаланы да аралап көрдік. Фильм оқиғасы ортағасырлық Сарай Бату қаласында өткен, сондықтан түсірушілер үш айдан аса уақыт осы қалашықты арнайы салып шығыпты. Бір қызығы, кино түсірілімі аяқталған соң макет қала туристік нысанға арналған. Алыс-жақыннан келген туристер ортағасырлық ғимараттар фонында суретке түсіп, қарық болып қалады екен. Тарихи орындардың туристік тартымдылығын арттыру үшін осындай құрылыстар қажеттігін көңілге түйдік. Әбілсейіт Қапизұлының айтуынша, Сарайшықта да болашақта мұндай құрылыстар қолға алынбақ. Қазірдің өзінде арнайы жер бөлінген.
Волгоград – Мамай қорғаны – Сарай Берке
Біз түнеп шыққан Харабали ауылы мен Волгоград қаласының арасы 300 шақырымға жуық. Жолы да жақсы.
Біз алдымен бас тіреген Волгоград облыстық өлкетану музейі қазақстандық экспедиция мүшелерін өте жылы қарсы алды. Музей директоры Анатолий Мальченко үлкен құрмет көрсетіп, Волгоград қаласы, облыс тарихы жөнінде тағылымды әңгіме айтып берді. Сарайшық музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар арнайы әкелген сыйкәдесін тапсырып, музейлер арасында байланыс, іскерлік қарым-қатынас орнады.
Айта кетейік, Волгоград өлкетану музейі Ұлы дала тарихына ат шаптырым екі залын арнаған екен. Соның бірі – Алтын Орда залы. Ортағасырлық Жошы ұлысы тұрғындарының тұрмысы, салт-дәстүрі, киімі мен қару-жарағы, тіпті дәстүрлі ойындары туралы көп мәлімет алдық.
– Сіздерге, қазақтарға мұның бәрі таңсық емес қой, – деп әзілдеп қояды музей экспозициясын таныстырып жүрген қызметкер.
Ашылғанына бір ғасырдан асқан Волгоград музейінің тәжірибесі Сарайшық музей-қорығы үшін де өте пайдалы болатынын экспедиция жетекшісі Әбілсейіт Мұқтар жиі айтады. Шынында да Құдай қосқан көршіміз Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы түйісу нүктесін, ортақ тарихты Ресей империясының отарлық езгісінен, кеңестік кезеңнен, Ұлы Отан соғысынан емес, сонау Алтын Орда кезеңінен бастау қажет сияқты. Бірақ өкінішке қарай Ресей мемлекеттік саясатында Алтын Орда тарихына самарқаулық, салғырттық басым екендігін орыс ғалым-археологтарының өздері мойындайды.
Волгоград музейінен шыққан соң біз Мамай қорғанына тарттық. Бүгінде Ұлы Отан соғысы, Сталинград шайқасына арналған алып кешен орналасқан төбенің атауы – Алтын Орданың әйгілі беклербегі Мамай ханның есімінен шыққан. Кейбір деректерде бұл жерде Мамайдың бекінісі, қарауыл төбесі тұрған десе, кей деректе 1380 жылы Мамай хан осында жерленген делінеді. Бірақ ол жайында қазір еш белгі таппадық. «Отан Ананың» семсерін көкке созған алып мүсіні реставрациядан өтіп жатыр екен. Ресей келер жылы келетін жеңістің 75 жылдығына қауырт дайындықты бастап кеткен.
«Жошы ұлысы астаналары Сарайшық – Сарай-Бату – Сарай Берке қалалары ізімен» деп аталған халықаралық экспедиция бұдан кейін Волгоград облысы Ленин ауданына қарасты Царев селосы маңындағы ортағасырлық Сарай Берке қаласының орнына тартты. Әркімнен сұрап, жабыла іздеп жүріп көне шаһардың орнын әрең таптық. Өте күтімсіз қалған, көңіл құлазытатын көрініс екен. «Федералдық деңгейде қорғауға алынған мәдени мұра нысаны» деген белгіні де біреулер қиратып кетіпті. Жергілікті тұрғындардың айтуынша сенбі-жексенбі күндері мұнда алыс-жақыннан металл іздегіш аспаптары бар «туристер» қаптап келіп, тапқан заттарын алып кете береді екен. Қала орнында күрек іздері, қираған кірпіш сынықтары осыны дәлелдеп тұрғандай...
Бес күндік сапардың жемісі
– Экспедиция мақсаты – Жошы ұлысы – Алтын Орда тарихындағы астаналардың орнында ғылыми-зерттеулер жүргізу. Осы сапарда Астрахань, Волгоград музейлерімен бірлесіп жұмыстар атқару үшін келіссөздер жүргіземіз. Атырау облысы бойынша туризмді дамыту үшін тур компанияларымен келісімшартқа отырамыз, – деген еді Әбілсейіт Қапизұлы. Бес күндік сапар осы мақсатына толық жетті.
Ресей жеріндегі кездесулер нәтижесінде Сарайшық музей-қорығы Алтынжардағы Құрманғазы мәдениет орталығымен, Астрахань және Волгоград облыстық өлкетану музейлерімен әріптестік туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Ғалымдар арасында байланыс орнады. Жоғарыда айтылғандай, Сарайшық музей-қорығы директорының орынбасары, көне Сарайшық орнында көп жылдан бері археологиялық қазба жұмысын жүргізіп келе жатқан Айбек Тұрарұлы ресейлік археологтардың тәжірибесімен тікелей танысты. Мұның бәрі алдағы уақытта жемісін берері сөзсіз.
Қазақстандық экспедиция құрамында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор Нәсіпқали Сейітов, тарих ғылымдарының докторы Сайфолла Сапанов пен Аққали Ахмет, Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, суретші Отарбай Кендір, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің географ ғалымы Ақан Тұрғанбаев және басқалары болған еді. Ғалымдар осы сапар нәтижесінде Жошы ұлысының астаналары Сарайшық, Сарай Бату және Сарай Берке қалалары орналасқан аймақтың географиялық ерекшеліктері мен ұқсастығы туралы тұжырым жасамақ.
Осы сапардың тағы бір үлкен жемісі – Сарайшық музей-қорығы мен Ресей туристік компаниялары арасында жасалған әріптестік туралы меморандумдар дер едік. Еліміздің туристік әлеуетін дамыту мәселесі күн тәртібінде тұрған осынау шақта мұндай әрекет ауадай қажет.
Айта кетейік, осы күндері «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығын туристік орталыққа айналдыру мақсатында Астрахань облысында орналасқан «Дария-ТУР», «Актив-ТУР» атты туристік агенттіктерімен өзара ынтымақтастық жөнінде келісімшартқа қол қойылды.
– Бұл халықаралық экспедицияның бір мақсаты – Қазақстанның киелі орындарын, туристік нысандарын насихаттау, шетелдік туристерді елге тарту болатын. Келісімшартқа сәйкес, болашақта Сарайшық музейі мен «ресейлік тур-компаниялар екі ел аумағында экскурсия, экспедиция және ғылыми конференцияларды бірігіп ұйымдастыратын болады, – дейді Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар.
Сарайшық – Сарай Бату – Сарай Берке
P.S. Тарихи шаһарлардың топырағына табан тигізген бес күндік сапарымыз осылай аяқталды. Тобымыздың ақсақалы, жасы 75-тен асқан Нәсіпқали ағамыз ақжүрек ақын да екен. Жол бойы көрген-білген жайттардан әсерленіп, бірнеше өлең жазды. Соның бірінде:
Кесенелер көмілген топыраққа,
Аталардың, алайда, аты – хатта...
...Бұл төбешік астында хандар
жатыр –
Даңқы кеткен жарты әлем –
атырапқа!
...Алтын Орда – тегіміз.
Мақтанамыз.
Сан алуан тарихы – жатқан аңыз.
Біз – Берке мен Өзбектің ұрпақтары,
Баба есімін ертеңге ап барамыз!
– деп жырлаған екен.
Бұған алып-қосарымыз жоқ.